Дегдар азамат еді
/Журналист Болат Сағдаұлы Салықбаевтың қайтыс болғанына жыл толуына орай/
Ардагер журналист, аяулы досымыз, әріптесіміз Болат Салықбаевтың есімі Шығыс өңіріне кеңінен таныс.Олай дейтініміз, Алматы партия мектебінің түлегі Болат еңбек жолын өзінің туған ауданы Марқакөлдегі аудандық «Шамшырақ»-«Маяк» газетінде аудармашылықтан бастап,бүкіл саналы ғұмырын сол Шығыс өңіріндегі ақпарат органдарында өткізді.
Әуелгіде радио және телевидение жөніндегі Мемлекеттік комитетке қарайтын шекаралық Марқакөл аудандық радиоредакциясының жауапты редакторы болса, сонан кейін он үш жыл бойы облыстық «Коммунизм туы» /қазіргі «Дидар»/ газетінің Катонқарағай, Үлкен-Нарын және Зырян аудандарындағы меншікті тілшісі болып істеді.Ол осы өңірдің еңбеккерлерімен бірге Алтайдың қатал табиғатына қайыспай шыдап,ыстығына күйіп,суығына тоңды. Таулы өңір адамдарының жарқын істерін жарқырата жазып,басшылардың кемшіліктерін әділ сынады. О.Д.Девятов,Е.А.Ретивых секілді аудан басшыларымен тіл табысып, абыройлы еңбек етті.
Содан кейін Үлкен-Нарын аудандық газетінде үш жылдан астам бас редактор болды.Тәжрибелі журналист ретінде аудандық газеттің таралымының артып, газеттің мазмұнды,сапалы шығуына көп еңбек сіңірді.
1994-97 жылдары Болат Марқакөл ауданы әкімінің аппаратында қызмет атқарып, одан кейін облыс орталығы Өскемен қаласына ауысып, онда «Қалкен ТВ» телеарнасына орналасты. Онда істей жүріп Университетте болашақ журналистерге тәлім-тәрбие беруге ат салысты.Айта кету керек, қазір қызмет істеп жүрген көптеген шәкірттері Болаттың сол кездегі еңбегін айырықша бағалап, ризашылықпен еске алады.
Болат текті жерден шыққан,білімді,тәрбиелі,зерделі,дегдар азамат.Әкесі Сағда 1940 жылдары Зайсан ауданында прокурор, Марқакөлде аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болса,ол кісінің інісі Сәбға Марқа өңірінен шыққан алғашқы журналистердің бірі болыпты. Ал, туған ағасы Сағатбек Марқакөл аудандық «Шамшырақ»-«Маяк» газетінде табан аудармай 23 жыл бас редактор болды. Ой өрісі кең,өте білімді жігіт еді. Болаттың зайыбы Нүриман да өмір бойы газетте істеген кеңес кезіндегі партия мектебін бітірген жан.
Болат пен Нүриман отбасында Шынар мен Дидар атты ұл-қыз тәрбиелеп өсірді.Дидар ҚР ішкі істер министрлігінің Академиясын бітірсе,Шынары білікті кәсіпкер болды.
Бәрінен бұрын, Болаттың балаларының, немерелерінің қызығын көре алмай ертерек кеткені өкінішті. Біз оның «Өсиетпен өскен әулет», «Тағдыр мен тағлым» атты кітаптарын оқый отырып,досымыздың сан қырлы талантына тәнті болып, іштей жұбаныш етеміз. Ол шын мәнінде мақтан етуге тұрарлық, жаны таза,әділ,адал дос еді ғой.Біз оны әрқашан ақ ниетпен, аялай еске аламыз.
Шығыс Қаэақстан облыстық «ДИДАР» газетінде басылды.