1976 жылдың маусым айының орта тұсы. Ол кезде шекаралық Катонқарағай аудандық радио редакциясының жауапты редакторы болып істеп жүргем. Алматыдағы С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университеті журналистика факультетінің екінші курсында сырттай оқитынмын. Бір күні аудандық атқару комитетінің төрағасы Ермак Абушаев өзіне шақыртты. Бардым.
– Облыстық атқару комитетіндегі басшылар телефон соқты. Жақында біздің ауданға Алматыдан қадірлі бір ақсақал адам келіп қайтпақшы екен. Маралшылармен, шопандармен жүздесіп, әңгімелеспекші көрінеді. Бірер күн болатын шығар. Журналист ретінде осы шаруаны өзіңе тапсырғалы отырмын. Қайда апарасың, кімдермен жүздестіресің? Жоспарыңды жасап, дайындала бер, ол кісі келген соң шақыртамын, – деді Ермак Құсайынұлы.
– Аты-жөні кім екен? – деп сұрадым.
– Ақжан Жақсыбекұлы Машанов. Естуің бар ма еді? – деді Ермак Құсайынұлы, – жасы жетпістерде. Өте беделді адам сияқты. Облыстағылар ерекше тапсырып отыр.
– Сырттай есіміне қанықпын. Көрмеген адамым, – дедім.
Есіме түсе қалды. Ақжан Машановтың есімі маған «Білім және еңбек» журналында шығып тұратын мақалалары мен қиял-ғажайып әңгімелерінен және соңғы жылдарда республикалық баспасөз беттерінен үзбей көрініп жүрген әл-Фараби туралы шығармаларынан таныс болатын.22
Төрағадан шыққан соң кітапханаға арнайы барып, Ақжан Машанов туралы деректерді қарастырдым. Ол – қазақтың кен-металлургия институтын алғашқы бітірушілердің бірі, соның қабырғасында жарты ғасыр бойы ұстаздық еткен, мыңдаған білікті инженерлер тәрбиелеген. Қазақ ұлттық Ғылым Академиясының іргетасын қаласып, тұңғыш мүшелері қатарында болып, бірнеше жаңа кен орындарын ашып, әдебиетімізде ғылыми-қиялдық жанрға жол салған, ұлы бабамыз әл-Фарабиді туған топырағына қайтарған, әл-Фараби мен Абай арасындағы тағылымдық байланысты тапқан ғалым, профессор екенін оқып білдім.
Бірнеше күннен кейін аудандық атқару комитеті төрағасының кабинетінде Ақжан атамен жүзбе-жүз кездестік. Шашын тақыр қылып алдырған, басында оқалы кепеші бар, салиқалы, иман жүзді адам екен. Жанында бір жас жігіт бар, Ақаңның сумкасын көтеріп жүр. «Аспирантым» деді. Аты есімде қалмапты.
Таныстық-білістіктен соң:
– Ақжан Жақсыбекұлы, Шығыстағы екінші Швейцария атанған Катонқарағай жеріне хош келдіңіз! Бұйымтайыңызды айта отырыңыз? Сіздің келетініңізді облыстық атқару комитетіндегі басшылар ескерткен, – деп Ермак Құсайынұлы ауданның жай-күйі туралы айта келіп, сапарлас болатындармен таныстырды.
– Ауданның қай шаруашылығына барам десеңіз де еркіңіз. Сізді мына отырған екі жігіт алып жүреді. Бірінші-
сі, – деді мені көрсетіп. – Журналист – Қайырды Назырбаев. Ол болған жерлеріңізде адамдармен жолықтырады, еңбеккерлермен кездесулеріңізді ұйымдастырады. Жолбасшыңыз болады. Екіншісі, аудандық аурухананың бас дәрігері, Шәкірт Дүсіпов деген азамат. Ол жуықта ғана алған су жаңа «Уаз» автомашинасымен таулы-тасты, қиын жолдармен алып жүріп, денсаулығыңызға қарайды, – деді төраға.23
– Осы Катонқарағайдың өзінде болмасам да, іргелес жатқан Ленинагор – Ридерде қырқыншы жылдары инженер-маркшейдер болып қызмет істегем. Сіздерде Қазақстанның басқа еш жерінде жоқ бұғы-марал деген аса қасиетті жануарлар өсіріледі. Олардың мүйізінен адамды жасартатын өте күшті дәрі-дәрмек жасалады екен. Мүмкіндік болса мен содан аздап алсам деп келіп едім. Алматыдағы орталық дәріханаларда өте білікті фармацевт достарым бар. Соларға дәрі жасатпақ ойым бар еді. Жас болса жетпістен асып барады, көмектеспесе, зияны жоқ шығар, – деді Ақжан ата.
Ермак Құсайынұлы маған қарады. Мен: – Ақжан, ата дұрыс айтасыз. Бұл күндері ауданның үш марал совхозында да бұғы мүйізі кесіліп жатыр. Мен олардағы жағдайды сұрастырып білдім. Алайда жаздың ыстық күнінде жаңадан кесілген мүйізді қанын сорғалатып Алматыға жеткізе алмайсыз ғой. Бүлініп кетеді. Кесілген мүйізді алдын ала әлденеше рет белгілі бір температурада қайнаған ыстық суда ұстап, консервілеген соң ғана дәрі жасауға болады. Оның өзіндік технологиясы бар. Сондықтан қазір оны алып жүру мүмкін емес, тек қана мүйіз кесу процесін көрем десеңіз, барайық, – дедім.
– Мүйізді қазір алып жүруге болмаса, тау басындағы марал совхозына бармай-ақ қояйық. Онда бір-ақ қонамыз да қайтамыз. Қайда апарсаңдар да еріктерің білсін, – деді Ақжан ата.
– Мына Қайырды Алматыдағы ҚазМУ-де сырттай оқиды. Күзде сессияға барғанда ала барады, қанша болсын беріп жібереміз, – деді Ермак Құсайынұлы.
Осыған келістік те жолға шықтық. Қонағымызды өзімнің туған жерім, «Өрел» совхозының Еңбек бөлімшесіндегі «Тарғыбатай» жайлауындағы жылқышылар мен шопандарға апаруды ұйғардым.
Бір күн бұрын келісіп қойғам. Аудан орталығы Катонқарағайдан 45 шақырым жердегі Еңбек бөлімшесіне келіп, жолбасшылыққа бөлімше есепшісі Зейнолла Төлегеновты қосып алдық. Зекең жасы елулерге таяп қалған, ақ көңіл, әңгімешіл, ақжарқын кісі еді. – Жайлау мына тұрған таудың арғыжағында. Оған дейін бірталай жер. Алдымен бірер шыны шай, қымыз ішіп алайық, – деп ауылдың бас жағындағы төрт бөлмелі крестовой үйдің ауласындағы көк шалғынға алашаны жайып жіберіп, дастархан жайды. Әңгімешіл, қонақжай адам Ақжан атаның да көңілінен шыққан сияқты. Маңдайы терлеп шай ішіп, қымыз ауыз тиді.
Он шақты шақырымнан соң машина жолы солға бұрылып, тікесінен тауға қарай тартты да, бұрылыс-бұрылыстағы тау бұлағынан өтіп, текше-текшелерден бұрылып, өрлеп отырып ирек жолға түстік. Тау жолына лайықталған «Уазик» ажылдап-бажылдап тартып келеді. Сәлден соң кіші текшедегі алаңқайға тоқтап, көк шалғынға дастархан жайып, қымыз іштік.
Жан-жағымыз сабалақ-сабалақ самсаған қарағай, долантопшы, қалың жыныс тайга басталған. Таудың біз беттеген солтүстік беті тұтас орман, құз-жартас. Қарақат, барбарис, дегенің жол шетінде иіліп, басын көтере алмай құлап жатыр.
– Мынау тауды өрлеп шығып келе жатқан жолымыз «Ирек» деп аталады. 1914-15 жылдары бірінші дүниежүзілік соғыста қолға түскен австро-венгерлік тұтқындар қайламен қазып отырып салған. Осы жолмен Марқакөлге дейін баруға болады. Ертеректе салт атты солдаттар арлы-берлі шекара шебін күзетіп жүріп тұратын. Марқакөлден ары қарай Қытай жері жатыр, – деп жер жағдайымен таныстырып жатырмыз.
Ең соңғы он үшінші ирекке келгенде тоқтап, бәріміз машинадан түстік. – Бұл жерді жергілікті тұрғындар «Солдат құлаған» деп атайды. Бағанағы айтқан Марқакөл мен Өрелдегі комендатура арасында қысы-жазы осы жолмен жүріп тұратын солдаттардың біреуі қыстыгүні осы жардан терең құзға ат-матымен құлап кетіп, қаза болыпты деседі. Содан бері осы ара «Солдат құлаған» деп аталады, – деп естіген жайды айтып жатырмыз.
Сәлден соң «Оба» деп аталатын осы Тарғыбатай жотасының ең биігіндегі жолға тоқтадық. Солтүстік жақта төменде созыла аққан Бұқтырма өзені, шұбатылған машина жолы, әр тұста топтана орналасқан ауылдар, алыста Шабанбай жайлауы, тура тұсымызда Оралханның ауылы Шыңғыстай ауылы жатыр. Ертеректе қуғын-сүргін кезінде ел-жұрттан амалсыз айырылып, Қытайға қашқан есіл ерлеріміз туған жерін сағынып: «Қаратайдай ел қайда, Шабанбайдай жер қайда?!» деп аһ ұрған екен ғой. 1907 жылдары осы Шыңғыстайдағы Әбдікерім болыстың салдырған мектебін көреміз деп алыс-жақыннан ат сабылтып келгендар аз болмаса керек. Ақсуат, Тарбағатай өңірінен салт атпен шығып, Қара Ертіс бойын жағалай Марқакөл асып, Өр Алтайға келген байжігіт Әрімжан ақын:
Шыңғыстай бір тамаша жер екен ғой,
Қаратай берекелі ел екен ғой.
Алтайда алтын ұя мектеп ашқан,
Әпекең бір асқар тау бел екен ғой! –
депті деседі.
Бұқтырма өзенінің сол жағында солтүстік шығыс жақта Мұзтаудың қос өркеші көрінеді.
Біздер оңтүстікке қарай сай-сайды қуалап отырып, еңістегі Тарғыбатай жазығына түсіп, солға қарай тарттық. Оң жағымызда қалың жыныс қарағайлы тау етегін жағалай «Қара қаба» өзені ағып жатыр. Сол жағымызда «Асу сай», «Құр сай», «Бүркіт ұясы», «Қоңқай», «Талдыбұлақ», «Қос жүрек» секілді біздің елдің жазғы жайлаулары қалып барады. Бала кезімізде қой жайып, талай-талай шарлаған жерлердің барлығы ұйыса біткен қалың қарағайлар мен самырсынға толы. Арасын тау бұлағы тілкемдей аққан қырат-төбелер, құз-жартасты таулар анадайдан мен мұндалап тұр. Кей тұста алаңқай, жазықтар кездеседі. Бала кезімізде қой жайып талай-талай шарлаған жерлер көзге ыстық көрінеді. Қазір де «Өрел» қой совхозына қарасты Еңбек бөлімшесінің он-он бес мың қойы мен үш-төрт мың жылқысы осы «Тарғыбатай» жайлауының қуыс-қуысын жайлап отыр.
Күн кіші бесінге қарай еңкейгенде біз «Шұбартөсте» отырған «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, атақты жылқышы Кеңесбек Мерғазиннің киіз үйінің қасына кеп тізгін тарттық. Дәл бие сауымының үстіне келіппіз. Кеңесбек зайыбы Нүрсия екеуі желі басында құлындарды кезек-кезек ұстап бие сауғызып жүр екен.
– Жол болсын! Төрлетіңіздер! Киіз үйге кіріңіздер, – деп жылқышылар бәйек болып жатыр қонақ келсе бір жасап қалатын қонақжай әдеттерімен.
– Ауданның бас дәрігерін де көретін күн болады екен-ау, – деп Нүрсия жеңгеміз терапевт-дәрігер Шәкіртке қалжыңдап жатыр. Өзімнің туып-өскен ауылымның адамдары болғандықтан маған бәрі де етене таныс, сөздері де, қалжыңдары да жарасымды, сыйлас, сырлас жандар еді бұлар. Дастархан басында келісіміздің мәнісін айтып, Ақжан атамен таныстырып жатырмыз.Одан әрі әңгіме тиегі ағытылды.
– Мен өзі геологпын ғой. Институтта кен инженерлерін дайындаймыз. Мен Ақбастау-Құсмұрын кенін алғаш ашқан адаммын. Ол Семейден 300, Баршатастан 60 шақырым жерде. Ақбастау – Жосалы – Көкпекті – Құсмұрын желісі жүлгелес жатқан алтынды аймақ. Ол жерден жылына бір центнерден алтын алынып отырған, дүниежүзіндегі үлкен кен орындарының бірі.
Елуінші жылдардан бастап әл-Фараби мұрасын жинауға кірістім. Жасым келіп қалған кезде араб тілін үйреніп, «Екінші Аристотельдің» екі томдық еңбегін, ол туралы жазылған бірнеше кітаптарды қолға түсіріп, оны түбегейлі зерттеуге кірістім. Менің бұл талабымды Қаныш Сәтбаев 27
қатты қолдап, еңбектерімнің Қазақ ССР Ғылым Академиясының баспасынан басылып шығуына қол ұшын берді.
Мысырдағы Шам шаһарында жатқан әл-Фарабидің сүйегін тауып, оның қазақтың ғұламасы екендігі туралы «Әл-Фараби және Абай» атты кітабымда толық баяндадым. Мұны дүниежүзінің ғалымдары мойындап, 1975 жылы Алматыда өткен халықаралық конференцияда баяндама жасау құқығына ие болдым, – деп Ақжан ата өзі жайлы кеңірек айтып берді.
Шай ішіліп, қымыз ауыз тиіп болған соң сыртқа шығып, сарқырап ағып жатқан мөлдір тау бұлағының жағасына сырмақ жайып тастап әңгіме тиегін ағыттық. Қарсы бетте «Қара қаба» өзенінің арғы жағындағы қалың қарағай өскен беттің арғы бетінде шаруашылықтың «Татан», «Мұзбел», «Алтықыз», «Таңатар», «Алатай», «Қарасаз», «Астауша», «Мәметек» атты жайлаулары жатқанын, жаз уақытында онда бірнеше отар қой, бойлақ жылқылар жайлайтынын білгенімізше айтып жатырмыз.
Жаңа ғана өзіміз басып өткен «Қоңқай» деген таудың тұмсығында, «Қара қабаның» оң жағында ертедегі сақтардың көптеген зерттелмеген обалары жатқанын, таудағы «таздың» үстінде де қорғандар барын жылқышылар айтып берді.
Кешке қарай маңайдағы малшылар түгелге жуық жиналып, Ақжан атаның әңгімесін тыңдады. Ол кезде малшылар кітапты көп оқитын, «Жұлдыз» журналы екінің бірінің қонышында жүретін кез. Түн ортасы ауып бара жатса да сұрақтар қойылып, әңгіме айтылып жатыр. Бір уақытта ойдағы ауылдың шығыс жағындағы «Сарноқай» асуымен тура асып салт атты екі жылқышы жігіт Әлмұхан Қанапин мен Сайран Сахариев келді. Олардың «Мұзбелдегі» бойлақ жылқы бағып жатқан жігіттерді ауыстыруға кетіп бара жатқан беті екен. Осы жылқылы ауылға бір қонып ап, ертең ары қарай кетпек. Екеуінің де аздап ұрттағандары бар, ауылдан қызу шықса керек. Өздері кітапты көп оқитын, көздері ашық 28
жігіттер еді. Оның үстіне әл-Фараби туралы оқығандары да аз емес екен. Ақжан атамызға сұрақты үсті-үстіне қойып жатыр. Әңгіменің қызығына түскендер үркер төбеден ауып, таңғы сағат үш болғанда әрең тарқасты. Жайлаудағы жұлдызды түн, Ақжан атаның қызықты әңгімесі, оның қоңыр даусы есімізде қалды.
Таңертең ерте тұрып жылқышылар желіге құлындарын байлаған соң шайға отырдық. Түндегі ауылдан келген жылқышы жігіттер ертерек аттанып кеткен екен, көрінбеді. – Түндегі екі қара философ жігіт қайда? – деп сұрады Ақжан ата. Олар тау асып кеткенін айттық. – Дегенмен өздері білімді жігіттер екен. Кітапты көп оқитындары көрініп тұр, – деді ризалық білдіріп.
Нүрсия жеңгемізге Ақжан ата тұмар жазып берді. – Дастархандарың берекелі, ықыластарың мол, ниеттерің таза жандар екенсіңдер. Еңбектеріңнің жемісін көріп, ел-жұрттарыңның игілігіне бөленіңдер! – деп батасын берді. Бір қызығы, Ақжан ата өзі отырған дастархан басына арақ-шарап жолатпайды екен.
– Алтайдың бал татыған сары қымызын дәм деп Алматыға ала кетіңіз, – деп Кеңесбек қымыз құйылған жиырма литрлік канистрді жүрерімізде машинаға әкеп салып берді.
Біз жайлаудан түскен соң жолшыбай Зейнолланы Еңбектегі үйіне апарып тастап, аудан орталығына бет түзедік. Ол кезде облыс орталығы Өскемен мен Катонқарағай арасында күніне екі-үш рет «АН-2» самолеті ұшып тұратын. Аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Мақұлбек Әлхамов екінші рейспен келген самолетті ұшырмай тостырып отыр екен. Біз тура аэропортқа келдік те қадірлі қонағымызды самолетке отырғызып, разы-хош қылып аттандырып салдық.
* * *
Қыркүйек айында күзгі сессияға Алматыға барғанда Ақжан атаға телефон шалып едім: – Сенбі күні үйге кел, – деп мекен-жайын берді. Келісілген уақытта курстас досым Сәдібек Түгеловты ертіп жетіп бардым. Атамыз төрт бөлмелі кең үйінде құшақ жая қарсы алды. Жасы отыздардан асқан етжеңді, қараторы жеңешеміз Жамал дастархан жайып, қатты күтті. Ақжан атаның төрт жасар Ғабдолла деген ұлы: – Ассолаау! – деп қол беріп амандасты.
Жаздағы келісім бойынша бұғының кептірілген мүйізінен апарып бердім. Оған риза болып, рахметін айтты. Үй толы кітап екен. Шетінен көрсетіп, таныстырып жатыр. Үйдегі жеңешеміз екеуі қосалқы автор болып шығарған бір кітабын да көрсетті. Ол «Ғажайып от құшағында» деп аталады екен. Біз әңгіме-дүкен құрып бірталай отырып қайттық. – Үй осы, келіп тұрыңдар, – деді Ақжан атамыз кетерде.
Өмірінің соңында ислам дінінің тағлымдық маңызы жайлы көлемді еңбек жазған Ақжан атаны сол кезде Семей облысының әкімі болған Ғалымжан Жақиянов: «Екі әулие жайлы жазған үшінші әулие» деп қатты құрмет еткен екен. Екі әулиесі: әл-Фараби мен Абай болса керек.
Түркі тілдес халықтардың ғылыми-мәдени тамырластығын қазған, ислам дінінің ғылыми мәнін пайымдаған терең зерттеулер жазған, екі жүз елуден астам ғылыми еңбек жариялаған, геология саласында «жер механикасы» деп аталатын соны соқпақ тартқан ғұлама, профессор Ақжан Жақсыбекұлы әл-Машани жасы тоқсаннан асқанда дүние салды.
Ғибратты ғұмыр иесі Ақжан атамен болған осы бір кездесуді әне-міне жазармын деп жүріп ұзатып алған сияқтымын. Соның сәті енді түскендей.