ОРАЛХАН ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІКТЕР
Катонқарағайлық жерлесіміз, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ әдебиетінің классигі жазушы Оралхан Бөкей туралы әр кезеңде жазылған естеліктердің басын біріктіріп осы кітапқа енгіздім. Оның алғашқысы Оралхан қайтыс болған кезде, екіншісі 60 жылдық мерейтойы қарсаңында, ал үшіншісі оның 70 жылдығы алдында жазылған.
1. Орны бөлек еді ғой Орекеңнің
Оралханның жасы менен төрт жас үлкен болса да жақын жолдас, дос, іні-бауыр секілді боп кетіп едік. 1963 жылы Еңбек сегізжылдық мектебін бітіріп, Шыңғыстай орта мектебінің тоғызыншы сыныбына келгенімізде әдебиетке жаны құмар, өжет қарындасы Мәншүкпен бірге оқыдым да, сол кезде ауылда жұмыс істеп жүрген Оралханмен қоян-қолтық араласып кеттім. Сабақтан тыс кезде, демалыс күндері Оралханның үйлеріне жиі барып, әңгімелесіп тұратынмын. Сол байланысымыз Орекеңнің өмірінің ақырына дейін үзілген жоқ.
Сол кездің өзінде-ақ аудандық «Еңбек туы», облыстық «Коммунизм туы», республикалық «Лениншіл жас» газеттерінде күн аралата сала құлаш боп шығып жататын әңгімелері мен очерктерін біз іздеп жүріп, қолдан-қолға беріп оқушы едік.
Сонан кейін ол көп ұзамай-ақ аудандық «Еңбек туы»– «Знамя труда» газеті редакторының орынбасары болып орналасты да, аудан орталығы – Үлкен Нарынға кетті. Мен Шыңғыстай мектебінде комсомол ұйымының хатшысы болдым да, аудан орталығында өтетін комсомолдың әралуан шараларына жиі барып тұратынмын. Сондай кезде міндетті түрде аудандық газеттің редакциясына барып, Оралханмен жолығып, онымен бірге түн бойы газетке кезекшілік етіп, үйге түн ортасы ауа қайтатынбыз. Ол кезде газетке өзімнің де өлеңдерім жарияланып жүрген кез болатын. Оныншы сыныпта оқып жүргенде 1965 жылы Оралханмен бірге барып Өскеменде өткен Шығыс Қазақстан облысы жас ақын-жазушыларының облыстық слетіне қатысқаным бар. Біздің ауданнан бізбен бірге ақын Төлеген Рақымжанұлы, мен секілді мектеп оқушысы көктеректік Заутдин Шәмшиев барған еді. Слетті Қазақстан Жазушылар одағының облысаралық бөлімшесінің хатшысы, жазушы Медеу Сәрсекеев өткізген болатын.
1968 жылдың жазы. Оқудан тағы жолым болмай, Оралханның Қарғалы өзені бойындағы бір бөлмелік пәтеріне келсем, өзіміздің облыстық «Коммунизм туы» газетінің сол кездегі Алматыда сырттай оқып жүрген қызметкері Тоқтархан Шәріпжанов отыр екен. Сол жолы Орекең әлгі жігіттерге мені қатты тапсырып, газеттің сол кездегі редакторы Мұқан Әбуғалиевке сәлем жолдады. «Сен ауылға қайтқанды қой, газетке орналас. Әйтпесе әдебиеттен мүлде шеттеп қаласың» деп өзіме ақылын айтты. Сол жолы Мұқан Орекеңнің сөзін жерге тастамай, арнайы журналистік білімім болмаса да, мені қолма-қол ауылшаруашылық бөліміне әдеби қызметкер етіп алды. Жақсыдан шарапат деген осы ғой.
Содан кейінгі жылдары қызмет істей жүріп, сырттай оқып білім алуға тура келді. Алматыға барған сайын ат басын тірейтін үйім Оралхандікі еді. Мен келгенде жандары жәннәтта болғыр жарықтық Оралхан мен Айман жеңгеміз екеуі мәз-майрам боп қарсы алып, ел жақтың жаңалықтарын сұрап бір жасап қалушы еді. Орекең жұмысына ертіп апарып, ақын-жазушылармен, жолдастарымен таныстырып, жерлестерімізге апарып, жанынан тастамай ақылын айтып, «елден келген інім» деп ертіп жүретін. Сондайда Орекеңнің өз замандастары мен әдеби ортада қаншалықты беделі зор, мәртебесі биік екенін көзбен көріп төбем көкке екі елі жетпей қалушы еді.
1974 жылдың күзі. Бірде М. Әуезов атындағы драма театрында Оралханның «Құлыным менің» атты спектаклінің премьерасы болды. Бардық. Спектакль өте табысты өтті. Жолдастары, небір атақты жазушы-драматургтер Орекеңді құттықтап жатыр. Сол күні осы қуаныш әсерімен Орекеңнің бір топ жолдастары үйге жиналды. Ішінде Асанәлі Әшімов, Рымғали Нұрғалиев, Асқар Сүлейменов, спектакльдің бас режиссері Қадыр Жетпісбаев және басқалар бар. Сол күні қаншама қызықты әңгіме, әзіл-қалжың, өнегелі сөздер айтылды десеңізші!.. Осындай отырыстар, қызықты кездесулер онан кейін де көп болды. Соның бәрін де мен бүгінде шынайы сағынышпен елжірей еске аламын. Орекеңнің төңірегінде, әсіресе жас жазушылар, талантты жас журналистер көп жүретін. Олардың бәрін құшақ жая қарсы алып, қолынан келген көмегін аямайтын.
Оралхан Ленин проспектісіндегі үйде тұрғанда сыншы Сағат Әшімбаевпен көрші болды, қатты араласып тұрды. Екеуінің әдебиет, өнер туралы әңгімелерін естіп отырудың өзі бір ғанибет еді ғой. Бүгінде қазақтың болайын деп тұрған осы екі азаматының екеуінің де өмірден едел-жедел ерте кетіп қалғанын ойлағанда мұңаясың.
Оралхан кейбіреулер сияқты дабыра қылып, қоңыраулатпай, елге елеусіз ғана келе қалатын. Келген сайын аудандық газеттің редакциясына кіріп шығып, журналистерге сәлемдесіп, «ұшқан ұям ғой» деп отырар еді. Келген сайын міндетті түрде Алтайды аралап, Тарбағатай, Шабанбай жайлауына барып, шопандармен, жылқышылармен жолығуды аңсап тұратын. Сол кезде болашақ шығармаларына қазық болар материалдар жинап, көргендерін ойға түйіп жүреді екен ғой. 8
Оралхан Катонқарағайына, Шыңғыстайына келген сайын қарсы алып, шығарып салып, көбінесе жанында болуға тырысушы едім. Ондайда сан алуан әңгіменің де куәсі болдым. Орекеңнің жерлес ретінде елге, жерге деген ризалығы да, реніші де, өкпе-назы да болмай қалған жоқ. Оның бәрін өзімен ала кетті.
Менің үйдегі шағын кітапханамда Оралханның барлық дерлік кітаптары бар. Соның бәрінде де Орекеңнің өз қолымен жазып берген қолтаңбасы сайрап тұр. Бірде «Поезда идут мимо» деген орыс тілінде шыққан романында «Қайырды! Бала-шағаңның қызығын көріп, ел-жұрттың абыройына бөлене беруіңе тілектес – Оралхан» десе, «Біздің жақта қыс ұзақ» деген кітабында мынадай жазу қалдырыпты: «Қайырды, өзіңді бала кезден жақсы көруші едім: талабы таудай, ақ көңіл, таза да тәкаппар азамат ретінде. Осы елдегі туған інімдей бас-көз, өзіме ес болып жүргенің мен үшін қуаныш. Оралхан. 30 тамыз 1987 жыл. Шыңғыстай».
Қайтейік. Тірлікте аралас-құралас болып жүрген құрдас та, жолдас та, замандас та аз емес қой. Бірақ Оралханның орны бөлек еді.
2. Оралханды сағыну
Зырылдаған уақыт-ай десеңші! Алтай жаққа Оралханның бара алмағанына, Үнді сапарынан оралмағанына он жыл болып қалыпты-ау... Ол маған сол жақта мәңгілік іссапарда жүргендей сезіледі. Өйткені оның өзі өлгенмен, рухы тірі, желеп-жебеп, бізбен бірге жүргендей сезіледі. Орекең шығармаларының бірқатарын орысшаға аударған мәскеулік жазушы Анатолий Ким де өткен жылы Астанада болғанда маған осындай ой айтып еді.
Алпысыншы жылдардың соңы мен жетпісінші жылдардың басында Оралханға еліктеушілер көп болды. Қазіргі көрнекті жазушылардың бірі Смағұл Елубаев ҚазМУ-ды бітірген соң «Оралханның жеріне әдейі келдім» деп аудандық газетте біраз қызмет істеп қайтқан. Оралханның сөзін естімек түгіл, көзін көрмеген журналист Кенжебек Тұманбайұлы тоқсаныншы жылдардың ортасында Шыңғыстайға келіп бірнеше күн жатты, Оралханның көзі тірі кейіпкерлерімен кездесіп, тәнті болып қайтты. Ол былтыр тағы барыпты. Сол сапардан соң, «Менің Оралханым», «Тағы да Оралханға оралу» атты эсселерін жазды.
Оралхан қайтыс болғаннан бері он жыл ішінде жекелеген диплом жұмыстары мен кандидаттық диссертацияларды былай қойғанда, мерзімдік, орталық баспасөз беттерінде қаншама материалдар жазылды, өлең-жырлар арналды. Оралхан Бөкейдің есімі әдеби ортада, зиялы қауым арасында, шетелдерде үлкен суреткер жазушы ретінде кеңінен танымал. Оның кітаптары қазірдің өзінде он төрт тілге аударылыпты.
Қазақ әдебиетіндегі айтулы тұлғалардың бірі, Қазақстан Республикасының және Қазақстан комсомолы сыйлықтарына ие болып, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы дәрежесіне дейін көтерілген Оралханның есімі миллиондаған оқырмандарының жүрегінде.
Қызметтес болған Шерхан Мұртаза секілді ұстазы, Қасым Қайсенов, Қалихан Ысқақов, Ғаббас Қабышев секілді ағалары, Ақселеу Сейдімбеков, Рымғали Нұрғалиев, Кәрібай Ахметбеков, Қуанышбай Құрманғалиев, Кәдірбек Сегізбаев, Дулат Исабеков секілді құрдас-замандастары, Талаптан Ахметжанов, Жүсіпбек Қорғасбеков, Нұртөре Жүсіп, Марат Мәжитов, Ұлықбек Есдәулетов секілді інілерін былай қойғанда, Оралханды бірер рет қана көрсе де, әлі күнге пір тұтатын қаламгерлер қаншама?
Қарағандылық жазушы Кәмел Жүністегі, торғайлық Жақсылық Жүнісов, журналист Серік Жәнәбіл бәрі-бәрі де Оралханды тебірене еске алады. Шымкенттік ақын азамат Қуаныш Төлеметов:
– Оның бойында бір рух бар болатын. Күні бүгінге дейін ондай киелі рухты әлі ешкімнен көре алмадым, – дейді.
Қайсыбірін айтарсың. Осының бәрі де үстіміздегі жылы атап өтілетін Оралханның 60 жылдық мерейтойына орай еске түсіп отыр. Жақында Алматыдағы қарындасы Ғалия Бөкеева телефон шалды.
– Ағаның мерейтойына әзірлік не халде екен? Жалғыз апайы Шолпан Шыңғыстайдағы иен тұрған үйін күзетіп отыр ғой, – дейді. Қайтсін-ай, туыс қой.
Астанада тұратын жездесі Еңсеген Алпысшалов келіп кетті. Өткен жылы Ләззәт қайтыс болған соң балаларының қолына келіпті.
Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары Қайыржан Сәдуов телефон шалды:
– Осылай да осылай облысымыздың бұрынғы әкімі Метте көңіл аудармай жүр еді, жаңадан тұрған әкім Талғатбек Абайділдин көмектесемін деп жатыр. Аудан әкімі Бердібек Батырханұлы Сләмов осы шараларға байланысты жұмыстармен облыс орталығына кетті. Оралханның Шыңғыстайдағы үйін мұражайға айналдырамыз. Оған жазушының өзі тұтынған заттары керек. Бұл жағынан отбасы, туған-туыстары, жора-жолдастары қол ұшын берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Мерейтойды алдағы қыркүйек айында өз дәрежесінде өткіземіз бе деген ойымыз бар, – дейді ол.
– Өскеменнен, Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының қызметкері Рахия Уалханова хабарласты. Орекеңнің мерейтойына орай естеліктер кітабын шығармақ екен.
Жазушы Дидахмет Әшімханұлы айтады: – Оралханмен «Қазақ әдебиеті» газетінде ұзақ жыл қызмет істеп, оның жанында ең көп болған інісі мен екенмін. Сондықтан ол туралы қомақты дүние жазу ойда бар. Қалағаңның (Қалихан Ысқақов) ойында да бірдеңелер қалған шығар.
Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Баспа және полиграфия істері жөніндегі Департамент директоры Әлібек Асқаров:
– Үлкен жазушымыз Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтқанда, «Оралхан азғантай ғұмырында сондай асқаралы биікке өзін де, елін де, туған әдебиетін де шығарып үлгірген» қаламгер ғой. Оның іздеушісі – мыңдаған, миллиондаған оқырмандары. Біз олар үшін жазушының көптомдығын шығарсақ деген ойдамыз. Оқырмандар үшін бұдан үлкен сыйлық болмас. Сондай-ақ, «Атамұра» баспасы бір топ шығармаларын шығармақ. «Аударма» баспасы «Қазақ прозасының кітапханасы» сериясы бойынша бірнеше әңгімесін орыс тілінде шығарды. Ал Астана мен Алматыда, жазушының туған жерінде өткізілетін шаралардың өзі бір бөлек.
Тіршілікте Оралханмен жақын аралас-құралас боп жүрдім. Қарындасы Мәншүкпен Шыңғыстай мектебінде үш жыл бірге оқыдым, сонан кейін Алматыдағы ҚазМУ-де сырттай оқыған кезде, сессияға барған сайын ат басын тірер жерім Оралхандікі болатын. Кейіннен елде жүргенде Оралханның ауылға келе қалған шығында қасында болу, бірге жүру тәртіпке айналып кеткен.
Орекеңді көбінесе Өскеменнен Шыңғыстайға дейін жақсы досы Жұмаділ Әділбаев (облыстық «Дидар» газетінің бас редакторы) аудан орталығынан Марат Әкрамов (ол кезде аудандық атқару комитетінің төрағасы болып істейтін) әкеліп салады. Олар әр келген сайын жанында бірер күн болып қайтады. Ал ауылда жора-жолдастарымен қатар сол кезде аудандық партия және атқару комитетінде істейтін Сейтзада Ластаев, Феодор Тұмарбаев, аудан әкімі Жанымхан Құндызбаев секілді азаматтар қасында болып, еңбек адамдарымен кездесулер ұйымдастырып, ел көрсетіп, жер көрсетіп, мәре-сәре боп қалатын. 12
Оралханның арқасында республикаға есімі кеңінен танымал талай-талай жазушылар мен өнер қайраткерлері Катонқарағайға келіп, табиғатына таң қалып, тамсанып қайтқан. Асанәлі Әшімов Оралханмен бірге Катонға 49 жасында келді. «Восток» кинотеатрында болған кездесуде Асекеңнің:
– Келер жылы 50 жылдық мерейтойым, түгелдей келіңіздер. Әйтпесе өкпелеймін, – деп күлдіргені әлі есімде.
Орекеңнің «Сайтан көпір» повесінің прототипі Қабылбек Күндебаев менің туған ауылым Еңбекте бізбен көрші тұратын. Оның басынан кешкен оқиға 1957 жылдары болған. Қабылбек көшкінге кетіп, екі аяғын кестірген соң да талай жыл өмір сүріп, бертінде қайтыс болды ғой. Шыңғыстай мен Еңбек ауылының ортасындағы «Көл» деген жерде зират бар. Қабылбектің кесілген екі аяғы осы зиратқа қойылған екен. Бір мерекеде көрші-қолаңдармен шай үстінде отырғанда сәл-пәл қызулау Қабекең «Тарғыбатайдан» «Алатайға» бара жатып, қыс ішінде көшкінге қалай кеткені, «Қара Қаба» өзенінде жеті күн мұзға қатып жатып, қалай тірі қалғанын көңілі босап отырып айтып берді.
– «Көлдегі» зиратта жарты денем көмулі жатыр. Сол тұстан әрлі-берлі өткенде құран оқып, бет сипап өтем, – деді Қабекең көзіне жас алып, – жеті күн мұз құрсауда жатып қалай тірі қалғаныма әлі күнге дейін таңғалам.
Осы оқиғаны Алматыға келгенде бірде Оралханға әңгімелеп бердім. Ол кезде Қабылбектің тірі кезі, ол оқиғаның мән-жайын өзі де жақсы білетін. Біраз ойланып отырды да: – Қайырды, мен осы оқиғаны жазам. «Рахман қайнарындағы» сайтан көпірді Тарғыбатайға алып келем де, солай жазып шығам, – деп болашақ шығармасының желісін де айтып шықты.
Содан біраз уақыттан соң Орекеңмен кездескенде: – Сен менің «Жұлдызға» шыққан повесімді оқыдың ба (әуелгі аты 13
«Айқай» болатын), баяғыда желісін өзің айтып ең ғой, үйде отырғанда дегені.
– Жоқ, көргем жоқ, – дедім сасып қап, – ауылға «Жұлдыз» журналы кешігіп келеді ғой.
– Әй, мені сендер оқымаған соң... деп үндемей қалды.
– Бірде... жан жары Ардақ пен ұлы Айханды Шыңғыстайға алғаш әкелген жолы Тарғыбатай жайлауына шықтық. Жаз уақыты, күн ыстық. Мен аудан орталығынан Шыңғыстайдағы Оралхандікіне редакцияның «Уазигімен» ерте келдім. Рөлде өзім.
– Айхан мен Ардаққа жайлаудың таза ауасын иіскетіп, қымызды ауылға барып қайтайық, – деді Орекең көңілденіп. Телефон шалып қойғам, жолда бізге «Өрел» кеңшарының директоры Сайфолда Ауғанбаев қосылып, ертіп жүрді. Күн бойы салқын самалды жайлау үстіндегі «Шұбар төс» телімінде отырған жылқышы Жәнібек Тариннің киіз үйінде болдық. Қымыз ішіп, тауға шығып, табиғат аясында армансыз әңгіме-дүкен құрдық. «Бүркіт ұясы», «Талды бұлақ», «Аттанбай», «Қоңқай», «Таңатар», «Алтықыз», «Шарықты бұлақ», «Қос жүрек» жайлауларын көзбен шолып, «Қара қаба» өзені бойына тоқтадық. Жан-жағымыз аспанмен таласқан таулар, қалың жыныс қарағай. Оңтүстікте күндік жерде шекараң да алыс емес, Қытай жатыр, Марқакөл де тиіп түр. Одан бұрын келгенде салт атпен Орекеңнің талай барып қайтқан жері. Кешке қарай үйге қайттық. Орекең жақсы әсер алды. Ардақ біздің жердің табиғатына аң-таң.
Орекеңмен ең соңғы кездесуім қайтыс боларынан бес-алты ай бұрын болды. Мен іссапармен Алматыға келгем. Жамбыл көшесіндегі үйлерінде қонып, екеуіміз түннің бірталайына дейін әңгімелесіп отырдық. Әңгіме алдағы жазда болатын Орекеңнің 50 жылдық мерейтойы жайында өрбіді.
Ақылдасып отырып, мерейтойдың Катонқарағайда өтетін үшкүндік жоспар-жобасын жасадық.
– Мен елдің, жердің жайын білем ғой. Дәл осы жоба бойынша өткізіп берсеңдер болды. Маған басқа түк керек жоқ. Артық-кемін өздерің келісе жатарсыңдар. Жанымханға (аудан әкімі) сәлем айт, – деді Оралхан.
1993 жылдың 16 мамыры күні Оралхан іссапар үстінде Үндістанда қайтыс болыпты деген суық хабар жетті. Аудан әкімі Жанымхан Құндызбаев, екі кеңшардың директоры Толқын Райысов, Саниязбек Жүнісов және мен Алматыға самолетпен ұшып келіп Орекеңді соңғы сапарға шығарып салдық. Орекеңді соңғы сапарына шығарып салуға Шыңғыстайда жан достары Аманжан Нұқсарин, Нұрлан Әкімбаев және барлық туыстары келді.
Өңім бе, түсім бе, әлі күнге сенбеймін. Әлдеқандай бір шаруамен кешеуілдеп жатқандай, салаң етіп кіріп келетіндей болады да тұрады. Бәлкім, жанында көп жүріп, бауыр басып, өзімсініп кеткендіктен болар. Бәлкім, Орекеңнің ешкімге ұқсамайтын өр тұлғасының көз алдымда, көкейімде өшпестей болып жатталып қалғанынан болар. Бәлкім, Алтайдан шыққан азаматтардың арасында оған тең келер ешкімнің жоқтығынан болар.
Оралхан шығармаларының биіктігі, тереңдігі, күрделілігі, жалқылығы өз алдына ғой, онда маңғаз тәкаппарлық, тектілік секілді Орекеңнің өз мінезі бар.
Оралханның шығармаларында Алтайдың асқақтығы бар. Оның шығармаларында оқыған сайын жүрегіңді жанитын өршіл рух бар, мұңлы сағынышқа толы әдемі сезім бар, өзіңді-өзіңе танытатын, елеусіз қылығымен есте қалатын, қиын- қыстау кезде өмір үшін күресе білетін рухы күшті кейіпкерлер бар. Онда жамандық пен жақсылық, тоғышарлық пен өрлік тайталас түсіп жатады. Кейіпкерлер тартысы, санадағы сан алуан қайшылықтар еріксіз ойға жетелейді. Орекең әдебиетке тыраштанып, тырмыспай, кібіртіктемей, ернеуінен асқан өзендей асып-төгіліп, телегей тасқын боп, арнасына сыймай келді. Орекеңнің бір кереметі саф таза қарапайым халық тілімен өмірдің өзін көз алдымызға әкелетіндігі. Менің білетінім, ол өз тұстастарынан артық туған оқшау талант болатын. Ол әдебиетке де ешкім ойламаған, күтпеген тұста, оқырманын елең еткізіп тосыннан келіп еді. Өмірден де аяқ астынан, тосын кетті.
Мен ойлаймын... ойлағанда да... республикамыздың шалғай шығысында жатқан өр Алтайдағы ауылдасы ретінде. Оралханның өзі болса, көзі болса, жүз жылға таяу тарихы бар, қарағайдан қиып салынған Шыңғыстай мектебі түп орнымен қиратылып қалың қарағайдың ортасында отырған тойымсыз пенделерге тамызыққа үлестірілмес еді-ау деп. Мен ойлаймын, Оралхан тірі болғанда осы он жылдың ішінде-ақ талай-талай жауһар туындылар жазылар еді-ау деп.
Мен ойлаймын... Оралхандай асқақ рухты, оқшау талант ешқашан қайталанбайды ғой деп. Бәлкім, Орекеңді сағынғандықтан ба екен?
3. Өмірден кетсе де, көңілден кеткен жоқ
Катонқарағайлықтар ерекше құрметтейтін талантты жазушы, қазірде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің біріне айналған, өмірден өткеніне жиырма жыл болып қалса да, көзі тірісінде жазып кеткен шығармаларына оқырмандардың да, көзі қарақты әдеби ортаның да ынта-ықыласы бір сәт те суымаған, әлі күнге ауыздан түспей жүрген біртуар азаматымыз Оралхан Бөкейді жерлестері шын мәнінде мақтан етеді.
1963 жылы Еңбек сегізжылдық мектебін бітіргеннен кейін оқуымды одан ары жалғастыру үшін күзде көрші Шыңғыстай ауылындағы орта мектепке келдім. Осында тоғызыншы класты апай-жездем Бағдат пен Мантай Бақыжановтардың үйінде тұрып жалғастырдым. Ол үйде менімен бірге Мағзұмәді Нұрбаев тұрды. Ол жездем Мантайдың Берелде тұратын Кәс деген апайынан туған, сол кезде ақын аты шығып қалған Ақтан Нұрбаевтың ұлы екен. Екеуіміз ол үйде тату-тәтті, жақсы тұрдық.
Одан кейінгі оныншы, он бірінші кластарды мен интернатта тұрып оқыдым. Онда ауылдас досым Төлеухан Бияровпен бірге тұрдым. Интернатта бізбен бірге кейінгі кластарда оқитын Орынбай Тлеуов, Тельман Қашқынбаев, Айтқазы Құдайбергенов секілді ауылдас балалар тұрды.
Төлеухан екеуіміз тоғызыншы, оныншы кластарда өлең, әңгімелерді өндіріп жазып жүрдік. Оларымыз аудандық «Еңбек туы», ара-тұра облыстық «Коммунизм туы» газеттерінде үзбей басылып, мектепте, ауданда Төлеухан екеуіміздің жас ақын деген атымыз дүрілдеп тұрды. Оның үстіне мен мектеп комсомол ұйымының хатшысымын.
1964 жылы Оралхан аудандық «Еңбек туы» газетінде редактордың орынбасары болып істеп жүрген. Қазақ газетінің шығуына толық жауапты адам сол. Әйтеуір, біздің шығармаларымызға тоқтау жоқ, жазып жібергеніміздің бірі жарияланбай қалмайды. Оралхан әу дегеннен көлемді-көлемді әңгімелер жаза бастады, олары аудандық газеттің бірнеше номеріне жарияланады. Өзі Шыңғыстайдағы үйіне демалыс сайын келіп-кетіп тұрады. Ондайда мен өзіммен бір класта оқитын қарындасы Мәншүктен хабар ала қоям да, үйлеріне барып, Орекеңмен әңгімелесіп, біраз отырып қайтам. Оның үстіне аудандық комсомол комитетінің әралуан шараларына қатысуға аудан орталығы – Үлкен-Нарынға анда-санда барып тұруға тура келді. Сондайда қол босай сала редакцияға, Оралханға барам. Газеттің қалай шығатынын, баспаханада қалай басылатынын көру де қызық. Оралханмен бірге түн ортасына дейін кезекшілікте жүрем. Баспахана үйі Нарын өзенінің жағасындағы төбенің үстінде. Қазір ол жерде кәсіпкер Марат Татаев салдырған мешіт үйі тұр. Редакция бөлек жерде. Қатесі түзетілетін беттер дайын болғанша Оралхан екеуіміз есік алдына, таза ауаға шығып, әңгімелесіп тұрамыз. Кейін ойласам болашақ мамандығым журналистикаға деген ынта-ықыласым сол кезде оянған екен. Елуге дейінгі ғұмырым осы өзіміздің аудандық газетте өтіп, баспагерлік іске – кітап шығаруға содан кейін барып бет бұрдым ғой.
Оралхан әдебиетке құмар жастар шығармашылығына кең өріс ашумен қатар, оларға бағыт-бағдар да беріп, жиі-жиі әдебиет бетін шығарып отыратын. Менің алдымда аудандық «Еңбек туы» газетінің 1967 жылы шыққан 17 қазандағы номері жатыр. Онда Оралхан «О. Бөкеев» деп қол қойып, «Көп үйреніп, көп жазайық» деген тақырыппен редакцияға түскен әңгімелерге шолу және менің бір топ өлеңдерімді жариялапты. Осы шолудың менің шығармашылығыма арналған жерінен үзінді келтірейін.
... «Айталық Қайырдының «Алғашқы ақ махаббаты» осы кемшіліктің салдарынан бас-аяқсыз болып шыққан.
Қайырды өте байқағыш, сезімтал, әсіресе табиғатты суреттеуге келгенде қаламы жорғалап кетеді. Оның сағыздай орамды тіліне қызыға да қызғана қарап қалатының бар. Үзінді келтірейік. «...оның шашына байлаған ақ бантигі көзіме түскенде, ойнақылығым ұстап кетіп: – Алтынгүл-ау, тоқтай тұр. Басыңа екі ақ көбелек қонып отыр, ұстап алайын, – деп тап беретінмін. – Көбелек өзін ұстағалы келе жатқанда ұша жөнелмеуші ме еді, – деп, сықылықтай күліп жүгіре жөнелетін Алтынгүл. Ол сонда маған сыңғырлаған күлкісін алып қашқан кәусар бұлақ болып көрінетін. Екеуінің бойынан да ортақ қасиет – кіршіксіз пәктік, мөлдір тазалық көретінмін», «Мақпалдай қою түннің қараңғылығын бізден қызғанғандай, жаздың қысқа таңы да әп-сәтте атып кетті», міне бұл Қайырды қабілетінің бір қыры. Осы Қайырды үміт күттіретін жас. Тек ойын нақты оқиғаға құруға тырысуы керек».
Ал, 1965 жылы Оралхан Шыңғыстайдан мені, Еңбектен – мұғалім Төлеген Рақымжанұлын, Көктеректен – мен секілді оныншы класс оқушысы Заутдин Шәмшиевті
Өскеменде өткен жас ақын-жазушылардың облысаралық кеңесіне ертіп барды. Оны Қазақстан Жазушылар Одағы Семей-Шығыс Қазақстан бөлімшелерінің хатшысы Медеу Сәрсеке өткізген еді. Онда Алматыдан келген Ә. Шәріпов, С. Мәуленов, С. Киселов, Ф. Моргун, А. Скворцов, П. Косенко, Х. Ерғалиев, С. Жүнісов, Қ. Мырзалиев, С. Сейітов, Ә. Нұршайықов, М. Айтхожина секілді ақын-жазушыларды көрдік. Облыстық газеттің редакциясында жұмыс істейтін Тоқтарбек Қызықбаев, Мүсілім Құмарбеков, Серік Габдуллин секілді өз облысымыздың жас ақын-жазушыларымен, аудандардан келген жас талапкерлермен таныстық. Сол кезде «Қазақ әдебиеті» газеті «Алтайды аялайды ақын жыры» деген атпен бөлім берді. Сонда менің «Бүркіт ұясы» деген өлеңім жарияланды. Осы шараға орай «Лениншіл жас» газеті де бет беріп еді, сонда менің «Таудағы таңба» атты әңгімем шыққан болатын.
Орта мектепті бітірген 1966 жылы кластас досым Төлеухан екеуіміз де Алматыдағы ҚазМУ-ге түсе алмай қайтып келдік. Мен сол туған ауылым Еңбекте ағайыма көмекші шопан болдым, Төлеухан бөлімшеде жұмысшы болды. Осы Төлеухан досымның обалына қалған мен едім. Мектепті бітірген жылы ол филология факультетіне түсуге менің азғыруыммен барды. «Ой, немене, бірге оқиық, ақын-жазушы боламыз, бірге жүріп-тұрамыз» дедім ғой. Әйтпесе ол математикаға өте зерек еді. Әдебиеттен беті қайтып қалған Төлеухан досым келер жылы осы ҚазМУ-дің механика-математика факультетіне қиналмай түсіп кетті. Кейіннен ғылым докторы, профессор дәрежесіне жетті. Бірақ анда-санда өлең жазуын да тастаған жоқ.
Оқуға кеткелі жүргенімде аудандық газеттің редакциясына бір соққанымда Оралхан маған: – Бізде бір аудармашының орны босады, жұмысқа кел, – деді.
– Оқуға баруға жиналып-теріліп қойдым, – деп бас тартып едім. «Соным бекер болған екен. Оралханмен бір19
ге жұмыс істесем талай тәлім-тәрбие алар едім ғой» деп артынан өкіндім. Өйткені оқуға сол жылы ды, содан кейін де түсе алмай, жұмыс істей жүріп, арада сегіз жыл өткеннен кейін ғана түстім ғой. Адамның ойлағаны болмайды, маңдайға жазғаннан ешқайда қашып құтыла алмайсың деген сөз рас екен.
Алайда Оралхан маған айтқан аудандық газеттегі сол орынға Орынбай Тлеуов деген біз қатарлас бір жігітті алып, көп тәрбие беріп кетті.
Оралхан сонан кейін аудандық газетте өзі де көп аялдаған жоқ. Облыстық «Коммунизм туы» газетінің редакциясында небәрі жарты жылдай ғана отырып, республикалық «Лениншіл жастан» бір-ақ шықты. Оның сонан кейінгі өмірі түгелдей Алматыда өтті. Орекеңнің содан кейін көп ұзамай облыстық «Коммунизм туы» газетінің өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі Тоқтархан Шәріпжановқа мені тапсырып тұрып, былай дегені есімнен кетпейді: – Тоқа, Қайырдыны өз газеттеріңе жұмысқа орналастырып, алып қалыңдар. Әйтпесе бұл ауылға барып қатын алады да қалады, мұны ауылға жібермеу керек.
Несін айтайын, Оралханның айтқаны айдай келді. Содан жарты жыл өтпей-ақ бас құрадым да ауылда қала бердім. Бірақ қол жетпегенді өліп-өшіп армандаған жоқпын. Сол журналистиканың аудандық буынында істей жүріп, сырттай ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірдім. Алты жыл бойы Алматыдағы оқуымды бітіргенше барып-қайтып жүріп Орекеңмен тығыз байланыста болдым. Орекең ауылға келіп-кеткен сайын өз шамамша қарсы алып, шығарып салып, ақ ниетіммен қызмет еттім. Оралхан менің соныма риза болатын. Өмірінің ақырына дейін қарым-қатынасымды үзген емеспін. Ағамдай ақылшы санап, досымдай сырлас болдым. Орекеңнің маған үлкен үміт артқанын сезінудің өзі де үлкен медет. Ол бірде Шыңғыстайда отырып, Мемлекеттік сыйлық алған «Біздің жақта қыс ұзақ» деген кітабын сыйлап тұрып, былай деп қолтаңбасын қалдырып еді: «Қайырды, өзіңді бала кезден жақсы көруші едім: талабы таудай, ақ көңіл, таза да тәкәппар азамат ретінде. Осы елдегі туған інімдей бас-көз, өзіме ес болып жүргенің мен үшін қуаныш. Оралхан. 30 тамыз 1987 жыл. Шыңғыстай».
Аралас-құралас болып жүрген көптеген достарымыз көңіліне келген, сезген-білген жайларын бетіңе ашық айтпайды ғой. Қай қылығыңды жақтырмай тұрғанын біліп тұрсаң да ашық айтпай, жақсы көргенсіп, алдаусыратып, сипақтап, жүре береді. Оралхан, жарықтық ондай емес еді. Тіршіліктегі ұсақ-түйекті айтқан болып отырып, ретін тауып, кейде турасынан, көңіліне келген жайтты айтып салатын. Және де, ешқандай ренішсіз қабылдайтындай етіп айтатын. Маған да ақыл-кеңес ретінде айтқан сөздері болды. Кейде соны
есіме алып, іштей әлі күнге дейін разы болып отырамын. Жанашырлықпен айтқанын түсінгендіктен.
Ел-жұрттың Оралханды ұмытпай, есте қалдырар шаралар жасап, 70 жылдық мерейтойына лайықты әзірленіп жатқандарына тәубе етеміз. Оралхан тек катонқарағайлықтардың ғана емес, бүкіл қазақ елінің мақтанышы екенін ойлап, бір сәт сондай азаматтың туып-өскен жеріне, оның тіршіліктегі азды-көпті өміріне өзіңнің де қатысты болғаныңды ойлағанда еріксіз шүкіршілік етесің. Жақсы адамдар өмірден кетсе де, көңілден кетпейді екен ғой.