2004 жылы «Аударма» баспасы «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «Әлем әдебиеті кітапханасы» деген сериямен 100 том шығаруды бастады. Кеңес үкіметі тұсында әлем классиктерінің қанша шығармасы қазақ тіліне аударылды, қаншасы кітап болып басылды, қанша дайын аударма бары, қаншасын жаңадан аудару керектігі түгелдей тектеліп, авторлар тізімі, аудармашылар құрамы анықталып, маман аудармашылар мен әдебиетшілерден құралған комиссияның сүзгісінен өткізіп, алдағы уақытта шығарылатын 100 томды комиссия төрағасы, әлем әдебиетінің білгірі, жазушы Әбіш Кекілбаевқа бекіттіріп алып іске кірісіп кеттік. Әуелгі жылдары басуға дайын аудармаларды ұсындық. Одан кейінгі жылдары басылатын аудармалардың аудармашыларына қаламақыларының отыз пайызын төлеп, келісімшарт жасасып, жұмысты бастап жібердік.
Баспаның бас редакторы, одан кейін директоры ретінде Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Баспа ісі және полиграфия жөніндегі Департамент директоры Әлібек Асқаровпен ақылдаса отырып бұл жұмысты бастан-аяқ маған жүргізуге тура келді.
Алғашқы жылы шығарылатын он томның қатарында орыстың көрнекті жазушысы Феодор Михайлович Достоевскийдің «Братья Карамазовы» деген көлемді романы да бар еді. Өйткені оның қазақша аудармасы әзір екен. Машинкаға басылған, қателері үш данасына бірдей ұқыппен мұхият түсірілген, қалыңдығы кере қарыс қолжазба қолыма тигенде аудармашының ұлан-асыр еңбегіне тәнті болдым. Аударманың көлемі 48,0 баспа табақ. Оны қазақ тіліне тәржімалаған қазақтың белгілі аудармашысы марқұм Нияз Сыздықов екен. Ол С.Смирновтың «Брест қамалы», Т. Томаштың «Таң арайы», О.Гончардың «Арай», Ю. Бон-
даревтың «Жағалау», Л.Н. Толстойдың «Аршынала»,
Ф.М. Достоевскийдің «Нақұрыс» романын аударған, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінде, Республикалық радио хабары басқармасының бастығы, Партия тарихы институтында В.И. Ленин шығармаларының толық жинағын қазақ тілінде шығару жөніндегі бас редакция бас редакторының орынбасары болып істеген өте білгір аудармашы еді. Ол кісі 2000 жылы өмірден озыпты.
«Ағайынды Карамазовтар» Астанадағы «Аударма» баспасынан «Әлем әдебиеті кітапханасы» сериясымен шыққан алғашқы кітап болды. Кітаптың сүйінші данасы әзір болғанда Алматыдағы аудармашының үйіне телефон шалып едім, қызы Зулия трубканы алды. – Анамыз ауруханада. Кітапты өзі де күнде сұрап жатыр, көріп кетсем деп. Мүмкіндігіңіз болса тезірек жіберсеңіз дұрыс болар еді, – деді. Мен уәдемде тұрып осы кітаптың екі данасын дереу жеткізіп бердім. Біраздан кейін Нияз ақсақалдың қызы Зулияның өзі телефон шалды.
– Ауруханада жатып «Ағайынды Карамазовтар» романының қазақша аудармасының сүйінші данасын көрген анамыз Фарида Садыққызы қатты қуанды. Әкелерің осы кітапты аударуға көз майын тауысып көп еңбек жасап еді. Амал қанша, Кеңестер үкіметі құлауына байланысты басылмай талай жыл жатып қалды. Әкелерің «еңбегім еш болды-ау» деп уайымдап жүретін. Оны дайындауға менің де еңбегім аз сіңген жоқ. Машинкаға басу, корректурасын оқуға көмектесу жұмыстарын түгел өзім атқардым. Өзі де қалың, қомақты дүние болып еді. Аруақ риза! – деп кітапты кеудесіне басып, көзіне жас алды. Бәрін парақтап қарап шығып, «Жақсы боп шыққан екен. Баспа қызметкерлеріне көп рахмет! Менің алғысымды жеткізіңдер», – деп тапсырды деді.
Бірер аптадан кейін Нияз ақсақалдың бәйбішесі Фарида ауруханада көз жұмыпты. Алайда ол кісі көз жұмарынан бұрын қыздарына өзінің алғысын маған жеткізуді аманат етіп кеткен екен.
Алматыға бір барғанымда Зулия арнайы хабарласып, мейрамханаға шақырды. Мен оған Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Талаптан Ахметжан бауырымды ертіп бардым. Зулия маған мейрамханада қойдың басын тартып, иығыма шапан жапты.
– Анамыз әкеміздің еңбегінің жерде қалмай жарық көргеніне қатты риза болып, қуанды. Баспа директоры ретінде Сізге аналық алғысын жеткізуді бізге қатты тапсырды. Еңбектеріңіз жемісті болсын! – деді.
Мен де ризалығымды білдіріп, аудармашы жары аманат еткен шапанды Талаптанға сыйладым. Аналарының аманатын орындаған Зулия да иығынан ауыр жүк түскендей көңілі шат болып қайтты.