Байланыс:
+7(701) 612-18-27
С.Сейфуллин 5 үй,7
» » ДИДАХМЕТ – АЛТАЙДАН ШЫҚҚАН АЗ ҒАНА ТАЛАНТТЫ ҚАЛАМГЕРЛЕРДІҢ БІРІ ЕДІ

ДИДАХМЕТ – АЛТАЙДАН ШЫҚҚАН АЗ ҒАНА ТАЛАНТТЫ ҚАЛАМГЕРЛЕРДІҢ БІРІ ЕДІ

26 февраль 2021, Пятница
333
0

  10 маусым – жазушы Дидахмет ӘШІМХАНҰЛЫНЫҢ

туған  күні


Мектептің жоғарғы  кластарында оқып жүргенде аудандық, облыстық ішінара  республикалық мерзімдік басылымдарда өлең,әңгімелерім, ұсақ хабарларым басылып тұрды да, 1966 жылы он бірінші класты бітіріп шыққан кезде менің журналист болуға деген ынтам өте зор болды.Мектептен соң Алматыға екі-үш жыл қатарынан барсам да,  күндізгі оқу бөліміне түсе алмадым. Сонан кейін жазуға біршама төселіп, танымал болып қалғанымның арқасында 1968 жылы еңбек жолымды Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы»(қазіргі «Дидар») газетінде әдеби қызыметкер болып орналасып, біраздан соң облыстағы Катонқарағай, Үлкен-Нарын және Зырян  аудандары бойынша меншікті  тілші болып бастадым. Ал 1970 жылы Катонқарағай өз алдына жеке аудан болып қайта құрылғаннан кейін туған ауданыма қайта оралып, университетті сырттан оқып,әуелгіде, шекаралық аудан ретінде жаңадан ашылған радиокомитетте,онан кейін аудандық «Арай»- «Луч» газетінің  редакциясында редактордың орынбасары, бас редакторы болып 2000-жылға дейін жұмыс істедім. Осы жылдарда Катонқарағай ауданынан шыққан, Алматыда тұратын жерлес қаламгерлеріміз Қалихан Ысқақов, Оралхан Бөкеев, Дидахмет Әшімханұлы және Әлібек Асқаровтармен қоян-қолтық араласып,олардың елдегі елшісіндей болып жүрдім.Әрқайсысының ұсақ-түйек тапсырмаларын орындап,Алматыға сессияға келгенде қажет бола қалғанда қорғанбай барып жүретін бір-бір  үйім болып еді.

Дидахмет Шыңғыстай   мектебінен менен екі жыл кейін, 1968 жылы бітірді. Ол кезде аралас-құраластығымыз болмағанмен, оның өзін қабырға газетіне өлең жазып  жүрген кезінен білем. Сол таныстық журналист-жазушы болып қалыптаса бастаған кезде одан әрі жалғасты. Оқып жүргенде біздің аудандық газетте өндірістік практикадан өтіп кеткені де бар.

Алматыда жүрген жерлес қаламгерлеріміз Қалихан, Оралхан, Дидахмет және Әлібектердің  шығармалары орталық  басылымдарда жарияланып, кітаптары басылып шығып, есімдері елге танымал бола бастаған кезден бастап, олар елге келгенде шамамызша қарсы алып, шығарып салып,ел ішінде адамдармен кездесулерін ұйымдастырып жүретінбіз. Бір жолы, Әлібек Асқаров және Астанадағы «Елорда» баспасының директоры Тұрлығазы Дуанбек бар соғыс кезінде вольфрам өндірген «Көккөл» руднигінің орнына,Аршатыдағы заставаға, Шындығатай  руднигіне, Шәңген көліне барып қайттық жазғы демалысымызда.

Бір жолы аудандық газетте істейтін досымыз Жәнібек Қызыр, Дидахметтің «Түркістан»  газетінде бірге істейтін әріптесі Гүлзина Бектаспен бірге Тарғыбатай жайлауына шығып, «Қос жүрек», «Дарбы», «Шарықты бұлақ» деген тау-тасты, табиғаты әсем жерлерде болып, таусылмас әсерге бөленіп қайтып едік.

Дидахмет 2000 жылы 50-ге толғанда бір топ достарымен, қаламгерлермен Катонқарағайға келіп қайтты. Аудандық «Арай» газетінің 4 шілдедегі номеріне менің «Ықыласына бөлене бер халқыңның» деген мақалам шықты. Катонқарағайлықтар үшін Дидахметтің мерейтойына Халық қаһарманы, паризан-жазушы Қасым Қайсеновтың келуі ерекше оқиға болды. Сонымен бірге  келген жазушылар Сауытбек Абдрахманов, Әлібек Асқаров,Еркін Нұразыхан, домбыра жасаушы өнерпаз Жолаушы Тұрдыбеков және басқалар Берел қорық-мұражайына дейін барып, Алтайдың әсем табиғатына тәнті болып қайтқан.

Осы арада бір айта кететін жайт, Катонқарағайдан шыққан ақын-жазушылар туған елге,туған жерге өздерімен бірге сан рет атақты жазушыларды, өнер адамдарын ертіп әкеліп,аралатып, көрсетіп, оның республикаға,әлемге танылуына ықпал етті.Олардың есімдері,шығармалары арқылы Катонқарағай, Алтай жалпақ жұртқа жария болды.

Дидахмет республикалық «Қазақ әдебиеті», «Түркістан» газеттерінде ұзақ жылдар өнімді еңбек етті. Ондағы Шерхан Мұртаза, Қалтай Мұхамеджанов, Оралхан Бөкей секілді қаламгер ағаларымен бірге істегенін әрдайым мақтанышпен айтып отыратын. Олардан көп тәрбие алғанын үлгі, өнеге тұтатын.

Дидахмет «Ақ қабаның толқыны» атты алғашқы әңгімелер жинағынан бастап, онан кейінгі  кітаптары «Он бірінші күз», «Жер іздеген сары атан», «Сары самауыр», «Самырсын сазы» жарық көрген әңгімелері мен  повестері, публицистикалық мақалалары оқырмандардың ерекше ықыласына бөленіп, оны шеберлігі шыңдалған көрнекті   қаламгер  ретінде танытты. Оның  қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі  жоғары бағаланып, халықаралық  «Алаш» әдеби силығы мен Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер атағы берілді.

Дидахмет Әшімханұлы замандастары мен әдеби қауым терең мойындаған әңгіме жанрының асқан шебері, ұлттық рух мәселесін тынбай жырлап өткен көрнекті жазушы. Ол аз жазса да, саз жазды,терең талғаммен жазды.

2004 жылдардан кейін «Мәдени мұра»  бағдарламасымен 100 томдық «Әлем әдебиеті классиктерінің» шығармаларын қазақ тіліне аударып шығаруға зор үлес қосты. Ол американдық жазушы Джек Лондонның «Теңіз қорқауы» атты романы мен әңгімелерін және ағылшынның ұлы жазушысы Джон Голсуорсидің бір топ новеллаларын сәтті  аударып шықты.

2007 жылы Астанадағы Әлібек Асқаров, Нұрлан Исабеков, Мәдениет министрлігінен барған Райхан Мәженқызымен бірге, Алматыдан: Жазушылар одағының хатшысы Талаптан Ахметжан, жазушылар Бексұлтан Нұржеке,Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімханұлы, баспагер Қазбек Раимбеков және басқалар шілде айында бізбен бірге  Катонқарағайға барып қайтты. Сонда менің 60 жылдық мерейтойыма орай шығарылған «Таудағы таңба» атты кітабым Дидахметтің «Алдыңда ағаң болса» деген   алғысөзбен шыққан болатын. Сол   кездегі аудан әкімі Серік Зинабекұлы Зайнулдин менің мерейтойымды Катонқарағайда, туған ауылым Еңбекте зор құрыметпен өткізіп беріп еді. Осы шараның бас-аяғына дейін ДИдахмет бірге болып, көп көмек көрсеткен еді.

Дидахметтің өзімен ақылдаса жүріп, оның көптомдық шығармаларын шығаруға әзірлене бастағанбыз. Оның бірінші томы 2015 жылы басуға жоспарланған болатын. Кітап сол жылы шықты. Өкінішке қарай, Дидахмет оны көре алмады.мамырда Алматыда Дидахмет Әшімханұлының дүниеден өткені  туралы суық хабар келді. Өз өтініші бойынша сүйекті Катонқарағайға апарып қояды екен. Аяқ астынан Астанадан Өскеменге баратын билет болмай, «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Исабеков екеуіміз түнгі ұшақпен Алматыға ұшып барып, таңертеңінде Жазушылар одағында Дидахметті ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне қатысып, отбасына, достарына көңіл айттық та, сол арадан Катонқарағайға шығарып салып, қала бердік.

Айта кетейік, жазушының көптомдығының бірінші томы  филология ғылымының докторы ,профессор Құлбек Ергөбектің «Ұлттық рух жыршысы» атты алғысөзімен ашылған. Бұл томға Дидахметтің повестері мен әңгімелері енгізілген. Одан кейінгі  екінші томға бір топ таңдаулы әңгімелері мен әдеби эсселері, үшінші томға Джек Лондонның «Теіңіз қорқауы» атты романы мен «Күмән» деген әңгімесі, Джон Голсуорсидің   «Девондық адам» атты новелласы енді. Ал үшінші томда Джек Лондонның  «Тектік сарын»  атты   повесі мен әңгімелері, Джон Голсуорсидің бір топ  новеллалары бар. Екі жылдан бері басылу кезегін күтіп жатқан көптомдықтың ақырғы бесінші томында Д.Голсуорсидің қалған новеллалары мен Дидахметтің күнделіктері болмақ.

Үстіміздегі жылдың 10 маусымында қазақтың көрнекті қаламгері Дидахмет Әшімханұлы тірі болса 70-ке толар еді. Өкінішке қарай, оның кенеттен дүниеден озғанына да бес жылдың жүзі болды. Мерейтойға орай, жазушының ұлы Дәулет туған жері – Катонқарағайда әкесіне ескерткіш орнатуды жоспарлап отыр екен. Аудан басшыларының ұйғаруына орай,ол шара күзге қалдырылған көрінеді.

Орнында бар оңалар деген. Алтайдан шыққан аз ғана талантты қаламгерлердің бірі Дидахмет Әшімханұлы ешқашан ұмытылмайды. Оның өлмес шығармалары оқырмандар жүрегінде сақталады.

Катонқарағай аудандық «Арай» газетінде  жармяланды.                              


Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

ҚАРЫМДЫ  ҚАЛАМГЕР, АРҚАЛЫ  АҚЫН
26 февраль 2021, Пятница
ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМГЕР, АРҚАЛЫ АҚЫН
Өмірбаян
03 июль 2019, Среда
Өмірбаян
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры