ЫҚЫЛАСЫНА БӨЛЕНЕ БЕР ХАЛҚЫҢНЫҢ («Арай» газеті, 4 шілде 2000 жыл).
Жазушы Дидахмет Әшімханұлы – 50 жаста!
ЫҚЫЛАСЫНА БӨЛЕНЕ БЕР ХАЛҚЫҢНЫҢ
Өр Алтайдағы Шыңғыстайдың топырағы қайтсе де құнарлы ғой. Осыдан ғасырға таяу уақыт бұрын осы араға мектеп салдырған Әпекем (Әбдікерім Ережеповты айтам) шынында да көреген, алысты болжай білетін адам болғанына енді көзіміз жетіп отыр. Өйткені, аудандағы басқа оқу орындарымен салыстырғанда бұл мектептен еліміздің, жеріміздің атағын алысқа жайған атақты адамдар көбірек шыққан. Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті, көрнекті тіл маманы Сәрсен Аманжолов, генерал-майор Иван Дмитрьевич Копылов, көрнекті әдебиет сыншысы Баламер Сахариев, техника ғылымдарының докторы, көрнекті математик маман Төлеухан Бияров, геология-минерология ғылымдарының кандидаты Зейнолда Нұрбаев және басқаларды былай қойғанда, бертіндегі түлектері: марқұм Оралхан Бөкеев және Дидахмет Әшімханұлы, Әлібек Асқаров секілді жазушыларымыздың есімдері де елімізге кеңінен танымал болды. Жазушылардың соңғы үшеуі де академик Зейнолла Қабдоловтың университеттегі курстас досы, тамаша әдебиетші-ұстаз Шыңғыстайдағы Жомартхан Нұрғазиннің шәкірттері еді. Жомартхан мұғалімнен Шыңғыстай мектебінде өзім де үш жыл бойы дәріс алдым. Ол өз пәнінің білгірі болатын. Ілиястың «Құлагер», «Күйші» поэмаларын жатқа оқитын. Бір қызығы, кейіннен университетте Зейнолла Қабдолов жас жазушы Дидахмет 47
Әшімханұлына ерекше назар аударып, оның алғашқы әңгімесіне өз қолымен алғы сөз жазып, «Жұлдыз» журналына жариялатты. Дидахмет алғашқы күннен-ақ, Қалихан, Оралхан ағаларымыздың назарына ілігіп, қамқорлығына бөленді. Бүгінде Дидахмет қазақ әдебиетінің ел таныған көрнекті өкілдеріне айналған осы екі жазушының лайықты ізбасары болды.
Дидахмет шығармашылық жұмысқа өте үлкен жауапкершілікпен қарайтын, аз жазса да, саз жазатын, әдеби тілге өте ұқыпты, шебер жазушы. «Әшімханов күнде болмаса да «күнара жарияланып, танылсақ, көрінсекті» көбірек күйттеген кей замандастарындай емес сирек, ара-тұра ғана көрінеді. Анау-мынау жазып, нан тауып жүргендер тобынан аулақ келе жатқан, әдебиетті адамшылық парыз, киелі борыш санайтындар қатарында...» (Қ. Мәдібаева).
Бір кезде өзі қызмет істеген «Қазақ әдебиеті» газеті атап көрсеткендей: «...алаулатпай-жалаулатпай, мен дауылмын, мен жауынмын» деп даңғазалатпай, кішіктікпен, «өмірдің дәл өзіндей қарапайым», қалыппен келген жазушы, әңгіменің шебері, стилист...».
«...Д. Әшімханұлы – талғампаз, ізденгіш, кірпіяз жазушы... кейіпкерінің көңілі соншалықты нәзік, сезімі соншалықты таза. Дидахмет Әшімханұлын оқысаңыз бей-жай қала алмайсыз. Мен білетін Дидағаңның Өзі мен Сөзі үнемі бір жерден табылады. Шығармаларын оқысам да, өзімен сырлассам да жаныма әркез шуақ тарайды. Жазушының жан жылуы» (Талаптан Ахметжан).
Дидахметтің журналист ретіндегі еңбегі де бір төбе. 25 жыл – ширек ғасырдан астам газетте істеу де оңай шаруа емес. Шерхан Мұртаза айтқан: «Газет жұмысы – бір жағынан жазушының досы. Ел көресің, жер көресің, сан түрлі адамдармен кездесесің. Шығармаға жем табылады. Газет бір жағынан жазушының жауы. Ойыңда жүрген, көкірегіңді кернеген дүниені алаңсыз отырып жаза алмайсың Ұдайы оттың ішінде жүресің».
Дидекең Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» («Дидар») газетінде, республикалық «Қазақстан пионері», «Қазақ әдебиеті», «Заман-Қазақстан», «Түркістан», «Астана ақшамы» газеттерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған, қазірде еларалық «Түркістан» газетінің мазмұнды шығуына үлкен үлес қосып келе жатқан тәжірибелі журналист. Іскер басшы.
Журналист, жазушы ретінде, азамат ретінде елің мен жеріңнің қуанышы мен жамандығына әрдайым сергек қарап, елеңдеп, ой-пікір білдіріп отыратыны қуантады мені.Оның дәлелі, өткен жылдың соңында Астана қаласынан «Ағажай, Алтайдай жер қайда» атты жыр жинағы жарық көрді. Оған Катонқарағай ауданында туып-өскен ақындардың өлеңдері топтастырылған-ды. Мәдениетті қолдау жылында ауданның мәдени өмірінде болған осы оқиғаға өзіміздің облыстық «Дидар» газеті арқылы туу Алматыдан жып-жылы пікір білдіруің азаматтық емей немене?..
Жақында мерейтойыңа орай баспасөз бетінде лебіз білдірген достарыңның бірі: «Ғұмырыңда бүгін бар, ертең жоқ баянсыз саясатқа еріп далақтамаған, қаламын жалпақшешейлікке, әлдекімге жағып қалу үшін балақтамаған, не жазса да ақиқаттың қара орманынан қара үзіп кетпеген қаламгер» деп өте орынды, әділ пікір айтты.
Дидахмет айтады: «туған жерден алыстап кеткеніме отыз жылдай болған екен. Бірақ басқа жерге уық қадап, шаңырақ тіккеніммен, мен өзімді үнемі осы елде жүргендей сезінемін. Алтайға түбі бір оралатын сияқтымын. Менің пірім – Алтай. Сондықтан да болар, жүрегімде елге деген сағыныш маздап тұрады. Көктемде Алатаудың көк мұзының көбесі сөгіле бастаса, қашан елге барар екенбіз деп аңырап тұратынымыз бар».
Туған жерге келген сапарың оң болсын. Жұртыңның ықыласы мен ұлтыңның алғысына бөлене бер, Дидахмет!
Қайырды НАЗЫРБАЕВ («Арай» газеті, 4 шілде 2000 жыл).
Талқылау
Сондай-ақ оқыңыз:
Пікірлер (0)