ЕЛІНЕ ЕҢБЕГІ СІҢГЕН АРДАГЕР
(Халыққа білім беру саласында 41 жыл еңбек еткен, Ленин орденді ұстаз Садық Түкебаев туралы бірер сөз).
Садық Түкебаев. Бұл есім Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында кеңінен танымал. Өйткені 1970, 1980, 1990 жылдары ол кісі өмірден өткен соң облыстық «Коммунизм туы», аудандық «Арай» – «Луч» газеттерінде, менің 2007 жылы Астанадағы «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Таудағы таңба» атты кітабымда (90-95 беттер) жеткілікті жазылған. Соларда қамтылмаған кейбір деректерді Садық атамыз туралы өз көзіммен көрген жайларды қағазға түсіруді жөн көрдім.
* * *
1960 жылдың жазында Садық Түкебаев Марқакөл ауданындағы Жаңауыл орта мектебінен республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер атанып, Катонқарағай ауданындағы өзінің туған жері Еңбек ауылына (бұрынғы Таңба) көшіп келді. «Ер – туған жеріне» деген осы шығар.
Менің ол кезде алтыншы класты бітірген жылым. Ауылдың шығыс жағындағы Бұқтырма өзені бойындағы төменгі көшенің ең басына бес бөлмелі крестовой үй салынып жатқан. Оны келген соң бітіріп кірді-ау деймін. Әуелгіде ағайындарының бірінің үйінде уақытша тұрды. Ол кезде баламыз ғой. Үлкен торы атқа мінген ақсақал сары итін ертіп ап тауға қарай, аңға кетіп бара жатқанын көретінбіз. Менің әкеммен жасты, рулас ағайын, Қаратай ішінде Бәйтен екенін кейін ес білген соң білдім. Өздері араласып, сөйлесіп жүретін.
Көшіп келгеннен кейінгі келер жылдың жазында біздің үй Тарғыбатайдағы «Бүркіт ұяда» отырғанда Сәкең келді. Үлкендердің сөздеріне қарағанда жартастағы ұядан бүркіттің балапанын алуға келген сияқты. Бізбен көршілес отырған екінші қойшы Ақтай Рыспаев деген жігіт бар, әкем бәрі ақылдасып, балапанды алуға ертең бармақшы болды. Сәкең сол күні біздікіне қонып, бір марқаның басын мүжіп, қонақ болды. Бүркіттің балапанын қолға түсірсе, соны келер қысқа дейін баулып, құсбегілікпен айналысқысы келетінін айтып отырды. Мен бір жылдан соң сегізінші класта оқып жүргенде жазған «Бүркіт ұясы» деген 3-4 шумақ өлеңім бар. Ол осы айтып отырған ұя туралы еді:
Тарғыбатай төрінде тұрған асқақ,
«Бүркіт ұя» дейтін бар құз-жартасты.
Құз жиегі сыңсыған шағыл-тастақ,
Бурадай күркіреген бұлақ асты.
Көркі бар көз сүйсініп күлетұғын,
Жазда егер шәйі шапан жатса киіп.
Жыл сайын жұмыртқалап жүретұғын,
Бүркіттің ұясы бар таста биік.
Бір бүркіт мекен еткен құзды айбар ғып,
Жылда бір ұшырады балапанын.
Шаңқылдап жүреді ылғи құзды айналып,
Жас қыран күзеткендей дала таңын...
Ертеңінде таңертең тұрып, қойды өріске өргізіп жіберген соң үлкендер асай-мүсейлерін алып, артынып-тартынып бүркіттің балапанын алуға жиналды. Оны қызықтауға көк құнанымды ерттеп мініп мен де ілестім. Киіз үйдің шығыс жағындағы сайда ағып жатқан ағынды тау бұлағынан өтіп, тұтас қапталды алып жатқан қалың қарағайлы терістің басындағы шағыл тасты жартастағы ұяға едәуір жүріп әрең жеттік. Оған бас жағындағы ағаштардың ара-арасымен төбе тұсынан жақындап келіп қарасақ, ұя құз жартастың орта шеніндегі қуыс жазықшада орналасыпты. Оның асты сыңсыған шағыл тас, құз. Төменде әр тұста шашылып жатқан аңдардың қаңқа сүйектері көрінеді. Бүркіттен қалған жемтіктер ғой. Ұяда жетіліп келе жатқан ақүрпек бір балапан бары байқалады.
– Мына балапан жалғыз екен. Ондай құс өте қыран болады деуші еді. Ала алсақ көрім. Оны алып шығу үшін белге арқан байлап, төбе жағынан ғана түсесің. Басқа амал жоқ, – деді Сәкең.
Үлкендер ұяны жан-жағынан қарап, оған қалай түскен оңды болар екен деп тұрғанда, балапанның «шәк-шәк» еткен даусы шығуы мұң екен, бір уақытта төбеден қанаттары суылдап, көздері жарқ-жұрқ еткен ана бүркіт өте шықты. Әрі-беріден соң қанат-құйрығы суылдап қайтадан сүзіп өтті.
Аттар арырақта байлауда қалған. Сәкең көзі бақшиып шынымен сасайын деді. – Мына бүркіт тірі тұрғанда бізге балапанын оңайлықпен бермейді. Бірімізді жазым қылуы мүмкін. Нұрқасын, сен бүркіт қайта соқса құр дәрімен атып жасқап жібер, – деп бір отырды да: – Қойыңдар, аманымызда кері қайтайық. Бұл балапан бізге бұйырмай тұр екен, – деді Сәкең. Амалсыз кері оралдық.
Садық атамыздың одан кейін бүркіт ұстауға талаптанғанын естімедім. Зейнеткерлікке шыққанда аудандық атқару комитетінің шешімімен ұстауға рұқсат берілген карабині бар болатын. Онысын асынып алып, итін ертіп, тау жаққа кетіп бара жатқанын көретінбіз. Аң атып қиратпаса да, таза ауада серуендеп, тау-тасты аралап қайтуды қызық көретін сияқты.
Сәкеңнің үлкен ұлы Нұрахмет Түкебаев ол кезде аудан орталығы Катонқарағайда тұратын. Көз дәрігері. Алпысыншы жылдары ауданда қатты етек алған трахома деген көз ауруын жоюдағы ерен еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Кенже ұлы Еркін орта мектепті Катондағы сол Нұрахметтің үйінде тұрып бітірді-ау деймін. Ортаншысы Аманжол армия қатарындағы парызын өтеп келген соң ауылда, «Өрел» совхозында тракторшы болды. Сыпайы, қыз мінезді, көк көз жігіт еді. Содан да болар ауылдастары оны «Шағыр» дейтін. Кейіннен біздің кластасымыз Зия деген қызға үйленді. Балалы-шағалы болып тұрып жатып, трактор апатынан көз жұмды.
1966 жылы Шыңғыстайда он бірінші класта оқып жүргенде ұстазымыз Зәбила Алпысова Шыңғыстай мектебінде оқыған көзі тірі ардагерлерден естеліктер жинатты. Мен Жоғарғы Березовкада (қазір Қайыңды) тұратын Көксеген Мақажановтың естелігін жазып әкелдім. Садық Түкебаевтың естелігін менің ауылдас досым, кластасымыз Төлеухан Бияров жазып әкеп мектепке тапсырды.
Мен өзім мектеп бітіріп, оң-солымды танып, жазу жағына ден қоя бастағанымда, Сәкеңнің үйіне ара-тұра барып, әңгімелесіп, әрнені сұрап, жазып алып жүрдім. Ол кезде өзі де қартайыңқырап, шау тартып қалған. Кеңес үкіметін орнату кезіндегі «Қызыл тау қырандары» полкінде болған кездері, комсомолда болған уақытында, байларды конфискелеу, сауатсыздықты жою, алғашқы мектептерді ашу кезіндегі өзі қатысқан істер туралы талай-талай әңгімелер айтқаны бар. Қазір ойлап отырсам, ол кезде басымның тым пісе қоймаған кезі ғой, сол әңгімелерді жүйелеп жазып ала беру, кейбір қажетті жайларды сұрап алу ойда болмағаны өкінішті.
Дегенмен ол кісіден біраз бағалы дүниелер алып қалған сияқтымын. Оның ең бастысы, Қаратай елінің шежіресі. Оның ішінде бес Бәйтенді, Шоңмұрындарды таратқан шежіресін айтып беріп еді. (Сол шежірені кейін Бошай Кітапбаев ағамызға бергем. Ол шежіре кітаптарына енгізді). Сәкең құс төсектің үстіне отырып алып айтып отырады. Мен жердегі дөңгелек үстелде отырып жазып отырам. Маған берген едәуір құжаттары бар. Өз қолымен жазылған қазақ, орыс тілдеріндегі өмірбаяны, анықтама қағаздары, тағы басқа құжаттар.
Сәкеңнің сол құжаттарының арасында Жүсіпбек Уалитов деген ақсақалдың «Катонқарағайда совет өкіметінің орнауы туралы» екі дәптер қолжазбасы бар. Онда Садық Түкебаевтың «Қызыл тау қырандары» полкіндегі іс-қызметі туралы кеңінен баяндалған. Жаңағы қолжазбаның авторы Жүсіпбек Уалитов деген кім? Еңбек ауылының тұрғыны Мұхтар Сахариев өзінің естелігінде Жүсіпбек Уалитов деген жас жігіт 1922 жылы Таңбада (қазіргі Еңбек ауылы) сұлужадид деп аталатын төте оқу әдісімен сабақ оқытқанын жазады. Кейіннен ол кісі Марқакөл ауданындағы Сарвенка ауылында ұзақ жыл ұстаздық етіпті. Жас кезінде ол Еңбекте Берікбол Қашқынбаевтың апайы Жаңылғанды алып, одан Сәкко деген бала қалады. Кейіннен олар айырылысып кетеді де, Жаңылған Имансақыпқа тиеді. Сәкко Бепеңдердің қолында тәрбиеленіп, әкесі Жүсіпбекпен Алматыда оқып жүргенде танысады (Ниязбек Серменов. «Өмір белестері», Өскемен, 2009 жыл. 290, 291, 292-беттер). Мен өзім Жүсіпбек Уалитовты алпысыншы жылдары көрдім. Басы жып-жылтыр тақыр, сары шал екен. «Рахман қайнарынан» Сарвенкаға қайтып бара жатып Алатайдағы шөпшілер бригадасына келіп тамақ ішті. Түсте шөпшілерге Арасан туралы жазған өлеңін оқып бергені есімде. Мен онда жаз кезінде шөпшілер бригадасындамын. Ағайым Қамбар шөп машинасында, мен соның атына мінемін. Сегізінші класты біткен жылым ғой деймін.
Садық әкесі Түкебай мен шешесі Малихадан қалған жалғыз ұл болыпты. Әкесі ерте қайтыс болған, шешесі пысықтау боп, шаруаға да ерте араласқан. Ауылда молда35
дан оқып, Шыңғыстай мектебінде пеш жағып жүріп білімін көтерген.
1912 жылы Уфадағы «Ғалия» медресесіне бала жинап келген Ғайса Тоқтарбеков дегенге Әбдікерім болыстың ұлы Қақан екеуі ілесіп кетеді. Оқуға қажетті қаржыны ел-жұрттан шешесі Малиха жинап береді. Сәкең онда оқыған кезде атасының атына Қуандықов болып жазылған екен.
– Сәке, Сіз медреседе Қақанмен бірге оқығаныңыз рас па? – деп сұрадым.
– Рас. Бірге оқыдым. Төрт жыл. Жазда демалысқа келгенде қой қырықтырып, соның жүнін ақшаға айналдырып алатынбыз. Әбдікерім бізге қолма-қол ақша бермейтін. Жұмыс істеп, өздерің тауып алыңдар дейтін. Соңғы жылы Қақаннан да мәз көмек болмай, төрт жыл оқып, соңғы жылы бара алмай қалдым, – деді.
– Біздің өңірде болған жүйрік ат, қыран бүркіт жайлы не білесіз? – дегенімде, айтқаны: – Тоқсобаның «Қаражырық» деген қыран бүркіті болған. Оны қол бауырмен ұстап, үйретіп алған көрінеді. Өзі атақты бүркітші болыпты. Сол бүркітін қартайғанша ұстаған көрінеді. Бірде Ажан, Тайлақ деген бүркітшілермен бірге Тарғыбатайға салбуырынға шығады. Сонда бір күні Ошағандының биігінен Таңбаның астындағы түлкіні көреді. Жіберіп кеп қалады. Алыс жер. Кешке қарай жетсе, бүркіт түлкіні алып, басып отырыпты.
Қайырбай атшының қара, көкжал аттары өрен жүйрік болған. Еңсегеннің сұр аты 1916 жылдары үш жылдай бәйгенің алдын бермеді. Содан соң Аңсаған деген ағасы сол атпен жылқы қуып, қанжілік қып құртқан көрінеді. Сол секілді Қасымханның қаратөбел аты бәйгеден келіп жүрді. Қақышта жүйрік сұр ат болды.
Асантай Бармақ баласы өлеңші болған.
– Ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров Шыңғыстайда болған деседі ғой, ол туралы естуіңіз бар ма? – деп сұрадым.36
– Өзім ол кісіні көргенім жоқ. Сол кезде Шыңғыстайда оқыған, қазір Жоғарғы Березовкада ауылында тұратын Көксеген Мақажановтың айтуынша, Сұлтанмахмұт ауылдағы Мүрсәлім Самаров дегеннің үйінде бала оқытыпты. Өзі Шыңғыстай мектебінде істейтін орыс мұғалімдерінен сабақ алған деседі. Ақын Шыңғыстайға 1914 жылдың қыркүйегінде келіп, 1915 жылдың сәуірінде Зайсан жағы мен Тарбағатайға кетіпті.
Садық «Ғалия» медресесінде 1912-1916 жылдары оқыған. Келген соң ауылда біраз уақыт бала оқытқан. 1918 жылы Өрел селосындағы бастауыш орыс мектебінде оқып, 1918 жылы Шыңғыстайдағы Ережепов мектебінің жанындағы жатақханаға қабылданып, сонда оқиды. 1919 жылдан осы мектепте мұғалім болып істей бастайды.
Кеңес өкіметі орнаған соң, орыс тілінен сауатың бар деп бір жылдай милиционер қылып қояды. – Бұл жұмыс көңіліме жақпай әрең құтылдым, – дейді Сәкең.
Еңбек ауылының тұрғыны Мұхтар Сахариев 1966 жылы 10 мамырда жазған естелігінде былай дейді: «Айта кететін, қалып бара жатқан бір жағдай, 1923 жылы үш бөлімді Таңба мектебі деп ашылған оқу орнының мектеп үйі және жай- күйі.
Мектеп ашылды. Мектептің ашылуына көп еңбек сіңірген қазіргі дербес пенсионер, Ленин орденді қарт педагог Садық Түкебаев. Башкирияның астанасы Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде оқып келісімен, осы жерге 1919 жылдың март айында жеткен Октябрь революциясының ісіне қызу кірісіп кеткен көзі ашық жас, жылға жетпейтін уақыт аудандық милиция бөлімінің бастығы болып істеп, Таңба мектебі ашылған жылы осы мектепке оқытушы болып келді.
Мектептің арнаулы үйі болмағандықтан өзінің жақын ағайыны Қанапия Қойшыбаевтың үйінің алдыңғы бөлмесін жалдап алып, сонда біздерді, жиырманың ішінде баланы 37
оқытты. Сол үй қазіргі Еңбектегі Қанапин Қажан отырған үй.
Сөйтіп, 1922-23 оқу жылында діни оқудан бастаған мен бұрынғы Семей губерниясы, Бұқтырма уезі, Шәңгіштай болысына қарасты үшінші ауылда (қазіргі Еңбек) тұңғыш рет 1923-24 оқу жылында ашылған үш бөлімді Таңба мектебінде екі жыл отырып, соңғы жылын төртінші бөлім бағдарламасымен бітіріп, Шыңғыстайдағы Ережеп мектебіне 1926-27 оқу жылы бесінші бөлімге түстім.
Оқу ісін басқарушы мұғалім Садық Түкебаев. Бұл кісіден мен бұрын үш жыл оқығанмын. Таңба мектебінен осында ауысқан. Жас шамасы жиырманың екінші жартысында болар. География мен тарихтан сабақ берді. Оқу ісіне де, өз сабақтарына да өте ұқыпты. Әсіресе географияға өте жүйрік кісі еді».
С. Түкебаев 1928 жылы Петропавл қаласындағы инспекторлардың өлкелік курсын бітіріп келген соң, Семей губерниясы Шыңғыстай аудандық оқу бөлімінің иниспекторы (қазіргіше меңгерушісі) болып тағайындалады. Сәкеңнің басшылығымен ауданда сегіз бастауыш мектеп (Майемер, Топқайың, Қабырға, Жаңаүлгі, Қиынжыра, Таңба, Ақшоқы, Жазатыр) ашылады.
1931 жылы Шыңғыстай және Катонқарағай аудандары біріккен соң, Катонқарағай аудандық оқу бөлімінің инспекторлығына ауыстырылады. Сауатсыздықты жою, кедейлер комитетінің төрағасы міндетін атқарады.
1933 жылы Шыңғыстай шаруа жастар мектебінің (ШКМ) директоры, 1934-35 жылдары тағы да Катонқарағай аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып істейді. Содан соң Күршім ауданындағы Маралды орта мектебінде (1937- 41 жылдары) директор, Тарбағатай аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі (1942), Тарбағатай аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бастығы (1942-45 жылдар) болып жұмыс атқарады.38
Соғыс аяқталған соң, 1945 жылы Сәкеңді облыстық оқу бөлімі Марқакөл аудандық оқу бөлімін басқаруға жібереді. Ал 1949 жылдан бастап он бір жыл бойы Ленин атындағы Жаңауыл орта мектебінің директоры болып істейді.
Ерен еңбегі үшін Сәкеңе 1947 жылы «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалі және сол жылы Сәкең «Қазақ ССР-нің халық ағарту ісінің озаты» белгісімен, 1954 жылы Ленин орденімен марапатталады. Отыз екі жыл коммунистік партияның мүшесі болады. 1960 жылы марқакөлдіктер қарт ұстазды республикалық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шығарып, туған жері Катонқарағай ауданындағы Еңбек ауылына шығарып салады.
Біз Сәкеңнің облысымыздың аудандарындағы ұстаздық қызметін ғана тізбелеп шықтық. Ал оның комсомол, партия қатарындағы, кеңес өкіметін орнату жолындағы іс-қызметінің өзі ұзақсонар әңгіме болар еді.
Садық ақсақалдың жеке адамдарға жасаған ізгілік қамқорлығы да аз емес. Бала күнінен тәрбиесін көріп өскендіктен Сәкеңді әкем деп есептейтін Өскемен қаласында тұратын Ұлы Отан соғысының және ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметінің ардагері, подполковник Ақатай Алипанов былай деп еске алады: «Мені тумаса да туғандай көріп, балаларының үлкені санайтын. Соғыс кезінде Шамшия дейтін бір қыз баланы да қамқорлығына алды. Жоғары білім әперді. Ол көп балалы ана, Түкебаева болып жазылады.
Соғыс жылдарында Тарбағатай ауданында тұрғанымызда эвакуациямен келген балалардың ішінен Шарипа Уалиева деген қызды үйге алды. Соғыс біткен соң әкемізді Марқакөл ауданына қызметке ауыстыруына байланысты сонда көшпекші болдық. Әлгі Шарипаның ағасы соғыстан келіп, ол сонымен қалуды ұйғарды. Сол кезде Шарипаның бізбен жылап ажырасқаны күні бүгінге дейін көз алдымнан кетпейді».39
1970 жылы желтоқсан айында Катонқарағай ауданы Үлкен Нарыннан бөлініп жеке аудан болғанда Күршімнің азаматы Ермак Құсайынұлы Абушаев аудандық партия комитетіне екінші хатшы болып келді. Ол кісі келе салысымен Сәкеңе сәлем беріп, арнайы жолығып, хал-жағдайын сұрап қайтыпты. Сөйтсек, ол Сәкең Күршім ауданындағы Маралды орта мектебінде бірге ұстаздық еткен Құсайын деген азаматтың ұлы екен. Ермак Құсайынұлы 1971 жылы 16 науырызда Сәкең дүниеден өткенде арнайы келіп, қарт ұстазды соңғы сапарға шығарып салуға қатысты.
Садық Түкебаевтың еңбек жолы мен жас буынды тәрбиелеу жолындағы өлшеусіз қызметі туралы кезінде аудандық «Арай» – «Луч», облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газеттерінде өте көп жазылды. Әсіресе комсомолдың, кеңес өкіметінің мерейлі мерекелері кезінде Сәкеңнің Отан алдындағы ерен еңбегі аталмай қалмайтын. Содан да болар аудан жұртшылығы арасында оның есімі құрметпен аталып, өнеге тұтатын.
Бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Садық Түкебайұлының есімін есте қалдыру мақсатында оның есімін бір кезде өзі негізін қалаған Еңбек мектебіне беру туралы Еңбек ауылының тұрғындары мен мектеп ұжымының 1971 жылы 14 мамырда (мәжілісхаттың түпнұсқасы сақтаулы) ұсыныс жасаған еді. Ол кезде сегізжылдық мектепке ат берілмейді деген желеумен бұл мәселе жабылып қалған еді.
Содан соң, бұл іс Еңбек мектебі онжылдыққа айналған кезде тағы көтерілді. Мен, аудандық «Арай» – «Луч» газетінде редактор болып жүрген кезде Садық Түкебаевтан дәріс алған, бірге қызмет істеген кәрі көз қарияларды тауып алып, олардың естеліктерін, ұсыныстарын газет бетінде жариялап, баспасөз бетінде әр жылдарда жарық көрген материалдарды жинақтап, басталған істі аяғына жеткізуге күш салдым. Бұл іске әріптесіміз Мұратбек Қабимолдин көп көмектесті. Ол Сәкеңнен сабақ алған бірнеше қарияны тауып алып, сөзін ұйымдастырды. Бұл ұсынысты облыс көлемінде Сәкеңнің көзін көрген Орал Малдыбаев, Қабдолла Тұраров, Фрунзе Жақсылықов, Ақатай Алипанов, Төлеухан Қоғабаев, Мамырбек Тұрғанбаев, Талант Нұрғалиев, Бошай Кітапбаев, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының сол кездегі төрағасы Маратбек Ақанов, Катонқарағай ауданының сол кездегі әкімі Алтайбек Сейітов тағы басқалар қызу қолдады.
Сексенінші жылдардың аяғында ауыл жақта жүріп жатқан мұндай әңгімеден хабар-ошарсыз Алматыдағы жерлес жазушыларымыз Қалихан Ысқақов, Оралхан Бөкей, Дидахмет Әшімханұлы, Әлібек Асқаров Еңбек орта мектебіне Еңбек ауылының тумасы, әдебиет сыншысы Баламер Сахариевтің есімін беру туралы ұсыныстарын мектеп директоры Төлеген Рақымжанұлына жазып жіберіпті. Онан кейін, олай болса, екі ұсынысты да ауыл тұрғындарының жиынында талқылап, халық қандай шешім шығарса, соны қолдайық деген ұйғарымға келдік.
Дәл сол тұста Жамбыл ауылына жазушы Әлібек Асқаров келіп жатыр дегенді естіп, Еңбек ауылында жиын өткізіп, оған Әлібекті қатыстырып, жазушылар өкілі ретінде сөзін тыңдап, ағайын арасын ырың-жырың қылмай, мектепке ат беру мәселесін түпкілікті шешіп алайық деген ойға келдік те, жұмыстан кейін аудандық газет редакциясында бірге істейтін әріптестерім Жәнібек Қызыров, Мұратбек Қабимолдин үшеуіміз менің сары «Жигулиіммен» жолға шықтық. Беталысмыз Жамбыл ауылы. Желтоқсан айы болатын, күн қақаған суық. Әйтеуір, машина іші жылы. Бұқтырманың оң жағындағы Чернова ауылы жағымен жүріп Березовкадан өткен соң, Жамбылға таяу жерде машина жолы «Қамысты» деп атайтын сол жағынан өзен, оң жағынан жақпар тасты тау орналасқан сайлауыт жермен өтетін. Түн болып, қараңғылық түсіп кеткен уақыт. Жол тайғақ, мұздақ. Ештеңе ойда жоқ тарлауыт жолға қарай еңкейе бергенде алдымыздан қарсы келе жатқан бір табын жылқы шыға келді. Теже41
гішті баса қойып ем, машина тайғанап, бұлғақтап барады. Оң жағым – Бұқтырма, сол жағым – жақпар тас, қазған жол. «Не істеймін, өлген деген осы екен» деген ой келді. Таңдау да, амал да жоқ. Тежегішті сәл босатып, жылқыларға қарай тура жүрдім. Машина жарығына көздері шағылысқан жылқылар жапырылып машинаның екі жағынан сау етіп өте шықты. Машина тура келіп жылқыларға соғылғандай болды. Бірдеңе тарс-тұрс ете қалды. Сөйткенше болған жоқ, бір жылқы машина капотының үстімен келіп тұмсығымен маңдайша шыныға соғылып, өзі бар денесімен машинаның үстінен асып түсіп қалды. Жылқының тұмсығы маңдайша шыныдан өтіп рульдегі менің көз алдыма кіріп келіп жоғалды. Әп-сәтте дүр етіп жылқылар өте шықты.
Тоқтай қалдық. Бір топ қана жылқы екен. «Чернова» совхозының Березовка бөлімшесінікі. Қолында құрығы бар жылқышы соңынан шауып келіп айқай салды: – Малды басып кеткен жоқсыңдар ма? – деп.
– Біз малды емес, сенің малың бізді басып кетті, – дедік өзіміз де не болғанымызды білмей әңкі-тәңкі болып тұрып.
Жылқышы кетті де қалды. Біз машинамызды қарап жүрміз. Маңдайша шыныдан өзге жері аман. Шынының арасында пленка болады екен, сондықтан ол түгел сынып түспей, соғылған тұсы сәл тесіліп, қалғаны ілініп тұрып қалды.
– Енді не істейміз? Ауылға екі-үш-ақ шақырым қалды.
Бөркіміздің бауын тас қып байлап алдық та машинаға отырдық. «Не де болса Жамбылға барып қайтайық» деп шештік. Жүрген сайын машинаның ішімен дала бірдей болып кетті. Амал жоқ. Жамбылға келіп Әлібекті тауып алдық. Ол Аманжол деген досының үйінде бір топ жігіт гуілдетіп отыр екен. «Тоқ бала аш баламен ойнамайды» дегендей, біздің жағдайды елең қылған жоқ. Әлекеңмен бір күннен соң Еңбек ауылында өтетін ауыл тұрғындарының жиынында кездеспек боп қайтып кеттік.42
Келісілген күні Еңбек ауылында жиналдық. Ауыл клубы адамдарға лық толды. Әлібек те келді. Мәселенің мән- жайын халыққа түсіндіріп, ой-пікірлерін білдіруді сұрадық. Үш-төрт адам ғана Баламер Сахариевты жақтап сөйледі. Ол кісі ауылдан ертерек кеткен, кейінгі ұрпақ онша біліңкіремейтіні байқалып тұр. Мектепте мұғалима болып істейтін қарындасы Қатира Сахариева сөйледі. Қалған адамдар мектепке Садық Түкебаевтың есімін беруді толық жақтады. Сол кезде Әлібек Асқаров сөз алып: – Ұсыныс жасалған кезде біз мәселенің мән-жайын толық білмеген екенбіз. Баламер Сахариев та осы ауылдан шыққан белгілі әдебиетші, ғалым болған соң солай ойлап едік. Ал Садық Түкебаев шын мәнінде есімін есте қалдыруға лайық тұлға екен. Мен ұсынысымызды қайтып алдым. Ырың-жырың болмай, ұйымшылдықпен аталарыңның атын мектепке бере беріңдер, – деді.
Осы оқиғаны Әлібек Асқаров кейіннен жазған «Өр Алтай мен қайтейін биігіңді» деген кітабында өте ұтымды пайдаланып, жазып шықты. Әрине, басқаша келтірді оқиға барысын.
Сондағы ауылдық жиынның шешімі туралы аудандық «Арай» – «Луч» газетінде толық жазылды.
Садық Түкебаев есімін Катонқарағай ауданындағы Еңбек орта мектебіне беру туралы ұсыныс Катонқарағай аудандық мәслихатының сессиясында қаралып, аудан әкімінің шешімі, онан кейінгі облыстық ономастика комиссиясының, облыс әкімінің шешімі мемлекеттік комиссияға Астанаға жіберілді. Ол мемлекеттік ономастика комиссиясының 1997 жылғы 5 қыркүйегіндегі мәжілісінде қаралып, бұл есімнің кең таралмағандығы, жалпымемлекеттік, қоғамдық деңгейге көтерілмегендігі себепті қабылданбаған.
1998 жылғы жазда Катонқарағай ауданының 60 жылдығына орай өзім құрастырған «Алтайдың алтын алқасы» атты кітапты алып қайту үшін Астанаға барғанымда, республикалық ономастика комиссиясында жұмыс істейтін 43
Ұлықбек Есдәулетке жолығып жоғарыдағы шешімді білдім. Онан кейін толықтырылған құжаттар қосымша келіп түспеген, мәселенің қайта қаралуын ешкім сұрамаған.
Ауылға келген соң осы мәселеге байланысты жиналған құжаттарды толықтырып, қайтадан жылжытуға тура келді. Аудан әкімінің қолымен С. Түкебаевтың еңбек жолы толығымен қамтылған 19 құжат тағы да жөнелтілген. Әйтеуір, сең жылжығандай болған.
Сөйтіп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 5 сәуірдегі №523 Қаулысы бойынша 1922 жылы өзі негізін қалаған Еңбек орта мектебіне Садық Түкебаевтың есімі берілді. Ауданда өткен мектепке С. Түкебаевтың есімін беру және ескерткіш тақтаны ашу рәсіміне Сәкеңнің жасы сексен сегізге келген шәкірті, ардагер ұстаз Лақов Нұрсолтан қатысып, оны салтанатпен ашты. Лентаны қию рәсімін аудан әкімінің орынбасары Орысай Ұранбаев пен маған тапсырды.
Еңбек ауылындағы мектепте өткен бұл салтанатқа ауыл тұрғындары мен бірге Сәкеңнің келіні Зия Садықова, ұлы Нұрахмет Түкебаев, және ардагер ұстаздар Т. Әлиханов, С. Қашқынбаев, Т. Сахариянов, Х. Жөндібаев, Қ. Зарипов, Г. Әбенова және басқалар қатысты.
2007 жылы шілде айында менің 60 жылдығым Катонқарағай ауылындағы мәдениет Үйінде атап өтіліп, онда маған «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы беріліп, салтанатты рәсім менің туған ауылым Еңбектегі Садық Түкебаев атындағы орта мектепте жалғасқан еді. Сол салтанатқа Өскеменнен Сәкеңнің ұлы Еркін Садықов келіп маған сол жылы Өскеменде басылып шыққан әкесі туралы жазылған «Ұстаз ұлағаты» деген кітабын тарту етті. Онда былай деп жазылған екен: «Құрметті Қайырды! Осы мектепке ақсақалдың атын беруге сенің сіңірген еңбегің өте зор. Оны мен ешқашанда ұмытпаймын. Сондықтан да осы бір аз ғана еңбегімді көптей көріп қабыл алғайсың. Еркін Садықов. 9.07.2007 жыл. Еңбек ауылы».
Артынан оқып көрсем Еркін бұл кітабында ардақты әкесінің өмір жолын қысқаша болса да толық баяндап, соңында әке есімін ұлықтауға лайықты үлес қосқандардың есімдерін атай отырып, алғысын білдіріпті.
Осы Еңбек мектебінде өзі де 40 жылдан астам ұстаздық еткен, Сәкеңнің көзін көрген ақын Төлеген Рақымжанұлы мектепке Садық Түкебайұлының есімі берілуіне арналған салтанатта мынадай жыр-шашу ұсынып еді:
Аңсатып білім қуған арман епті,
Бұрғанда нысана ғып алға бетті.
Бетінен «Таңбалы тас» жазу көріп,
Ырымдап ауыл атын «Таңба» депті.
Табылмай қалған жоқ-ау басқа мекен,
Тектілер ден қойыпты тасқа бекем.
Деңгейлес болсын Таңба Шыңғыстаймен,
Деп мектеп Садық ата ашқан екен.
Жалғасты жетіжылдық, сегізжылдық,
Орталау мектеп әнін егіз жыр ғып.
Жетіліп сол білімнің арқасында,
От кештік: суда малтып, теңіз жүздік.
Ауылда жанұя көп үйелменді,
Көздесе білім шыңын тиер белгі.
Колхоздың атын «Еңбек» қойғаннан соң,
Ауыл да «Еңбек» атын иемденді.
Бітеді білімдіге анық талғам,
Оқудың сәулесіндей жарық таңнан.
«Таңбаның» аты мүлде ұмытылып,
Бұл мектеп «Еңбек» атын алып қалған.45
Қуанып ауылдастар жатыр бәрі,
Ортақ сөз бәрімізге жақын мәні.
Үкімет қаулысымен бұдан былай,
Бұл мектеп Садық ата атындағы.
Жоғарыда айтылған жайлар білім беру саласында
өлшеусіз еңбек еткен ардагер қарияның еңбегі лайықты бағаланғанын дәлелдеп тұрғандай. Алайда оның оңайшылықпен келмегенін айта келіп, ол кісіге байланысты кейбір өзім білетін жайларды қағазға түсірдім.
Талқылау
Сондай-ақ оқыңыз:
Пікірлер (0)