Байланыс:
+7(701) 612-18-27
С.Сейфуллин 5 үй,7

Деген екен

26 февраль 2021, Пятница
22
0
БОШЕКЕҢ  БЫЛТЫР  ӨЛУІ  КЕРЕК ЕДІ...
2015 жылы 6 қыркүйекте Өскемен қаласында 92-ден  93-ке  қараған шағында Ұлы Отан соғысының ардагері, Өскемен қаласының Құрметті азаматы, Социалистік Еңбек Ері, колхоз құрылысының ардагері, атақты шежіреші, Алаштың  айтулы  азаматы Бошай Кітапбаевты  жерлестері соңғы сапарға шығарып салды. Шығарғанда, ардагер ақсақалды соңғы кезде өзі тұрған Өтепов көшесіндегі  үйдің  ауласынан  шығарды.Балалар ойнайтын шағын  алаңшадан.
Соншама атақ пен абырой иесі болған Абыз  ақсақалға  көрсетілген соңғы құрмет  халықтың  көңілінен шықпады.  «Қаладағы  көдедей көп сарайдың бірінен  құрметтеп шығарса, біреудің бірдеңесі кеміп  қалар ма еді ?» десті. Сонда қатты күйінген Бошекеңнің жерлес бауыры,жазушы Әлібек Қаңтарбаев: - Бошекең былтыр өлуі керек еді, Бердібек Сапарбаев облыс әкімі болып тұрғанда, - деген екен. 

ЖАНЫ  ҚЫСЫЛҒАН  АДАМ  НЕ ДЕМЕЙДІ?..

Шыңғыстай  ауылында Жанұзақ Қабин деген  қойшы бар еді. Өткен ғасырдың  жетпісінші  жылдарында жасы елулерге кеп қалған. Өзі коммунист, әр нәрседен хабары мол, газет-журналдарды қалт жібермей оқып отыратын  белсенді  азамат  болатын. Өзі көп балалы отбасы,балаларының бәрі ұл. Сол Жәкең бірде «Алтай»  совхозының Шыңғыстай бөлімшесінде өткен партия жиналысына сәл қызыңқырап келіп, жиналысқа орталықтан келіп қатысып отырған аудандық партия комитетінің хатшысының көзіне түсіп қалыпты.Компартияның қылышынан қан тамып тұрған  кезі болса керек.Содан Жәкеңнің  «тәртібі» партия жиналысында қаралып, аудандық партия комитетінің  бюросына  алып келіпті.Бюроның алдында Жанұзақ  ауылдасы, жерлесі, аудандық атқару комитетінің төрағасы, бюро мүшесі Феодор Қалымұлы Тұмарбаевты кезіктіріп, болған жайды айтып: - Саған сендім, - деп қала берсе керек.
Бюрода Жәкеңді  тұрғызып қойып, сұрақтың  астына  алады. – Кешке  партия  жиналысы болатынын біле  тұра неге  арақ іштің  дегенде Жәкең былай деген  екен: - Менен бір  қателік кетті,партия қатарында болғаныма жиырма жылдан асты, оның  қатарынан  шығара  көрмеңіздер.Үйдегі  тоғыз ұлдың бетіне  қалай қараймын? Солардың  бірі  дәл  сол  күні өзінің армия  қатарындағы борышын өтеп, Ауғанстаннан аман келгенін көргенде қуанғанымнан аздап ұрттап қойып едім,-депті.
Мұны  қалай  құтқарам деп отырған ауылдасы Феодор Қалымұлы Тұмарбаев осы сәтте ұшып тұрып: - Жолдас бюро мүшелері, өздеріңіздер де білесіздер.Көптеген жерлестеріміздің  жап-жас  балалары  екі  күннің  бірінде Ауғаныстаннан табытпен  келіп жатыр.Осындай  сәтте аман келген ұлын көргенде қандай әке  қуанбайды?Сол үшін жүз  грамм ұрттап  қойған  екен  деп  ардагер  шопанымызды   партия  қатарынан  шығарып  жіберсек   біз  кім  болғанымыз?Менің  ұсынысым, коммунист  Жанұзақ Қабин  ескертумен партия  қатарында  қалдырылсын, -деген  екен.
Бұл  ұсынысты бірінші  хатшы да  қолдап, Жәкең  партия  қатарында  қала  беріпті.
Содан біраз уақыт өткен соң Феодор Қалымұлы Жанұзақты  кездестіріп, сұрайды ғой: - Жәке-ау, Ауғаныстанға барып  келген  сенің  қай  ұлың?-деп.
Сонда  Жанұзақ: -Феодор-ау,менің  ұлдарымның  ешқайсысы  да Ауғанстанға  барған  жоқ. Жан  қысылғанда  адам не  демейді, -деген  екен.

ШӨПТІ  КІМ  ШАБАДЫ?
Шығыстағы  Катонқарағай  ауданында жазық дала деген жоққа тән, жері  таулы-тасты болғандықтан, жергілікті  тұрғындар қолдарындағы аз-мұз меншікті  малдарына жаз уақытында шөпті қол шалғымен ағаш-ағаштың, бұта-қарағанның  арасынан шауып алады. Тау-тасты өңір болғандықтан, ол жерде ешқандай техника жүрмейтіндіктен , Катонқарағайлықтар  үшін жеке меншік  мал үшін шөп  дайындап  алу – «соғыспен»  пара-пар. Шөп  шабу  науқаны  басталған соң ауыл адамдарының артық-ауыс жүрісі,көршінің-көршіге  сәлем  беруі секілді басы  артық іс-әрекеттер толық  тоқтатылады.Адамдар үйден ерте  кетіп,кеш келеді. Үйде  жұмысқа  жарамайтын  ұсақ бала-шағалар мен кемпір-сампырлардан басқа ешкім қалмайды.
Сондай  жазғы  күндердің  бірінде Қайыңды  ауылында  тұратын соғыс ардагері Райысов Нұқтарбайдың Алматыда  тұратын ұлы Ербол келіншегі Гүлтас екеуі демалыс алып  ауылдағы  үйлеріне әлі  қырқынан да  шықпаған кішкентай  сәбилерімен келе  қалыпты.
Үйдегілердің  бәрі  шөпте  болса  керек,үйде Ерболдың анасы  Қазтай  ғана  бар екен. Амандық-саулықтан  соң,Қазтай тәтем педагогика ғылымдарының  докторы келіні Гүлтасқа: - Қарағым, келін, мен он  ұл  таптым, бірақ, соның  бірде-біреуін жазғы  шөп шабатын уақытта туған  емеспін. Сендердің  мыналарың не? Баланы  жазда  табатын  болсаңдар, шөпті кім  шабады? – деген екен.

АУЫЛ  ТҰРҒЫНДАРЫН  ТҮГЕЛ ШАҚЫРДЫМ
2016  жылдың жазында  Катонқарағайдағы Толқын Раисовтың ең кенже інісі  Есбол қызын  ұзатыпты. Соның  мән-жайын кейінірек Астанадан барған ағаларының бірі Ерболға айтып отыр  дейді. 
-    Қызымның  тұрмысқа шығу құрметіне ұлан асыр той жасадым. Маралды ауылының  тұрғындарын түгел  шақырдым тойға, - деп.-    Ол ауылда қанша үй  бар еді? – деген сұраққа  Есбол бауыры: -    Ауылда  бес үй бар, -деген екен.

ЕКІ  БАСТЫҒЫҢНЫҢ  БАСТЫҒЫ  МЕН  БОЛАМЫН
2017 жылдың  науырыз  айында Астанада Зайсандық құда-құдағиымыз Мұрат пен Бикамал өздерінің отбасы  болуларына 50 жыл толуына орай «Шаңырақ»  тойханасында мерейтойларын  жасады.
Осы  тойда  жерлестері, замандастары,балалары мен немерелері қуаныш  иелеріне небір жақсы тілектер  мен ыстық  ықыластарын білдірді. Сонда күйеу  балаларының  бірі  ең  алғаш  болашақ  атасы Мұратпен  қалай  танысқанын  айтып  берді.
-Өткен  ғасырдың сексенінші  жылдарының  аяғы.Мен  қара  жол  бойында  Жарсу  ауылына  баратын шаруам болып машина  тосып  тұр  едім, бір көк «Уазик» келіп  тұра  қалды.
-Жарсуға  ала  кетіңізші?-деп  едім,- Отыр,- деп кабинасын  ашты.
Жолшыбай  сұрақты  жаудырып, таныса   бастады.
-Қайда, не жұмыс  істейсің?-деп  сұрады.
-Аудандық  мәдениет бөлімінде, - дедім.
-Бастығың кім? – деді.
-Рысбек Жұмағалиев, - дедім.
-Ал, совхоздағы бастығың кім?- деп сұрады.
-Жеңісбек Шағиев, - дедім.
  Онан  кейін: - Сіз өзіңіз кім боласыз?—деп сұрап  едім: - Мен жаңағы  айтқан  екі бастығыңның бастығы болам! – деді.
Сөйтсем, бұ  кісі Рысбек пен Жеңісбектің  үлкен  ағасы Мұратбек  екен.
                     
                            
ШАЛДАРҒА  НЕ БОЛҒАН?
Еңбек  ауылында өткен  ғасырдың  алпысыншы  жылдары бір мектепте, бір класта  оқыған төрт бала  тұрып  жатыр. Әрине,қазір  олар  бала емес,жастары  жетпіске  келіп  қалған. Олардың  екеуі: Әуелбек пен Советхан шалдың  жасына  келсе, Ләйлә мен Зия: «кемпірміз ғой енді»  дейді.Кластастар әлі  күнге  дейін  араласып-құраласып  тұрады.
Біраз  бұрын Советхан қатты  ауырып, бірнеше  ай  облыс  орталығындағы ауруханада  жатып, үйіне  тәуір болып  келіпті. Со кезде Әуелбектің  бүйрегі  қатты  ауырып, оны  да Өскемендегі  ауруханаға  алып  кетіпті. Ота  жасамаса  болмайды  екен.
Сонда  кластастарының  бірі  Зия: - Бұ  шалдарға не болды? – деген екен.
АССАЛАУМАҒАЛЕЙКУМ...
Бірде үйде сыйлы қонақтар  отырып,ас  ішкен соң соңынан  төрдегі  үлкен  ақсақалдан бата  сұра деп  немересіне  сөз  беріпті.
-    Ал  бата  сұрай  ғой,-дегенде немересі  қолын  жайып:-    Ассалаумағалайкум! – деген екен.   
       
КОМСОМОЛДА  БАРМЫСЫҢ?
      Әр алуан  себептермен отбасын  құра алмай жүріңкіреп  қалған қыз бен жігітті  аралас-құралас болып жүрген достары екеуін жеке жерде оңаша  жолықтырыпты, «бір-бірімен таныссын, біліссін,мүмкін  өзара тіл табысып, бас құрауға келісіп қалар»  деген оймен.
       Екеуі де  кездесетін  орынға  келіп,бірақ,бір-біріне жақ  ашып ештеңе  айтпай  ұзақ  отырады. Бір  кезде  жігіттің  қызға  айтқан  алғашқа  сөзі  мынау  болған  екен: - Комсомолда  барсың ба?
Сонда  жарылғалы  әрең  шыдап  отырған  қыз: 
-    Немене, комсомолда  болмасам үйленбейсің бе? –деп тас-талқан  болып  шыға  жөнелген  екен.      

САРЫ МАЙ  НЕГЕ  САЛМАҒАН?
       Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Өскемен пединиститутында Катонқарағай ауданының Еңбек ауылынан шыққан бір топ жігіттер оқыпты. Бәрі де Ворошилов көшесіндегі студенттер жатақханасында тұрады. Студенттік өмір деген немене, бірде көл, бірде шөл.Ауылдас студенттер Мұратбек Қабимолдин, Байжан Сқақов,Қайырбек Нұрқасынов үшеуі  стипендия қолға тимей, қолдағы азық-түлік қорының түбі көрініп,тақ-тұқ болып отырған сәтте, өздерімен бірге оқитын студенттің бірінің  ата-анасы ауылдан балаларына аз-мұз сәлемдеме  беріп жіберіпті. Баланың өзі болмаған соң, әлгі студенттер  «біз бере саламыз, қалдырып кетіңіз» деп, ант-су ішіп алып қалыпты.
       Сәлемдеме иесі жуыр маңда келе қоймаған соң, ішектері шұрылдап, не істерлерін білмей отырған «ауылдастар» әлгі сәлем-сауқатты ортаға алып, ашып жіберсе, дорбаның ішінен жылқының піскен еті, қазы-қарта,ірімшік исі бұрқырап шыға келмей ме!
-Иесіне сыбағасын қалдырармыз, ал енді кірісейік, - деп  жәукемдей бастайды.
Әу дегенде қарбытып-қарбытып жіберген ашқұрсақ жігіттер, біраздан соң тояттап қалса керек. Ауылдан келген таңсық  астың әр түрінен ауыз тиіп, разы боп отырған жігіттердің бірі сонда да көңілі толмай: - Мынаның ішіне сары май неге салмаған?- деген екен.

ӨЛСЕҢ  КӨМЕЙІН  ДЕП  ТҰР  ЕКЕН
Еңбек ауылында Серікжан Камалиев бастаған он шақты жігіт өлім шыққан үйдің бар шаруасына өздері  кірісіп кетіп, бәрін тап-тұйнақтай етіп атқарып береді екен.Көзі  көргендердің  бәрі  разы. 
Сондай өлімдердің  біріне шет жақтан келген жігіттердің  бірі:
-Апыр-ай, Еңбек ауылында қазалы  үйдің  шаруасын  атқару жақсы  жолға қойылыпты. Өлсең  көмейін деп  тұр екен. – депті.

Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

АҚ  КӨГЕРШІН
26 февраль 2021, Пятница
АҚ КӨГЕРШІН
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры