Байланыс:
+7(701) 612-18-27
С.Сейфуллин 5 үй,7
» » АБРОЙЫ АСҚАҚ АЗАМАТ

АБРОЙЫ АСҚАҚ АЗАМАТ

26 февраль 2021, Пятница
199
0
   Мен Жанымханды қазақи сыйластық жолымен баяғыдан бері   «Жәке» деймін.Өйткені,екеуіміз де соғыстан кейін дүниеге келген төлдерміз.1947 жылы.Оның менен жарты жас үлкендігі бар.
Екіншіден,Жанымхан   біздің Катонқарағай аудандық партия комитетінің  бірінші хатшысы болып істеді де, бірінші басшымызды «Жәке» демеске де болмады.Өзі ұната ма,жоқ па білмеймін,маған осы жеңіл.
Жәкең екеуіміз орта мектепті,он бірінші класты бір жылы – 1966 жылы  қатар бітірдік.Ол – Алтай мектебінен, мен – Шыңғыстайдан.Сол жылы мектеп бітіруші кластар жер-жерде  бір-бірлерімен кездесулер өткізіп жүргенде,бір-бірімізді сырттай көрдік.Сонан кейін Жанымханнан көз жазып қалғам.Әрқайсымыз өз жолымызбен кеттік.
1980 жыл. Мен аудандық «Луч»- «Арай» газетінде редактордың орынбасары болып жүріп жатқам.Осы тұста Жанымхан  аудан орталығындағы  «Алтай» совхозына директор болып келді.Содан бастап оның өмірі  мен қызыметі көз алдымда десем де болады.Екі-үш жылдан кейін Жәкең аудандық ауылшаруашылық басқармасына бастық болып ауысты.
Біз,журналистер деген өсіп келе жатқан әрбір кадрдың жүрген-тұрғанын қадағалап,қалт жібермей байқап жүретін халықпыз ғой.Жәкең бұл кезде  бірқатар  тәжрибе жинақтап,басшылар мен ел арасында ауылшаруашылығын терең білетіндігін аңғартып,адамдардың сенімі мен беделіне ие бола бастаған.Мұндай оңды нышан байқалмай қала ма?Облыс басшылары 1987 жылы Жанымхан Қаюұлы Құндызбаевты облыс орталығына тиіп тұрған Глубокое аудандық атқару комитетінің төрағасы етіп алып кеткен.
Өмір өз жөнімен өтіп жатқан.Катонқарағай аудандық партия комитетінің  бірінші хатшысы болып, оның алдында қала жанындағы Таврия ауданында істеген Алексей Кирилович Феодоров деген азамат келді.Ол ауданға келе салысымен өзінің төңірегіне айтқанынан шықпайтын,ұрда-жық, әпербақан адамдарды топтастырып,өз беделін жойып алды.Ол аудандық партия комитетінің өзі әкеп қойған хатшыларының бірі Н.Н.Герасименко,аудандық халықтық бақылау комитетінің председателі В.Аненков аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы И.Сиковой сияқты өресі тар,өзімшіл азаматтардың сөзіне еріп, жергілікті кадрларға әлімжеттік   көрсетіп,жұмысттан,партиядан   шеттете бастады.Аудандық партия комитетінің мүшесі және аудандық партиялық коммиссияның хатшысы болғандықтан,ондай жайларды өзім де көріп-біліп жүрдім.Алайда,бірінші хатшының бұл әрекеті   көптеген коммунистердің,көзі ашық,көкірегі ояу  бірқатар азаматтардың наразылығын туғызды.Ақылдаса келе,аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы  А.К.Феодоровтың  басшылығымен аудандық партия ұйымының жұмысында орын алып отырған өрескел кемшіліктер туралы аудандық партия комитетінің отыз бір мүшесі қол қойған хатты Қазақстан КП Орталық Комитетіне жолдадық.
Хат соңында А.К.Феодоровты босатып,оның орнына  ауданның өз кадры,қазір Глубокое аудандық атқару комитетінің төрағасы болып істеп жүрген   Жанымхан Қаюұлы Құндызбаевты әкеп қоюды   сұрадық.
Бұл әрекетіміздің нәтижесі ойдағыдай болып,А.К.Феодоров  орнынан алынынды  да,1989 жылғы 29 апрельде  өткен аудандық партия комитетінің Пленумында Жанымхан Қаюұлы Құндызбаев Катонқарағай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды.
Ауданның бірінші басшысы болғаннан кейін Жәкең ауданның өзінен шыққан кадрларды іріктеп,оларды орналастыруға көңіл бөле бастады.Бұрын білімі  мен тәжрибесі бағаланбай,қағажу көріп жүрген бірталай адамдар,білікті  мамандар өз орындарын тапты.Марал шаруашылығы,құрылыс саласы өркендей бастады.Бір сөзбен айтқанда, кешегі кеңес өкіметі тұсындағы шаруашылықты жүргізу тәсілін жақсы білетін,оқып емес,тоқып жеткен ардагер қариялар өз ауданымыздан шыққан тұңғыш қазақ басшысының әрбір қадамын қызу қолдады.Бұрын түртпектеуге шыдамай  шеттеп жүрген   бірқатар азаматтардың қайта оралуына мүмкіндік жасалды.
1990 жылғы 2 маусымда Черняховский атындағы совхозда өткен аудандық партия комитетінің көшпелі Пленумында мені  аудандық «Луч»- «Арай» газетінің редакторы етіп бекітті.Бірінші басшы тарапынан қолдау,көмекті сезінгеннен кейін жаңадан іс басына тұрған жігіттер өз мінж-деттерін атқаруға  құлшына кірісті.Жәкеңнің басшылығымен марал совхоздарының өнімдерін шет елге өткізіп,шаруашылықтардың кассасына шетелдік валюта түсе бастағанын еңбекшілер көзімен көрді.Маралшылар,шопандар,жылқышылар  өз еңбекақыларына үйлеріне шетелдік жихаздар,автомашиналар,теледидар алғызып мәз болды.Сол кезде аудандық газет редакциясына да   жаңа УАЗ автомашинасы тиіп қалды.Бірнеше жерден Бұқтырма өзеніне көпір салынды.
Мәдениет саласына да көңіл бөліне бастады.Ауданнан шыққан танымал өнер қайраткерлерін  елге шақырып,олардың шығармашылық кештерін өткізу үрдіске айналды.Әнші Рамазан Елебаевтың кешін  Катонқарағай  ауылында өзім жүргізгенім әлі де есімде.
Жазушы Оралхан Бөкейдің,Қалихан Ысқақтың 50,60 жылдық  мерейтойларыаталып өтті.Зайсан,Тарбағатай,Күршім,Марқакөл,Самар,Үлкен-Нарын  аудандарының өнерпаздарын шақырып,ауданаралық ақындар айтысын өткіздік.
Е.Кіршібаев,Б.Можанов,Қ.Закарьянов,М.Қондыбаев,Б.Сахариева секілдіжас әнші-сазгер жастардың басын қосып, «Жерұйық» вокалды-аспаптар ансамблі құрылды.Жігіттер өздеріне көрсетілген сенімді ақтап,1990 жылы  Алматыда өткен «Азия даусы»  халықаралық конкурсында жүлделі орынға ие болды.
Бұрыннан қалыптасқан үрдіс бойынша аудандық газет екі тілде шыққанымен,жетекші нұсқасы орыс тіліндегі газет еді,қазақшасы аудармамен шығып тұратын.Мен газетке бас редактор болып тағайындалған соң,газеттің қазақ тіліндегі нұсқасын жетекші газетке айналдырдым,әрине,бірінші басшының қолдауымен.
Бірде,Оралхан Бөкей   «Қазақ әдебиетінде»  редактор боып тұрған кезде маған телефон шалып, «Жанымханмен сұхбат жасап,маған жіберші» деп тапсырма берді.Айтқанын орындадым.Газеттің айқарма бетін алып үлкен сұхбатымыз көп ұзамай жарық көрді.
Бір сөзбен айтқанда, Жәкең ауданда  істеген жылдарда ел еңсесі көтеріліп,шығармашылықпен еңбек етуге   мүмкіндік туды. Амал қанша,1996 жылы облыс басшылары Жәкеңді ҚР ауылшаруашылығы министрлігінің облыстық аумақтық инспекциясының басшысы  етіп жіберді.Ол бұл орында да абыройлы еңбек етіп,зейнет демалысына шыққан соң, балаларының қасына Астанаға келген.
Міне, содан бері де оншақты жылдың жүзі болып қалған екен.Қазір Астанада тұратын Катонқарағайлық   Қаратайлар да аз емес.Солардың торқалы той,топырақты өлімінен қалмай жерлестерінің  басқа да шараларынан қол үзбей,Жәкең бұрынғыша ағалық ақылын айтып,үлкендік жолымен батасын беріп жүреді.Жәкең жан жары Дөкен екеуі өздерінің қос құлындары Бауыржан  мен   Жаннадан тараған немерелерін қызықтап, бақытты,жарасымды ғұмыр кешуде.
Бұл күнде жетпістің   ортасынан асып,алтыншы мүшел жасқа   қадам басқан Жәкеңнің абыройы да,атағы да бір басына жетерлік. Үнемі асқақ абырой биігінен көріне жүріп,тұлға болып,тұлға болғанда да нартұлға болып қалыптасқан замандасымызды лайықты мақтан тұтамыз.Ой-өрісі кең,интеллектісі жоғары Жәкең  сияқты азаматпен анда-сада болса да сырласып,әңгіме-дүкен құрудың өзі бір ғанибет.
                                                   ..*..
Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры