Байланыс:
+7(701) 612-18-27
С.Сейфуллин 5 үй,7
» » Ауылдың айтқыштары

Ауылдың айтқыштары

26 февраль 2021, Пятница
29
0

СЕНДЕЙ  ӨТІРІКШІНІ   КӨРГЕМ  ЖОҚ

Ауданға  белгілі ардагер журналист Жәнібек Қызыр бірде жолығып қалып ара өсірудің мән-жайын сұрады.

-Әрбір ара ұясынан 30 флягтан бал аламын дедің. Қанша ара ұясы бар?

-12 шелек, - дедім.

-Мұның көп қой .Мұншама мол өнім алудың мәнісі қалай? - деді.

-Мен араларға маза бермей тынымсыз жұмыс істетемін.Түнгі сағат 11-де ұяға кіргіземін де, таң атып келе жатқанда,сағат 4-те сыпыртқымен қағып ұяларынан сыртқа  шығарып, «айда бал тартыңдар»  деп қуып жіберем. Сөйтіп оларды ұзағырақ жұмыс істеуге мәжбүр қылам.

Ақпанның аязында араларымды Камазға тиеп алып,жылы жаққа – Шымкентке,содан соң Алматы жаққа кетіп қалып, сол жақта араларыма бал тартқазып,өнімді сол жақта сатып жіберіп, көктем шыға Алтайға қайтып келіп, жаз бойы осы жақта болам.Сөйтіп, әр ұядан 30 флягадан бал алам, - дедім.

Сонда Жәкең  тұрып-тұрып: - Мен осы өмірімде талай өтірікшіні  көріп ем, бірақ тап сендей өтірікшіні көргем жоқ, - деді.

ТЕМЕҢМЕН   ҚАЛЖЫҢДАСУ

 1992 жылы ауылдағы Отан соғысының ардагері Темірхан Өтелбаевтың қорадағы шөбі бітіп қалды.Кемпірі  қайтыс болған,үйде өзі жалғыз тұрады. Жанболат деген жігіт екеуіміз Темеңе бір бөтелке шарап апарып беріп, бірге ішіп, әңгімелесіп, біраз отырып қайттық.

-Төрт-бес текше  метр дайын отыным бар.Үлкен-Нарын жаққа шөпке айырбастап берші, - деді.

-Көрейін,- дедім.

Оншақты күннен кейін совхоз директоры Әжімұрат Құрманғалиев «Үлкен-Нарын жаққа сүрлем сатып алуға келісімшарт жасауға барып кел» бір ЗИЛ машинасын берді.

Темеңе айттым: - Отыныңызды  тиеңіз.Апарып, алса өткізіп келейік, - деп.

Кіші-Нарынға барып, совхозға сүрлем сатып алуға келісім-шарт   жасасып,одан соң Темеңнің отынын алатын кісі іздеуге кірістік. Ешкім алмайды.Темең машинада бірге жүрген. Содан Жаңа-Березовкаға түстік.Сонда көшеде  ат-шанамен  кетіп бара жатқан бір жігітке келістік.Әлгі жігіт: - Сіздер үйде шай  іше беріңіздер, мен шөпті тиете  берейін, - деді.

Үйде шай  ішіп отырмыз.Төрде әдеміше  келген бір әйел  отыр екен.Темең де оған көз қырын салып қояды.Бір кезде әлгі  әйелдің қасына барып отырды.Әңгімелестік.Баласы мен келінінің   қолында  отырған  адам екен. Қайттық.

Темеңнің «Ақбайпақ» деген жақсы аты,сиыры, екі бөлмелі үйі бар болатын.Кемпірі қайтыс болып, жалғыз қалған.Қалжыңдағым келіп кетті де, Темеңе: - Әлгі әйел жас кезінде өңді, тәуір адам болған секілді. Қазір келіні  күн көрсетпейтін көрінеді.Кемпірі өлген,үйі,сиыры бар адам болса, ойланбай-ақ кетіп қалар ем, - деп отыр дедім.

Темең боқтап сөйлейтін кісі еді. - Әкеңнің ...,үйім бар, сиырым бар, Ақбайпақ ат анау.Сен ана кемпірге менен тәуір кімді тауып бергелі отырсың?Тоқта! Қайта барып сөйлесейік, - деді.

-Жоқ.Қазір мына жүк машинасымен барғанымыз болмас.Кемпір ешқайда кетпейді.Оған ауылдағы Түгелбайдың «Нивасымен»  арнайы бару керек, -деп, алдап-сулап әрең тоқтаттым.

Ауылға барған соң, Темекеңнен қашып жүретін болдым.Бара-бара ұмыттырып барып, әрең құтылдым.Қалжың екенін түсінді. 


МЕН  ҚҰР  ҚАЛЫП   ҚОЙМАЙЫН

Алдыңғы жылы Берелден  тағы бір алтын  адам шықты ғой.Адамдар көп жиналған бір науқан үстінде сол жайлы  гу-гу  әңгіме болды.

-Тапқан алтынды Камазға тиеп алып кетіпті. Оны ертеде біздің Самай атамыз тығып кеткен екен деседі.Оны таза Самай руынан шыққандарға бөліп береміз, - деп жатқан көрінеді археолог Зейнолда Самашев, -дедім.

Сол жерде Бағжамал апайымыз: - Маған неге айтпадың?Мен нағыз Самаймын ғой, - деді.

-Айтам, келеді, тексереді. Шын Самай болсаң береді ғой, - дедім.

Тағы бір көргенде Бағжамал: - Әлгі тексерушілерің қайда? Мен алтыннан құр қалып қоймайын, - деді.


 «ЗООТЕХНИК  ҚҰМАЛАҚШЫ» АТАНДЫМ

Совхоздардың  бар кезі.Еңбек бөлімшесінде  зоотехник болып жүрген кезім.Бірде шопан Мейрембаев Қита мен Күлжазиғаның үйіне келсем, «үш  ат жоқ» деп ойбайлап отыр.Күлжазиғаның құмалақ салатыны бар болатын.

-Құмалақ  салдыңыз ба? – десем: - Салдым. Қолды болып кеткен. Енді табылмайды, - деп отыр.

Қитаның Қуандық деген ұлы көмекші болып істейтін. Содан сұрап отырмын. «Маңайдың бәрін қарадың ба?» деп. 

-Бардым, жоқ,-дейді. Мөлшерлеп отырсам, «Алтыбақан» деген жерге бармапты. Ол – қалың  жыныс, аюы көп жүретін жер болатын. Қуандық аюдан  сескеніп, ол жерге бара қоймағанын сезе қойдым.

-Күлжазиға апай, құмалағыңызды берші, мен бір ашып жіберейін, - дедім.

-Сенің де құмалақ ашатының  бар ма еді?- деп құмалағын шығарды.

Құмалақты уыстап шашып жібердім. Бұрын ашып көрмегем.Құмалақтарды үш-төрттен бөліп жатырмын.Күлжазиға шұқшиып  қарап отыр.

-Әй, Серікбол, сен құмалақты  бөлек  салады   екенсің, - дейді.

-Мен құмалақты атамнан үйренгенім бойынша  саламын.Енді құмалақ не дейді екен? Енді соны  оқып көрейін, - дедім.

Құмалаққа шұқшиып отырып: - Ой,апай, сіздің құмалақ   өтірікші екен.Аттарды ұрлаған ешкім   жоқ. «Алтыбақанда»  шыбындап тұр.Қазір Қуандық барса, үстінен түседі, - дедім.

Шешесі:- Қуандық, бар,шап, - деді.

Қуандық бір сағаттан кейін аттарды қуып келді. Содан соң «Зоотехник - құмалақшы» деген атым шықты.

«ЕСІМІН  ШОҚАН    ДЕП  ҚОЙ»

Қыркүйектің ортасында малшылар қыстауға түсті.Мал аралап жүріп «Стандарт»  қорадағы шопан Уалихан Өтелбаевтың қорасына келдім.

-Сен құмалақшы дейді ғой.Әйелім Ұлтуған екіқабат. Ішінде қандай бала жатыр. Құмалақ салып бер.Айтқаның келсе, Ұлтуған босанған соң бір ту қой берем, - деді Уалихан.

Уалиханның өзін 41 құмалақ теріп әкелуге жұмсадым.Құмалақты іріктеп отырып оның 6-7-ін алып тастадым.Бұл ешкінің құмалағы екен,ол өтірік айтады.Мен ертең өтірікші атанам.Қойдың таза құмалағын әкел, - деп жұмсадым.

Құмалақты салып  жіберіп, оған шұқшиып  отырып: - Ұлтуғанның ішінде басы қазандай қап-қара ұл жатыр, - дедім.

Уалихан: - Мен де сарымын,Ұлтуған да сап-сары.Бала неге қап-қара, соны айтшы?- деді.

-Әй, Уалихан, көршіден емес, қорықпа. Тұп-тура нағашысына тартқан екен. Құмалақ сәбидің есімін Шоқан деп қойсын деп отыр, - дедім.

-Сонда бұл баланың ныспысы – Шоқан Уалиханов бола ма?Ертең ол атақты Шоқанға тартпай, маған тартып алқаш  боп кетсе қайтем, - деді.

Содан соң, Ұлтуған айы-күні жетіп, басы қазандай бір ұл туып, өскенде жақсы азамат болып, үйіне Евроремонт жасатып, елдің алды болып өмір сүріп жатыр.

«ЕҢБЕК   МЕНІКІ  ҒОЙ»   ДЕП

Тарғыбатай  жайлауында кезекте өзіміздің малды  бағып   жатқанбыз. Жанымда Берелден келген құмалақшы Әсөк Бұқатов деген құмалақшы жігіт бар. Әсөк қой  жайып жүргенде көрші малшыларға барып ем, олардың қасында заставаның жылқышылары жатыр екен.Олардың бір үйір жылқы жоғалтқанына бір ай болғанын, арасында бір құла ат бар екенін білдім.Қай тұстан жоғалғанан сұрап алдым.

Оларға: - Жанымда Әсөк деген құмалақшы бар,соған келіп құмалақ салдырсын,сол анығын айтады, -деп кетіп қалдым.Өзім дереу қосқа қайттым. Келе сап Әсөкке бәрін айтып бердім.

-Ертең табылады.Біреу сүйінші сұрап келеді, - деп айт дедім.

Жылқышылар қолма-қол келіп құмалақ салдырды.Әсөк менің айтқандарымды бұлжытпай айтып берді.

Ертеңінде ерте тұрып, таудың басына шығып, қарсыдағы Тарғыбатай тауына, ағаш арасына дүрбі салдым.Жылқылар қарағай арасында үйездеп тұр екен.

Мен жылқышыларға келіп «сүйінші» сұрадым.Олар жылқыларды дереу қуып келіп,қуанғандарынан бір жылқының құны 35 мың теңге ғой деп, ақшаны қолыма ұстатты.

-Мұның бес мыңын сүйіншіңе ал, отыз мың теңгесін құмалақшыға бер, - деді жылқышылар.

Жолда қайтып келе жатып ойландым. «Құмалақшы менің айтқандарымды айтты.Оның еңбегі жоқ.Мен неге оған отыз мың теңгені  бостан босқа бере салам.Жылқыны тапқан мен.Еңбек менікі ғой» деп ақшаны түгелімен өзім алдым.

«Арай» газетінде  жарияланды.

Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

АҚ  КӨГЕРШІН
26 февраль 2021, Пятница
АҚ КӨГЕРШІН
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры