Байланыс:
+7(701) 612-18-27
С.Сейфуллин 5 үй,7

Өмірбаян

03 июль 2019, Среда
739
0


                                            ӨМІРДЕРЕК

   Назырбаев  Қайырды – журналист,ақын,баспагер-жазушы. Ол  1947  жылы 2 қазанда Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай  ауданы, Таңба(қазіргі Еңбек) ауылында колхозшы-шаруаның отбасында дүниеге  келді.
1963 жылы Қ.Назырбаев Еңбек  сегізжылдық  мектебін, 1966  жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров  атындағы(қазіргі  Әбдікерім  атындағы) Шыңғыстай  орта  мектебін  бітірді. Өлең  жазуды  Қайырды  мектеп  қабырғасында  жүргенде  бастаған. Оның  өлеңдері  мен  әңгімелері  аудандық «Еңбек  туы», «Арай», Шығыс Қазақстан  облыстық  «Коммунизм туы», республикалық  «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде, «Қазақстан  әйелдері», «Жұлдыз» журналдарында  жарияланды.
Орта  мектептен соң Қайырды Назырбаев «Өрел» совхозында шопан, мәдениет қызметкері, Еңбек  сегізжылдық мектебінде мұғалім болып  істеді. Ол 1968 жылдан бастап журналистік жұмысқа бірыңғай бет бұрып, Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газетінде әдеби қызыметкер, Катонқарағай, Үлкен-Нарын және Зырян аудандары бойынша меншікті тілші, 1969 жылы Күршім аудандық «Коммунистік еңбек»- «Коммунистический труд» газетінде  аудармашы болды. Одан кейін Қ.Назырбаев Шығыс Қазақстан облыстық теледидар және радио хабарын тарату комитетінде облыстық радионың редакторы, осы комитетке қарасты шекаралық Катонқарағай радиоредакциясында 1971-1980 жылдары жауапты редактор болып істеді.
1980-1990 жылдары Қ.Назырбаев Катонқарағай аудандық «Арай»-«Луч» газетінде редактордың орынбасары, 1990-1997 жылдары осы газеттің редакторы қызметін атқарды.1990 жылы Қайырдының бастамасымен аудандық «Арай» газеті жетекші газетке айналды. Журналистер бұрынғыша материалды орыс тілінен қазақ тіліне аудармай ана тілдерінде жазатын болып, керісінше «Луч» аударма газет болып қалды. 1997 жылы Катонқарағай және Үлкен-Нарын аудандары біріктірілген соң 2000 жылғы қараша айына дейін Қ.Назырбаев «Арай»- «Луч» газеті  редакторының  орынбасары  лауазымында  Катонқарағай  аймағында жұмыс істеді.
Қайырды Назырбаев аудандық газеттің редакторы бола жүріп «Қазақ тілі» қоғамы аудандық ұйымының төрағасы ретінде көптеген игілікті шаралардың ұйытқысы болды. Оның басшылығымен және ұйымдастыруымен 1990 жылы өткізілген ауданаралық ақындар айтысы және мектеп оқушыларының айтысы аудан жұртшылығының үлкен ықыласына  бөленген  айтулы  шаралар  болған  еді.
2000-2002  жылдары Қайырды  Назырбаев  Астанадағы  мемлекеттік  «Елорда»  баспасының  редакторы, 2002-2008 жылдары  «Аударма» баспасының  бас  редакторы, директоры  міндетін  атқарса, ал 2009  жылдан  бері  «Нұра-Астана»  баспасының  директоры  болып  істеп  келеді.
Қ.Назырбаев «Нобель сыйлығының  лауреаттары», «Шытырман оқиға  және  фантастика», «Жыр жаухар», «Әлем  әдебиеті», «Тарих.Таным.Тағдыр», «Қазіргі қазақ  сатирасы» және  Мәдени мұра  бағдарламасымен  жарық көрген 100 томдық  «Әлем  әдебиеті  кітапханасы» мен  «Қазақ  халқының  философиялық  мұрасы»  атты  сериялармен  шыққан  кітаптардың  ұйымдастырушысы.
Ол «Фолиант»  баспасының  жанынан  шығып  тұратын  «Әлем  әдебиеті»  журналының  алқа  мүшесі  болды.
Қайырды  әдеби  аударма  ісімен  де  шұғылданып, А.Хайт, А.Курляндский, Гр.Горин, М.Ильич, Ленонид Ленч, Л.Осадчук, Әзиз Несин, Юрий Рихтер, Пол Гелликоу, Юкио  Мисима  және  тағы  басқалардың  әңгімелерін  орыстілінен  қазақшаға  тәржімалаған.
Қ.Назырбаев  1974-1980  жылдары С.М.Киров  атындағы  Қазақ мемлекеттік  университетінің   журналистика  факультетін  өндірістен  қол  үзбей  сырттай  оқып  бітірген.
Қайырды  Назырбаевтың  өлеңдері 1999  жылы  Астанадан  шыққан  «Ағажай  Алтайдай  жер  қайда»  атты  топтама  жинақта  басылды. Оның  құрастыруымен  «Алтайдың  алтын  алқасы», Зәбила Алпысованың  «Ұстаз тағлымы», Шерхан  Мұртазаның  «Ақындар  мен  әкімдер», «Соғыстың  соңғы  жесірі», «Ел  ішіндегі  бірқақпайлар», «Қаратай  елінің  ақындары»  атты  жинақтар  және  өзінің «Қаратай  баба  зираты», «Таудағы  таңба» және «Катонқарағай»  атты  кітабы  «Фолиант»  баспасынан  мемлекеттік  тапсырыспен  басылып  шықты. 2015  жылы «Қаратай  батыр»  атты  кітапшасы  және  мемлекеттік  тапсырыспен  «Хантәңірі»  баспасынан  Қайырдының  құрастыруымен  «Қара  сөздің  хас  шебері»  деген  атпен  қазақтың  көрнекті  жазушысы  Қалихан  Ысқақ  туралы  кітап  жарық  көрді. 2016  жылы  «Нұра-Астана»  баспасынан  «Өмір  өтіп  барады»  атты  өзінің  кітабы  басылып  шықты. Оған  оның  мақалалары, әңгімелері, аудармалары, өлеңдері  және  «Өмірімнің  есте  қалған  сәттері»  атты  эссесі  енгізілген.2017 жылы Қайырдының «Катонқарағай қаламгерлері»  атты кітабы жарық көрді.
Қайырды  Назырбаев  Қазақстан  Журналистер  және  Жазушылар  одақтарының  мүшесі. Ол Қазақстан  Журналистер Одағының 7 съезінің(Алматы,1987), газет  шығарушылар  Ассоциясы Бүкілодақтық  съезінің(Мәскеу, 1991), республикалық «Қазақ  тілі»  қоғамы   құрылтайының(Алматы, 1992)  делегаты.
Тәжрибелі  журналист, баспагер-жазушы, ақын  Қайырды  Назырбаев – «Қазақстан Республикасы Баспа  және Полиграфия  ісінің  қайраткері»  және  «Қазақстан  Республикасының Мәдениет  қайраткері»  төсбелгісімен  және  «Астанаға 10  жыл»  мерекелік  медалімен   марапатталған. Назырбаев  Қайырдыға  ауданның  мәдениеті  мен  өнерін  өркендетуге  қосқан  елеулі  үлесі  үшін  2007  жылы  60  жылдық  мерейтойына  орай  Катонқарағай  аудандық  маслихаты  мен  аудан  әкімінің  шешімімен  «Катонқарағай  ауданының  Құрметті  азаматы»  атағы  берілген.
.
                                                            



Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры