АҚ КӨГЕРШІН
Жастай қыршын кеткен
аяулы қызым Сәулеттің рухына
арнаймын.
(Автор)
Әңгіме
Аты жаман осы ауыру пайда болғаннан соң менің тәнім онымен үш жарым жыл күресті. Бұл айтуға ғана оңай, әйтпесе осы уақыт ішінде тартқан жан азабын айтып жеткізу мүмкін емес. Әуелгіде омырау безінде пайда болғанын естігенде одан онша қауіптене қоймағам. Ем-домнан соң жазылып кетер деп ойлағам. Дәрігерлер дерт пайда болған омырауға ота жасап ошағын кесіп алып тастаймыз дегенде келісім бермегем. Ертең тұрмысқа шығып, бала сүйіп жатсам не болады деп ойлағам. Оның үстіне екінің бірінің осындай дертке шалдығып, бірқатарының емделудің арқасында аман-сау жүріп жатқанын көріп жүрдім.Бұл дерттің зардабы мен қауіптілігі санама толық жетпей, есіл уақытты босқа өткізіп алған екем.Енді бәрі де кеш екен.
Ол кезде денсаулығым жап-жақсы болатын. Ұлттық кітапханадағы жұмысыма да барып жүргем. Бірте-бірте организм әлсірей бастады. Ол жүректен, өкпеден, буын-буыннан, жұлын-тұтадан ұстап,өнебойыма жайылып бара жатқанын бірақ білдім. Орындықта шыдап отыра алмауға айналдым. Директордың орынбасары Ғалия апайдың: - Жұмысыңнан қалма, еңбекке жарамсыздық қағазын алып емдел, мұның қаншаға созылатынын қайдан білесің, - деген сөзімен біраз жүріп қалдым да, аяғы ауруханадан бірақ шықтым. Олар бірнеше дүркін химия жасады. Үйдегілер ара-арасында орыстың тәуіп кемпіріне де апарып көрсетті. Бірте-бірте бойымнан күш-қуатым азайып бара жатқаны сезілді. Содан кейін, өзімнен уш-төрт жас үлкен апайым Меруерт(мен еркелетіп Мика деп атаушы едім) жұмысынан шығып мені үйде күтуге айналды.
Тұмау-сымау секілді ұсақ-түйек бірдеңе болмаса, өмірі қатты ауырып көрмеген басым,бірте-бірте тәуірленіп кетермін деген ойдан арылған жоқпын. Шығыс Қазақстан Университетін бітіріп, ағылшын тілі мамандығын алып шыққаныма папам қатты қуанып жүретін. «Сенің мамандығың қазіргі кезде нағыз керекті мамандық болып тұр.Сондықтан ауылды қойып, Астанаға кет деп ағайым Арманның жанына қоя беріп еді. «Қанша жерден мықты болсаң да ауылдық жерде от басы, ошақ қасынан ұзай алмайсың.Соның бірі мен, бала кезімнен өлең жазып, дүрілдеп тұрған басым аудандық газеттің редакторы болудан аса алмады.Сендерге не көрсеттім, буындарың қатпай бала кездеріңнен шөпке салдым.Осында жүре берсеңдер өлгенше осы бейнеттен құтылмайсыңдар.Тағдырдың маңдайға жазғанын біз-ақ көре берейік, сендер алысқа кетіңдер, кетіңдер» деп еді.Біз кеткен соң артынан өзі де Астанаға көшіп келген. Осында «Қайнар» университетінде аға оқытушы болып жүрген жерімнен шығарып, баспа жұмысына түсірген. Баспада «аударма әдебиетінің жұмысын жолға қойып алсақ,болашақта оның келешегі зор болады» деп менің келешегімнен үлкен үміт күтіп жүргенін сезуші едім. Осыларды ойлағанда ішім оттай жанатын. Енді ойладың не, қойдың не?
Бұл күнде жастары ұлғайып қалған әке-шешемнің де ішкені ірің, жегені желім болып, уайымдап жүр. Бала-шағасымен біздің үйге таяу жерде бөлек тұратын Арман ойға-қырға шауып, қолдан келгенін жасауда. Ол кейде бес жасар кенже қызы Гаухарды ертіп көңілімді сұрап кетеді. Үлкендері Жәмила орта мектепті былтыр бітірген.АҚШ-тың Бостон университетінде оқып жатыр. Екі ұл – Ахметжан мен Нәби Астанада мектепте оқиды, бірі – сегізінші, бірі – төртінші сыныпта.
-Айналдырған ауру алмай қоймайтынын біліп жатырмын. Қайтейін дүниеде ешқандай қызық көре алмағаныма, әке-шешеме де ештеңе көрсете алмағаныма өкінемін. Астанаға келгеніміз болмаса, не көрдік? Жар сүю,бала көру бақыты да бұйырмады. Жастары келген әке-шешемізбен бірге екі бөлмелі тар үйде қосақталып өміріміз өтіп барады.Түсінемін ғой,қалада тіршілік ету оңай емес екенін. Енді қайтейін, тағдырдың маңдайға жазғаны осы шығар. Ата-аналарымызға қарай жүр. Олар болмағанда сенің балаларыңның қызығын көрсін. Бізден үміт жоқ қой, - дедім жылап отырып.
-Жазыласың. Уайымдама,- деп жұбатқан болды Арман мені. Көзінің жасы мөлт-мөлт етіп менің қолыма тамды. Менің тым көпке бармайтынымды сезіп отырды.
-Кенесары көшесіндегі пәтер жалдаушылар отырған үлкен үйді босаттырып жатырмын.Папам мен мамамды сол үйге алып кетемін,-деді.
-Баяғыда сөйту керек еді...
Осы кезде Мика келіп басымдағы жастығымды түзетіп, басымды көтерді де, терезені ашып бөлменің ауасын жаңартты. Бір сәт, бір құрсақтан шыққан үш ағайын, үш туыс бір-бірімізді қия алмай отырғанымызды түсіндік. Мен оларды пәни дүниеде амалсыз қалдырып кететінімді ойласам, олар менен көп ұзамай айырылып қалатындарын анық түсініп, іштері қан жылап отыр еді. Бір-бірімізді қия алмай қиналып, қолдан келер қайран жоқтығына үшеуіміз де іштей налып, еріксіз көз жасымызға тұншыға бердік.
Бір күні кешке қарай Өскеменнен папамның қарындасы Сағат апай келгенін, маған кіріп көңілімді сұрап шыққысы келетінін білдім. Әбден жүдеп қалған түрімді көрсеткім келмей, «кірмей-ақ қойсыншы,рақымет» деп едім.Қыс ішінде алыстан текке келмегенін түсіндім.Бірақ ол кезде бәрін ойға сап, таразылап жататын хал де жоқ еді менде.
Ауру меңдеп әлсірете түскен сайын адам күн санай бастайды екен. Қабырғадағы календарға әлсіз жанарымды салып едім, 21 ақпан 2016 жыл деп тұр екен. Терезеден күн сәулесі түсіп, таң да атып қалғанын аңғартты. Бойым сәл жеңіл тартқандай болған соң Микаға сүйеніп ваннаға барып суға түсіп, жуынып-шайынып келіп жаттым. Сәлден соң әлсіреп, жүрегімнің қағуы жиілей бастады. Мика дереу «жедел жәрдем» шақырған екен, олар келіп, дәрі-дәрмектерін беріп, укол қойды. Олар кеткен соң қайтадан әлсін-әлсін қысыла бастадым. Өне бойымда әл де, күш те жоқ. Бойымда дәрмен қалмай барады. Зордың күшімен соғып тұрған жүрек қана бүкіл денеге әлсіз ғана демеу жасап тұрған сияқты.Сана-сезім өшіп бара жатқандай күңгірттеніп, бір сәт ақыл-есім қайта оралғандай күй кештім. Тамырымды ұстап отырған Мика: - Мама,-деп алдыңғы үйде жүрген шешеме дауыстады,-әлсіреп барады,-деген сөзін ап-анық естідім. Мамам жығылып-сүрініп жаныма кеп отырды да, қолымды ұстап, менің бетіме елжірей қарап отырып:- Ләйла-иллах, ләйла-иллах,ләйла-иллах!- деп үш рет айтшы деді де, өзі дауыстап айта бастады. Әлім құрып барады екен,бар күшімді жинап, «Ләйләиллах» деп екі рет анық қайталадым да, үшінші рет айтып бола бергенімде, шыбын жаным денемді тастап шыға берді. «Жүрегі тоқтады», - деген Миканың сөзін, оның еңіреп жылаған дауысын ап-анық естідім.
Ауру денеден босап шыққан жаным әуелгіде қайда барарын білмей, бұрыштан-бұрышқа ұшып барып, көзге көрінбей шырқыраумен болды. Неше жыл азап тартқызған дерт денемде қала берді. Ауру әсерінен сананы қажытқан ауыр ойлар да жоқ. Ойын-күлкі де сап тиылған, тамақ та іздемейсің. Жеп-жеңіл боп, бәрінен босап шыға келдім.Өмір бойы жадыда жинақталған жайлар, ыстық-суықты,дауысты,жақсы-жаманды,әуенді сезіну қасиеті жаны кеткен дене мүшелерінде, мида қала береді екен.Жүректің соғуы тоқталысымен бірге олар да мәңгілік толас табады екен.
Үй ішінің абыр-сабыр боп, жылап-сықтап, келіп-кетіп жатқандардың үйге толып кеткенін де аңғардым. Телефонда тыным жоқ. Хабар тиген ағайын-жұрағаттар келіп жатыр, келіп жатыр.
-Кенесары көшесіндегі үйді босатып, керек-жарақты апарып қойдым, папам мен мамамды сонда апарайық. Алыстан келген ағайындар сонда барады. Сүйекті осы үйден шығарамыз,- деген Арманның сөзін естіп қалдым. Поэзбен келдік, самолеттен түстік, машинамен жеттік деп келіп жатты туыстар.
Учаскелік полиция өкілі келіп, тиісті қағаздарын толтырып кетті. Орталық мешіттің имамы келіп мәйітті жерлеуге байланысты атқарылатын шараларды түсіндіріп, қажетті нәрселерді дайындауды, зират басында атқарылатын рәсімдерді түсіндірді.Жан-жақтан келетін ағайындарн түгел жиналған соң екінші күні кешке мейрамханалардың бірінде қонақасын беріп келді. Үшінші күні Астананың сырт жағындағы жиырма шақты шақырымдағы Қараөткелдегі зираттағы қорымға менің мәйітімді жерлеуге
алып кетті...
Ақпан айы бітіп, науырыздың соңына қарай біздің үйдің шатырындағы кептерлер балапандарын шығарғанда мен ақ көгершін балапаны болып шықтым. Күн өткен сайын қанаттарым қатайып,қауырсындарым беки бастады. Бір топ балапандар шатырдың кенересіне қонақтап алып, машиналар мен адамдар абыр-сабыр, арлы-берлі өтіп жатқан көшеге қарап отырамыз. «Кеше ғана сол көше бойымен мен де сан рет жүрдім-ау. Анау аялдамада автобус тосып талай рет отырдым. Оның арғы жағындағы «5 минут» деген дүкеннен Мика екеуіміз үйге азық-түлік алып қайтатынбыз. Оның артында біздің бұрынғы тұрған «Достар» атты үй кешені тұр. Ондағы пәтеріміз төртінші қабатта ғана еді. Терезенің алдында менің кішкентай қызыл машинам жүрмей қалғанда бір қыс тұрды. Көктемге қарай жөндетіп сатып жіберіп одан түскен үш мың долларды соңғы отырған осы үйді сатып алуға жұмсағанбыз.Жиып-терген барлық ақшамызды қосқанда екі бөлмелі осы үйіміз сексен бір мың долларға түскен еді. Өзі төртінші қабатта болғанымен,лифтісі де бар,кіріп-шығуға қолайлы болып еді. Сәкен Сейфуллин көшесіндегі «Хабар» аялдамасы біздің үйден тым алыс емес. Осы үйде тұрып жатқанымызға да 4-5 жыл болып қалған. Менің дертке шалдығып, төртінші жылға қарағанда ақтық демім үзілген жер де осы үй. Енді онда апайым Мика жалғыз тұрып жатыр. Әрине, жалғызсырап жүрген шығар.Кешкі тамағымызды ішіп алған соң , теледидар көріп, өзара шүңкілдесіп әңгімелесіп отырар едік. Мен аквариумдағы балықтардың жемін салып қойып, бір сәт солардың қимылын қызықтаушы едім.
Науырыз айының соңына қарай күн ұзарып, жаймашуақтана бастады. Менің де қанаттарым қатайып, буын-буындарым бекіп, басқа балапандармен бірге ұямнан алысырақ ұша алатын болдым. Тоғыз қабатты үйдің төртінші қабаты ұшатын құсқа тым алыс емес қой.Бір күні ас үйдің терезесінің алдындағы жақтауша тақтайға қонып алып, ұзақ отырдым күнге қыздырынып. Үйде ешкім жоқ болуы керек, ішіндегі ас ішетін үстөл, шайнек, беті жабулы дастархан, өзіміз отыратын орындықтар, тоңазытқыштың үстіндегі екінші теледидар көзіме оттай басылды. Енді сол жерге күн сайын келіп, отырып-отырып кетемін. Бірде үйдің тұсындағы тротуармен Мика келе жатыр екен, мен оны көргенде қатты қуанып кеттім де, ұшып барып иығына қондым. Ол ештеңе түсінбей қалды-ау деймін, маған күле қарап, басымнан, мойынымнан сипап ұзақ тұрды да, басқышпен үйге көтеріліп кетті. Маған «дәс,дәс» деп қолын бұлғады.
Енді бірде, мен ас үйдегі терезенің жақтауындағы тақтайшада отырғанымда, үй ішінен Мика терезені ашып, тақтайшаға шағылған балқарағай дәндерін төгіп қойды. Бұл жолы келіп отырған мен екенімді анық таныды. Бірдеңе деп сөйледі. «Өзің жақсы көретін Алтайдың балқарағайының дәні, жей ғой» деп тұрғанын ұқтым. Көзінің жасы пора-пора боп ағып тұрды. Жұмыстан келе сап, терезені ашып, мені қарайтынын байқадым. Тағы да балқарағай дәндерін шағып қойып, терезенің алдында сыртқа қарап отырып, ұзақ-ұзақ жылайды. Мен оны жиі жылата бермес үшін сиректеу келетін болдым. Бірақ, алыстан қарап жүремін.
Сонан соң, Кенесары көшесіндегі папамдар тұратын үйді тауып алдым. Олар он екі қабатты үйдің екіншісінде ғана, шыныланған үлкен балконы бар, ас үйдің терезесі оңтүстікке қарап тұр. Залдағы бөлменің бір қабырғасын тұтас папамның кітаптары алып тұр, қатарындағы үстөлде компьютер.Кітаптар тұратын полкаға менің суретімді үлкейтіп қойыпты. Мамам қашан болсын, ас үйде, немесе жатын бөлмеде намаз оқып отырады. Кейде үйдің тұсындағы аялдамада автобус тосып тұрады. «Медрессеге, не мешітке баруға шыққаны ғой» деп ойлаймын.Бұрын да сонда күнде барып,маған арнап дұға жасап жаратқан иемнен менің азабымды жеңілдетуді тілеп жүретін білетінмін. Папам да, мамам да қартайып барады екен, екеуі де еңкіш тартып,аяқтарын санап басып,әрең жүреді.Қанша ғұмырлары қалды дейсің?
...Ал менің жаным ақ көгершін болып екі үйдің ортасында әлі ұшып жүр.
«ЖАС АЛАШ» газетінде жарияланды.