Неге екенін білмеймін, замандасым әрі досым Ерен Жұмағұлов есіме түссе болды – көз алдыма Алтайдың айбақ-сайбақ алып шыңдары, бір-біріне іркес-тіркес созылып кете беретін қоңыр жон жоталары, қақ күмісше жарқыраған Мұзтаудың ақшаңқан келбеті көз алдыма келеді де тұрады. Тауда туып, таста өскен біз секілді пақырларыңыз әлі күнге «табиғат» дегенді мұнар таулар мен мұзарт шыңдар, ит тұмсығы өтпес тайга, сабалақ сақал қара орман деп білеміз. Өйтпегенде қайтеміз, шыр етіп дүниеге келіп, көз ашқандағы көргеніміз сол сурет болса...
Жерлес жазушы Дидахмет Әшімханұлы ел орталығы Алматыдан Арқа жаққа көшкен жылдары Астанада үш ай қызмет істеп, «тауы жоқ екен» деп Алматыға қайтып кеткен деседі. Дәл осы әңгімеге мен сенемін. Алтайда өсіп, Алатаудың бауырында ғұмыр кешкен Дидахметті мен де түсінгендеймін.
Арқада өскен ағайын мұндай сөзді көңілдеріне ала қоймас деп ойлаймын. Сол Астанада қызмет істеп, өсіп-өніп біздің де тұрып жатқанымызға мінеки он бес жылдан асты. Судай сіңіп, тастай баттық, құдандалы–жекжатты болдық. Астана біздің де намысымыз, үміт артқан келешегіміз. Сөйте тұра, осы он жылдың ішінде бірде-бір рет түсіме қаладағы тірлігім кіріп көрмепті. Апырай, десеңші, пайғамбар жасынан астық, әлі күнге дейін ауылдағы қызыл қарағайдан салынған төрт қанат үйлер, сегіз ай қыс, төрт ай ғана жаз болатын табиғаты қатал, тірлігі тауқыметті, бірақ жерұйықтай таңғажайып туған жерім көз алдымнан бір кеткен емес.
Қазір ауыл десек, ел десек Ерен еске түсетіні бар. Қызық, Өр Алтайдағы әлгі таңғажайып табиғаттың жалғыз қожайыны, иесі Ерен секілді елестейді де тұрады.
Анау бір жылдарғы оңтайландыру тұсында Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданының заты кетіп, аты ғана қалған. Аудан орталығы жүз шақырымдағы Үлкен-Нарын ауылына ауысты. Сол-ақ екен, жергілікті халық үдере көтеріліп, қопарыла көшкен. Біреулер аудан орталығына, біреулер облысқа қарай бет түзеді. Енді бір топ Алматы мен Астанаға қарай жылжыған (солардың қатарында мына мен де бармын). Қаңырай бастаған Катонқарағайда қалған азаматтар бірен-саран ғана еді. Соның бірі Ерен Жұмағұлов болатын. Оның жұбайы Айтжамал – аудандағы жоғары категориялы жалғыз бактериолог дәрігер-ді. Екеуі қара шаңырақтың отын өшірмей, қарапайым тірліктерін жасап ауылда қала берді. Олар әлі күнге сол орындарынан тапжылған жоқ, сол ауылда аман-есен тұрып жатыр. Үйдегі балалар да қанаттанып ұшып, әлдеқашан жан-жаққа тарап кеткен. Жыл құсындай жылына жалғыз рет келісіп қайтысады. Олжас пен Алмас қауіпсіздік органында қызметте. Кенжелері Ерасыл Астанадағы Қонаев атындағы колледжді бітірген. Үлкені Олжас үйленген, келіндері Әлия екеуі Әмина атты немере сүйдіріп отыр.
Сөйтіп, бүгінде қара шаңырақта екеуі ғана қалған. Бірақ жалғызсырап жүрген олар жоқ, ала жаз қоңыр күз бойы үйлерінен қонақ арылған емес. Өзімен аралас-құралас достарын былай қойғанда, Астана мен Алматының Алтайға демалуға ағылған зиялысының ат шалдырып аттанысатын бекеті осы үй.
Ел десек ең бірінші Ерен еске түсетіні тегі содан болса керек.
* * *
Ол 1967 жылы Чернова орта мектепті бітіре салысымен еңбек жолын «Чернова» бұғы кеңшарында жұмысшы болып бастаған еді. Онан кейін механизаторлыққа оқыды. Екі жыл әскери борышын өтеп қайтты. Дене шынықтыру техникумын тәмамдағаны тағы бар. Кейіннен университеттің табиғат қорғау факультетін бітірді. Мектепте мұғалім болды, біраз жыл директорлық қызметті атқарды. Алты жыл аң шаруашылығы қоғамын басқарды. Оңқай асықтай шымыр, тумысынан спортшы Ерекең, табиғат қорғау ісімен тығыз байланысты. Әсіресе осы жұмысқа бар ынта – жігерін салған.
Ауданның табиғат жағдайын, аңдар мен құстар саласын, жан-жануарлар дүниесін бес саусақтай білетін бұл жақта біреу болса – ол Ерен еді. Соны ескеріп, 2001 жылы Ерен Жұмағұловты жаңадан құрылған Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне бас директор етіп тағайындаған. Бұл Қазақстан Алтайындағы тұңғыш табиғи парк болатын. Алтайда сирек кездесетін аң-құстар, дәрілік-шипалық шөптер, орман мен тоғай жеткілікті ғой. Әсіресе қылқан жапырақты алтай тайгасы кеңес заманында аяусыз оталып кетті. Ендігі міндет – тәуелсіз Қазақстанның байлығын сақтау керек-ті. Парктің ұйымдастыруымен табиғат кешенін тиімді сақтау және қалпына келтіру үшін ерекше қорғалатын табиғат аумағының тәртібі енгізілді. Атқарар істер ұлан- ғайыр еді. Бей-берекет аулаудан үркіп, Ресей ауып кеткен жабайы аңдар санын көбейту, браконьерліктің жолын кесу жұмыстарын қолға алумен бірге, биотехникалық шаралар кешенін жүзеге асыру, қолдан көшет отырғызып, аумақтағы орман көлемін ұлғайту, тұнып тұрған тайганы өрт апатынан сақтау секілді күрделі міндеттер тұрды.
Ерен Жұмағұловтың ұжымы осы шараның бәріне бел шешіп кірісті, көптеген игілікті шаралардың ұйытқысы бола білді. Белқарағай орманшылығындағы бұрыннан бар питомникті қалпына келтірді. Онда миллиондаған ағаш көшеттері өсіріліп, жан-жаққа таратылуда. Алды Астанаға да жеткізілді. Ауданның барлық мектептерінде мектеп орманшылықтары мен экологтар клубы құрылды. Соның нәтижесінде Өрел орта мектебінің жас орманшылары Санкт-Петербургте өткен халықаралық конкурсқа қатысып, «Алтын бүршік» Гран При жүлдесін жеңіп алды. «Жасыл алаң» атты экологтар мен туристер слетін өткізу жыл сайынғы дәстүрге айналды. Туризмді дамыту жөнінде де біршама шаралар жүзеге асырылды. Қаракөлде, Рахман қайнарында туристік базалар салынды. Туристер жүретін соқпақтар құлаған ағаш, көлденең тастардан тазартылып, жол бойы әр тұста демалатын көптеген беседкалар пайда болды. Бір сөзбен айтқанда, сол кезде Ерекеңнің жетекшілігімен атқарылған шаруалар шаш-етектен еді.
Әрине, жаңадан құрылған Катонқарағай табиғи ұлттық паркінің аяғынан тұрып, орнығуына Ереннің ерекше еңбек сіңіргенін ешкім де жоққа шығара алмас. Сол үшін де оны жерлестері әлі күнге құрметтейді, сыйлайды. Өрт демекші, осыдан екі жыл бұрынғы ыстық жазда Алтайда үш ай бойы бір тамшы тамбай жер дүниені күйдіріп кеткен. Сонда Рахман қайнарындағы жыныс орманда алапат өрт болған. Найзағайдан шықты ма, жоқ әлде пәтуасыз біреу машина терезесінен шылымының қалдығын шертіп жіберді ме, табиғат апаты аяқ астынан бұрқ ете қалған. Ұйқы жоқ, күлкі жоқ, аудан болып, күн демей, түн демей айға жуық арпалысты. Ақыры өртті зорға өшірісті.
Мұндайда белгілі ғой, қатысы шамалы болса да, бірінші басшы жауап беруге тиіс. Солай болды да, Ерен қадірін кетірмей жұмысын тапсырған болатын.
* * *
Ерекең көп сөзге жоқ, ұстамды, сабырлы азамат. Достары көп, әсіресе жазушылар, баспагерлер, журналистер, өнер адамдары арасында. Келемін деушілерге, елді, жерді аралап көремін деушілерге әрқашан да құшағы ашық, қолдан келген көмегі әрқашан әзір. Астанада, Алматыда тұратын бір топ қаламгерлер жаз, күз уақытында Алтайға бірнеше рет бардық. Ондағы жер төресі Шабанбай жайлауына, Рахман қайнарына, жер кіндігі деп жүрген атақты Мұзтауға, Көккөл, Шындығатай рудниктерінің орнына, Тарғыбатай жайлауына, Марқакөлге машинамен, атпен, жаяулап сан рет сапар шеккеніміз есімізде.
Катонқарағайдың тумасы, көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әлібек Асқаров туған жердегі сапар-саяхаттарының қорытындысы іспетті етіп өткен жылы «Алтай, алтын бесік, атажұрт» атты көркем безендірілген тамаша кітап шығарды. Тарихи-танымдық сипаттағы жазбалары Катонқарағай ауданының тамаша табиғатын, туризмді насихаттаудың айқын үлгісі десе де болғандай. Қазір бұл кітап әрбір туристің жолбасшысы болып, қолдан-қолға тимеуде. Алтайға барған ағайын бұл кітапты қалап алып, тәбәрік ретінде қолтықтап кетісіп жүр. Айтайын дегенім, мінеки, осы кітаптың бас кейіпкері де Ерен Жұмағұлов. Әлекеңді қолды-аяққа тұрғызбай жыл сайын табанын тау мен тасқа салып, түзде түнетіп, тағылыққа үйреткен осы Ерекең.
Сый-сияпаттан, ел алғысынан Ерен бүгін де кенде емес. Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты мен Құрмет грамотасы, республикалық Орман және аңшылық комитетінің, Туризм және спорт министрлігінің алғыс хаттары, облыс пен аудан әкімдерінің марапаттары қажырлы еңбектің, ел құрметінің куәсі болса керек.
Ол қоғамдық істерге де белсене атсалысып жүр. «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы фракциясының төрағасы. Үш шақырылуда қатарынан аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланды, Катонқарағай ауданының Құрметті азаматы. 54
Ерен Жұмағұлов мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайын ұйымдастыру жөніндегі Берелдегі жұмыстарға басшылық етті. Ол жерде аспан астындағы ашық мұражай ашылды. Амандық болса бұл жерге еліміздің түкпір-түкпірінен, шетелдерден туристер ағылатын күн де туар. Үкімет шешімімен атқарылып жатқан мұндағы шаруалар сәтін салып ойдағыдай аяқталса, маңызы аса зор абыройлы іс боларына ешқандай күмән жоқ. Мұндағы көне дәуірдің көшпен-
ділер мәдениетіне жататын біздің арғы ата-бабаларымыз деп жүрген скиф-сақ халықтарының-ежелгі түркілердің Алтайды мекен еткендігінің, олардың Алтайдан тарағандығының айқын дәлелі болып табылатын бұл жәдігерлердің ғылым үшін маңызы ерекше екендігі айтылып жүр. Осындай бұлтартпас деректер арқылы тарихи сана мен тарихты жаңаша пайымдауға мүмкіндік жасауға жол ашылатыны қуанарлық жайт. Алайда бұл тарихи-мәдени кешенді салу жұмыстары енді-енді ғана жүріп жатыр. Алда атқарылар іс өте көп және бұл өзі өте жауапты шаруа болайын деп тұр. Оны ойдағыдай жүзеге асыруға орасан зор күш-жігер, қажыр-қайрат пен біліктілік қажет болатыны өзінен-өзі түсінікті. Бір қуанарлығы іс басында Ерен секілді тәжірибелі, ой-өрісі кең, мықты азаматтың жүргендігі еді. Ерен Берел қорық-мұражайының жұмысын жолға қойып, онда бірер жыл жұмыс істеген соң зейнет демалысына шығып Астанаға келіп тұрақтады.
Қадірлі замандасымыз, ардақты азамат Ерен Қадөшұлы Жұмағұловтың өнегелі өмірін айтудағы мақсат – егемен еліміздің буыны бекіп, бұғанасы қатуына өзіндік үлес қосып жүрген, туған жерінің нағыз патриоты жайлы әңгімені өзгелер де білсе, жастар өнеге тұтса деген ниет еді. Жақсының жақсылығын айту да бір ғанибет іс қой.