Байланыс:
+7(701) 612-18-27
С.Сейфуллин 5 үй,7
» » ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМГЕР, АРҚАЛЫ АҚЫН

ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМГЕР, АРҚАЛЫ АҚЫН

26 февраль 2021, Пятница
310
0

Журналист, ақын  Жәнібек  ҚЫЗЫР  70-ке   толды

------------------------------------------------------------


Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының   мүшесі, «Катонқарағай    ауданының Құрметті азаматы» Жәнібек Қызыр 2019 жылғы 28   шілдеде 70-ке толды. Жәкең  бір ғана аудандық газеттің редакциясында   табан аудармай 47 жыл еңбек етті. Көп жыл бір жерде иықтас еңбек еткен әріптес досымыз туралы аз ғана лебіз білдіруді жөн көрдік.


      1970 жылы 4 желтоқсанда  Катонқарағай   ауданы өз алдына  аудан болып қайтадан бөлініп шыққанға дейін   Үлкен-Нарын ауданында  «Знамя труда»- «Еңбек  туы» деген газет шығып тұрған. «Еңбек  туы» аударма газет болса да, оның беттерінде қазақ тілінде жазылған әдеби дүниелер көптеп шығып тұратын.Оралхан Бөкейдің алғашқы шығармалары осы газетте жарияланды. Кейін орта мектепті  бітірген соң Оралхан осында редактордың орынбасары болып қызмет істеді. Мектеп қабырғасында жүргенде жазған біздің алғашқы әдеби туындыларымыз да  «Еңбек туында» жарық көрген.

       1970-72 жылдары армия қатарында Отан алдындағы азаматтық парызын өтеп жүргенде  жазған   Жәнібектің алғашқы өлеңдері  «Еңбек  туы» газетінде  жарияланып тұратын. Әдеби жолымызды ашқан осы «Еңбек туы»  газетіне  Оралханнан бастап Катонқарағай, Үлкен-Нарын  аудандарынан шыққан ақын-жазышылар  мен журналистердің көбі  борыштар.

        Жәнібек  1972   жылы  армия қатарынан оралған соң қайтадан  құрылған Катонқарағай  ауданында шығып жатқан  «Луч»- «Арай»   атты аудандық  газет редакциясына  әдеби қызметкер болып орналасқан еді.Ол осы газетте армия қатарында жүргенде өлеңдерін газетке басып,хат арқылы хабарласып жүрген Орынбай Тлеуов, ардагер журналистер Кенжебек Нұрмұхамбетов, Қамар Қалиева,Сейтзада Ластаев, Гүлбану Боранбаева, Дмитрий Вагайцев, Анатолий Соребряников, Виктор Петрович Денисов, Мира Алипинова,Татьяна Сосновцева,Мұратбек Қабимолдин, ЖІгер Рақымжанов, Дәулетхан Тоқсанбаев, Мергүл  Қайдарова, Әділбек Құмарғажин, Жансап Жанғозин және басқалармен   көп жыл иықтаса еңбек етті. Тікелей өндірісте  еңбек ете жүріп  журналистік жұмыстың қыр-сырына қанықты,қаламы  төселді.

        Әуелгіде аударма болып  күн кешкен   «Арай»  газеті тәуелсіздік  алғаннан кейін жетекші газетке айналды. Бұл істе  Жәнібектің де еңбегі зор.

       «Арай»  газетінде Жәнібектің өлеңдері,суреттемелері,корреспонденциялары мен очерктері үзбей жарияланып тұрды. Аудан оқырмандарына Жәнібектің есімі кеңінен танымал болды.

       «Арай»- «Луч» газеті республикадағы аудандық газеттердің арасында   өзіндің орны, бет-бейнесі бар, одаққа танылған, беделді  басылымдардың   бірінен саналады. 1973-74 жылдары қатарынан екі жыл  газет   М.Ульянова атындағы Бүкілодақтық жарыстың  екінші және үшінші  жүлделерін жеңіп алды. Бұл істе сөз жоқ Жәнібектің де өзіндік үлесі бар болатын.

        Тоқсаныншы жылдары қазақ газеті жетекші газетке айналған соң қазақ тілінде жазатын журналистердің лауазымын көтеруге мүмкіндік туып, Жәкең әуелгіде ауылшаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары лауазымына дейін өсті.Аудандық газет редакциясы Үлкен-Нарынға ауысқаннан бері Жәнібек  газеттің Катонқарағай аумағындағы  тілшісі міндетін мінсіз атқарып жүр.

         Жәнібек Қызыр Катонқарағайда өлке тарихын зерделеуге белсене ат салысып, қомақты іс тындырған жан. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 60,70 жылдықтарына орай шығарылған «Ерлік дастан» атты үш кітаптың,Катонқарағай ауданының 80   жылдығына арналған «Жер жаннаты - Катонқарағай» жинағының, Халел Жөндібаевтың  «Өткен өмір, жалғасқан ғұмыр»  атты өмірбаяндық кітабының  құрастырушы редакторы болды.

       1998 жылы  Астанадан шыққан «Ағажай  Алтайдай жер қайда» атты ұжымдық жыр жинағында Жәнібектің де өлеңдері бар. Ал 2009 жылы өзінің 60 жылдығына орай  «Ақбұлақ»  атты   кітабын Алматыдағы Орхон баспа үйінен шығарған.Онда өлең-толғаулары,поэмасы,бірқақпайлары топтастырылған.

      Катонқарағай ауылдық округы жанындағы ақсақалдар алқасының төрағасы ретінде атқарып жүрген  шаруасының өзі бір төбе.Оның бәрін бірер сөзбен айтып тауыса алмайсың.

      Жәнібектің әдеби ортасы да ауыл десек,бүкіл қазақ халқының түп-тамыры ауылда жатқанын сезінсек, оның шығармашылығының  тамыры   өте тереңде жатқанын ұғына түсеміз.

        Туған жер тарихының терең білгірі ретінде алыста жүрген қаламгер достарыңның ат басын тірер ақсақалы өзің болып қалдың, Жәке. Мерейтойың құтты болсын! Арқалы ақын марқұм Төлеген Рақымжанұлының сөзімен айтқанда, «Катонда қалғандардың мықтысы да, Катонда  қалғандардың зиялысы» да  өзің деп   білеміз.

Катонқарағай  аудандық   «Арай» газетінде  жарияланды.

Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

Өмірбаян
03 июль 2019, Среда
Өмірбаян
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры