Байланыс:
+7(701) 612-18-27
С.Сейфуллин 5 үй,7
» » КАТОНҚАРАҒАЙ ҚАЛАМГЕРЛЕРІ.

КАТОНҚАРАҒАЙ ҚАЛАМГЕРЛЕРІ.

03 июль 2019, Среда
2 706
0

kairdi-nazarbaev.pdf [2,08 Mb] (Жүктеу: 70)

Көру онлайн файл: kairdi-nazarbaev.pdf


ӘОЖ 821.512.122.0

КБЖ 83.3(5 Қаз) 

Н 17


 

Назырбаев Қ.

КАТОНҚАРАҒАЙ ҚАЛАМГЕРЛЕРІ. 

Өмірдеректері мен шығармалары туралы 

Қ. Назырбаев. – Астана: Нұра-Астана, 2017. – 176 бет. 

ISBN 978-601-7101-65-7 

Бұл кітапшада Катонқарағай ауданынан шыққан ақын-жазушылардың өмірдеректері мен олардың баспа жүзін көрген шығармалары туралы мәліметтер берілген. Жергілікті жерден шыққан қаламгерлердің шығармаларын мектеп оқушыларының білуі, оқып-үйренуі үшін мұның таптырмас көмекші құрал болары сөзсіз.

Кітапшаның екінші бөлімінде Қаратай елінде ертеректе өмір сүрген ақындар қамтылған.

Кітап мектеп оқушылары мен мұғалімдерге, жалпы оқырман қауымға арналған.

Н 17

ӘОЖ 821.512.122.0

КБЖ 83.3 (5 Қаз)


 

© Назырбаев Қ., 2017

© «Нұра-Астана» баспасы, 2017

ISBN 978-601-7101-65-7 

КАТОНҚАРАҒАЙ ҚАЛАМГЕРЛЕРІ 


АЛҒЫСӨЗ 

Мектептерде оқушыларды Катонқарағай ауданынан шыққан ақын-жазушылардың өмірдеректерімен, твор­чествосымен таныстыру үшін көмекші құрал ретінде ұсынылып отырған бұл кітаптың бірінші бөлімінде есімі елге танымал болған, ақын-жазушы ретінде жұртшылық мойындап, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданған қаламгерлердің өмірбаяндары мен баспа жүзін көрген кітаптары туралы мағлұматтар берілді. Со­нымен қатар шығармашылық қырын таныту мақсатында әр автордың шағындау келген бір-бір туындысын ұсындық. 

Айта кету керек, кітаптары мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген ақын-жазушылардың шығармаларын кітапханалардан тауып оқуға болады. Өйткені, он­дай кітаптар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің жіктемесі бойынша республика аумағындағы ірі-ірі кітапханаларға міндетті түрде жіберіледі. 

Ал демеушілердің немесе автордың өзінің қаржысымен аз таралыммен басып шығарылған кітаптар автордың өз төңірегіндегі туыс-туғандарынан, дос-жарандарынан аспай­ды. Ондай кітаптарды табу үшін автормен хабарласқан жөн. 

Біздің ауданымызда да өздерінің немесе басқа да кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өздерінің жазғандарын жеке кітап етіп шығарған адамдар аз емес. Әрине, бәрі де аздаған таралыммен. Бұларда ел мен жер жайлы, елге еңбегі сіңген жекелеген азамат­тар жайлы көпшілік біле бермейтін құнды деректер де кездесіп қалады. Біразында өмірдің әрқилы кезеңдерінде қызмет бабымен бастан өткерген жайлары, иықтас еңбек еткен азаматтар жайлы әңгімеленсе, бірқатары отбасылық кітаптар деңгейінде, өзінің шыққан тегі, ата-анасы, ағайын- туыстары, балалары, немерелері туралы, немесе әр алуан мерейтойларға орай дос-жарандарына, ата-ана, жерлестеріне арналған өлеңдерден тұрады. Бұлар әртүрлі шараларда, жиын-тойларда уақытша өз міндеттерін атқарғанымен, онан кейінгі уақытта пәлендей дерлік қоғамдық мән- маңызға ие бола алмайтын дүниелер. Әсіресе арнау өлеңдердің өмірі өтпелі. Лепірген көңіл күйі үстінде жазылған мұндай дүниелердің әдеби көркемдік деңгейі де кем соғып жатады. 

Алайда алты алашқа аты мәлім болған Бошай Кітапбаев атамыздың көзі тірісінде ұзақ уақыт күш-жігерін жұмсап, ерінбей-жалықпай Қаратайдың алты баласынан тараған ұрпақтарды түгелдей таратып, оның шежіресін толық етіп жазып, оны кітап етіп бастырып кетуі екінің бірінің қолынан келе қоятын шаруа емес екенін мойындай оты­рып, ол кісіге шын жүректен алғысымызды айту парызы­мыз болмақ. Тірлігінде де атақ-абыройдан кенде болмаған абыз қартымыздың жаны жаннатта болсын. 

Сондай-ақ Жәнібек Қызыровтың қажырлы еңбегінің арқасында кітап болып шыққан «Ерлік-дастан» атты кітаптың үш томы да катонқарағайлықтарға өте қымбат дүние. Оның ішінде 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында ерліктің ғажап үлгісін көрсеткен, қан майданда қаза болып қайтпай қалған, болмаса тылда еңбек еткен катонқарағайлықтар туралы баға жетпес құнды деректер бар. Өздерінің аталары, әже-апалары туралы деректерді ба­лалары, немере-шөберелері іздеп жүріп оқитыны сөзсіз. 


Бұл кітаптар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Астанадағы мұрағатында тұр. 

Сонымен қатар, ардагер ұстаз Сиезхан Құдабаевтың екі кітаптан тұратын «Шежіре-даланың ауызша тарихы» атты еңбегі де көп жылдық ізденістің, талмай ізденудің жемісі екендігі көрініп тұр. Болатбек Қапановтың, Ер­бол Баянғазиннің кітаптарында да ел мен жерге қатысты, адамдардың қажырлы еңбегі мен олардың үлгі, өнеге тұтарлық жақсы қасиеттерін танытатын мазмұнды естеліктер көп. Мұндай дүниелерді құнсыз деп айта алмайсың. 

Өмір шындығын шынайы көрсете білген шығармалар әрқашанда уақыт сынынан мүдірмей өтіп, оқырмандар жүрегіне жол табары сөзсіз. Сондықтан балаларымызды ізгілікке, адамгершілікке, жақсы қасиеттерге тәрбиелейтін нағыз жауһар дүниелерді насихаттап, талантты жер­лес қаламгерлеріміздің шығармаларын оқырмандарға жеткізейік. Балалар өз жерлерінен шыққан қаламгерлерді, олардың шығармаларын біліп өсіп, рухани білімдерін молайта берсін. Қалихан Ысқақов, Оралхан Бөкей, Ди­дахмет Әшімханұлы, Әлібек Асқаров және басқа да қаламгерлеріміздің ұрпақ тәрбиесіне жарарлық жақсы шығармалары аз емес. Осы кітапта сөз болған он сегіз қаламгердің тең жартысынан көбі Әбдікерім атындағы Шыңғыстай орта мектебінен, бесеуі Еңбек мектебінен білім алып шыққандар екен. Әр мектеп өз түлектерін мақтан етіп, үлгі-өнеге тұтуы өте орынды. 

Жоғарыдағы айтып өткен атақты жазушыларымыздың бәрі де белгілі бір мектептің түлектері. Олар өздері білім алып, қанат қаққан мектептерін ардақ тұтса, олар­ды оқытып шығарған мектеп ұжымдары өз түлектерімен мақтанады. 


Катонқарағай ауданында өзінің ұзақ жылғы тарихын­да игілікті істерінің мазмұнды тарихын қалыптастырып, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру ісінде ел құрметіне бөленіп жүрген іргелі оқу орындары аз емес. Солардың бірі, өткен ғасырда Шыңғыстайда болыс болған, көзі ашық, көкірегі ояу Әбдікерім Ережепов атамыз сал­дырып кеткен Шыңғыстай мектебі екенін жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Мектеп үйінің бірінші корпусы 1907 жылы, екіншісі 1911 жылы салыныпты. Ол «Екі кластық Шыңғыстай болыстық орыс-қазақ Ережеп мектебі» атанған. Осы мектепте Шығыс Қазақстан облысының Ұлан, Күршім, Тарбағатай, Марқакөл, Үлкен Нарын, Катон- Қарағай аудандарының балалары оқыған. Мектеп үстіміздегі жылы өзінің 110 жылдығын атап өткелі отыр. 

Бір айта кетерлік жайт, 1990 жылы Шыңғыстай мектебінің жаңа үйі ауылдың батыс жағына салынып, ол 1991 жылы пайдалануға берілген соң, Әбдікерім салдырған ескі мектеп үйі ауылдың шығыс жағында қараусыз қалып, 1996 жылы оның ескі үйін ауыл адамдары бұзып әкеткен еді. Мектептің 110 жылдығы қарсаңында кәсіпкер азамат, облыстық мәслихаттың депутаты Ұлықбек Тумашинов өз қаржысына ескі мектептің бұрынғы орнына оның екінші корпусын дәл өзіндей етіп жаңадан салып шығуды қолға алды. Аудан басшыларының ұйғаруы бойынша ол атақты Шыңғыстай мектебінің, жазушы Оралхан Бөкейдің мұражайы болмақ. 

Бұл кітапта әңгіме Катонқарағай ауданынан шыққан ақын-жазушылар, қаламгерлер төңірегінде болғандықтан, жоғарыда сөз еткен, отыз жылдай Қаратай елін басқарған Әбдікерім Ережепов атамыздың да қаражаяу болмағандығын Бошай Кітапбаев өзінің «Шежіресінде» жақсы жазып кетті. Бір қуанарлық жай, 1998 жылы 19 сәуірде Шыңғыстай мектебіне Әбдікерім Ережепұлының есімі берілді. 

Әбдікерім Қазан төңкерісінен кейін қатыгездікпен қудаланып, бас сауғалап Қытайдағы Алтайдың арғы бетіне өтіп кетсе керек. 1991 жылы біздің елге келіп қайтқан Әбдікерімнің немересі Бәйіс тапсырған қолжазбалардың біріндегі Әбдікерімнің сағынышқа толы «Ау, Шыңғыстай, Шыңғыстай!» атты өлеңін оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

Тарғыбатай, Шабанбай, 

Айрылдым елден баға алмай. 

Елге сусын Қаракөл, 

Аймалаушы едім анамдай. 

Шығып едік ішіңнен, 

Толғатып тапқан баладай. 

Көкорай шалғын, көк майса, 

Сұлу боп қалай жаралды-ай! 

Сағынып мұнда жатырмыз, 

Маңайыңа бара алмай. 

Қарасу менен Бөртегім, 

Сауыры-ақ едің өлкенің. 

Қарамолақ, Қараөткел, 

Қатар жатқан төртеуің. 

Уа, Шыңғыстай, Шыңғыстай, 

Ішімді оттай өртедің. 

Туып-өскен қайран жер, 

Көкейімнен кетпедің. 

Күркіреме, Көктерек, 

Біз барғанша аман бол. 

Көруге тәңір жазбаса, 

Көңілде кетер арман сол.

Аяғың Нарын, Майемер, 

Басың Үкек, Қалғұты. 

Төрт құлашың төрт жақта, 

Төрт түлік біткен мал құты. 

Қош, аман тұр, аман тұр, 

Ноқталап бізді заман тұр. 

Шешілсе ноқта кетерміз, 

Адаспай елге жетерміз. 

Қойныңа жылы кірерміз, 

Қадіріңді білерміз. 

Туған жерін, оның әрбір пұшпағын көкірегі қақ айы­рыла ыстық ықыласпен сағынып, аңсап өткен Әбдікерім атамызға елге оралуды тағдыр жазбады. Бүгінгі ұрпақ сол бір жаратылысы бөлек текті азаматтардың артында қалған сөздерін, сол бір қиын-қыстау кездегі атқарған істерін кейінгіге үлгі-өнеге етіп жеткізуді өтелмес пары­зымыз деп түсінуі керек сияқты. 

Осы кітаптың екінші бөліміне 2005 жылы аз ғана та­ралыммен шығарылған «Қаратай елінің ақындары» атты кітапшаны марқұм Төлеген Рақымжанұлының сол кез­де жазған алғысөзімен қоса енгіздім. Кейбір ақындарды қолға түскен өлеңдерімен толықтырдым. Ертеректе өмір сүрген, бірен-саран ғана өлеңдері ел аузында сақталған ақындарымызды кейінгі жас ұрпақ та біле жүрсе екен деген ой ғой біздікі. 

Қайырды НАЗЫРБАЕВ

БІРІНШІ БӨЛІМ

КАТОНҚАРАҒАЙ ҚАЛАМГЕРЛЕРІ 

АҚТАН НҰРБАЕВ 

Ақтан Нұрбаев Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының Берел ауылында 1926 жылы 27 мамырда дүниеге келген. Ақындығы ерте білінгенімен ұжымдастыру кезіндегі қиыншылықтарды үлкендермен бірге көтеріп, еңбекке ерте араласып, алысқа ұзап оқи алмай, өлеңдерін көбінесе ауыз­ша айтып, ара-тұра ауыл арасындағы айтыстарға қатысып жүрген. Соғыс кезінде және одан кейінгі ауыр жылдарда еңбек армиясында болып, шаруашылық жұмыстарында, сау­да саласында жұмыс істейді. 

Ақтан ақынның шынайы таланты алпысыншы жылдары ашылып, аудандық, облыстық айтыстарға қатысып, өлеңдері мерзімдік баспасөз беттерінде жарияланып, ел-жұртқа кеңінен таныла бастайды. Облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінің беттерінде құлаш-құлаш болып жарияланып жататын Ақтан Нұрбаев пен Қапар Қабаевтың айтыстарын сол кездегі оқырмандар әлі ұмыта қойған жоқ. Ақтан ақын толғау жырдың асқан шебері, айтыстың ақберені атанып, үлкен құрметке бөленіп еді.

Ақтан ақынның артында шетінен ақынжанды, өнерпаз балалары әкелерінің ардақты есімі ел есінде сақталып, шығармалары жұртшылық арасында кеңінен таралуы жо­лында әр алуан шаралар өткізіп жүр. 1985 жылы Алматыдағы «Ғылым» баспасынан Ақтанның «Сырымды айтам» атты өлеңдер жинағы басылып шықты. 1998 жылы Астана­дан жарық көрген «Ағажай, Алтайдай жер қайда?» атты катонқарағайлық жеті ақынның жинағына оның да жырлары енген. 

Ақынның балалары Гүлнар мен Ержанның бас болуымен 1996 жылы Катонқарағай ауданындағы Берел жазығында оның 70 жылдығы аталып өткен еді. 

Алтайдың үлкен жүректі азамат ақыны Ақтан Нұрбаев 1988 жылы қайтыс болып, Берелдегі әкесінің қасына, Ақбұлқақ өзені жанындағы Қарашоқы төбесінің түбіне жерленді. 

КАТОНҚАРАҒАЙДЫҢ БАЛАСЫ 

Алыс емес, биікте, 

Жер мен көктің арасы. 

Бұлтты иірген қасына, 

Айды үйірген басына 

Алтайдың асқар дарасы. 

Мәңгі мұздан денесі, 

Көк найзалы жебесі, 

Көкті тіреп төбесі, 

«Мұзтауым» тұр, қарашы. 

Кемері – кен, қойыны – құт, 

Желі – жұпар, шөбі – сүт. 

Тарғыбатай, Шабанбай, 

Сауыр, сілем, саласы.

Бауырында құлпырған, 

Ырыс, дәулет, нұр тұнған, 

Катонның дархан даласы. 

Жырта қарыс жебесі, 

Сөгіліп тұр көбесі. 

Ақ бидайдың сарасы, 

Кепештері қалпақтай, 

Күнге қарап жалтақтай, 

Алшаңдайды талтақтай, 

Күнбағыстың саласы. 

Бұрымы өрген білектей, 

Желкендері күректей, 

Кекілдері жібектей, 

Жүгерінің арасы. 

Самал ескен қырынан, 

Шуақ ойнап нұрынан. 

«Ақ бұлақ» кеп құйғандай, 

Бұқтырманың жағасы. 

Ақтылы қой, адыр жал, 

Қаптал толы қалың мал, 

Төрт түлікті қарашы. 

Жас баладай былдырлап, 

Жас келіндей сыңғырлап, 

Ағып жатқан бір бұлақ – 

Екі талдың арасы. 

Малы шықса жайлауға, 

Шөбі шүйгін қойнауға, 

Әр төбенің үстінде, 

Жібек шатыр, киіз үй, 

Шағаладай жайнауда.

Жасыл жібек жайлауда, 

Құлын, лақ, қозылар, 

Айнала шауып ойнауда. 

Осынау әсем әсерден, 

Табылар көңіл дауасы. 

Шұғылалы Шығыстың, 

Тәбетін ашып тыныстың, 

Жұтсаң – шипа ауасы. 

Жан торсығың жаныңда, 

Ой көзімен санашы. 

Қайыңы мен талдары, 

Қымызы мен балдары, 

Бейне бақыт науасы. 

Сонша байлық, құт қонған, 

Неткен жомарт даласы! 

Сол байлықты игерген, 

Отанға мол сый берген, 

Елге дәулет, күн берген, 

Айналайын азамат! 

Катонқарағайдың баласы!14 


ӨР ҚАРАТАЙ 

Менің елім руы – өр Қаратай, 

Атасынан найзагер ер Қаратай. 

Өз туысым Найманда – Қаракерей, 

Бағаналы, батырлы бел Қаратай. 

Артық бопты халқымның берекесі, 

Өр Қаратай Алтайдың ел еркесі. 

Жарты ауылға жараған қолшатырға, 

Жалғыз ғана теректің көлеңкесі. 

Түгел өріп төрт түлік белдерінен, 

Ел дәулетін алыпты төлдерінен. 

Төсіне күн шағылып шалқып жатқан, 

Мырзалықты алыпты көлдерінен. 

Асаулықты алыпты Бұқтырмадан, 

Тиген жауын жері жоқ ықтырмаған. 

Ағзам патша, хан тақсыр, би-болысқа, 

Табанынан табынып тік тұрмаған. 

Момындықты алыпты түндерінен, 

Сұлулықты алыпты гүлдерінен. 

Шешендікті алыпты шеберліктен, 

Маржан түскен домалап тілдерінен. 

Қайсарлықты алыпты құздарынан, 

Шілдеде де табанын мұз қарыған. 

Бәйшешек пен қырының қызғалдағы, 

Бабамыздың қалыпты қыздарынан. 

Кең пейілді алыпты аспанынан, 

Биіктікті алыпты асқарынан.15 


Сұлулары шолпысын сылдырлатып, 

Алтын, күміс теріп ап тастарынан. 

Даналықты алыпты даласынан, 

Тазалықты алыпты ауасынан. 

Батырлықты алыпты тау суынан, 

Қырық бөліп қылышын алас ұрған. 

Менің елім руы – Өр Қаратай, 

Елі жомарт, жері бай – көл Қаратай. 

Басында бұлықсыған Бұқтырманың, 

Шығыстың шынарында төр Қаратай. 

Ақтан НҰРБАЕВ 


НИКОЛАЙ АНДРЕЕВИЧ ГОРБАЧЕВ 

Катонқарағай ауданының Үлкен Нарын өңірінде туып, кіндік қаны тамған топырақтан байланысын үзбеген қаламгерлердің бірі – Николай Андреевич Горбачев (13.09.1923 – 2000). 

Горбачевтер отбасы тағдыр талқысымен қонысын жиі ауыстырып, ақыры Кавказдың Дербент қаласына барып тұрақтаған. Алайда бала Николай алғашқы білімді осы Үлкен Нарын өңіріндегі Жұлдыз ауылында алған, оның балалық шағы да осында өткен. 

Николай Андреевич өзінің алғашқы өлең, әңгімелерін Махачкала Жол-құрылыс техникумында оқып жүргенде және Отан соғысы жылдарында жазады. Бірақ ол әдеби шығармашылықпен соғыстан кейін, Харьков Радио-тех­ника академиясында оқып жүргенде айналыса бастады. Оның «Барлаушы», «Кездесу» атты алғашқы әңгімелері Украинаның облыстық, республикалық газеттерінде жарық көрді. 

1948 жылы Л.А. Говоров атындағы Радио-техника акаде­миясына түсіп, 1953 жылы оны ойдағыдай бітірген инже­нер-майор Н.А.Горбачев ракеталық әскери бөлімде қызмет етіп, қаһарлы қаруларды сынақтан өткізуге қатысты. Сол жылдары Николайды «Красная звезда» газеті қызметке шақырды. Осы газет бетінде оның әскери әуе күштері жауынгерлерінің өміріне арналған көптеген очерк, мақалалары жарық көрді. 

1960 жылдары жазушы «Москва», «Октябрь» журналдарының редакцияларында жұмыс істеді. Н. Горбачевтің 1961-1963 жылдары жарық көрген «Оралу», «Ракеталар мен қызғалдақтар», «Жұлдыздың тарту күші» сияқты кітаптары сол кезде кеңес әдебиетіне соны тақырыптар әкелген, өзіндік ерекшілігі бар шығармалар болды. 

Николай Андреевич 1970-1976 жылдардағы «Тіреу нүктесін берсең», «Екпінді күш», «Ұрыс» атты шығармалары арқылы шет елге кең танылды. Бұл романдардың әрқайсысы өзіндік бір сезімнің, үлкен ойдың әлемі, термоядролық соғыс қаупін болдырмау, әлемде бейбітшілікті сақтау проблемалары кеңінен әңгімеленеді. 1981 жылы «Ұрыс» рома­ны үшін Н.А. Горбачевке М. Горький атындағы РСФСР Мемлекеттік сыйлығы берілді. 

1975 жылы жазушы өзінің туған өлкесі Кенді Алтайға келді. Осы сапарда оған туған өлке еңбеккерлерінің Ұлы Отан соғысы кезіндегі еңбегі жайлы шығармалар жазу туралы ой келеді. Осы мақсатпен кейін де Кенді Алтайға бірнеше рет соғып, жерлестерімен кездесіп, мұрағаттарда болып, өлкенің металлургия саласы бойынша мағлұматтар жинайды. Сөйтіп, оның «Ақсу» атты трилогиясы дүниеге келеді. Трилогияның бірінші кітабы «Бергалдар» 1986 жылы, екінші кітабы «Қорғасын» 1990 жылы Ж. Бектеповтің аудармасымен «Достық кітапханасы» сериясы бойынша қазақ тілінде жарық көрді. Ал трилогияның үшінші кітабы «Ажалды жеңгендер» (қазақ тіліне аударған Таңатқан Рсаев) өз оқырмандарын күтуде. 

Қаламгер шығармалары С. Черныхтың, В. Тохтарованың, М. Тастағановтың, В. Владимировтың мақалаларында жан-жақты талданған. 

Н.А. Горбачев «Достық», екінші дәрежелі «Отан соғысы», Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Ту ордендерінің және «Ержүректігі үшін», «Үздік жауынгерлік жетістігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарының иегері. 

Николай Андреевич Горбачев Ленинагорск (қазіргі Рид­дер) қаласының және Катонқарағай ауданының Құрметті азаматы.




МЕҢҒАЛИ МУСИН 

Меңғали Мусин 1927 жылы Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы Үлкен Нарын ауданындағы Нұғыман ауы­лында туған. Казнаковка, Самар бастауыш мектептерінде оқыған, орта мектепті Жұлдыз ауылынан бітірген. 

Ол 1944 жылы әскер қатарына алынып, Отан соғысына қатысты. 1964 жылы Мәскеуден Жоғарғы партия мектебін бітіріп, Шығыс Қазақстан облыстық теледидар және ра­дио хабарын тарату комитетінде бас редактор болып, облыстық «Рудный Алтай» газетінде көп жыл қызмет істеді. Зейнеткерлікке осы газеттен шықты. Қазақ-орыс тілдерінде бірдей жазатын талантты журналист, өлкетанушы-жазушы еді. Оның еңбектері «Огонек», «Жұлдыз», «Простор» жур­налдарында жарияланып тұрды. Оның қаламынан Шығыс өңірінің тарихынан сыр шертетін бірнеше жинақтары жарық көрді. Меңғали Мусиннің «Люди шедрого сердца» (1964), «Любовь твоя и боль» (1979), «Унесенные в небы­тие» (1997), «Репортаж хх века» (1991), «Почтовый ящик 15», 

«Волга впадает в Иртыш» (2003), «Дети Каратая», «Қырғын», «С катонских гор, с берегов Нарыма», «Түнекте тұншыққандар» атты кітаптары әртүрлі баспаларда басылып шыққан.


М. Мусин КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, П. Бажов атындағы сыйлықтың және Қытай радиосының әдеби сыйлығының иегері. Мусин Меңғали 2011 жылы дүниеден озды. 

ШЕРЛІ ЗАМАН 

(1996 жылы «Жұлдыз» журналының қыркүйек айындағы номерінде жарияланған) 

(Деректі хиякаяттың алғысөзінен) 

Оған 1937-1938 жылдары Риддер қаласында бетке ұстар қазақ зиялылары түгел дерлік құрдымға ұшырауы арқау болған. Автор сюжеттің дәйекті түрде өрбуіне көңіл бөлгендіктен, қамтылған оқиғалар да оқушы көз алдында бейнелене түседі, ал тақырып жете зерттелуі арқылы айып тағушылардың әпербақандығы, сұрқия мақсаттары тайға таңба басылғандай болып әшкереленеді. Мысалға қалалық «Жұмысшы» газетінің редакторы Мақсұт Тайшыбаевқа қарсы жасалған қиянатты алайық. Оған тағылған айып мы­налар еді: 1. Әкесі болыс болған, Мақсат партияға мұны жасырып кіріп алған. 2.1931 жылы партиядан шығарылған, бірақ айла-шарғысын асырып құжаттарын қолында сақтап қалған. 3. Осының арқасында ол Риддерге түлкібұлаңмен келіп, бұрынғы басшылардың аңқаулығын пайдалана біліп, редактор бола қалған. 4. Халық жауы геолог Омаровты жақтаған. 

Хикаятта осы айыптаулардың бәрі быт-шыты шығып, тоталитаризмнің сұрқия бейнесі мейлінше масқараланады. Қарама-қарсы фактілерге жүгінейік: 1.Тайшыбаевтың әкесі Қарқаралыда болыс болғаны рас, бірақ ол өлгенде Мақсұт бес жасында қалып, ағайынның қолында тәрбиеленген. 

Мұны ол партия қатарына өтерде жасырмаған, өз қолымен анкетада атап көрсеткен. 2. 1931 жылы ол аз уақыт совхоз парткомының хатшысы болады. Совхоз басшылары, ара­сында Тайшыбаев та бар, жауапқа тартылады. Соңынан оған тағылған айып расталмай, партиялығы қалпына келтіріледі. 3. Риддерге ол түлкібұлаңмен келген жоқ. Бұған Казкрайкомның хатшысы Голощекиннің 1931 жылғы 23 та­мызда қол қойған мына дерек дәлел: «Тайшыбаев жолдас Риддердегі қазақ газетінің редакторы болып тағайындалсын». 4. Геолог Омаров Орқанды (Қаныш Сәтбаевпен бірге оқыған, жолдасы болған) қорғаған жоқ, қайта асыра сілтеп, «Жұмысшы» газетінде оны қатал сынаған. 

Бұлжытпас дәлелдер. Бірақ жазалаушылар бұған пысқырып та қараған жоқ. Тайшыбаевты, Риддердегі ұлтшыл- фашист тобының рухани көсемі деп айып тағып, ату жазасына бұйырған. Сол сияқты ойдан шығарылған айыппен жауапқа тартылған «Алтайполиметалл» комбинаты директорының орынбасары Е. Мәделиев те атылып кетті. Ал оған тағылған басты кінә – бір кезде Тұрар Рысқұловтың қол астында қызмет істегендігі еді. 




БАЛАМЕР САХАРИЕВ 

Баламер Сахариев 1929 жылы Шығыс Қазақстан облы­сы Катонқарағай ауданы Таңба (қазіргі Еңбек) ауылында дүниеге келген. Ол Таңба жетіжылдық (қазіргі С.Түкебаев атындағы Еңбек орта мектебі) мектебінен кейін Шыңғыстай орта мектебін бітірген. 

Б. Сахариев 1950 жылы Қазақ Мемлекеттік педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірген. 1954 жылдан «Халық мұғалімі» жур­налында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1957-1962 жылдары «Жұлдыз» журналының алқа мүшесі, бөлім меңгерушісі, онан соң Қазақ ССР Ғылым Академиясының М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып істеді. 

Баламердің ең алғашқы туындылары 1950 жылдары «Әдебиет және искусство», «Халық мұғалімі» журналда­рында жарық көріп, сол кезден бастап мерзімдік баспасөз беттерінде әр алуан тақырыптағы әдеби-зерттеу мақалалары жиі жарияланатын болған. Әсіресе М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мұстафин сияқты қазақ әдебиетінің тарландары жайлы еңбектерінде сыншы негізінен шеберлік үлгілерін жаңа бір қырларынан танытуға, талдауға күш салған. 1965 жылы «Уақыт тынысы» атты сын мақалалар жинағы, «Өгіз бен аю» суретті кітапшасы, М. Әуезовтің шығармашылық портретін айқындайтын «Біздің Мұхтар» атты естеліктер жинағы жарық көрген. 

Б. Сахариевтің «Күрескер тұлғасы» атты әдеби сын, зерттеу еңбектері кітап болып басылып шыққан. М. Базарбаевпен бірге жоғарғы сынып оқушыларына арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығын жазған. «Ғылым» баспасынан шыққан «Қазақ совет әдебитетінің тарихы» авторларының бірі. Жүзден астам ғылыми сын мақалалар мен рецензиялардың авторы. Мақалалары орыс, өзбек, қырғыз тілдерінде жарияланған. 

Баламер Н.К. Крупскаяның көптеген педагогикалық еңбектерін, парсы жазушыларының бірнеше әңгімесін, И. Буниннің, О. Туманянның бір топ әңгімелерін, Куба жазушысы Д. Олеманың «Төңкеріс түлектері» повесін, Поповтың «Семья», А. Корнейчуктың «Днепр айдынында» пьесаларын, үнді эпостарының негізінде жазылған «Белый лотос» пьесасын қазақ тіліне аударған. 

Баламер Сахариев – филология ғылымдарының кан­дидаты, ғалым-филолог, әдебиет сыншысы, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 

Б. Сахариев 1979 жылы өмірден озып Алматы қаласында жерленді. Алматы қаласындағы бір көшеге және Катонқарағай ауданының Катонқарағай ауылындағы бір көшеге Баламер Сахариевтің есімі берілген.24 


Иван БУНИН 

ШАБАТА-ШАРҚАЙ 

Бес күн бойы түтеген ақ боран соғып тұр. Хуторда аппақ қар басқан суық үйдің іші алагеуім күңгірт Һәм қатты қайғылы: ауыр науқас бала жатыр. Ыстығы көтеріліп сандырақтаған сайын ол қайдағы бір қызыл шабаталар­ды сұрап, жиі-жиі жылайды. Ол жатқан төсектің жанынан тапжылмаған ана әрі қорқып, әрі өзінің шарасыздығына на­лып егіліп жылап отыр. Не істеу керек, қайтіп көмектесу ке­рек? Күйеуі жолаушылап кеткен, аттар арық, ал ауруханаға, дәрігерге дейін отыз шақырым және мынадай түтеген бо­ранда ешқандай дәрігер де келе қоймайды... 

Ауызғы бөлмеде дүрс еткен дыбыс шықты. Нефед отқа жағатын сабан әкеп еденге тастады да, алақандарын ысқылап, үрлей жүріп, үсті-басынан суық пен боран ызғары аңқып есік ашып қарады: 

– Ал, қалай, бәйбіше? Тынышталған жоқ па? 

– Қайдан болсын, Нефедушка! Рас, сауығар емес. Қайдағы бір қызыл шабаталарды сұрай береді... 

– Шабата? Ол не қылған шабаталар? 

– Құдайым білсін. Сандырақтап жатыр, от боп күйіп- жанып барады... 

Бөркін шайқап қойып, ойланып қалды. Бөрік, сақал, ескі шолақ тон, тозған киіз байпақтар – бәрі де қар-қар, қоқиып қатып қалыпты... 

Кенет: 

– Демек, табу керек. Демек, көңілі соған соққан екен. Табу керек, – деп кесіп айтты. 

– Қалай табарсың? 

– Новоселкаға дүкенге бару керек. Қызыл бояумен бояй салу оп-оңай. 

– Тәңір жарылқағыр-ау, Новоселкаға дейін алты шақырым. Мынадай түтеген түнекте жете алмайсың. Тағы да ойланып қалды.


– Жоқ, барамын. Ештеңе етпейді, барамын. Көлікпен жете алмауын жете алмайсың, ал жаяу, мүмкін, ештеңе ет­пес. Боран менің ту сыртымнан соғады ғой... 

Сөйтіп есікті жапты да, кете барды. Сосын асханада ләм- мим деместен, шолақ тонның сыртынан шекпен киіп, белін ескі белбеумен мықтап буып, қолына бишік алды да, шығып кетті. Күртік қарды оппалап отырып ауладан өтіп, қақпадан шықты да, әлдебір жаққа жанталаса жүйткіп жатқан аппақ дала теңізіне сүңгіп жоқ болды. 

Түстік тамақ ішілді, қас қарайып, түн боп та қалды – Не­фед жоқ. Егер құдай жолын беріп, аман-сау жетсе, қонып қалған шығар деп жорысты. Мынадай боранда оп-оңай орала салмайсың. Ертең түс мөлшерінде күтуге болар. Бірақ, дегенмен, оның келмегені түнгі үрейді үдете түсті. Бүкіл үй гуілдеп тұр, түтеген қарлы боранда, қап-қараңғы түнекте айдалада не боп жатыр екен деген жалғыз ой шо­шытады. Майшам дірілдей түсіп, күңгірт қана жанып тұр. Ана оны алып, төсектің бас жағына еденге қойды. Бала көлеңкеде жатыр, бірақ оған қабырға оттай лаулап, неше түрлі ғажайып тамаша әрі қорқынышты құбыжық жүгіріп жүргендей елестеді. Ал анда-санда ол есі кіргендей бола­ды да, сол сәтте-ақ қызыл шабаталарды сұрап жалбарынып (ақыл-есі мүлде дұрыс сияқты боп), уанбай, жалынышты жылай бастайды: 

– Маматай, берші! Айналайын, маматай, нең кетеді! Ана байғұс тізерлеп отыра қалып, өз кеудесін өзі ұрып жалба­рынады: 

– Жасаған ием, жар бола гөр! Жасаған ием, жанын қалдыра гөр! 

Ақырында таң ағарып атқан соң түні бойғы елестей емес, терезе алдына әлдекімдердің атпен келіп тоқтағаны, әлдекімдердің дабырлап сөйлескен дауыстары боранның ышқына ұли соққан гуілі арасынан ап-айқын естілді де, артынша жамандық хабардың белгісіндей асығыс терезе қағылды. 

Бұлар – қар басып ағаштай боп серейіп қатып қалған Нефедтің өлі денесін үлкен жайдақ шананың үстіне етпетінен салып алып келген Новосельск мұжықтары еді. Мұжықтар қаладан қайтып келе жатып, өздері де түні бойы адасып жүріпті де, таңға жақын әлдебір шабындыққа тап болып, ат-маттарымен терең қарға түсіп кетіпті. Сөйтіп олар өлген жеріміз осы болар деп, ес кетіп, жан шығып тұрғанда, кенет қар астынан әлдекімнің шығып жатқан киіз байпақты аяғын көреді. Жалма-жан қарды қазып жіберіп, денені көтеріп қараса, таныс адам болып шығады.... 

Демек, мына шабындық протасовтық хуторлықтардікі екенін, осыдан екі адым жерде тауда үйлер барын түсініп барып – тек сонымен ғана аман қалған көрінеді.... 

Нефедтің қойнында баланың жап-жаңа шабатасы мен бір сауыт қызыл бояу жатыр еді. 

Аударған: Баламер САХАРИЕВ




ҚАЛИХАН ЫСҚАҚ 

1935 жылы 14 наурызда Шығыс Қазақстан облы­сы, Катонқарағай ауданының Топқайың ауылында туған. 

С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетінің журналистика бөлімшесін, Мәскеудегі Мемлекеттік кино комитеті жанындағы режиссерлер мен сценаристердің жоғарғы курсын тәмамдаған. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Қазақ әдебиеті», «Парасат», «Жұлдыз» журналдарында бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасында әдеби кеңесші, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының үшінші шығармашылық бірлестігінің бас редакторы, М.О. Әуезов атындағы Академиялық драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып қызметтер атқарды. 

Қалихан Ысқақ оқырмандарға көрнекті прозаик жазушы, драматург, кинодраматург, аудармашы ретінде жақсы таныс. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, Ғ. Мүсірепов, Жамбыл атындағы әдеби сыйлықтардың иегері, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры, Катонқарағай, Аягөз аудандарының Құрметті азаматы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.28 

Қайырды НАЗЫРБАЕВ 

«Қоңыр күз еді», «Дос хикаясы», «Менің ағаларым», «Бұқтырма сарыны», «Тұйық», «Қара орман», «Күреңсе», «Беу, ақсақ дүние», «Березовая роща», «Кедры высокие», «Ақсу – жер жәннаты», «Келмес күндер елесі» (екі том, роман-эссе) атты романдары, «Жарық дүние» атты пьеса­лар жинағы оқырмандардың ыстық ықыласына бөленген шығармалар. «Ақсу – жер жәннаты» романы үшін 1993 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. 

Қалихан Ысқақтың жиырмаға жуық пьесасы республикалық, облыстық драма театрларының репертуарына енген. Негізгілері: «Қараша қаздар қайтқанда», «Таңғы жаңғырық», «Есенай-Ұлпан», «Жан қимақ», «Сабатаж», «Қыл көпір», «Мазар», «Ерліктің екі сағаты», «Приказ остается в силе», «Двое в степи», «Апа-Апатай», «Жәке- Жәкетай», «Сайқының тұқымдары», «Қазақтар» тарихи драмасы, «Ұшы-қиырсыз жол», «Сарша тамыз, «Охрана бастығы», «Қараша қаздар қайтқанда» толық метражды кинофильмдерінің сценарийін жазып, экранға шығарды. 

Жазушының шығармалары өзбек, қырғыз, тәжік, татар, башқұрт, шешен, орыс, украин, словак, болгар тілдерінде жарық көрді. Таңдамалы шығармалары 1997, 2009 жылдары басылып шықты. 

Көрнекті жазушы Қалихан Ысқақ аударма саласында да елеулі еңбек етті. Ол Л.Н. Толстой, А.П. Чехов, И.С. Тур­генев, А.И. Куприн, И.А. Бунин шығармаларын қазақшаға тәржімалады. Сондай-ақ Нобель сыйлығына ие болған жеті драматургтің пьесаларын аударып, сахнаға ұсынып, кітап етіп шығарды. 

Қалихан Ысқақ 80-ге қараған шағында Алматыда ұзаққа созылған науқастан қайтыс болып, 2014 жылғы 13 тамыз­да өз аманаты бойынша туған жері Топқайыңдағы Қоңқай бауырындағы қорымға жерленді. 

2015 жылғы 26 қыркүйекте Катонқарағайда Қалихан Ысқақтың 80 жылдығы атап өтіліп, Топқайың орта мектебінің алдына кеуде мүсіні орнатылды. Жазушының осы мерейтойына орай «Көркем сөздің хас шебері» атты Қалихан Ысқақ туралы естеліктер жинағы (құрастырған Қайырды Назырбаев) Алматыдағы «Хантәңірі» баспасынан мемлекеттік тап­сырыспен жарық көрді. 

ӘРІПТЕСТЕР ЛЕБІЗІ 

Қарабайыр қазақ тұрмысының жілігін шағып, майын алғандай қылып, Қалихандай жетік білетін ешкім жоқ. Қазақ жаны мен қазақ мінезіне ондай қанық адамды қолыңа шырақ алып іздесең де табылмайды. Ал қазақ тарихына кезек келіп, көсіле сөйлей жөнелгенде, бәрімен бірге өсіп, бірге жүрген бе деп таңдайыңды қағып, тамсанасың. Ал ол сөйлейтін қазақ тілінің ғажайып сұлулығына, сөзінің мәнділігіне, сөйлемінің дәмділігіне, иірімінің әуезділігіне, суреттемелердің дәлдігіне таңғалмайтын жанар, тамсанбайтын құлақ бар ма екен? 

Әбіш КЕКІЛБАЙ, 

халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері 

Өз басым ұлттық әдебиеттің абыройын көтерген жиырмасыншы ғасырға ойша оралған сайын сөзбен өрнек өріп, сурет салған, табиғат көрінісін тамылжытып отырып, фотографиялық көркем дәлдікпен шебер қағазға түсірген Қалихан Ысқақтай суреткер жазушы қатары көп деп айта алмас едім. Ол сиректердің сирегі еді... 

Қалихан қазақ көркемсөзіне өзіне дейін ешкім ат ізін салмаған жаңа тақырыпқа қалам тербеді. Алтай тақырыбын бар суретімен, жанды жаратылысымен алып келді. 

Нұрлан ОРАЗАЛИН, 

ақын, Қазақстан Республикасы 

Мемлекеттік сыйлығының лауреаты30 


Қалихан Ысқақұлы ешкімге ұқсамайтын өзіндік стилі бар, қазақ прозасын алға сүйреген, шеберлігі мен шешендігі ерен классик жазушы. Оның шығармаларында тіл, табиғат, тіршіліктің күйбең тірлігі үйлесімін тауып, жарыса үн қосып жатады. 

Қалихан стилі, Қалихан қолтаңбасы, шеберлігі, ғажайып суреткерлігі, сөз ұстарту – зергерлігі өзінше бөлек дүние. Қазақ әдебиетіне өрнек салған осы құбылысты зерттеу, зер­делеу, келер ұрпақтың көңіліне қондыра білу қажет. Ол үшін Қалихан шығармаларын қазақ тілі мен әдебиеті, журналистика саласында оқып жүргендерге арнаулы түрде оқыту қажет дер едім. 

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ, 

жазушы 

Қалағаң қаламынан туған драмалық шығармалар қазақ театры сахнасын бұрын-соңды болмаған биікке көтерді. Терең ойлы, ширығып, шиыршық атқан, тартысты пьесала­ры театр репертуарынан ойып тұрып орын алды. 

Қара шаңырақ үшін қаншама дүниелер жасады. Дүниежүзілік драматургияның інжу-маржандарын аударып, сах­налады.Театрға арнайы тапсырыспен тың тақырыпқа пьеса­лар жазды. Күні бүгін ағаның театр сахнасында «Қазақтар» қойылымы, басқа пьесаларын былай қойғанда, ұрандатып, ұрпағының мақтанышымен, көрерменнің көкірегін ашып, дүркіретіп жүріп жатыр. 

Есмұхан ОБАЕВ, 

Қазақстанның халық әртісі31 




ТӨЛЕГЕН РАҚЫМЖАНҰЛЫ 

Төлеген Рақымжанұлы 1938 жылы 20 қазанда Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының Таңба (қазіргі Еңбек) ауылында туған. Таңба орталау мектебін, одан кейін Шыңғыстай орта мектебін бітірген. 

Төлеген 1961 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің филология факультетін тәмамдап, Катонқарағай ауданының Парк (қазіргі Ақмарал) ауылында орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы болып еңбек жолын бастап, бір жылдан соң Еңбек сегізжылдық мектебіне өз мамандығы бойынша ауысқан. Ол осы мектепте мектеп оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры болып 40 жылдан астам еңбек етті. Өзінің жолын қуған бір топ жасты әдебиетке тәрбиелеп кетті. Болашақ еңбек жолын әдебиетпен, журна­листикамен байланыстырған Қайырды Назырбаев, Төлеухан Бияров, Орынбай Тлеуов, Мұратбек Қабимолдин, Ермек Сахариев, Бақытжан Райысова, Арай Сахариева – осы Төлегеннің шәкірттері болатын. 

Оның өлеңдері аудандық «Арай», облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінде үнемі жарияланып тұрды. 1998 жылы Астанадан шыққан «Ағажай, Алтайдай жер қайда?» атты ұжымдық жинаққа өлеңдері енді. Оның «Туған жер, сені жырлаймын» деген өлеңдер жинағы мемлекеттік тапсырыспен 2002 жылы Астанадағы «Елорда» баспасынан, «Буырқанған Бұқтырма» жинағы 2005 жылы, «Асылдарым» 2007 жылы Астанадан, «Өлеңімнің өзегі – Өр Алтайым» 2014 жылы Алматыдағы «Раритет» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен басылып шықты. 

Төлеген Рақымжанұлы 1998 жылы ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, 2000 жылы «Халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. Төлеген Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Катонқарағай ауданының Құрметті азаматы. 

Т. Рақымжанұлы 2010 жылы ұзаққа созылған ауыр науқастан қайтыс болып, Еңбек ауылындағы «Көлдегі» зиратқа жерленді. 

ӨР АЛТАЙ 

Мұзтаудан көтерілсе серпіліп күн, 

Сарғайып күткендердің дертін ұқтым. 

Өр Алтай бес мың жылдан бермен қарай, 

Отаны ғұн менен сақ, ер түріктің. 

Өр Алтай – ер түріктің шыққан жері, 

Әрқашан оңғарылар құтпан желі. 

Көктемге дейін қорек қоңыр күзден, 

Құнарлы балқарағай тұтқан жемі. 

Қолында тұрғандайын бар құзырет, 

Алдыңнан қарсы алар ма Қар қызы кеп?! 

Айтқаның бекер болар қазақпын деп, 

Көрмесең Алтайыңды жалғыз рет. 

Орманы жаратылған сыңсып қашан, 

Түгінен ажырар ма қылшықтасаң. 

Ғұндардың ұрпағымын деуің бекер, 

Мұзтаудың төбесіне бір шықпасаң. 

Қонысын таудан таңдай білген көсем, 

Жемісін дәрі қылып жүрген бе есен?! 

Сақтардың ұрпағымын дей алмайсың, 

Алтайды тірі жүріп бір көрмесең. 

Түнімен тау үстінде жұлдыз кешем, 

Шығады сол алдымнан кімді іздесем?! 

Скифтің ұрпағымын деуің бекер, 

Марқаның айдынында бір жүзбесең. 

Жеткізер ақырына өмір қашан, 

Пейіл тоқ, болғаны ма көңіл масаң. 

Қазақпын деуің бекер, бір рет кеп, 

Суына Арасанның шомылмасаң. 

Туған жер – туған жер ме тіл тістесең, 

Шындықты айтасың-ау шын күштесең. 

Алтайым – Отаным деп айту қиын 

Пантының моншасына бір түспесең. 

Туған жер – алтын тамыр дерт демес ең, 

Жазады маралтамыр сертпен есен. 

Алтайды Отаным деп айтармысың 

Толассыз ой-шұңғылын зерттемесең. 

Басында қолшатыры орман – көрік, 

Қасында жанторсығы саулар көбік. 

Тәу етіп маңдайымды тигізуге – 

Алтайдың әр жартасы арман болып. 

Осы тау – менің тауым, сенің тауың, 

Байырқап жаз жайлауда сонырқауым. 

Төрт елдің еншісіне бөленіп тұр – 

Алтай деп аталатын шоғыр тауым. 

Жас болсаң, жарасады жалындауың, 

Қарт болсаң, парасатты, мәлім дауың. 

Айтқаның рас болса қазақпын деп, 

Алтайды мүмкін емес сағынбауың. 

Төлеген РАҚЫМЖАНҰЛЫ



ОРАЛХАН БӨКЕЙ 

Оралхан Бөкей 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. Осы ауылдағы Шыңғыстай орта мектебін, 1969 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің журналистика факультетін бітірген. 

1961-1968 жылдары өзі оқыған мектепте аға пионер во­жатыйы, «Алтай» совхозының Шыңғыстай бөлімшесінде тракторшы, Шығыс қазақстан облысы Үлкен Нарын ауданының «Еңбек туы» – «Знамя труда» газетінде коррек­тор, аудармашы, редактордың орынбасары болып істеп, онан кейін облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінде әдеби қызметкер, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде (1968-1974), «Жұлдыз» журналында (1974-1983) бөлім меңгерушісі, «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактордың орынбасары (1983-1991) және бас редакто­ры» (1991-1993) болды. 

«Қамшыгер» (1970), «Үркер» (1971), «Қайдасың, қасқа құлыным?» (1973), «Мұзтау» (1976), «Ән салады шағылдар» (1978), «Үркер ауып барады» (1981), «Біздің жақта қыс ұзақ» (1984) әңгімелер мен повестер жинағы, «Өз отыңды өшірме» 36 

(1983), «Атаукере» (1991) романдары, «Құлыным менің» (1986) пьесалар жинағы, «Өнерге өлердей ғашық едім» (1995) эсселер жинағы жарық көрген. «Алданған ұрпақ» трилогиялық романы аяқталмай қалған. «Құлыным менің» (1974), «Текетірес» (1976), «Қар қызы» (1982), «Зымырайды поездар» (1984), «Жау тылындағы бала» (1985), «Мен сізден қорқамын» (1987) пьесалары қазақ және орыс тілдерінде республикалық, облыстық, бұрынғы одақтас республикалар театрларында қойылған. 

Оралхан Бөкей шығармалары бойынша «Кісікиік» (1985), «Сайтан көпір» (1986) көркем фильмдері түсіріліп, «Кербұғы» әңгімесінің желісі бойынша балет-спек­такль (1986) қойылды. Шығармалары көптеген тілдерге аударылған. 

Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының (1976), Н. Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың (1978), Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері. 

Оралхан Бөкей 1993 жылы 17 мамырда елуге қараған шағында Үндістанда іссапарда жүріп қайтыс болды. Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленген. 

Қазақтың аса көрнекті, классик жазушысы Оралхан Бөкейді еске алуда бірқатар шаралар жүзеге асырылды. Өскемен қаласы Тоқамашылар қалашығындағы №44 қазақ орта мектебі және осы қаладағы орталық кітапхана Оралхан Бөкей атында. 

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде О. Бөкей атындағы атаулы шәкіртақы тағайындалған. 

ҚР Үкіметінің қаулысымен 1996 жылы Ұлан ауданындағы Ақтау орта мектебіне, 1997 жылы Глубокое ауданындағы қазақ орта мектебіне, 1998 жылы Катонқарағай ауданындағы Белқарағай орта мектебіне Оралхан Бөкейдің есімі берілді.

Астанада, Алматыда, Өскеменде, Қызылордада, Алма­ты облысындағы Талғар, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Жетісай қалаларында Оралхан Бөкей атында көшелер бар. 

Амола облысы Шортанды ауданындағы Жолымбет, Целиноград ауданындағы Тайтөбе, Шалқар, Алматы об­лысы Ескелді ауданындағы Ақжар, Атырау облысы Ма­хамбет ауданындағы Махамбет, Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданындағы Катонқарағай, Шыңғыстай, Ко­робиха, Ақсу, Өрел ауылдарының көшелері Оралхан Бөкей есімін иеленген. 

Оралхан Бөкейдің Алматыдағы үйінің, Үлкен Нарын ауылындағы баспахана болған үйдің қабырғаларына ескерткіш тақталар орнатылған. 

Кеңсайдағы қабірінің басына, Шыңғыстайдағы мұражайының алдына, Өскемендегі және Глубокоедегі өз атындағы мектептің алдарына кеуде мүсіні қойылған. 

2013 жылы жазушының 70 жылдық мерейтойына орай Катонқарағай ауылының орталығына үлкен ескерткіш, Өскемен қаласында кеудемүсіні орнатылды. «Біздің Орал­хан» атты естеліктер кітабы (құрастырған Дүйсен Брали­нов пен Бейімбет Болаев) шығарылды. Оған Оралханның жинақтарға енбеген шығармалары, мақалалары мен оған арналған өлеңдер де берілген. Жинақтың жалпы редакция­сын басқарған – Дидахмет Әшімханұлы. 

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл комитеті 1997 жылдан бастап жыл сайын «Көркем сөз оқу шеберлерінің Оралхан Бөкей атындағы республикалық байқауын» өткізіп келеді.38 


ӘРІПТЕСТЕРІ ОРАЛХАН ТУРАЛЫ 

Оралхан азғантай ғұмырында асқаралы биікке өзін де, елін де, туған әдебиетін де шығарып үлгерді. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең сүйікті, ең сүлей суреткерлерінің бірі ретінде әлемдік танымалдыққа ие болды. Алыс-жақын елдерде аты «қазақ» деген сөзбен қабаттаса айтылатын азғантай тұлғалардың біріне айналды. 

Әбіш КЕКІЛБАЕВ, 

Қазақстанның халық жазушысы, 

Қазақстанның Еңбек Ері 

Оралхан – тума дарын, туа біткен журналист. Ол көркем әдебиетке журналистика арқылы келді. Оралхан Бөкей – қазақ журналистикасына төңкеріс әкелген қаламгер. 

Қалихан ЫСҚАҚ, 

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері 

Оралхан кітаптары өмір сүріп келеді, өмір сүре береді. Олар жасқа – ақыл, кәріге қуат береді. Бақытқа бақыт қосады. Бақытсызға медет болады. 

Шерхан МҰРТАЗА, 

Қазақстанның халық жазушысы 

Оралхан өзі туған табиғатына ұқсас еді. Алтайдай асқақ, оның оқ жетпес құзар шыңдарындай биік еді. Заңғар таулар­дан құлап аққан өзендердей тасқын еді. Шығыстан жарқырап шыққан жұлдыз еді. 

Қасым ҚАЙСЕНОВ, 

Қазақстанның халық жазушысы39 



ДИДАХМЕТ ӘШІМХАНҰЛЫ 

Дидахмет Әшімханұлы 1950 жылы 10 маусымда Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының Жаңаүлгі ауылында туған. С. Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебін, онан соң 1978 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 

1978-1980 жылдары «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), 1981-1992 жылдары «Қазақ әдебиеті» газеттерінде әдебиет, сын бөлімдерін басқарды. 1992-1994 жылдары халықаралық «Заман-Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі және редактордың орынбасары болған. 1994 жылдан еларалық «Түркістан» газеті редакторының орынбасары, 2003 жылдан «Алаш» баспасының, «Ел-шежіре» қоғамдық қоры мен «Ор­хон» баспа үйінің директоры міндетін қоса атқарып келді. 

«Аққабаның толқыны» (1981), «Он бірінші күз» (1987), «Каменная падь» (1990), «Жер аңсаған сары атан» (1998), «Самырсын сазы» (2000), «Әңгіме емес әңгімелер» (2004), Көп томдық шығармалар, 1-том; «Тасқала» (2015) атты әңгімелер мен повестер жинақтары, 2-том, «Ақшоқы» (2016) әңгімелері мен әдеби эсселері мен мақалалары жарық көрді. Көптомдықтың үшінші томына «Теңіз қорқауы» (2017) 40 

Қайырды НАЗЫРБАЕВ 

аудармалары енгізілген. Жазушының жылдығына орай «Кеш» деген атпен соңғы жылдары жазған әңгімелері жеке жинақ болып жарық көрді. Сондай-ақ 2016 жылы «Ұлттық рух жыршысы» атты замандастарының,жазушылардың, журналистердің және басқалардың естеліктері кітап болып жарық көрді. 

«Он бірінші күз» повесі «Жалынның» жабық конкурсында жүлдегер атанды. Д. Әшімханұлы жас жазушылардың Бүкілодақтық VII кеңесіне қатысты. 

Шығармалары өзбек, қырғыз, қытай, монғол, орыс, украин, мари тілдеріне аударылды. Сондай-ақ ол көркем аудармамен де айналысып, Дж. Лондонның «Теңіз қорқауы» атты рома­нын, «Тектік сарын» атты повесін, бірнеше әңгімелерін, Джон Голсуорсидің новеллаларын, А. Курчаткин, Т. Минулин, А. Ашири, Х. Абдуллин, П. Пурзверу және т.б. қаламгерлердің жекелеген шығармаларын қазақ тілінде сөйлетті. 

Д. Әшімханұлы халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, Катонқарағай ауданының Құрметті азаматы еді. 

Д. Әшімханұлы «Түркістан» газеті жарық көрген күннен бастап ақтық демі біткенше сонда қызмет етіп, ойлы мақалалардың жарық көруіне ықпал етіп, осы басылымның аяқтан тұруына үлкен еңбек сіңірді. 

Сондай-ақ Ұлы Отан соғысының 50, 60, 70 жылдықтарына орай Катонқарағай ауданындағы боздақтарға арналған «Ерлік – Дастан» атты кітаптың (құрастырған Жәнібек Қызыр) кітаптың үш томы, «Біздің Оралхан» атты естеліктер кітабы да Дидахметтің басшылығымен жарық көріп еді. 

Дидахмет жиі-жиі келіп-кетіп, ауданның қоғамдық сая­си өміріне, аудандық газеттің жұмысына тығыз араласып, әріптестеріне, жерлестеріне қолдан келген көмегін беріп отырудан тартынбайтын. 

Катонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылында 1996 жылы жаңа мектеп үйін салып, тоқсан жыл міз бақпай тұрған, Әбдікерім болыс салғызып кеткен Шыңғыстай орта мектебінің ағаш үйін жергілікті шенеуніктер аяусыз бұзғызған кезде облыстық «Дидар» газетінде және «Мәдениет және тұрмыс» журналының бетінде дабыл көтеріп, материал жариялаған Дидахмет Әшімханұлы болғанын жерлестері ешқашан ұмытпайды. 

Дидахмет әңгіме жанрының айтулы шеберлерінің бірі ретінде қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар қаламгер болып қалды. 

Дидахметтің өмірі аяқ астынан үзілді. 2015 жылдың 24 маусымында Алтайдағы Катонқарағайында мәңгілік тыныс тапты. 

ӘРІПТЕСТЕР ЛЕБІЗІ 

«Құдайсыздар» әңгімесін оқысақ, бүкіл момын қазақ елінің аянышты тағдырына түбегейлі көз жеткізетін тұтас әлемді көреміз. Япырмай, не сорақылықтарды көрген қайран халқым-ай демеске лажымыз жоқ. Мен өзім бұл әңгімені осы уақытқа дейін ешкім жазбаған классикалық әңгіме деп білем. Оның үстіне бастан-аяқ шынайылыққа құрылған кішігірім роман сюжетін арқалап тұр десем, жалған айтпағаным. 

Сейфолла ОСПАН, 

Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері 

Дидахметтің нағыз талантты жазушы екенін оның маған сыйлаған «Аққабаның толқыны», «Он бірінші күз», «Жер аңсаған Сарыатан», «Самырсын сазы» атты кітаптарын қызығушылықпен оқығанда ғана білдім... Ол көркем шығармаларында адамдардың сан қилы тағдыры мен моральдық-этикалық, тұрмыстық оқиғаларын жазуға шебер екен. Қаншама араласып жүрсем де, Дидахметтің керемет білімділігін, адалдығы мен адамдық қасиеті 42 

Қайырды НАЗЫРБАЕВ 

шығармаларымен біте қайнасып кеткенін, оның парасатты, ойшыл жазушы екенін кітаптарын оқыған соң ғана білдім. Шығармалары қазақ рухани мәдениетінің алтын қорына қосылған қазына екеніне шүбә жоқ! 

Ахметжан АШИРИ, 

ұйғыр жазушысы 

«Босаға» атанатын үштағанын, яки «Ақниет, «Жылыжайдың қияры», «Сары самауыр» деген үш әңгімесін қазақ әдебиетінің қай буын қаламгері, қандай туындысынан да кем соқпас классикалық дүниелер деп білемін. 

Д. Әшімханұлы – әңгіме жанрының айтулы шебері, қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгері. 

Құлбек ЕРГӨБЕК, 

филология ғылымдарының докторы, сыншы  



ӘЛІБЕК АСҚАРОВ 

Әлібек Асқаров 1951 жылы 24 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданындағы Екіаша қыстағында, Парк (қазіргі «Ақмарал») ауылында туған. 

Парк бастауыш мектебінде, Чернова, Алтай, Шыңғыстай мектептерінде оқыған. Содан соң Алматы көркем сурет училищесін, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 

1975-1986 жылдары «Білім және еңбек» (қазіргі «Зерде») журналының көркемдеуші редакторы, әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы болды. 1986-1992 жыл­дары «Өнер» баспасының бас редакторы, 1992-1993 жылда­ры ҚР Президенті мен Министрлер Кабинеті аппараты ішкі саясат бөлімінің аға референті, 1993 жылы ҚР Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрінің орынбасары, кейін бірінші орынбасары, 1998-2005 жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Баспа және полиграфия департаментінің ди­ректоры болып қызмет етті. ҚР Президенті әкімшілігі ішкі саясат бөлімінде сектор меңгерушісі, бас инспектор, бөлім меңгерушісінің орынбасары болды. Кейін Астанадағы Академиялық кітапхананың бас директоры, Алматыдағы академиялық кітапхананың бас директоры болды. Қазір мемлекеттік кітап палатасының директоры.

Әлібек Асқаров – белгілі жазушы, тәуелсіз Қазақстанның баспа ісі мен полиграфия саласының қалыптастырушысы, көрнекті ұйымдастырушысы. Ол Қазақстан Республика­сы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденімен, «Социализм әңгімелері» мен «Әйел парасаты» топтама әңгімелері үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында құрылған Халықаралық Жазушылар одағының «Ұлт мақтанышы» төсбелгісімен марапатталған, Катонқарағай ауданының Құрметті азаматы. 

Шығармалары: «Құт мекен» (1979), «Тайга толғауы» (1982), «Жасыл әлемге саяхат» (1985), «Ерте түскен бозқырау» (1989), «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» (1998), «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын» (2003), «Социа­лизм әңгімелері» (2006), «Назеркеге хат» (2007), «Социа­лизм хикаяты» (2007), «Шабанбайдай жер қайда?» (2008), «Кешегі күннің хикаясы» (2008), «Тау самалы» (2009), «Ал­тай – алтын бесік, атажұрт» (2010), «Көңілдің көк дөнені», «Әйел парасаты» кітаптары баспа жүзін көрген. 

«Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді?!» романы Пекиндегі «Ұлттар» баспасынан басылып шықты (2005). Әңгіме- повестері «Родники рождаются в горах» (2000), «Скрип соленого сердца» (2006), «Стон дикой долины» (2008), «И смех, и слезы, и любовь» (2009), «Надейся и жди», «Өлке» баспасынан «Қойға шапқан қара аю» (2014) «Алтайда ал­тын күз еді» повесі атты деректі әңгімелері жарық көрген. 2016 жылы «Раритет» баспасынан алты томдық таңдамалы шығармалары шықты. 

Әлібек Асқаров қазақ әдебиетіндегі сафари жанрының ізашары болып саналады.

 

АЛТАЙДА АЛТЫН КҮЗ ЕДІ 

(Повестен үзінді) 

022 

Күн екінтіге еңкейе үйге жиналып жатыр едік, етек тұстан күркіреген айғай шықты... Айғай емес, албастыдай ақырған ащы дауыс. Құлақтың жарғағын жарып жіберердей, адамды естен тандырардай алапат үн. 

Шынын айтсам, зәрем зәр түбіне кетті... аспан қақырап, жер дірілдеп кеткендей болды. Аттар осқырынып, құлақтарын қайшылап, тізгіндерін жұлқылады. 

Дауыстар тағы да қайталанды... 

Құдды бір, мынау шатқал төрінде грек аңыздарындағы титандар айқасып жатқандай көрінді. 

– Аю! 

– Кәнігі аңшы Мұнарбектің де көзі бақырайып кетіпті. Ол да алақ-жұлақ сасып қалған сияқты. Дереу мылтығына ұмтылып, баспалап төмендегі жарқабақтың жиегіне барды. 

Мен де жүрегім атқақтап, оның қасына мылтығымды сүйрей жеттім. 

Төменде қырық бұратылып Таутекелі өзені өзені ағараңдайды. Таутекеліге қарсыдағы сайдан жылтырап бір бұлақ қосылып жатыр. Бұлақты сайдың алды ашық, арты ке­нере тау. 

Сол бұлақтың бойында, сиыр өрісіндей жадағай жазықта арбасып екі аю тұр... Екеуі де адамға ұқсап түрегеп алған. Шатқал ішін күңірентіп, кезек-кезек ақырады. Біреуі бұқадай зор, екіншісі кішілеу, тайынша аю. 

Дүрбі салып едік, аюдың екеуін де тура алдымызға алып келді. 

Жас аюдың үсті-басы қан. Қайта-қайта айғайға басып, байбалам салып айбат көрсетіп тұрған да сол. Үлкен аю да күркіреп қояды, бірақ анаған қарағанда қимылы жайбарақат, күшінің басым екенін білетіндей. Енді бір мезетте үлкені екі-үш қарғып жетіп барды да, жас аюды шапалақпен тар­тып-тартып жіберді. Жас аю шыңғыра домалап барып, қайта тұрып кетті. Қашып кетудің орнына, тұрған бойда өзінің кеудесін өзі ұрғылап айғайға басты. Айғайдан гөрі ойбайға келеді. Ойбайлаған дауысынан тау күңіреніп, тас домала­ды. Кеудесін тырмалап, тынымсыз ұрғылай берді. Онысы айбат шеккені ме, әйтеуір өзін-өзі аяр емес, үсті-басының қан-жосасын шығарды. Келесі сәтте, мәссаған... темірдей тұяқтарымен өз қарнын өзі жарып жіберді.. 

Жантүршігерлік масқара көрініс! Атқақтаған қан алаңқайды қызыл түске бояп тастады. 

Үлкен аю шаруаның біткенін сезді білем, тұмсығын көтеріп, жалтақтай жалғыз рет бұрылды да, өз жөнімен кете барды. Қан-жоса болған жас аю ақтарылған ішегін шұбатып, жоғарыдағы тасты айнала бере, теңселе басып құлап түсті. 

– Өлді! – деді Мұнарбек күрсініп. 

– Құдай сақтасын, бұларға не болған? 

– Тайынша аю анау үлкен аюдың территориясына кіріп кеткен. Тәіжрибе жоқ қой...Үлкенге күші жетпейтінін білді, бірақ ашуы сондай, өзін-өзі жарып жіберді. 

«Ойпырмай десеңші, мұндай жағдай болады екен-ау?». Көргеніме көзімді сендіре алмай мен тұрмын аңырып. 

Алтайға келіп аю дейтін алыптардың да алапат айқасына куә болғанымды қарашы! Мынау көрініс күндіз естен шықпайтын, түнде түсіңе кіретін жойыт оқиға ғой! 

Ақсақал өзін Байғалимын деп таныстырды. 

Іргедегі Аршатының байырғы тұрғыны екен. Кеңірдегі сорайған, шынжау етті, күйек сақал, қушиған арық кісі.Ұзын денесі екі бүктетіліп, жүрсе де, тұрса да майламаған ағаштай сықырлап қоя береді. 

«Осы ауылдағы жалғыз көзі тірі соғыс ардагерімін» дейді. Соғыстан соң өмір бойы орманшы болып жұмыс жа­сапты, мынау өңірдің тау мен тасын бес саусақтай білетінін айтты. Алматыдан «үлкен бастық» келіп, Тайпақта демалып жатыр дегенді естіп, оның да әдейі іздеп шыққан беті екен. «Үлкен бастығы» баяғы мен ғой... 

– Мен көпті көрген кәрі шөңгенің бірімін, қарағым, өзіңмен тілдесетін сөзім бар, – деп бұл кісі де әлдебір құпия айтардай түйілді. 

– Ақсақал, мен бастық емеспін, – деп бұлтарып көріп едім, ол шүңірек сарғыш жанарын тіктеп, маған сынай қарады. Тіксініп қалдым, жай адам емес, көңілді көзден ұғатын сұңғыла шалға ұқсайды. 

– Алматыдан келгеннің бәрі біз үшін үлкен бастық, би. Би болмаса да би түсетін үй! Аузы дуалы, тілі жететін, сөзі өтетін кісі, сондықтан жалтармай менің сөзімді тыңда бы­лай! – деп, қария бұйыра, өктем сөйледі. 

– Тыңдадым, ата, айта беріңіз! – деп, мен амалсыз көндім. 

Қарияның күрек тісі жоқ екен, түкірігін шашыратып, ысқырып сөйледі. Айтқан кейбір сөзін түсіне алмай, ежіктеп қайта сұрауға тура келді. 

– Қоғамнан қуат кеткен, адамнан ұят кеткен заманға тап болдым, қарағым... – деп қария әңгімесін бастады. – Алтайдың ағашын отап жатыр, аң мен құсын құртып жа­тыр. Таутекеге браконьер деген бәле жаудай шапты. Мүйізі үшін құлжасын ғана таңдап атады. Браконьерден қалғанын ентұрахотнік дегендер шетелге тасып әкетіп жатыр. Ұлттық парк құрылғалы бері тыйым салынып еді. Лицензиямен ғана атуға рұқсат деседі. Бірақ, бәрі бекер, құр сөз, тоқтау болмай тұр, балам... 

Қария сирек сақалын саумалады. Проблеманы түсінгендей мен бас изеп, құптап қана отырмын. 

– Бұғы-маралда да сол жағдай, – деді қария ауыр күрсініп. – Аңшылар таңдап жүріп, тіпті соңына күндіз-түні шам алып қуалап мүйізі шаңырақтанған атан бұғыларды ғана ата­ды. Біздің де, шетелдің де аңшыларына бұғының еті емес, терісі де емес, мүйізі ғана керек... Олар мүйізді ескерткіш үшін қалаға алып кетеді, апарып үйіне салбыратып іліп қояды, мақтан етеді. Сөйтіп, ұрғашы маралдарға қорықбас жаман бұғылар ие болып қалып жатыр. Таутекенің де, бұғының да тұқымы азып барады, азайып барады. Баяғыда, соғыстан кейінгі жылдары мүйізі жиырма, жиырма екі са­лалы бұғылар болыпты. Өзім ондай болмаса да, он сегіз са­ласын көрдім. Қазір бұғы мүйізі сегіз-тоғыз саладан аспай жатыр. Қолыңнан келсе, шырағым, осыған бір қайран жаса. Менің осы сөзімді жеткіз бастықтарға! Олар да ет пен сүйектен жаралған жандар шығар, ұғар, түсінер, бір шешім жасар деген үмітпен келдім саған. 

Байқаймын, қария ірі сөзге, елдік әңгімеге бастап отыр. Мұндай проблеманы шешуге, тоқтау салуға мен пақырдың құзыреті жетпесін бұл кісі қайдан білсін. Олай десем, қарияның көңілі қалады, қоғамға деген сенімі жоғалады. Мұндай үлкен шаруамен ғұмыры айналыспаған қарапайым суретші үшін мынау шынымен қиын мәселе болды. Екі ара­да арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін ұтымды жол табу ке­рек... 

– Жоғарыға айта бар, көлденең көк аттының бәріне лицензия беруді доғарсын. Тағы да айтам, ақшаның соңына түсеміз деп Алтайдың табиғатын әбден жұтаттық. Тоқтатсын! Солай деп айт! Келгендегі менің бар шаруам осы, шырағым! 

Қарияның сөзін мейілінше құптайтындығымды білдіріп, айтқандарын ол кісінің көзінше қағазға түртіп алдым. 

Әлібек АСҚАРОВ, 

«Алтайда алтын күз еді», ( 114-бет.) 

ӘРІПТЕСТЕР ЛЕБІЗІ 

Әлібек Асқаровтың таза шығармашылыққа бой ұруы өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бастау алады. Оның «Тайга толғауы», «Ерте түскен бозқырау», «Өр Ал­49 

КАТОНҚАРАҒАЙ ҚАЛАМГЕРЛЕРІ 

тай, мен қайтейін биігіңді», «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын», «Социализм әңгімелері» секілді көркем туын­дыларында қаламгер табиғаттың небір ғажап суреттерін салды, ел тағдырының жер тағдырымен ажырағысыз байла­ныста екенін парасатпен пайымдатты. 

Бүркітбай АЯҒАН, 

тарих ғылымдарының докторы, профессор 

Жазушының «Алтай, Алтын бесік, атажұрт» атты кітабын оқып, қатты сүйсіндім. Бұл кітап «Көккөл», «Шындығатай», «Мұзтау, «Шабанбай» атты эсселерден тұрады екен. Бұл толғау-эсселер бірін-бірі толықтырып, Алтайға ғана тән ерекшелікті түйсінуге көмектеседі. 

Әлібек Асқаров – бүгінгі қазақ әдебиетінің мықты жазушыларының бірі. 

Ғарифолла ЕСІМ, 

академик, философия ғылымдарының докторы 

Әлібек Асқаровты бүгінгі қазақ прозашыларынң ішіндегі елеулі тұлға деп есептеймін. 

Әдебиетке дабырасыз, жарнамасыз, сыпайы ғана еніп, көркемдік дәрежесі биік туындыларымен өзін мойындата білу – шын таланттың еншісі. 

Төлен ӘБДІКҰЛЫ, 

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты 

Әлібек Асқаровтың маңдайына қазақ сөз өнерінде сафа­ри жанрының ізашары болу жауапкершілігі жүктелді, осы бақыт қаламгерлік тағдырына бұйырды. 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ, 

филология ғылымдарының докторы 


Алтайды суреттегендегі лирик Әлібек көркем прозасын­да, әңгімелері мен повестерінде романтикадан алшақтап, қат-қабат тіршіліктің қайшылығы мен қасіретін, күнделікті күйбең өмірдің көріністерін реалистік сипатта, мейлінше шынайы түрде бейнелейді, бірақ соның бәрін ол өмірге де­ген шұғылалы сезіммен, ара-арасында жеңіл, жұмсақ юмор­мен сынай отырып, болып жатқан оқиғаларды, адамдардың ара қатынасын сенімді етіп көрсетеді. 

Сейіт ҚАСҚАБАСОВ, 

академик 



ҚАЙЫРДЫ НАЗЫРБАЕВ 

Қайырды Назырбаев 1947 жылы 2 қазанда Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданындағы Таңба (қазіргі Еңбек) ауылында дүниеге келген. 1963 жылы еңбек сегізжылдық, 1966 жылы С. Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебін бітірген. 

Орта мектепті бітірген соң «Өрел» совхозында шопан, өз ауылында клуб меңгерушісі, Еңбек сегізжылдық мектебінде мұғалім болып жұмыс істеген. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін еңбектен қол үзбей сырттай оқып бітірген. 

Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінде әдеби қызметкер, Катонқарағай, Үлкен Нарын және Зырян аудандары бойынша меншікті тілші, Күршім аудандық «Коммунистік еңбек» – «Коммунистический труд» газетінде аудармашы, Шығыс Қазақстан облыстық теле-радио комитетінде редактор, осы комитетке қарасты шекаралық Катонқарағай аудандық радиокомитетінің жауап­ты редакторы, Катонқарағай аудандық «Арай» – «Луч» газеті редакторының орынбасары, редакторы болды. Кейінірек 52 

Қайырды НАЗЫРБАЕВ 

Астанадағы мемлекеттік «Елорда» баспасында редактор, «Аударма» баспасында бас редактор, директор қызметтерін атқарған. Қазір «Нұра-Астана» баспасының директоры. 

Қайырдының өлеңдері, әңгіме, очерктері аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарда жарияланған. Астанадан шыққан «Ағажай, Алтайдай жер қайда?» атты ұжымдық жинаққа өлеңдері енген. «Алтайдың алтын алқасы» (1998), З. Алпысованың «Ұстаз тағылымы» (2003), Ш. Мұртазаның «Ақындар мен әкімдер», «Соғыстың соңғы жесірі», «Қаратай елінің ақындары» (2005), «Ел ішіндегі бірқақпайлар» (Ж. Қызыровпен бірге, 2003), «Қазақ прозасының Мұзтауы» (2007), «Көркем сөздің хас шебері» (Қалихан Ысқақ туралы естеліктер) (2015) жинақтарын құрастырып шығарған. 

Қ. Назырбаев – «Нобель сыйлығының лауреаттары», «Шытырман оқиғалар және фантастика», «Жыр-жауһар», «Әлем әдебиеті», «Тарих. Таным. Тағдыр», «Әлем әдебиеті кітапханасы», «Қазақ халқының философиялық мұрасы», «Қазіргі қазақ сатирасы» серияларымен шыққан кітаптардың ұйымдастырушысы. 

Қайырды Назырбаевтың «Таудағы таңба» атты кітабы 2007 жылы, «Қаратай баба зираты» (2010), «Қаратай батыр» (2015), ал 2011 жылы «Катонқарағай» атты көркемсуретті тарихи-танымдық кітабы «Менің Отаным – Қазақстан» се­риясымен Астанадағы «Фолиант» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен жарық көрді. 2016 жылы Қайырдының «Өмір өтіп барады» атты кітабы баспадан шықты. Бұл кітапқа қаламгердің мақалалары, әңгімелері, өлеңдері мен ау­дармалары және «Өмірімнің есте қалған сәттері» атты эссесі енгізілген. 2017 жылы Қайырдының «Катонқарағай қаламгерлері» атты кітабы жарық көрді. Ол «Әлем әдебиеті» журналының алқа мүшесі болды. Қайырды әдеби аударма ісімен де шұғылданып, А. Хайт, А. Курляндский, Гр. Горин, М. Ильич, Леонид Ленч, Л. Осадчук, Әзиз Несин, Юрий Рих­тер, Пол Гелликоу, Юкио Мисима және тағы басқалардың әңгімелерін қазақша тәржімалаған. 

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Қайырды Назырбаев Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Құрмет грамотасы­мен, «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері» белгісімен, «Қазақстан Республикасына – 10 жыл» медалімен марапатталған, «Қазақстан Республикасы Баспа және полиграфия ісінің қайраткері», «Катонқарағай ауданының Құрметті азаматы». 

ШЕЖІРЕ 

Қазақтың қалың жұртын біліктеген, 

Сөз айтса шаршы топтан үрікпеген. 

Жезтаңдай шежіре шал жоқ бүгінде, 

«Үш жүзді» үш тарауға жіліктеген. 

Мақалдап ағыл-тегіл борататын, 

Аузына дүйім жұртты қарататын. 

Ақылдың кені болған қайран шалдар, 

Бұтақтап бар атаны тарататын. 

Сабақтап бір-бірімен өрбітетін, 

Жаныңды жақсы сөзбен сергітетін. 

Арманда опат болған атаңды айтса, 

Жүрекке өшпестей бір шер бітетін. 

Жалықпай әңгімені қоздататын, 

Ұрпақсыз өткенді айтып боздататын. 

Жалғасып түннен таңға, таңнан түнге, 

Созылып ащы ішектей сөз жататын.

Біреуге бабаң батыр болған дейтін, 

Болып ед ел басына қорған дейтін. 

Кешегі жаугершілік заманында, 

Оққа ұшып сабағынан солған дейтін. 

Айтатын қай жерлерге қойылғанын, 

Асында қанша малдың сойылғанын. 

Жиылған қалың жұрттың азасынан, 

Бүйірі қара жердің ойылғанын. 

Сан ғасыр сахарада көшкендердің, 

«Мезгілсіз, мерекесіз өткендердің». 

Өшпейтін белгісіндей шежірені, 

Қайран жұрт, қайтіп қана ескермедің. 

Өзіңе қанша айтса да оны бүгін, 

Сезесің мұндай жырдың сонылығын. 

Кезінде керексіз боп қалып еді, 

Тірнектеп жинап жүрміз соны бүгін. 

О күннен талай заман өткеннен соң, 

Ескіріп, ұмытылып кеткеннен соң. 

Ескі көз кәрілерден ұғып алдым, 

Бұл жайды жырдай қылып шерткеннен соң. 

ТУҒАН АУЫЛ 

Жүрекке жақын ыстық-ау, 

Құлындай шапқан құлдырап. 

Кейіндеп бара жатыр-ау, 

Балалық күндер бұлдырап. 

Өзенге талай үңіліп, 

Шабаққа қармақ тастадым. 

Аяққа бастым жүгіріп, 

Күйдірген құмның аптабын. 

Жатушы ем аунап көгалда, 

Қызықтап мөлдір аспанын. 

Кезуші ем кетіп одан да, 

Шаршамай тауын-тастарын. 

Әркім-ақ аңсап тұрады, 

Биігін шыққан тауының. 

Жанымның жылы шуағы, 

О, менің, туған ауылым! 

КАТОННЫҢ ҚЫМЫЗЫН-АЙ 

Осы деп ас төресі бас иетін, 

Әлбетте мақтаймыз ғой ас иесін. 

Тілмен айтып жеткізу мүмкін емес, 

Катонның қымызының қасиетін. 

Қымызың айран емес, емес қатық, 

Қымыздың көру керек дәмін татып. 

Шіркіннің қандай күйде екендігін, 

Дәмінен-ақ сезесің ішіп жатып. 

Кесеңді қолыңа алып қарап-қарап, 

Ішерсің-ау тамсанып балға балап. 

Жарықтық әрі тағам, әрі сусын, 

Жұтынып қоярсың-ау тілді жалап. 

Сабада салқын жерде таң асатын, 

Аңқаң кеуіп келгенде шөл басатын. 

Қымызын киіз үйде құйып тұрған, 

Балбармақ жеңешеміз мың жасасын. 

Жаз. Жайлау. Қымызды ауыл қандай еді, 

Катонның әр бұрышы жайлау еді. 

Самсаған қарағайлар арасында, 

Жылқышы қонысын да таңдар еді. 

Суы мол, шөбі шүйгін қырда жатқан, 

Жылқының қымызынан бір дәм татсаң. 

Зәмзәм суын ішкендей шөлің қанар, 

Дертке – дауа, шипалы әуел бастан. 

Алтайдай жер төресі естен кетпес, 

Сұлу жер көп болса да оған тектес. 

Әлемнің бар қымызын жисаң-дағы, 

Катонның қымызына қымыз жетпес. 

Қайырды НАЗЫРБАЕВ  




ӘЛІБЕК ҚАҢТАРБАЕВ 

Әлібек Қаңтарбаев 1947 жылы 23 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданындағы Топқайың ауылында дүниеге келген. Топқайың мектебінен соң С. Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебін 1965 жылы бітірген. 

Әлібек Семей педагогикалық институтының филоло­гия факультетін тәмамдап келген соң өз ауданының мектептерінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ұзақ жыл сабақ берді. 1997 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінде қызмет істеді. Соңғы кезде Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы міндетін атқарып жүр. 

Әлібектің өлеңдері «Ағажай, Алтайдай жер қайда?» ұжымдық жинағына енген. «Қыран ғұмыр», «Сол бір кез есімде», «Армандастар», «Алаш азаматы», «Досыма хат» атты кітаптары жарық көрген. Ә. Қаңтарбаевтың «Жұлдыздар сөнбейді» деген атпен таңдамалы прозалық шығармалары 2017 жылы мемлекеттік тапсырыспен Алматыдан басылып шықты. 2005 жылы «Армандастар» атты драмасы Шығыс Қазақстан облыстық Жамбыл атындағы театрында қойылды. 

Ә. Қаңтарбаев – «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «Тіл жа­нашыры» (2009) белгісімен марапатталған, Қазақстан Жазу­шылар одағының мүшесі, Катонқарағай ауданы мен Өскемен қаласының Құрметті азаматы.58 


СОЛ БІР КЕЗ ЕСІМДЕ... 

(Ғұмырнамалық эсседен үзінді) 

...Қар қапалақтап жауып тұр. Қоңқайдың бауырындағы аруақтар мекені. Менің сүйікті әкемді – шиеттей он бір баланың асқар таудай арқасүйерін лақат қуысына икемдеп барады. Көзімде жас жоқ. Апта бойы жылағаннан болар, қасіреттің қап-қара жасы пышақпен кескендей тыйылыпты. Санам мен ішкі дүниемді әлдекім қопара тонап әкеткендей. Алқымымдағы тобықтай бір ащы кесек не ары, не бері кет­пей тынысымды буып тастаған. Булығып тұрмын. Алайда көзімде түйір жас жоқ. Құбыладан, ту сонау Бүркіттің аузы­нан ызғар лебі еседі. 

Алты жасар інім Қайрат: «Ағамды көмбеңдерші!» – деп ботадай боздайды. Титімдей Талғат қолымнан тас қып ұстап алған, «жылау керек пе, жоқ па?» дегендей бетіме жаутаңдайды. Жылап ал, інім! Аруақтарға ұрпағының көз жасы сауап дейді ғой. 

Алатаудай асқарым деп жүрген әкем лезде төмпешікке айналды. Мен де шөгіп кеткендеймін. Ешқандай сүйенішсіз, қатыгез өмірмен бетпе-бет қалғанымды ептеп түйсінетіндеймін. Тоңазып барамын. Суық ішіме де кіріп кеткен сияқты. 

Жерлеу рәсімінен соң үйде хатым түсіріп жатырмыз. Ас табағы жинала, халық тарай бастады. Шешем әлі жоқтау ай­тып отыр. Сай-сүйегіңді сырқыратады. Даусы қарлығыңқы. «Мені неге жалғыз тастап кеттің, Қали-ау?» деп зарлайды. Қимастықтан емес, «артында қалған сары қарын, үрпек балапандарыңды қайтіп қана жеткіземін, мына кетісің әділетсіздік қой!» деген өкпе-реніш, жан жарының тып- тыныш бақилық ғұмырына деген қызғаныш басымдау секілді. 

Семей мен Алматыда оқитын апайларым Қапила мен Хабиба әке жүзін соңғы рет көріп те үлгірмеді. Әне, өлді де­генге сенбей, үздіге шырқырайды. 


Бағанағы қарақұрым халықтың іргесі сөгіле бастапты. Кетерлерінде бәрі де: «Өлгеннің артынан өлмек жоқ. Мықты болыңдар!» – дегенді айтады. Дауыстарында жігер беруден гөрі: «Бейшаралар-ай, ендігі күндерің не болар екен?» – де­ген мүсіркеу басым. 

Бағанағы қапалақтаған қар жаяу борасынға айналыпты. Қараңғылықпен бірге Қырғи мойнағы жақтан қап-қара бо­ран келе жатыр. 

Ауылдағы ең көп балалы үйдің бірі – біздің әкесіз өміріміз басталды. Бұл – 1966 жылдың 7 наурызы болатын. 

* * * 

Әкем... Ол барда мен ешкімнен етек жинап қорықпайтынмын. Ол барда мен ерке едім, желік қуып желкілдеп, серілік құрып селтеңдеп жүретінмін. Опасыз фәниден қош- қошын айтып әке өтер-ау деп те ойламаппын ғой. 

Кез келген пенде бақиға аттанғанда арманда кетті деп жа­тамыз ғой, әй, қайдам, нағыз атанның белі кетердей арман арқалап кеткен адам менің әкем шығар. 

– Үш жасымда шешем дүниеден өтті. Алтын деген өгей шешем жеткізді. Жарықтық, туған баласынан кем көрген жоқ. 

Әкеміз Қаңтарбай қатал адам еді. «Уызға жарымай ше­шеден қалған жетімек қой» деді ме екен, ағаларым Сәбит пен Дүзбенбекті таяқтың астына алып жатқанда мен шет қалатынмын. Мен әкемнің ащы таяғын көрмей өстім, – дейтін әкем. 

Ескіше төрт жыл оқып қара танығаны, еті тірілігі бар Қали 1928 жылдың кәмпескесі кезінде ауылдағы белсенді жастардың бірі болды. Жүз шақты жылқысы, 10-15 сиы­ры, 200-300-дей қойы бар Қаңтарбайды кулаққа жатқызып тәргілегенде, ауыл белсендісі есебінде Қали бірге жүреді. 

1932 жылғы Голощекиннің қолдан жасаған ақсүйек ашаршылығы Алтайдың қойнау-қолатында жатқан момақан қазақ ауылдарына да соқпай кетпейді. Неге екенін кім білсін, әкем осы тақырыпқа көп әңгіме қозғамайтын. Әлде Арқа қазақтарына қарағанда ашаршылықтың қатыгез шоқпары Өр Алтайға жанап қана тиді ме екен, әлде ту сонау қасіретті жылдарда қимастарын ажалдың қанды шеңгеліне беріп алды ма, әйтеуір осы әңгіме басталған жерде етек-жеңін жинап, қашқақтап отыратын. 

Қаратайға сіңісіп кеткен аз ғана Уақтың аузы дуалы ақсақалы болған Қаңтарбай шағын жұртын пышыратып алмай топтап, айтқанға көне қоймаған руластарын құтпан айғыр секілді қауып тастап отыратын адуынды болса керек. Орыс кержақтарымен сауда-саттық, айырбас жүргізіп, олар­дан алған марал мүйізін Қытай асырып жібереді екен. 

Сол ататегіміз, тұқымымыз ұсақтап, азып кетпесін де­ген үлкен мұратты көздеген-ау, балаларын үй қыларда тек текті тұқыммен ғана құдаласқан ғой. Үлкен ұлы Сәбитке етек-жеңі кең, өскен Атантайдың Қази деген қызын әперсе, қызы Салиханы Өрел жақтағы қалың Самайға ұзатыпты. Онан кейінгі ұлы Дүзбенбекке ел арасында билік айтатын Жанбағыс дегеннің қызы Әнуарды әперсе керек. 

Баланың кенжесі болған соң ба, әкем бұлғақтап жүріңкіреп қалыпты. Көзімнің тірісінде қолымнан үй қып кетейін деп асыққан-ау, ақыры әкеме руластары Самайдың ішінде шоқтығы асып, түкірігі жерге түспей отыратын ақсүйегі Нүріскеннің он бес жасар Мәнәштай (шын аты Марияманар) деген уылжыған бойжеткенін қосақтапты. 

Сонымен бірге Қаңтарбай атамызда мықты рулардың аймүйіздерімен құдандалы болсам, азғана үй Уаққа көз алартушылардың саны да кемір деген стратегиялық саясат болса керек. 

Қаңтарбай сүт кенжесі Қалидан туған немересі Бағдат атты қыздың маңдайынан иіскеп, 1936 жылы ауырмай- сырқамай аяқ астынан қайтыс болады. Бейіті Қырғи мойнағының үстінде, Жаңатілектің аузында. 

Әкесі қайтыс болумен бірге Қалидың сал-серілік, уайым­сыз тірлігі де келмеске кетеді. Мойнына тағдырының темір қапталды қамытын киеді. 

Әкем жалпы өте сақ, қорқақтау адам еді. Сталиндік зобалаң туралы, тіпті 20-25 жыл өтіп кетсе де жан-жағына үреймен жалтақтап отырып, суыртпақтап қана айтатын. 

Атасы Нүріскен 1937 жылы «халық жауы» деп қамалған соң, іле-шала сол тұзақты Қалидың мойнына да тастайды. Сол шақта ол Жаңатілек колхозында бастық боп жүрсе ке­рек. 

Ақшам жамырап, төңіректі тайганың тылсым іңірі тұмшалаған шақта әкем насыбайын атып алып, миығынан мырс етіп күлу рәсімін жасайтын. Онысы күлу ме, күйіну ме – айырып болмайтын. 

– Мені түрмеге жабулары да оқыстан болған. Ол кезде ау­даннан келген өкілдер колхозшылардың жалпы жиналысын ашып, кәдімгідей: «Кім фашист?» деген жалпылама сұрақ қоятын. Сондай бір кезекті жиында менің шашымды алып, сақал-мұртымды басып жүретін ауылдың қараңғы бір шалы «кім фашист?» дегенді президумға отырғызатын кісі сайлап жатыр деп ойласа керек: «Қаңтарбаев Қали пәшім бол­сын», – дегені. 

Әй-шайға қаратқан жоқ, ала жөнелді. Айыптау қорытындысын оқысам: мен атам Нүріскенмен қосылып фа­шистермен байланыста жүрген, ауылдағы Кеңес үкіметін әлсіретуге әрекет жасап жатқан жалған белсенді екенмін. Оның үстіне кулактың баласы дегенді қосақтапты. 

Айыптауға қол қоймадым. Қолымнан аспақтап (екі аяғың жерге тимей тұрады), тұлыптай етіп үш күн соқты. Ақыры, жан тәтті ғой, есім бір кіргенде: «Рас, мен фашистің құйыршығы едім», – деген айыптауға қол қойып беріп құтылдым, – деп, әкем там-тұмдап өткен өмірінен мағлұмат беретін. 

Орда бұзар отызында нақақтан жапа шегіп, абақтының қандаласына жем болған әкемнің қасіреті сонымен бітпепті. Бұл бастамасы ғана екен. Тасқайнат тағдыры аярлықпен ұсынған у толы шарананы сан мәрте сарқа сіміріп, мың өліп, мың тірілген көрінеді. 

Түрмеде рухы қатыгездікпен тоналған, адам бейнесіндегі құр тұлыптар жаттық. Кәдімгі адамша бір-бірімізбен пікірлесудің өзі қауіпті еді. Айналамызға күдікпен қарайтынбыз. 

Қыс ортасында тобымызбен қосақтап фин соғысына апарып салды. Онда жараланғандарды «айыбын қанымен жуғандар» есебінде негізгі армияға әкетті. Суішкілігі бар біз сияқты денесіне оқ тимегендерді соғыс біте түрмеге қайта тоғытты. 

Ұлы Отан соғысы басталған жылы қара күзде: «Рокосов­ский деген қолбасшы Москва түбіндегі қырғынға түрмеде жатқандардан айыптылар батальонын жасақтайды екен» дегенді естіп, күндіз-түні тәңірден ең болмаса соған іліктіре гөр деп жалбарына сұрап, мінәжат ететін болдық. Абақтыда жатып ит өліммен көз жұмғаннан, майдан даласында шейіт болғанды артық санадық. 

Аллаға өкпем жоқ. Дәл сол жылы тілегімді берді. Айып­тылар батальонына іліктім. Үш «қылмыскерге» ортақ бір винтовка ұстатып, шынжырлап апарып Москва түбіндегі қанды қасапқа салды. Алдымызда жау, артымызда – бір адым шегінсек қан құстыруға дайын жатқан пулеметті өз әскеріміз. Екі оттың ортасында үшеуара бір винтовка ұстаған бейшара біздер жатырмыз. Малақайымызда жұлдыз, белімізде белбеуіміз де жоқ. 

Бізге бәрібір болатын. Тек өз әскеріміздің оғынан емес, жаудың жебесінен мерт болуды тіледік алладан. Мен ай­ыптылар батальонымен үш рет ұрысқа кірдім. Сонда не түйсінді дейсің ғой? 

Түрме азабын қаншама бастан кешсек те біздің «ұлы» Сталинге деген сеніміміздің қылшығы қисаймағанына 

таң қалам. Айыптылар атакаға «ура» деп шықпайтынбыз, «за Сталина» деп, немесе жаппай боқтықпен өре түрегелетінбіз. Немістер де адам баласы ғой, көздері шөлдің құдығындай шүңірейген, ажалдың бетіне былш еткізіп түкіруден тайынбайтын біздердің сықпытымызды көргеннен-ақ қашуға қамдана бастайтын. Қашатын да жөндері бар. Біз қоршап алған жау тобын тұтқынға алмай, түп-тұқиянын қалдырмай қырып салатынбыз. 

Ұрысқа үшінші рет кіргенде оң иығымнан жараландым. Дала госпиталіне түстім. Жараланғанда қуаныштан жы­лап жібергенім рас. «Айыбымды» қаныммен жудым. Мен енді «халық жауы» емес едім. Қызық, менің жау, немесе жау еместігім денемнен сорғалаған қанға ғана қатысты екендігі. 

Жеңісті Польша жерінде қарсы алдым. «Қырық жыл қырғын болса да – ажалды өледі» деген рас шығар, түрмесін де, соғысын да өткеріп, 1945-тің жазында Топқайыңға келдім, – деп әкем терең күрсінетін. 

Өзекті өртер өкініші, бармағын қарш-қарш шайнаған сәттері көп болғанын жан-жүрегіммен түйсінетінмін. Тәні мен жанында жарадан сау тамтық жер жоқ әкеме жаным ашитын. Оның сақтығына, кейбір керекті-керексіз жерінде қорқасоқтап отырар сәттеріне де кешіріммен қарауды үйренгем. Отызға жетер-жетпес ереуіл шағы түрме деген тозақтың босағасында өткен, іле-шала Отан соғысы деген ажал бүріккен аждаһаның семсер тісті азуына түскен адам­нан өрлік пен асқақтықты іздеу әбестік те болар еді. 

Әкемнің замандастары қанында бар аймүйіз қасиеттерін бетпақ қатындай бедеу қоғамға тонатқан, рухтарын жалған демократияны жалау еткен коммунистік идеологияның керзі етігіне таптатқан бейбақтар болатын. Олар – әртістер еді. Өмір бойы массовка ойнады: партия – режиссердің ернінің емеурінімен, көзінің қиығымен жүгірді, ой, сана еркіндігі дегенді білген де жоқ. Режиссер отқа түс десе – отқа түсті, суға түс десе – суға түсті. Өздерінің кім екендігін ғұмыр бойы білмей өткен адам – тұлыптар-тын. Қуаныштары да тым шектеулі, өмірлерінде титімдей жақсылық көрмей көз жұмған әкем сынды азаматтардың тәлкекті тағдырын ойыма алған сайын өзегімді қорғасын құйғандай өртті өкініш жай­лайтыны рас...


* * * 

Бірінші сыныпта оқып жүрген кезім. Наурыздың ба­сында мектеп абыр-сабыр болып кетті. Мұғалімдеріміз де қабақтарын қарс жауып алған. Бір-бірімен сыбырласып қана сөйлеседі. Бізге «үзіліс кезінде жүгірмеңдер, күлмеңдер» дейді. Не боп қалды деп біз аң-таңбыз. Үлкен сыныптың ба­лаларында да бір сабырлылық, мұң пайда болыпты. Білмекке құмартып өліп барамыз. 

Линейкаға тұрғызып жатыр. Мектеп директоры Дубаев ағамыздың өңі өрт сөндіргендей. Сөйлеп тұр. Жылап тұр. Көсеміміз Сталин қайтыс болыпты. Әр жерде пыс-пыс жылаған мұғалімдер. Бізге де жылаңдар деді. Бір- бірімізге жаутаңдап қараймыз. Сен баста дейтіндейміз. Ең алдымен сызылтып қыздар шырылдады. Біз де көп күттіргеміз жоқ. Мектептің тар дәлізі ұлар да шу болып, күңіреніп кетті. 

Үйге келсем дөңгелек столдың басында әкем, соғыста бір қолынан айырылып келген колхоздың парткомы шолақ Мүшелбай, етек жақта шешем отыр екен. Самауыр баяғыда суып қалыпты. Столдың үстінде аузы ашылған бір бөтелке арақ. Әкем мен Мүшекең қошқыл қызу. Көздері қып-қызыл. Бырқ-бырқ жылап отыр. «Көсемнен айырылдық, ендігі күніміз не болады?» дейді. 

Столдың үстінен бір үзім бәтерді (ашытпай пісірген нан­ды біздің елде бәтер дейді) ала сап, жылыстап кетпек боп едім, әкем ұстап алды. Мойнымнан тарс қып құшақтап, арақ мүңкіген аузымен сілемейлеп сүйіп жатыр. «Сталин жоқ, енді мықты бол!» дейді. Мен «жарайды» деймін... 

Әлібек ҚАҢТАРБАЕВ

«Армандастар», 37-44-беттер. 

Өскемен, 2005 жыл65 



ТӨЛЕУХАН БИЯРОВ 

Төлеухан Нұралдаұлы Бияров 1949 жылы Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданындағы Еңбек ауылын­да туған. Еңбек сегізжылдық және С. Торайғыров атындағы (қазіргі Әбдікерім атындағы) Шыңғыстай орта мектебін 1966 жылы бітірген. Мектептен соң «Өрел» совхозының Еңбек бөлімшесінде бір жыл жұмысшы болып істеді. Мектептің жоғарғы сыныптарында оқыған кезінде және ауылда жүргенде Төлеухан ақын ретінде танылды. Оның өлеңдері аудандық «Еңбек туы» және облыстық «Коммунизм туы» газеттерінде жиі жарияланып тұрды. Ол ғылым жолын қуып кетпегенде жақсы ақын боларына сөз жоқ еді. 

Төлеухан ауылда бір жыл жұмыс істеген соң КазГУ-дың механика-математика факультетін және «Математикалық кибернетика» мамандығы бойынша аспирантураны бітірген. Төлеухан Бияров – физика-математика ғылымдарының кандидаты, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы инженерлік ғылымдар академиясының корреспондент мүшесі атақтарына ие болды. Ол КазГу-де кафедра меңгерушісі және Қазақстан-Британ Университетінде кафедра меңгерушісі, декан, профессор бо­лып болып қызмет жасады. 

Төлеухан Бияров кибернетика мектебін құрып, 22 ғылым кандидаты мен 1 ғылым докторын дайындады. Ол орта мектептерге, жоғарғы оқу орындарына арналған көптеген оқулықтар мен ғылыми еңбектердің авторы. 

Төлеухан Бияровтың бір топ өлеңдері 1999 жылы шыққан «Ағажай, Алтайдай жер қайда» жинағында және «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деген атпен жеке жыр жинағында жарық көрді. 

Төлеуханның «Теория устойчивости движения на ко­нечном отрезке времени» атты монографиясы 2003 жылы Алматыдағы «Зерде» баспасынан шықты. 

Төлеуханның інілері Мұхтархан мен Базархан Дидахмет Әшімханұлының басшылығымен 2009 жылы «Төлеухан Баяров» атты кітап шығарып, оған оның өлеңдерін, мақалаларын және «Төлеухан туралы естеліктерді» енгізді. 

Төлеухан Бияров 2008 жылы дүниеден өтіп, Алматыда жерленді. 

АУЫЛДЫҢ ЕРКЕ ҚЫЗДАРЫ 

Жұпарлы сезім төктіңдер, 

Ұлдардың балғын шын зары. 

Алысқа самғап кеттіңдер, 

Ауылдың ерке қыздары. 

Қызғалдақ терген белесте, 

Ұлдар мен қыздар емес пе ек. 

Көңіліме балғын нәресте – 

Күлкілер кетті елестеп. 

Бір құшақ гүлді көктемде, 

Әлдилеп бірге топтадық. 

Бойжетіп сендер кеткенде, 

Еске алып біздер жоқтадық.67 


Күттім мен тағы көктемді, 

Құс болып ұшып келер ме? 

Тізеден кешіп өткелді, 

Бұлғасам қолды егер де. 

Жұпарлы сезім төктіңдер, 

Ұлдардың балғын шын зары. 

Алысқа самғап кеттіңдер, 

Ауылдың ерке қыздары. 

Төлеухан БИЯРОВ



ЖӘНІБЕК ҚЫЗЫРОВ 

Жәнібек Қызыров 1949 жылы 28 шілдеде Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының Катонқарағай ауылында дүниеге келген. Ол 1968 жылы Алтай орта мектебін бітіріп, еңбек жолын жүргізушіліктен бастаған. 

Жәнібек 1972 жылы Катонқарағай аудандық «Арай»- «Луч» газетіне әдеби қызметкер болып орналасады. Со­дан бері аудандық газет редакциясында бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары міндеттерін атқарып келеді. Қазір де осы газеттің Катонқарағай аумағындағы өкілі ретінде қызмет атқарып жүр. 

Жәнібектің өлеңдері мерзімдік баспасөз бетінде үнемі 

жарияланып жүр, оның біразы «Ағажай, Алтайдай жер қайда?» ұжымдық жинағына (1999) енген. 2003 жылы қаламгер досы Қ. Назырбаев екеуінің құрастыруымен «Ел ішіндегі бірқақпайлар» атты кітапша жарық көрген. 

Жәнібек Ұлы Жеңістің 60, 65, 70 жылдық мерейтойларына орай катонқарағайлық жерлестерінің майдандағы, тылдағы ерлігі жайлы «Ерлік – Дастан» атты үш кітап құрастырып (2005, 2015) жарыққа шығарды. Катонқарағай ауданының 80 жылдығына орай «Жер жәннаты – Катонқарағай» (2008) атты кітаптың құрастырушысы болды. Өзінің «Ақ бұлақ» атты (2009) атты өлеңдер жинағы баспа жүзін көрді.


Жәнібектің «Елім менің», «Алтайымдай айбарлы», «Ақ құсым», «Алтайым» атты өлеңдеріне ән жазылған. «Катонқарағайды таныстыру», «Не пайда?» атты толғауы ел арасында айтылып жүр. 

Жәнібек Қызыров Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Катонқарағай ауданының Құрметті азаматы». 

АЛТАЙЫМ – ЖҰМАҚ ӨЛКЕМ 

Іздесең, жерұйықты, кел Алтайға, 

Әлемде жер бар ма екен тең Алтайға? 

Мөлдір су, жұпар ауа, жасыл орман 

Сұлулық, міне осындай, тән Алтайға. 

Шуағын шыңға шашып шұғылалы, 

Шығыстан алтын арай күн шығады. 

Алтайды алғаш рет көрген адам, 

Арудай жігіт құшқан тұншығады. 

Көрсең ғой мамырдағы мақпал түнін, 

Еске салған шалға да жігіт күнін. 

Кемпірді қыз кезіне алып келіп, 

Тергізген ой мен қырдың қызыл гүлін. 

* * * 

Қарашы, көз жіберіп, жерім қандай? 

Көркіне сұлу күнде қаққан таңдай. 

Айнала жасыл желек, қалың орман, 

Сарқырап ақан өзен суы балдай. 

Көк тіреген Мұзтауым бейне батыр, 

Міз бақпай шекараның түбінде тұр. 

Күмістей таң сәулесі шашылғанда, 

Жалтылдап жотасында ойнайды нұр.70 

 

Төрт түлік қаптап жатқан биігінде, 

Жайылған бұғы, марал, киігі де. 

Құндыз бен шортан қатар жарысады, 

Сыймай қалған көк айдын иірімге. 

* * * 

Катоным, неткен көркем ғажап едің?! 

Бір бөлшегі кең байтақ азат елдің. 

Алтайдың алтындаған алқасындай, 

Айналдым келбетіңнен, жәннат жерім! 

Бұқтырмаң ағып жатқан таудан атқып, 

Көз ұялтқан көлдерің жатқан шалқып, 

Белінде елік ойнап, марал жортқан 

Дүниеде жер жоқ маған, сенен артық. 

Ен далаң хош иісті гүлге бөккен, 

Жазың да, күзің дағы бейне көктем. 

Қысың да май тоңғысыз, жанға жайлы, 

Катоным, жұмақ жерім, ғажап неткен?! 

САРЫМСАҚТЫ 

Ең басы жылып аққан сансыз бұлақ, 

Жағасы орман-тоғай, жасыл құрақ. 

Таутекелі, Сарыалқаның бауырымен 

Арқырап құлдилайды жардан құлап. 

Тау толқын жағаны ұрып, көбік шашып, 

Ағашқа енді бірде тасқа шапшып. 

Асаудай арнасында бұлқынады, 

Жолындағы бөгетті жұла қашып. 

Мөлдір су көкте күнмен шағылысып, 

Кемерінен шығады бірде лықсып.71 

 

Ақ шабақ тереңіне тығылады, 

Ағынменен кетпеуге жағаға ұшып. 

Сарымсақты ерке өзен Алтайдағы, 

Шөл қандырған ұрттам суы – бал-қаймағы. 

Маңдағы тіршілікке өмір сыйлап, 

Асығады ауылдарға да шалғайдағы. 

КАТОНҚАРАҒАЙДЫ ТАНЫСТЫРУ 

Катон деген – Өр Алтайдың төрі бұл, 

Жер жаннаты, кенді Алтайдың сәні бұл. 

Әрқашанда әсемдікті сүйетін, 

Нәзік жүрек ақындардың әні бұл. 

Көк тіреген Мұзтау анау төрімде, 

Көз тұндырған Марал, Қаракөлім де. 

Қолшатырым – орман-тоғай сыңсыған, 

Бұдан артық жер бар ма екен өмірде? 

Тау қойнауы өзендер мен бұлақтар, 

Шөліркеген тыныс алып тұрақтар. 

Әлем жұрты Швейцария деп таныған, 

Шығысымда міне, осындай жұмақ бар. 

Достарына айқара ашық есігі, 

Катон осы дарындылар бесігі. 

Әдебиетпен жарты әлемге танымал, 

Қалихан мен Оралханның есімі. 

Таланттардың өлкесі бұл сиқырлы, 

Әнші-сазгер Рамазанымыз сүйкімді. 

Орманымда қаптап жүрген аң анау, 

Атамын деп қолыңа алма шитіңді.72 


Қара өлеңге сыя бермес мәлімет, 

Оған жете қояр ма екен қабілет?! 

Тұлға болып бара жатыр бұл күнде, 

Жап-жас деген Дидахмет, Әлібек. 

Өлең сөздің қайталанбас дүлділі. 

Сұлтанның да мұнда өткен бал күні. 

Сәрсендейін ғалымды да түлеткен, 

Осындағы Шыңғыстайдың мектебі. 

Күміс үнмен мәлім болған Отанға, 

Бибігүл де бөтен емес Катонға. 

Осы жерде тәй-тәй басып аяғын, 

Алматы да қосылды үлкен қатарға. 

Деген емес бір жаңалық ашайын, 

Шежіреме бойлап үлес қосайын. 

Өр Қаратай туған елі білсеңіз, 

Еңбек Ері Кітапбаев Бошайдың. 

Салмақ салсақ ақыл-ойға, санаға, 

Рақышевты мақтан етпей бола ма? 

Генералдық үлкен, биік дәреже, 

Қызметіне лайықты дәл баға. 

Төсін тіреп тұрса да аузы мылтықтың, 

Тайсалмаған ісін жасап ынжықтың. 

Осы Катон кіші Отаны батырлар – 

Топорковтың, Величконың, Рыковтың. 

Еңбекте де құралақан емеспіз, 

Әрқашанда жатқан үлкен белеспіз. 

Маңдай термен тапқан өз бақытын, 

Арттағыларға міне, осындай елеспіз. 73 


Мал өсіру – негізгі атакәсібім, 

Маралыммен көпке әйгілі есімім. 

Панты үшін Сингапурдың базары, 

Айқара ашад бізге бүгін есігін. 

Даласында толқып өскен мол егін, 

Нарынды мен неге өзімнен бөлемін? 

Төсекте басы, төскейде малы қосылған, 

Матайлар мен Буралар да өз елім. 

Бұл жақтан да шыққан талай дара бар, 

Еңбек Ері Омаровтай даналар. 

Татаев пен Мұхамеджановтай басшылар, 

Дамитов пен Сқақовтай асылдар. 

Тікке өрлеткен ұжымшарды ертеде, 

Біздер үшін Қапышев та бір төбе. 

Мусин менен Горбачевтің есімі, 

Ауданыма жазушылығымен мәртебе. 

Ешкім маған демес сөзден жаңылдың, 

Ұлықтасам Пазыл атын – нар ұлдың. 

Бетке ұстары ол бүкіл осы ауданның, 

Туғанымен бойында Үлкен Нарынның. 

Көңілім ақ, Сізге деген, сеніңдер, 

Мөлдіріндей бастауымның сезімдер. 

Шартараптан ат арытқан бауырлар, 

Оттай ыстық құшағыма еніңдер! 

Білмейтіндер біліп жүрсін, айта бар! 

Міне, осындай елім бар деп айта алар. 

Біз не деген бақытты едік, ағайын 

Міне, осындай жерім бар деп айта алар. 

Катонымдай жерұйық жер қайда бар? 

Жәнібек ҚЫЗЫРОВ 



ТОҚТАР МАҒЗҰМОВ 

Тоқтар Нұржақыпұлы Мағзұмов 1958 жылы 6 наурызда Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының Қызыл- жұлдыз ауылында дүниеге келген. 

Орта мектепті 1975 жылы Талдықорған қаласында бітіріп, 1982 жылы Қазақ ауылшаруашылық институтын агроном, 1998 жылы Өскемен мемлекеттік университетін экономист, 2008-2010 жылдары қазақ тілі мен әдебиеті мамандықтары бойынша бітіріп шыққан. 

1982-1992 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық агроөнеркәсіп кешенінде жетекші және бас агроном болды. Ал 1992-1997 жылдары Шығыс Қазақстан мемлекеттік мүліктерді басқарудың аумақтық комитетінде жетекші ма­ман және жекешелендіру бөлімінің басшысы міндеттерін атқарды. 

1997-2000 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық филиалының мемлекеттік ашық акционерлік қоғамы «Өнеркәсіпті қайта ұйымдастыру және жою агенттігінде» филиал директоры болды. 2001-2002 жылдары ашық акционерлік қоғамы «Өскемен мебель комбинаты компаниясының» конкурстық басқарушысы болып істесе, 2003-2007 жыл­дар аралығында комерциялық құрылымда, ал 2007 жылдан мемлекеттік мекеме Өскемен қалалық ауылшаруашылық бөлімінде бөлім бастығы қызметін атқарып келді. 

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі (2008). Шығармалары 1980 жылдан бастап республикалық «Жас Алаш», облыстық «Дидар» газеттерінде, «Ақ Ертіс» журналында жарияланып келеді. Әңгіме, новеллалары 2003 жылы «Қыз суреті» атты кітабында жарық көрді. «Бибігүлдің асуы» атты повесть және әңгімелер жинағы 2007 жылы басылып шықты. «Ақ Ертіс» журналында «Сыңар аққу» (2003), «Құралай желі» (2005) атты новеллалары жарық көрді. «Алтай әуендері» атты Шығыс Қазақстан облысы қаламгерлерінің жинағына (2005) шығармалары енді. 

2006 жылы Оралхан Бөкейдің «Бес тиын» әңгімесінің желісімен түсірілген көркем фильміне продюссер болып экранға шығарды. Ол фильм 2007 жылы республикалық теледидардың ұлттық арнасынан көрсетілді. 

2014 жылы шыққан «Райыстан Оралханға дейін» атты эссе-элегия кітабы Оралхан Бөкейдің ата-бабасы туралы шежіре. 

2015 жылы Өскеменде басылған «Алтай Алашы» кітабында Қаратай елінде отыз жылдан астам болыс болған Әбдікерім Ережепұлы туралы баяндалады. 

ШӘКІРТІ ЕДІМ БІР КЕЗДЕ 

(үзінді) 

Әкемнің сексеннің сеңгіріне шыққан кезінен бастап, құдайдың құтты күні өзінің дағдылы жолымен ауыл сыртындағы кеңес заманында қойшының үйі мен бір отар қойы отыратын қырқа басына көтерілетін. Жылдан асты, шығар күнді төбе басында тұрып қарсы алу, батар күнді төбе басында тұрып шығарып салу – әкемнің әсте қаза қылмайтын әдетіне айналған. Ол батыс жақ лаулаған от­тай қызара жалқынданған түрге боялып батып бара жатқан күнге ұзақ қарап тұрып: «Бозамық тартқан боз шолақ аттай келте ғұмырдың тағы бір күні өтіп барады-ау», – деп мұңая күрсінетін. Күн көзінің күміс сәулелері ауылдың шығыс жақ тұсынан өзеурей ұшқынданып қылтия бастаған шақта, біздің қара шаңырақтан шыққан әкем өзінің күндегі дағдысымен қырқаға қарай беттеп барады. Таза ауамен әдеттегісіндей дем алуға шыққан еді. Сол күні ерте тұрған мен, әсте қаза қылмайтын әдетімен кетіп бара жатқан әкеме көзім түсті де, артынан ердім. Қарттың соңынан ілесіп, жауыннан ернеуі науаланып қатқақтанып қалған ескі сүрлеу жолменен бірге аяңдадым. Екеуміз қатарласып төбе басына шыққан соң, төрт тарапқа бажайлай көз салып, іле Бұқтырманың арғы бетіндегі Шыңғыстай ауылы тұсқа едәуір аялдады. 

Біраздан соң: 

– Ата-бабаларымыз ат үстінде, не осындай биік тұғырға шыққанда ғана өзін еркін сезінетін дейтін, әкем Мағзұ, – деді мен жаққа мойнын бұрмастан, қарсы беттен көзін алмай. 

Күн шайдай ашық. Аспан көкжиегінде теңгедей де бұлт жоқ. Ақ түбіт буалдыр бұлттар етегі Алтайдың сүйір ұшты шыңдарының басына сіресе жайғасып қана қоймай, батыс сілемдері сонау Байберді асуы Көбен, Мағзұ, Ұзақ тауларының арсаланған жалама жартастары мен бөксесі, қарағайлы орман жапқан жоталары көрер көзге жасырынбай ап-анық көрініп тұр. 

Қазір тамыз айының ортасы болса да жаңа айдың бет жуары әлі бастала қойған жоқ. Көк қаулап мал тойынса да шөп буыны қатая қоймаған кез. Көз жетер жерге дейін ауыл маңына үңіле қарап алды да әкем: 

– Биылғы жыл қыс қатты, қары қалың болып еді, соған орай жазы да жаңбырлы болып, шөпте шүйгінді қалың өсіп, бада болып ұйысып жатқанын қарашы, – деді де, аяқ астындағы көк майсаға малдасын құрып көсіле жайғасты. 

Қора маңындағы ескі жұрттың орнына тырбақ өскен ер­мен мен алабота гүлдеп, алды тозаң шашып үлгерген болуы керек, ерменнің ащы иісі қолқаны келіп қабады. Айнала төңірек бидайық пен қонақ шөптің басы анда-санда таңғы самалдың лебімен сусыл қағып, танауыңа алма кезек алуан түрлі иісті әкеледі. Әкем сәл отырды да, қарсы беттегі сеңгір таулардың қатпарларында жаз айында ерімей, терең сайдың табанындағы қыстан қалған қар жамылғылары ала тайдың терісіндей ағараң етіп көз тартқан тұсқа аялдаңқырап назар салды. 

Қақ маңдайдағы көз ұшында тау жоталарының бойы­мен жоғары өрлей жыландай ирелеңдеп, ұзындығы ша­мамен он шақырымдай болар Алтайды әлемге әйгілеген «Ирек» деп аталатын тас жолдың сұлбасы қылаң береді. Иректің бастау алар тұсында заманында шаңырағына үш мың жылқы біткен Қансу бұлағының теріскей тұсындағы Қаражер деп аталатын кең алқапты иен жайлаған Сарқынды байдың жұрты қарауытады. Әкем көк майсада отырып, осы көріністерді көзбен шолып тағы да үнсіз қалды. Әкемнің жасы ұлғайып кетсе де, қарттыққа тән қуарып жүдемеген, бет-әлпеті бұзылмаған кісі. Бойында жас кезінде біткен еті қайтып жұқармаған да, осы жасына дейін дәрі ішіп, дәрігердің алдына бармаған адам ғой. Сүйегі асыл деп үлкендер менің әкемдей кісілерді айтады деп ойлаймын. Аузындағы отыз екі тісінің бірі кетілген жоқ. «Бір Алланың арқасында екі көзімнің жанары әлі таймаған, қашықтағыны көремін, екі аяғымның қуаты талмаған, қашықтағы жерге жаяу барамын, бұның бәрі ешкімге қиянат жасамаған адал еңбегімнің арқасы шығар деп ойлаймын» деген өнеге болар қарт адамның сөзі бүгінде ел аузына тарап кеткен. Әрине, бала-шағалары әкемізді өз заманында ағайынға қорған болған өмірімен мақтан тұтамыз, бәріміз де саналы түрде ұқсағымыз келеді. 

Ол әлі үнсіз. Көзбен көргенін көңілмен пайымдап тағы біраз отырды да: 

– Сен, білесің бе, осы жылдан бастап мен сегізінші мүшелікті жинап жүрмін. Қазақта жеті саны киелі ғой. Өзің білесің, жетінші мүшелікті өткен жылы тауыстым ғой.  


Әкем Мағзұ айтатын: «Сен дүние есігін ашқанда қар қалың түсіп, ауыл арасындағы көршілерге жете алмадық. Азан шақырып атыңды қоюға шақырған молданың біздікіне жете алмағанын көріп, сегіз кісіні жолдың қарын аршуға жіберген едім. Олар молданы біздің үйге жеткізу үшін екі адам қатар жүретіндей жол тазалап жеткізген еді. Себебі, сен көп бала­ны жоғалтқаннан кейінгі ұрпағымды жалғастырар жалғызым едің», – деп маған түсініксіз сезіммен аһ ұратын. 

Мағзұ үш әйел алған адам болса керек. Әкуза, Жәнипа, Шәпия атты аналарымыз болыпты. Әкемнің айтуы бойын­ша, әкесінің бәйбішесінен (Әкузадан) «менен бұрын үш ұлы – Құдайберген, Жақыпбек, Қанжақып туып, олардың бәрі қызылшадан қайтыс болған екен. Мен Шәпиядан әлсіз, арушаң болып дүниеге келіппін. Әкем жарықтық, менің даусымды шығарып жыламағанымнан. «Әй, осы балам, ұзақ жасамайтын-ақ шығар» – деп, мойнына бұршақ салып құдайдан перзентінің амандығын сұрапты. Менің атым­ды қойған молданың көріпкелдігі бар ма, әлде періште ау­зына салды ма кім білсін, әкем айтатын: «Осы балаңның атын қоярда, маған сегіз адам жол салды, азаншы әйелдер көп болды, осы ұлың сегіз мүшел жинайды, ұзақ жасай­ды, үрім-бұтағы да көп болады», – деген екен. Өзің ойлап қарашы, молданың айтқаны дәл келді емес пе? Тәубе дейік... Ошағымда алла берген балаларым бар, өзім міне сегізінші мүшелікті жинап жүрмін. Әрине, бәрі оңайшылықпен келген емес. «Байдың жолы батпақ, кедейдің жолы аппақ» дегендей, қызылдардың кәмпескісіне ұшырағаным аздай, Сталиннің репрессиясына ілініп «халық жауы» атанып түрмеге ай­далдым, бір алланың құдіреті болар, одан да аман келдім. Аман дегенім салыстырмалы түр ғой, оны ешкімнің басына да тілемеймін», – деп бір күрсініп қойды. Осы күрсіністің астында оның көрген қияметін жас та болса да ұққандай болдым. 

– Киелі ауыздан шыққан сөз періштенің құлағына ша­лынатынына мені азаптан құтқарып жарылқағаннан кейін сендім, балам, – деді әкем ақшыл сары жүзі алақұйынданып кетті де, өткен күнді есіне алғысы келмей маған күле қарап, ауыл шетінде орналасқан екі қабатты кірпіштен көтерілген еңсесі биік кіші баласының үйін иегімен нұсқай. 

Осы сөзден кейін, әкем өз ойынан әлі де алыстамай көздеріне мұң ұялай үнсіз күбірлеп отырып «құлқу алласын» қайырып бетін сипады. Мен, оның көз алдында бесікше топырақтың астында баяғыда сүйектері қурап қалған ата- анасы мен аға-бауырларын қиялындағы көңіл зердесімен қайта тірілтіп, қимас сағынышпен шығарып салғандай күйге түскенін іші-бауыры езіліп үнсіз отырғанынан сездім. Қазірде ғана маған айтып отырған әңгімесін мүлдемге ұмытып, ешкімге белгісіз дүниенің мекенінде ұмыт болған аруақтармен қайта қауышқандай, туғандарының өзіне ғана мәлім әрбір қимылдары мен қылықтарын санасында қайта жаңғыртып, соның жетегіне елітіп біраз уақыт үнсіз іштей егіліп отырды. Мен болсам әкемнің көрген түстей өмірін, елесін жоғалтып алмасын деген ниетпен оның ойын бұзбай таң алдындағы табиғаттың кереметіне назар аударған бол­дым. 

Расында да, таң алдындағы табиғат суреті ерекше еді. 

Кәрі түннің көмескі кеудесін жалаңаштап, жамылған көрпесін ысырып тастап күллі әлемге нұрлы тіршілік әлемін шашатын таң белгісі сезіліп айнала бозалаң тартты. Таңғы леппен бірге күреңселі белестен қураған шөптің хош иісі өне бойыңды қуалай жарысады. Көгілдір көкжиек тұнық таза аспанды бүкіл әлем мен жер жаһанды таң шапағымен арайлы нұрына бөлеп тұр. Сонау көз суыратын Алтайдың биік шыңдарының басынан рауандап ұшқындарын шашыра­тып, зергерлі ақ тақиядай күн көрініп келеді. Таң шапағымен жарыса өмір атты тірлік отының маздаған алауына жылына ләззат алған таң хабаршысы бозторғайлар аспан күмбезінде шырылдай табысады. Атар таңды өз көздерімен көрген олар өз қуаныштарын жасыра алмай бірге қалықтап ойнайды, біресе өз үндерімен ән сала шарықтап барып, жоғарыдан төмен қарай екпіндеп құлдилайды. Жалғанның жарығында бір күн болсын өмір сүру, тіршілік атаулыға қымбат, әрі оны жан дүниеңмен сезінесің. Таңмен бірге жарыса тіршілік әлемін әйгілеген бозторғай үні, өмір атты дастанның жыр­шысындай ұйқы әлемін талқандап, тыныштық әлемінің жан­ды пенделерінің бойларына жан бітіргендей сезіледі. 

Кешікпей әкем, осынау табиғаттың тамаша мүлгіген тыныштығын бұзып, бозторғай үнімен жарыса өз өмірін, өзінің өмірінің естелігін, өз ұрпағы естісін, әрі тарихи сәттерді жадында мәңгілік сақтасын дегендей көз алдына елестете отырып әңгімесін бастап кетті. 

– Ескіде, (әрине, сендер үшін ескі...) мұсылман жыл санағымен барыс жылы болуы керек, бір мың тоғыз жүз он төртінші жылдың қыстың алғашқы айында туыппын. Заман талабы ма, әлде солай ойларына келгенін істеді ме, ол кез­де бәрі сауатсыз, кім нені біліп қойғанын, білмеймін әйтеуір паспортыма бір мың тоғыз жүз он жетінші жыл деп жазы­лыпты (әрине, балам, бұл да үлкен әңгіме...). Көп жылдардың сораңы өтіп, сол бір балалық шағым көмескіленіп көрінбей бара жатыр. Ол кезде әр атаның балалары бөлек-бөлек ауыл болып отыратын. Әкем Мағзұ найман, керейге аты шыққан қаратай руының бас батыры Байбердінің төртінші ұрпағы – Тұмарбайдың баласы. Байбердінің тұңғышы Текештен (алты ұлының үлкені) біз тараймыз. Енші бөлгенде ең кенжесі Көбенге күзеуі мен қыстауына айналасы атшаптырым бір тауды берген деседі. Бұл сөз рас та болуы керек. Әлі күнге дейін әне, анау тұста Көбен таудың иықты жоталары көзге көрінеді, – деді әкем ауылдың түстік жағын қолымен нұсқап. 

– Одан берірек біз отырған жұртты да кейінірек ел әкемнің атымен атап кетті. Ағайындар айтатын, бүкіл бір дегелең таудың итсигек мен тобылғы аралас қалың бұтасын күз ба­сында түбірімен тазалап қарашаның ортасында, алғашқы қыстауға қонған жылы Мағзұның тұңғышы дүниеге келген болатын, – деп. – Жылдар өте, ол кезде мен ес білген бала болатынмын. Біздің ауыл ағайындармен түгел жаз жайлауға көшкен жылы, осы Тоқсанбайдың Жуанханы екеуміз таудың рауғашын жеп, ұзын қурай еркегін лақтырып жарыстырып отырып, үйілген тастың астынан орыстар өлтіріп кеткен ағайындарымыздың бірін тауып, үлкендерге көрсеткеніміз әлі есімде. Жарықтық өзі қарулы кісі болатын. Катонға (бұрын ол елді мекен Сарымсақты аталатын) көшіп кел­ген Ресейдің переселендерінің бірнешеуі жабылып күш көрсеткен секілді. Бертін келе сол ағайынымызды өлтірген кісінің бірі оның етігін киіп жүргенін көріп, әкемдер куәларымен барып қанша мойындатамыз десе де мойында­рына қан жүктегендер мойындамапты. 

Ол кезең Совет үкіметінің біздің елде түбегейлі орнаған уақытпен тұстас болса керек. Заманында Қытаймен сауда жасап, кіре тартқызған бай адам ретінде әкемнің тәркінің тізіміне ілінген мезгілі екен. Өзі тәркінің құрығына ілінсе де қалың орысқа қорықпай барып жүргені де бір ата­дан тараған ағайынның намысы мен жанашыр беріктігі ғой. Атадан балаға мирас болып қалған тағдырларының тартқан жолының үстінде, ағайын билігінің тізгіні бір кісіде болғанынан және ауызбіршіліктің арқасында ғана кез келген қиын істің бітетіні. 

Осы арада қарияның әңгімесі үзіліп, мұң басқан көздерінің тұңғиығында өткен күндер елесінің тізбегі көрінгендей болды. 

Біраз уақыт өте үзілген әңгіменің жалғасын естігім келіп: 

– Әке, осы судың жағасындағы алғашқы Шыңғыстай мектебін кезінде Байберді ұрпақтары салған деседі, оны кейін Ережеп мектебі аталуының мәнісі қалай? – дедім мен. 

Аздан соң еңсесін көтеріп, мұң басып та, езіліп те отырған кәрі денесін лезде жиып ала қойды да, белгісіз жұмбақ күйде дауысы қатқылдана: 

– Ия, мен де сол мектептің шәкірті едім, – деп бастады әкем Катонқарағай өлкесінің қазаншұңқырында отырған Қаратай елі туралы есінде қалған ұзақ әңгімесінің сорабын. 


– Өз көзіммен көргенім, біздің тауда қырық-елу шаңырақты, ағайынды азаматтары бар ақарлы-шақарлы үлкен ауыл еді. Сегіз атадан асқанда ру, он бес атадан асқанда тай­па демей ме... Біздің Байберді ұрпағы ол кезде бір рулы елге тақап қалған едік. 

Шыңғыстайдағы алғашқы екі кластық қазақ-орыс мектебін бүкіл ел болып, оның ішінде Байбердінің ұрпақтары салдырған деседі. Мектептің атауына келгенде Байберді ұрпақтарының үні басым болып, Есболдан тараған Әбдікерім болыс жағы үнсіз қостапты деген сөз бар. Ол мектепті зама­нында мұрағат құжаттарына жазғандар «Бекбалинская ауль­ная школа» деп тіркепті дейтін былайғы жұрт. Кім білсін, құжатқа тіркейтін орыстар Байберді сөзіне тілі келмеген бо­лар «Бекбалинская аульная школа» деген мөрі болған деседі сол кездің түлектері. Бірақ былайғы жұрт тегіс «Байберді ауыл мектебі» дейтін бертінге дейін. Кейінірек қазынаның қаражатына Қызылқайың бұлағының бойында жаңадан мектеп салынып, оған Әбдікерімнің әкесі Ережептің аты берілген. Өз басым сол Байберді мектебінің бастауыш сыны­бына жиырмасыншы жылдардың ортасына таман бардым. 

Әңгіменің осы тұсына келгенде әкем ауылдың әр үйінің ошағынан көтерілген түтінге қарап ойланып қалды. 

Мен болсам, жаңағы әңгімені қиялымнан сейілте ал­май әкемнің қасында отырмын. Біраз уақыт өте әңгіменің үзілмегенін қалаған мен: 

– Сол мектепте Сұлтанмахмұт Торайғыров мұғалім бо­лыпты дейді ғой. Ол туралы естуіңіз бар ма? – дедім, өз ойымды алдына тастап. 

Әкем тамағын кенеп өз орнынан қозғалақтап түзеліп алды да: 

– Сұлтанмахмұт дейсің бе? Ол жайында менің білетінім тым аз, – деп, мен отырған жаққа мойнын бұрып әңгімесін жалғап кетті. 

– Менен бұрын оқығандарға бір-ақ қыс сабақ беріп, жаз­да қайтып кетіпті. Ол туралы сол мектепте сауатын ашқан Мақажанның Көксегенінен естігенім бар. (Бұрынғы Бе­резовка ауылы, қазір Қайыңды деп аталады, сол ауылдың тұрғыны). Ол мақтанышпен айтатын: «Менің мұғалімдерім қазақтан шыққан алғашқы семинарист Сейітов және Сұлтанмахмұт Торайғыров» – деп, орыс тілінен Михаил Комаров болған, жалпы мұғалімдер саны төрт-бестен аспай­тын, – дейтін марқұм. 

Осы оқу орнында кластар саны аз, небары екінші кластан бесінші класқа дейін болыпты. Орыс балалары үшін дін сабағы жүретін-ді. Ал қазақ балалары үшін Ыбырай Алтынсариннің хрестоматиясын оқытатын. Мектеп тікелей уезге бағынды да сонау орталықтан, Өскемен қаласынан жылына бір рет Мирошниченко деген инспектор келіп тексеріп кетеді екен. Ал болыстың өзі қысты күні бірнеше рет мұғалімдермен ғана әңгімелесуші еді дейтін. Мектептегі оқушыларға қазынадан тамақ пен іш киім тегін берілген көрінеді. Оқушының сырт киім шығыны ғана ата-анасының қаражатынан болса керек. Көксегеннен Сұлтанмахмұт жайында білетінім: 

– Мөлшері 1911 жылдың күзінде қазіргі Ресей өлкесі Қосағаштан ол кісіні Әбдікәрімнің тапсыруымен Шағиман Мыңбаев деген азамат біздің елге алып келіпті. Елдің айтуына қарағанда, Сұлтанмахмұт Семейде оқып жүріп, қаражат таппақ ниетімен Ресей жері Оңғыдай жағымен сол Қосағаш қазақтарына сапар шеккен деседі. Ол жерде тұрақтай ал­май Шыңғыстайға келіп, Әбдікерімнің қолында қыстап, бала оқытқан соң 1912 жылдың жаз айында Зайсан жаққа қайтып кетіпті. Шыңғыстай ауылында болыс оған Мүрсәлім Самаровтың үйін босаттырып берген екен. Көксеген сол кезде Сұлтанмахмұттан бір жұма оқып, одан соң Бекбала ауылдық мектебіне ауысып кетіпті. Көксегеннің айтуына қарағанда Сұлтанмахмұт болыс салған жаңа мектепте сабақ берген жоқ, өзі Комаровтан орысша сабақ алған деседі. Ол ауылдағы Мүрсәлімнің үйінде бала оқытқан көрінеді. 

Сол кездегі мектеп меңгерушісі Филипп Батов деген орыс болған. Өскемен уезіне қарасты орыс-қазақ балала­рын оқытатын жалғыз мектеп болған соң сегіз болыстан (Шыңғыстай, Күршім, Нарын, Үркер, Тайынты, Көкпекті) жиналған қырық-елу бала жас мөлшеріне қарамай ара­лас оқытылған. Ноғасбаев, Қанжаров, Қиса Тойғанбаев, Нұртазин, кейін белгілі тіл маманы болған Сәрсен Аман­жолов, Төлеухан Дәулетханов, Охан Тысымбаев, Мусин, Қапос Мұқамбеков, Әбдікерімнің балалары: Қамбар, Мағауия, Қақан, Шабдан, Дүкеннің ұлы Қабдрашит және Ақтайлақ,Таңбадан Сқақ Шалғынбаев сол кезде Көксегенмен бірге оқыпты. 

– Көксегеннің өзі де асыл сүйекті, білімі өз заманда алдыңғы қатардан көрінетін қайратты адам еді. Бұл жалғаның жарығынан ол жарықтық та өтті ғой. Өткен күннен белгі жоқ, таңбалаған ешкім жоқ деген сол, әне... Айтты, айтпады, талай дәурен өтіп-ақ кеткен екен-ау, – деп әкем сонау алысқа, Алтайдың қарлы шыңдарының басына ұзақ қарап, үнсіз оты­рып қалды. Қарт адамның ұзақ үнсіздігінен өткен өмірінің қиянаты мен қиыншылығының ызғары сезілді. 

Аздан соң алысқа көз жіберген күйі тамағын кенеп, орны­нан қозғалақтай түзеліп алып: 

– Мен де шәкірті едім, сол мектептің, – деп үлкен ой толғанысында әңгімесін әрмен қарай жалғап еді... 

Тоқтар МАҒЗҰМОВ 

Құрастырушыдан: Сұлтанмахмұт Торайғыровтың Шыңғыстайда болған уақыты (жылдары) туралы жоғарыда айтылған деректі бұлжымас шындық деп қабылдамау керек. Өйткені өмірден өтіп кеткен қариялар жадының қаншалықты мықтылығына ешкім кепілдік бере алмас. Бұл арада ақын өмірін зерттеп жүрген ғалымдардың пікіріне, немесе нақты құжаттарға сүйенген дұрыс. 85 



БАҚЫТЖАН РАИСОВА 

Бақытжан Мұқтарханқызы Раисова 1959 жылы Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының Еңбек ауылын­да дүниеге келіп, Еңбек сегізжылдық мектебін, одан кейін Шыңғыстай орта мектебін бітірген. 

Б. Раисова 1976 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің филология факультетіне түсіп, 1981 жылы оны бітіргеннен кейін «Қазақ Университеті» газетінде қызмет істейді. Катонқарағай аудандық «Арай»-«Луч» газетінде аудармашы, аудан мектептерінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Қазір облыс орталығы Өскемендегі Жамбыл мектеп-гимназиясында еңбек етеді. 

Бақытжанның өлеңдері «Балауса», «Ағажай, Алтайдай жер қайда?» атты ұжымдық жинақтарға енген. 2000 жылы «Ай мен Алтай» Алматыдан, 2005 жылы «Сезім сәулесі», 2009 жылы «Шағылға біткен шынармын» атты жыр жинақтары Астанадан, «Ғасырдың мұңы» (2009) атты жинағы Алма­тыдан басылып шыққан. 2017 жылы Бақытжан Раисованың «Кәусар дүние» атты өлеңдер жинағы Алматыдағы «Дәстүр» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен басылып шықты. 

Бақытжан Раисова Өскемен қаласында өткен Абай мен Пушкин күндеріне арналған жыр мүшәйрасы мен аудар­ма сайысында екінші, Жеңістің 65 жылдығына арналған облыстық жыр сайысында бірінші, Абайдың туғанына 165 жыл толуына орай Семей қаласында өткізілген аймақтық жыр мүшәйрасында бірінші және Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілген республикалық поэмалар мен дастандар байқауында екінші орынға ие болған. 

Бақытжан Раисова Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 

ҚОБЫЗ РУХТЫ КЕТБҰҒА 

(Дастаннан үзінді) 

I бөлім 

Жапырып жерді жар өлді, 

Толтырды топырақ тереңді... 

Қорқыттан жеткен қобыз үн 

Боздатты неден өлеңді?! 

Инанығ Білге Елі жоқ, 

Көшінің шаңы, көгі жоқ, 

Шыңғысхан таптап кеткен жер 

Бұдыры бар, өрі жоқ. 

Күші зорға құл болмақ, 

Қарақұрымда қорғанбақ – 

Маңдайға жазған қарғыс па, 

Күн туар ма арланбақ?! 

Алтайдан шығып құлдаған, 

Арғымақ атын тұлдаған, 

Қазанаты халықтың, 

Киесі буған шабыттың, 

Жүрегі – әулие, жаны – өнер, 

Азамат ердің қассағы, 

Бұлт сыймаған аспаны, 

Өтүкенде туған Кетбұға – 

Қаны да күй боп тулаған. 87 


III бөлім 

Шыңғысхан қанша шапса да, 

Мұңғұлдың отын жақса да, 

Төгілген қаны түркінің 

Тегістеп жерді ақса да. 

Құрала берді сынығы, 

Ұзара берді құрығы, 

Сол күндегі қазақтың 

Лайланып барып тұнығы, 

Түзеле түсті тұғыры. 

Бұлағы бастау көл қалды, 

Булыға соғып жел қалды, 

Бұрқырап жусан бел қалды, 

Бауыры күйіп ел қалды, 

Сусып түсіп табаннан 

Жатқа кетпес жер қалды... 

Әкете алмады Шыңғысхан 

Қолтыққа бүктеп тауларды. 

Кемеңгер туған Кетбұға 

Ақиқат жайды аңғарды... 

Сол кезеңде Кетенің 

Абыройы асқан кез еді, 

Құлағудың ғана биі емес, 

Ұлыстың ұстар сөзі еді. 

Жатырында жарылқанған, 

Жол салған қия-түреннен, 

Салуалы Орда, сар бала, 

Тілегі бір ед түменмен. 

Қайғысы, сесі – ішкі әні 

Қабағында таудай түнерген. 

Қайқы қылыштың ұштары 

Самайға барып тірелген.88 

 

Аялы көзі ақылдың 

Шамшырағындай жанатын, 

Ерлігін жасап батырдың 

Қомдайтын қыран қанатын. 

Қаған өлген, қам жасап, 

Ісін жалғау серт болды, 

Құбылай алып көп жасақ 

Шын-Машынға аттанды. 

Құлағу бармақ Мысырға, 

Дамашық пен Шам-шаһар, 

Шыдамай жойқын қысымға 

Жығылар жауы, жан сатар... 

Алпыстағы елдің ардағын 

Күткендей тағдыр қарғыны 

Кетбұға бидің бармағы 

Мөңкенің болды жарлығы... 

От жаққан жұрты ойранда, 

Қараусыз қалса осы мұң... 

Аңғарып біреу қойған ба 

Жошыдан бергі жосығын?!. 

Батумен жүріп басқарса, 

Түзелер еді ел жайы, 

Алдыңнан біреу асты алса, 

Таусылды білем, қормалы... 

Бас тартса, бөрілер жауығар 

Алтын тізгінді үздің деп, 

Қынадай қырып шабынар, 

Боп елді қанда жүздірмек... 

Қара қобыз зар құсты, 

Күңіренді тағы осы маң. 

Елестеп Абыз жал құшты 

Ақсақ құлан, Жошы хан. 

Қорқыт баба қыр асты, 

Құба Тегін бүкшиіп,89 


Көк өгіздің кебінде 

Тәңірі келді түксиіп... 

Тұлып болса да түйсінер, 

Көріспес енді Жерімен. 

Күре тамырына күй сіңер 

Қоштасып тұрды ол Елімен... 

………………………… 

Күлдір-күлдір кісінеген, 

Күреңнен сіңген даралық, 

Көк Бұқа текті күшіменен 

Күре тамырдан нәр алып. 

Қоңырауын желге қақтырып, 

Найзамен ашқан жау шебін, 

Оқшантайына оқ тұнып, 

Торықпас жалғыз қалса ерің... 

Адаспай табар жебесі, 

Жау қарасын жусатқан. 

Шерінің босап шегесі 

Жол тапқан қанды қасаттан... 

Айбыны асқар абыз ер, 

Қара жартас – сүйегі, 

Қаһарын төгіп реңі, 

Қосынға арқа сүйеді. 

Мыңбасы майдан ашады, 

Қалмады жаудан тосылып. 

Есебін ойлап ентіккен 

Саудагер Мысыр жасағы 

Мәмлүкке кетті қосылып. 

V бөлім 

Аспан да тілін тістеген... 

Теңселіп Абыз тұлғасы, 

Екі түмен күшпенен 

Әділдік қалай орнасын?!90 


Қарысса, – дейді сүйегі, 

Кезігіп жауы – теңдесі, 

Еңіреп жырау-жүрегі, 

Құмығып жетті кезге осы. 

Қаған үшін кім алтын? 

Қағанаттың қиы алтын, 

Биліктің шексіз буы алтын. 

Араб үшін – құл алтын, 

Алланың берген сыйы алтын. 

Көшпенді текті түркіге – 

Алтайдың төсі кіл алтын, 

Тәңірінің берген нәсібі – 

Намысты ерлер тірі алтын... 

Ала қашып, сүйретіп, 

Оң қанатын күйретті, 

Жау қарасын сиретіп, 

Ерлігін елге үлгі етті. 

Көп күш ала бастады, 

Қаптады дұшпан шыбындай. 

Жан сауғалап қашпады, 

Ер Ноян кетті бұрылмай... 

Орға түсті Кетбұға, 

Туын ұстап қылыштай. 

Қолға түсті Кетбұға 

Кескілескен ұрыста-ай! 

Бұтағындай еменнің, 

Өзегіндей қайыңның 

Сіңір сүйек қолдарын 

Артына бұрап қайырды... 

Айбалта тиген шыбықтай, 

Үміті Ердің қырқылды, 

Шатынап түскен сынықтай 

Қаралы жер де жыртылды.91 


Құтыз аспанға түкірді: 

«Маңғұлдың, – деп, – осы біткені, 

Қашырмас едім құтыңды, 

Қосылсаң маған Құт-кенім?!.» 

Маңғұл мен араб қамы үшін, 

Қаған мен сұлтан тағы үшін 

Найман, қыпшақ қырылды 

Ерліктің жықпай намысын. 

Қасірет екен, жаратқан, 

Бір туған жандар тартысы. 

Жүрегін ердің оятқан 

Тарихтың тосын талқысы. 

Кетбұға – елдің ардағы, 

Айн-Жалудта біткен жармағы. 

Соғысып өлген өкінбей, 

Даланың ұлы Сардары. 

Күресіп өлді Кетбұға 

Шегінер болса, о да өлім, 

Көшірді жанын жат дұға, 

Батырған нұсқап тереңін... 

Кетбұға, абыз, әулием, 

Жан бердің солай құрбанға, 

Құландай ақсап қайғымен 

Күйлерің жетті бұл маңға. 

Күйіңді сенің сақтаған, 

Өгіз Оғыздың иесі, 

Атыңды даудан ақтаған 

Қасиетті жердің киесі. 

«Сақ бол» деп кеттің – таза арың, 

Шырылдап ұшты торғай-жыр. 

Мәңгілік Ел боп Қазағың, 

Қобыз Рухыңмен қорғай жүр. 

Бақытжан РАИСОВА 


ЕРМЕК САХАРИЕВ 

Ермек Назымұлы Сахариев – 1952 жылғы 15 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Еңбек ауы­лында дүниеге келген. Еңбек сегіз жылдық және Шыңғыстай орта мектептерінде оқыған. 1977 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық институтты бітірген. Одан соң ұзақ жылдар білім беру саласында қызмет істеп, 1994 жыл­дан бастап «Түркістан», «Ана тілі», «Қазақстан – ZAMAN» газеттерінде бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеді. Қазір де осы салада еңбек етуде. 

Шығармалары: «Бақ пен сор» (Өлеңдер мен поэмалар). – Алматы, 2006 жыл. «Біздің ауылдың адамдары» (Әңгімелер мен повестер). – Алматы, 2009 жыл. «Тәу етем саған, туған жер» (Өлеңдер). – Алматы, 2012 жыл. «Шың мен шыңырау» (Өлеңдер). – 2014 жыл.93 


БІЗДІҢ АУЫЛДЫҢ АДАМДАРЫ 

ЗӘКЕ 

(әңгіме) 

Әңгіме арқауы – базарлы балалық шағымның жолбасшы­сы болған қадірлі ұстазым Зәкең жайында. 

...Жоғары оқу орнын бітіріп, аудан орталығындағы халық ағарту бөліміне инспектор болып орналасқаныма біраз уақыт болып қалған. Қым-қуыт жұмыстан сәл қол бо­сап, ауылда тұратын ата-анама бір соғып қайтуға сытылып шығудың сәті түсті. Біз оқыған кезде өзімізге етене ыстық болып, екінші үйімізге айналған ескі мектеп үйінің орны­на еңселі жаңа ғимарат салыныпты. Жаңа құрылыс үйінің тасасында қалған жатаған ескі мектеп алыстан тым қораш көрінгенімен, көзіме оттай басылды. Қасына тақағанда көңілімнің терең түкпірінен ерекше бір қимастық сезім толқыны бас көтеріп, көз алдыма бірге оқыған кластастар бейнесі мен ұстаздар келбеті елестеп кетті. Емірене тұрып соларды еске алдым. Мектеп бағын аралап, өзім отырғызған қайыңды бірден таптым. Анау мойыл – Мержандікі, оның арғы жағындағы бұтақтары жан-жаққа жайыла өскен тал­ды Майра отырғызған. Бақ баяғы балалық кездің базар­лы шақтарын еске түсірді. Бәрі түк өзгермеген, бүлінбеген қалпында сақталған: соған ерекше қайран қалдым. Мектептің тәжірибе участогі де көздің жауын алғандай құлпырып тұр екен: өсімдік өсірудің қыр-сырын жеттік меңгерген, талғампаз жанның аса мұқиятты түрде жүйек-жүйекке бөліп тастаған екпе алаңдары қараған жанды еріксіз тәнті етеді. Өткен күндердің сағынышты елесіне елтіп, ойға беріліп кет­сем керек, ту сыртымнан: 

– Қалай, шырақ, жоғыңды осы арадан тауып, бізге деген өкпе-назыңды сыр қылып шертіп тұрсың ба? Үлкендерге де­ген сәлемің қайда, әлде оның сатулы ма еді? – деген дауыс шыққанда, таудан құлаған қорым тастың гүріліндей зор да­уыстан Зақан мұғалімді бұлжытпай таныдым. Жалт қарап, қылмыс үстінде ұсталған адамдай айтарға сөз таппай, құр ыржиып, қысыла күлімсірей бердім. Алдымда тұрған Зақан ағай – біздің сүйікті ұстазымыз-тын. Одан бері едәуір уақыт өтіп кетсе де, Зәкең бәлендей өзгере қоймапты. Өзім ес білгелі бұл кісінің шаш қойғанын көрген емен. Ол ылғи да еңгезердей зор тұлғасына жараса біткен шарадай басындағы шашын Фантомас секілді ұстарамен жалтыратып тықырлап алғызып тастайтын. Зәкең – жақ сүйектері шығыңқы, шарасы үлкен көзінің оты мол, құс мұрынды, маңдайы кере қарыс, бәденді, түр-тұлғасы аса келісті кісі. Басын ақ қырау шалып, денесі сәл еңкіш тартқаны болмаса, сол баяғы ширақ қалпын сақтаған екен. Ірі тістерін көрсете кеңк-кеңк күліп тұр: жайдары мінезінен әсте айнымайтын, жалын мен оттан жаралған-ақ жан. Ұстаз жүзіне барлай қарап, ебелектеп келіп қолымды ұсынып, хал-ақуалын сұрап жатырмын. Манадан бері өн бойымды тінте қарап тұрған Зәкең шәкірт бойынан әлі де сол ұяң, үлкенді сыйлар кішіпейілдік белгілерінің түгел із жасырып жоғалмағанына риза болғаны ма, күректей алақанына менің әлжуаз қолымды түгел қаусыра устап, әлеуетті саусақтарымен шеңгелдей ұстаған күйі қолымды ұзақ сілікті. Ұстаз бен шәкірт арасындағы ешбір сөз айтпастан, тек тілсіз түсініскен ерекше бір қимас шақ еді бұл. 

Шүйіркелесе сөйлесіп, мектепке қарай бет алдық. Тосын кездескендіктен бе, ұсақ-түйек жайттарды сұрасудан арыға ұзай алмай келеміз. Әлі сол тарих пәнінен сабақ беріп жүргенін айтты. Анда-санда басын шайқап, өз-өзінен күлімсіреп қояды. «Осы жанымда келе жатқан анық сол Ерік пе?» – деп таңданатын да сыңайы бар сияқты. Ондай ойдың тууы күмәнсіз да еді. Себебі, несін жасырайын, мен ауылда оқыған жылдары директордың кабинетіне үзіліс сайын бір кіріп шықпасам көңілім көншімейтін тұзы жеңіл сотанақ, тоғыз аяқты тентектердің бірі едім...

...Ол кезде Зақан біздің класс жетекшіміз болатын. Тағдырдың жазуынан ба, әлде кездейсоқтық па, кім білсін, әйтеуір, біздің класқа жиналғандар өңкей бір «сен тұр, мен атайындар» еді. Сабақ жағынан ұпайымыз түгел болғанымен, тәртіп жайында сөз бола қалса көпшілік ұстаздар бізден түңілгендіктерін барынша көрсетіп, жүздерін суытып алар еді. Берген уәдемізге әбден семіріп, оған сенуден қалғандар қолдарын сілтеп, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай іреп- соя жөнелгенде, кейісе де ақырып-жекірмей, бізді өзімен тең санап сөйлесетін жалғыз адам осы Зәкең-тін. Басқаларға өр серпіп, тіл мен жаққа сүйеніп бет бақтырмағанмен, Зақан ағайдың алдында бетегеден биік, жусаннан аласа бо­лып, сызылып тұратынбыз. Пейілі кеңдігінен болар, біздің тентектігімізді, даңғаза шу-дүрмек туғызған оғаш істеріміз бен шалдуарлығымызды талай кешіріп, әрқайсымызбен сан рет жеке-жеке сөйлесіп, бізді түсінетін де осы ұстазымыз еді. Шөккен қара нардай салмақты мінезінен еш таймай­тын Зақан ұстаздың тым болмаса бір рет ашу-ызаға бой алдырған кезін көруді асыл армандай аңсайтынбыз ғой: бірақ әрбіріміздің ойымызды көзімізден оқып қойғандай-ақ, сыр бермейтін еді сабаз. Үзіліс кезінде есіктің тұтқасын қайыс белбеумен ысқылап-ысқылап, қол тигізбейтіндей етіп ысы­татынбыз. Басында Зәкең бұл қулыққа түсіп қалып жүрген еді, соңында есікті босаға жақта отырған біздің өзімізге жаптыратын болды. Бірінші сабақ тарих болса, ең алдыңғы партада отыратын мен далаға сұранып қолымды көтеремін. Қолымды неге көтергенімді ұстаз біледі: бұл менің үйден шай ішіп келуге сұранғаным. Зәкең менің шешеммен түйдей құрдас еді, екеуі бір күнде туыпты. Сол құрдастығын пай­даланып, оған менің «құпиямды» айтқан шешем екенін білетінмін. Сосын, мақтанғаным емес, сабақты үздік оқыдым, сол себепті де ұстаздарға сөзім өтеді. Ұстазымның кеңпейілділігін пайдаланудай-ақ пайдаланған шәкірттің бірі менмін. Мұны кейде әдейі істейтінмін. Ондағы ойым – Зәкеңнің жүйкесіне тиіп, оны бір рет болса да сабасынан шығару. Мүмкін, рұқсат етпей, зекіп ұрсар деп дәмеленем ғой баяғы. Жоқ, Зәкең зекімейді де, ұрыспайды да, еш сөзге келместен өтінішімді орындап, мені үйге жібереді. Сондықтан мұндай әрекеттен тез айнып шықтым. Осылайша ұстаздың көнтерілігі мен шыдамын мойындап, қайта үйірге қосылмасқа шара қалмады. Айта берсем, Зәкеңнің жүйкесін жұқартам деп маңдайын тасқа соғып, қайығын қайраңға отырғызғандар жетерлік. Десе де, ол кісінің тәрбиесінен үлгі-өнеге, өмірлік сабақ алғандар одан да көп. Ұстазымның бойындағы өзім сүйсінер тағы бір қасиеті – жалғандыққа баспайтын адалдығы мен еңбекқорлығы. Қысқы мал азығын дайындау кезінде, мейлі өз шөбін шапсын, мейлі совхозға көмектессін, уақытты босқа өткізіп, бел жазып тыныш отыр­майтын тынымсыз жан еді ол. Және бір қызығы – сондай жұмыс үстінде тамақты отырып ішіп көрген емес. Үлкен сүйретпеге құйып әкелген айранды керлен кесеге толтыра құйып ішетін де, жұмысын тоқтатпастан жүре беретін. Су­сын біткенде Зәкеңнің жұмысы да тәмам болатын. Зәкең аңғал еді, оны бір жерде бас қосып отыра қалғанда ауылдастары әр саққа жүгіртіп айтып, күлкіге қарық болып қалатын. Зәкеңнің осы қасиетіне байланысты өз құлағыммен естіген мынадай оқиғаларды баяндасам деп отырмын. 

...Бірде мектеп оқытушылары: «8 наурыз – халықаралық әйелдер күнін қалай атап өтеміз, қандай дайындық шарала­рын жасаған дұрыс?» – деп, өзара пікір алысып отырғанда, директор Төкен: 

– Зәке, ішіміздегі жасы үлкен де, көпті көрген адам да өзіңіз ғой, бұған сіз не дейсіз? – дегенде, Зәкең жұлып алғандай: 

– Оған бас ауыртатын ештеңе де жоқ, ашық күні ба­рып, жығып алу керек, – десе керек. Сөйтсе, Зәкең мектеп мұғалімдеріне орман шаруашылығы басшылығы тарапынан отынға ағаш жығуға рұқсат берген жер туралы ойлап, мұнда болып жатқан әңгімеге көңіл аудармай, өз ойымен отырған көрінеді. Сол себепті, талқыланған мәселеге байланысты қойылған сұрақтың мәніне қапелімде бірден түсінбей қалған. Ойлап отырған ойына қатысты басына келген алғашқы шешімді ақтарып салып, отынды күн ашықта барып жығып алу керек деген ғой баяғы. Тағы бірде мектеп ұжымының бәрі қатысқан педагогикалық кеңесте басқалар оқу-тәрбие ісіне қатысты өзекті мәселені талқылаумен бір-бірімен жақ- жақ боп дауласып, әркім өз пікірін дәлелдеп жатса керек. Қызу айтыс-тартыстан кейін ұстаздар пікір алмасуға көшіп, кезек Зәкеңе келгенде, ол: 

– Басқаңды білмеймін, бірақ ана бір жылдардағы Шағандабаның (Тарғыбатай жайлауындағы дараның атауы) балығындай балықты өмірі көрген емеспін. Ұзындығы тура мынадай-ау, мынадай, – деп, ешкімнің ойына кіріп шықпаған қайдағы бір нәрсені айтқан көрінеді. Сөйтсе, ол оны баяғы бала кезінде осы дараға әкесімен өгіздің артына мінгесіп барған бір сапарында көрген екен. Ол кез қайда, бүгінгі күн қайда? Әрине, бұл жолы да Зәкеңнің өз ойымен отырып, кеңесте қаралып жатқан мәселенің желісін үзіп алғаны хақ... 

...Зәкеңнің отбасында бала басы жетерлік. Кезінде таңертеңгісін үйден шығып, мектепке қарай қаздай тізіліп бара жатқан ұбақ-шұбақ балаларды көргендер: «Әне, Зәкеңнің футбол командасы кетіп барады», – деп жатар еді. Олардың бәрі қазір ержеткен. Ең үлкен қызы тұрмысқа шығып, жеке шаңырақ көтеріп отыр. Үлкен ұлы әскер қатарынан оралған. Ұлы дегеннен шығады, тағы да сол аласапыран шөп шабу науқаны кезінде асығып көлікті ерттеп жатқан Зәкең айылды қатты тартып қалып, ерқашты болған қыршаңқы бие тізгінді ұстап тұрған кішкентай Қилыбайдың құлағын қауып кеп қалып тістеп, жартысын жұлып алса керек. Зар еңіреген ба­ланы жұбатқан Зәкең: 

– Балам, қыздарға ұқсап несіне еңірейсің? Көз жасыңды тый, жылама. Құлағың, міне, қалтамда: бір басқа бір құлақ та жетеді, – депті. Зәкеңнің орнында басқа біреу болғанда не бие таяққа жығылып, не басқадай бір оқиға болар ма еді? Ал Зәкең еш саспастан, ақылын сабырға жеңдірген. Бұған қалай қайран қалмассың? Міне, аяулы ұстаз, жұртқа ақберен адалдығымен, көңіл жықпас бейкүнә аңғалдығымен жаққан Зәкең дәл жанымда келе жатыр. Осының бәрі есіме түсім, мен де іштей күлімсіреудемін... 

Мектепке кіріп, мұғалімдерге қол беріп амандасып, ка­бинеттермен танысқан соң, мұнда түс қайта соқпақшы бо­лып кері қайттым. Мектеп ауласынан шығып бара жатқанда бір шәкіртті алдына тұрғызып қойып, зор даусымен тәрбие жүргізіп тұрған Зәкеңді көрдім. Өз кінәсін мойындаған оқушы басын тұқыртып, аяғының астына қарап қалыпты. Іштей: «Жас ұлан, Зәкең әлі де талай жеке тәрбие сағаттарын өткізер. Құлағыңа құя бер, артынан ұстазыңа шын жүректен алғыс айтатыныңа мен кепіл» – деп, ұстазға деген қимас сезімімді арқалап, мектептен ұзай бердім... 

...Кейінірек естідім, осыдан біраз жыл бұрын сол менің аяулы ұстазым бақилық болыпты. Адам баласының жер бетінде қанша уақыт қонақ болып жүретінін шешетін бір Алланың өзі ғой. Жарық дүние есігін іңгәлап ашқан әр сәби өсе келе маңдайына жазылғанды көреді емес пе. Сол себепті, көптеген балаларының адам болуына үлкен үлес қосып, әр шәкіртінің жүрегінен орын алып, артында өшпестей із қалдырған Зәкең рухына бас иіп: «Жатқан жеріңіз жарық, топырағыңыз торқа болып, иманыңыз жолдас болсын. Жұмақ төрінен орын алып, Алланың нұр шапағатына бөленіңіз менің қимас ұстазым!» – дегеннен басқа не дейін?.. 

Ермек САХАРИЕВ  



БАЗАР МАМЫРОВ 

Базар Қалиасқарұлы Мамыров – (1953-2004 жж.) бұрынғы Үлкен Нарын ауданының Майемер ауылында туған. Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген соң, Қарағанды облыстық телерадиокомпаниясында журналист болып қызмет істеген. 2000 жылы өткен «Қазақстаным – қара- шаңырағым» атты мүшәйра жүлдегері. «Саңылаудан түскен сәуле» жыр жинағының авторы. «Базардың жырларында, – деп жазады ақын Фариза Оңғарсынова, – жалпылдақ ұйқас, жылтыр сөз емес, ойдан өрім өрген. Жұмекенше ырғақ, толғам бар. Ол не туралы жазса да сырттай қызықтырмай, өмірдің сызаттарын да өз жүрегінен өткізіп, өзі кешкен сезімдерді ғана өлеңіне өзек етеді. Ақын үшін ең бастысы осы. Себебі, терең түйсік пен шын сезімнен ғана шынайы жыр шықпақ. Өлең – сезім өрнегі. Базар осындай қиын жол­ды меже қылған сезімнің ақыны еді». 

Базар мектептегі кезінде де өлең жазып жүргенімен, шы­найы шығармашылықпен жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін айналыстым деп есептейді. Жас ақын-жазушылардың республикалық кеңесіне екі дүркін қатысқан. Аудандық «Еңбек туы» газетінде кезінде өлеңдері жиі жарияланып тұратын.


ТІЛШІ ҚҰРБЫМА 

Сен жүрсің тілге баулып кіл сыныпты, 

Мен жүрмін кәсіп етіп тілшілікті. 

Алайда «тілсіз тілі ғашықтықтың», 

Сарсаңға салды біздің тіршілікті. 

Мына көз, 

Мына бәден, 

Тұлға мына, 

Қос елдің татырлықтай бір дауына. 

ТҮБІРІ тексіз туған сан сұлуды, 

Алмас ем ЖҰРНАҚ түгіл тырнағыңа. 

Жымиып жолыққанда жылы ұшырап, 

Жүрсің бе сыңайдан сыр ұғыншылап. 

Таусылды құнын білмей әл-дәрменім, 

ТӘУЕЛДІК ЖАЛҒАУЫНЫҢ БІРІНШІ ЖАҚ. 

Жетпесе жырыма – сын, әніме – сын, 

Сен жақта қайда жүрсем жарым есім... 

Солай ұқ қалай ұқсаң әзілімді, 

Бәрі ойын бұл айтқанның, бәрі де шын! 

Базар МАМЫРОВ 



РАУАН ҚАБИДОЛДИН 

Рауан Ержанұлы Қабидолдин 1989 жылы 14 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылында туған. Шыңғыстай, Катонқарағай орта мектептерінде және Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы мектеп-гимназияда оқыған. Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің түлегі. 

Рауан республикалық М. Мақатаев атындағы жыр бәйгесінің жүлдегері, Қарағанды қаласы әкімінің «Дарын» жастар сыйлығының және Ж. Тәшенов атындағы «Жылдың үздік ақыны» атағының иегері. 

Қарағандылық кәсіпкерлердің демеушілігімен Рауан Қабидолдиннің «Ақ қайың болсын есімің...» атты тұңғыш жыр жинағы жарық көрген. 

Рауан еңбек жолын Қарағанды қалалық мәдениет бөлімінде бастаған, қазір ол Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде қызмет істейді. 


АҒАЖАЙ АЛТАЙ 

Ағажай Алтай, армысың, болмысы бөлек, 

Мына ұл да сендей өр тұлға болғысы келед. 

Түйсігім түртіп қаланы жатсына берем, 

Тас зындан екен, тас қала жақсы ма деп ем. 

Кеудемнен ұшса сен жаққа көгершіндерім, 

Өзімдей көріп, өбексіп өберсің дедім. 

Амал не, кеше Ертістің шағалаларын, 

Қарғадай құрлы қалалық бағаламадым. 

Сонан соң мүлде қаладан безініп кетем, 

Дәл мендей саған мұңлықтар кезігіп пе екен? 

Қайран да менің Өр Алтай, Бұқтырмаларым, 

Қалай бұл қала тастығын ұқтырмағаның? 

Мұзтаумен ғана өлшеніп шектесетін ой, 

Ескертпедің-ау, ескертсең кетпес едім ғой. 

Өңімде көріп, жүргендей түсімде керім 

Қар қызын көрдім, сол менің түсінбегенім... 

Қар қызын көрдім, ай сырға құлақтарында, 

Құлап қалуға шақ қалдым, құлап қалуға. 

Ағажай Алтай, киелі атырабы елдің, 

Шақыра бердің, түсімде, шақыра бердің... 

ӘКЕ 

Әке, мен де бұйыртса әке болам, 

Бар нұрымды шашамын әкеп оған. 

Бесігінен сығалап жатады әлі, 

Дүниеге беймәлім бөтен адам.103 


Бұзылмаса сіз салған жолдар ана, 

Қарызымды қайтарам сонда ғана. 

Сіз үйреткен өмірді сол қалпында, 

Мен де үйретіп өтемін ол балаға. 

Біліп өссін жақсы мен жаман барын, 

Сараң барын, ақылды, арам барын. 

Ажыратсын әйтеуір бұл ғасырдың, 

Бұлаң қаққан түлкідей адамдарын. 

Ғұмыр кешсін үйінен алыс барып, 

Түзде жүрсін, еркіндік табысталық. 

Біз бармаған жерлерге солар барсын, 

Бізден артық екі есе намыстанып. 

Бірбеткей ем, қайтарды бетімді кім, 

Қиындықтың көтеріп шетін бүгін. 

Қадіріңді енді ұғып, қара басып, 

Енді ғана түсінген секілдімін. 

Жапырақтай желге ұшып армандарың, 

Көрмей бірі бүршігін жарғандарын. 

Әкей, енді түсіндім сіз қаққанда, 

Қанша есіктің ашылмай қалғандарын. 

Жан-жағыңнан алғанда көп дұшпаның, 

Біздер үшін мұз кешіп, отты ұстадың. 

Енді ғана түсіндім қанша арманның, 

Көгершіндей «гүр» етіп көкке ұшқанын. 

Қоңыраулап соңыңнан қоңыр құлын, 

Ұстай алмай қалдың ғой соның бірін. 

Қоңыр құлын мен едім, қоңыр кеште, 

Қоңыр қырға балайтын қоңырлығын.104 


Қоңыраулы құлынға жем берем деп, 

Жем берем деп, жем іздеп сенделем деп. 

Өмір құрғыр осылай өтіп жатыр, 

Сен де елеңдеп қарайсың, мен де елеңдеп. 

Тоқтамасы заңды ғой сол бір көштің, 

Сен көштің әрі қарай, мен бір көштім. 

Әке, мынау жер үстін сел баспаса, 

Сіз тұтатқан алауды сөндірмеспін. 

Рауан ҚАБИДОЛДИН 


ЕКІНШІ БӨЛІМ

ҚАРАТАЙ ЕЛІНІҢ ЕРТЕРЕКТЕ ӨМІР СҮРГЕН АҚЫНДАРЫ106 



ОТ АУЫЗ, ОРАҚ ТІЛДІЛЕР 

Менің білуімше, бұл тақырып әлі тұтас күйінде сөз болған емес. Дегенмен мүлде жазылмады деуге де келмейді. Азын-аулақ дүниелер «Ел аузынан», «Сөз тапқанға қолқа жоқ» атты топтама жинақтарда кездеседі. Одан соң Еңбек Ері, атағы бүкіл Қазақстанға мәлім Бошай аға Кітапбаевтың «Шежіре» атты 1994 жылы «Қайнар» баспасынан шыққан екі томдығында біраз қамтылып айтылады. Кезінде бірқыдыру материал Катонқарағай аудандық, Шығыс Қазақстан облыстық газеттерінде жергілікті жинастырушылардың еңбегінің арқасында жарияланғанын сол аймақтың көзі қарақты оқырмандары жақсы біледі. 

Қаратайдың қасиетін жалғастырған ұрпағы және елдің ресми биі болған Жарылғастың есімі аталады. Елдің Алтай­ды бетке алып, Шығысқа қарай жылжуы Жарылғас бидің ел басқарған кезеңі XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың басына тұспа-тұс келеді. 

Ақтанберді жыраудың батасын алып, Найман ішіндегі Сыбаннан шыққан Ақтайлақ бимен бір кезде өмір сүрген Жарылғас бидің немересі – Мая би Қаратай еліндегі құрметпен еске түсіретін абзал абыздардың бірі. Кейбір жергілікті зерттеушілердің мәліметіне қарағанда, Мая би 1721 жылы туып, 1804 жылы өмірден озса керек. Мая би және Қаратай елінің байы Есбол Құратайұлы мен баты­ры Шеруші Жәнібек Шақабайұлы үшеуі 1750 жылдары елдің алғашқы бір тобын бастап әкеліп, дәл осы қазіргі мекеніне қоныстандырған. Көші-қонмен жүдеп келе жатқан елдің малын Нарын бойынан бері өрлеп шығып, Майемер жазығының шетіне іліне бере қоналқыға түнемел жасайды. 


Кешке арып-ашып келе жатқан таңертең өң бітіп, құлпырып сала бергенін байқаған Мая би: 

– Аш-арығың тойынатын жер екен, өңшең семіз сойыла­тын жер екен, бір-ақ күнде шыр қонатын жер екен, көздеріңе нұр қонатын жер екен, өріс күнде құлпыратын жер екен, жұмбағы мол сыр тұнатын жер екен, ат соңынан тай еретін жер екен, ал адамдар май еметін жер екен, мен осы араға Майемер деген атты лайық көріп тұрмын, бұдан былай жер аты Майемер болсын, – деген екен. Дуалы ауыздан шыққан сөз иесін таппай қойсын ба?! Қазір Майемер даласы бар, Майемер ауылы бар, Майемер мектебі бар, Майемерден шыққан не сықылды абзал азаматтар бар. 

«Қолшатыры басында, жанторсығы қасында, осыдан артық жерұйық бола ма?!» – дегенді де со кісі айтыпты. Қолшатыр деп жұмбақтағаны – адам мен жан-жануарға сая болған орманы болса, жанторсығы – атқылап таласып жатқан мөлдір сулы, мұздай салқын ақ бұлақтар. 

Қай атаның болмасын пір тұтар ардақтысы болатынын оқырман қауым біледі. Сонда да бабамыз Қаратайдан бері та­райтын буын-буын ұрпақтың барлық билері мен шешендерін түгендеп айтуға мүмкіндігім бола қояр ма екен?! Тегінде әр елдің биінен басқа, әр ауылдың өз биі болған. Бидің қызметін де айтып тауысу үшін едәуір уақыт керек. Би – көсем, би – шешен, би – заңгер, би – қоғам қайраткері, би – ақын, би – батыр, би – елші-мәмлегер, би – білімпаз, би – тәрбиеші, би – саясаткер, би – ғалым, би – ойшыл, би – психолог, би – тәлімгер, би – ұстаз, би – бітімші міндеттерін атқарған. Сондықтан олар қапелімде сөз табатын, қапияда жөн та­батын, қараңқыда жол табатын жан-жақты шешен, айту­шы болған, ежелгі грек-рим шешендеріндей дүлей теңіздің жағалауында жаттықпаса да, дауыс ырғағын, сөйлеу мәнерін қалыптастыруға қазақтың мол пішілген кең сахара даласы да жетіп жатқандай. 

Қаратай мен Жарылғас арасында сөзді кім ұстағаны белгісіз. Жарылғас Қаратайдың Шоңмұрын атасынан. Мая би – Жарылғастың немересі.


Мая Тоқарыстанұлы – жазбаша тарихқа кірген адам. 1745-47 жылдары Семей, Өскемен қаласының әкімдерімен келіссөз жүргізіп, Өр Алтайды бетке алып, ежелгі мекенге ба­рып қоныстанғанын хабарлайды. Отаршылардың әдеті емеспе, қазақ пен қалмақтың арасына ши жүгіртіп, соғыстырмақ болғаны қағазда қалған сықылды. Бірақ Мая бидің көреген саясаткерлігі елді арандатудан аман алып қалады. 

Мая биден кейінгі Қаратай елінің сөз тізгініне ие болған қайраткер – Дәулет Есбол байдың тұңғышы Мәметек. Мәметек – әрі бай, әрі би болған. Катонқарағай өңірінде тұратындар жақсы біледі, аяқ бассаңыз болды, жер атауы, көл атауы, төбе, шоқы, жота, саз, бұлақ Мәметек атымен ата­лады. Мәметек – Мая бидің жиені, қарындасы Ақтомпыштан туады. Әлгінде тектілік туралы сөз қозғауымыздың жөні осында жатыр. Мәметектің өз әкесі Есболдың малы мен байлығы сөйлемесе, өзі көп сөзге бара бермеген деседі. Мәметек ұлдан алты ағайынды болса да, өзінен басқасы ауыл ішіндегі дауға қатысарлықтай шамадағы адамдар екен. Сонда Жарылғас пен Мая бидің ерекше қасиеті Есбол ба­лаларынан Мәметекке ғана дарыған ғой. Бірде Мәметек аға сұлтан Құнанбайға жеті жүз шақырым қашық қоныстанған жетпіс жастағы ағасына келіп сәлемдесіп, ел көріп, жер ара­лап кетпей ме деген сәлем жолдайды. Содан Шыңғыстаудағы аға сұлтан Құнанбай Шыңғыстайдағы би ауылына келіп қайтқан екен деген сөз бар. 

Мәметектен кейінгі Қаратай елінің сөзін ұстаған – Дәулет ішінде Бәйгісі атаның баласы Шәкен Бұрқатұлы. Ол қазір Алманиядан Қазақстанға жиі-жиі қатынас жасап жүрген кәсіпкер Шәріп Найманның арғы атасы Шәкеннің әкесі Бұрхат та би болған. Осы арада би туралы тағы да аздаған дерек бере кетудің қисыны келіп тұр. Шартты түрде солай атауға келетін болса, билер де беделі мен ел арасындағы қызмет орнына қарай түрлі топқа бөлінген: төбе би, кеңесші би, қосалқы би, төтенше би, жеке би, бітуа би, аға би, бала би. Жүгінушілерге тұрақты билік қызметін көрсеткен – төбе би ғана. Басқалары осы төбе бидің ыңғайымен билікке араласқан. Жөн білетіндігі, жолға жығылатындығы, айтқыштығы, шешендік қабілеті ескеріліп, бала биден бастап олардың беделі өсіп отырған, алайда, қыметтің өсу баспалдағы болмаған. Әр ауылдың, әр атаның өз биі болғанын жоғарыда айттық. Ал ол билердің бәрінің қызметін айтып, атап шығуды былай қойғанда, тізіп шығудың өзіне көп тер төгу керек. Сондықтан мен ел тізгінін мықты ұстаған төбе билер туралы ғана қолға түскен деректер бойынша ұсынып отырмыз. Шәкен бидің ерекше бір қасиетін бөліп айтып оты­рады. Егер ол бір ауылға бара қалса ең шеткі үйге түсіп, атын сонда қалдырып, қамшысын келесі үйде, бір үйде тымағын, бір үйде белбеуін қалдырып, түгел аралап, бас сұғып кіріп шығады екен. Жалғыз болса да, жолдастарымен жүрсе де ұстаған әдеті осы. Ел жағдайын, халық тұрмысын білудің бір жайы осы болар деген ойға келесің. 

1860 жылға дейін Қаратай елі не Ресей, не Қытайға қарағанын білмей, дүбәра тіршілік кешіп келсе, осы кезде жүргізілген екі мемлекеттің шекаралық комиссиясының шешімі бойынша, Катонқарағай өңірі біржолата Ресей құрамына қарайтын болды. Осыдан кейін Шәңгіштай болы­сы құрылды. Сөйтіп Шыңғыстайдың алғашқы болысы болып Ережеп Ноқайұлы сайланып, содан 30 жыл табан аудармастан Қаратай елін басқарды. Бұл ұлы жазушы М. Әуезовтің «Абай жолы» романындағы: «Жиынға Өр Алтайдан Ережеп келді» дейтін Ережеп осы. Ережеп Дәулет Есболдың алтын­шы ұлы Жанмырзадан тарайтын шөбересі. Болыстың бірінші биі, яғни басты биі болып Маяның немересі Рүстем сайлана­ды. Сөйтіп Рүстем би атанады. Бір таңданарлық тарихи де­рек: Ережеп те, Рүстем де 30 жылдан кейін өз қызметтерін ұлдары Әбдікерім мен Мұсаға тапсырып өткізіп кеткен. Ере­жеп пен Рүстем екеуі де сөзге бірдей жүйрік болғандықтан, елі оларды Қос Қарагер деп атаған екен. Ережептің бәйгеден қатар озып келетін екі қарагер сәйгүлігі болған деседі. Халқы соны меңзеді ме, әлде екеуінің де түсі қараторы болды ма екен, кім білсін?! 

Алыптардың соңғы тұяғы, Қаратай елінің ақырғы атақты биі – Мұса Рүстемұлы. КСРО және Қазақстан оқу ісінің үздігі, Ленин орденді ардагер ұстаз Садық Түкебайұлының қалдырған мағлұматы бойынша Мұса би 1861 жылы туып, 1928 жылы қызылдардың қысымынан пәниден баз кешті. Бай-кулактардың тізіміне ілігіп, жер аударылатын болған соң, туған жердің топырағы бұйырсын деп, өзіне-өзі қол жұмсаған. Мұса бидің айырықша атап өтер еңбегі – сол кез­де санаулы адамдар ғана шұғылданған қазақ шежіресімен айналысып, оны 1910 жылдар шамасында кітап етіп баспадан шығаруы еді. Бошай аға Кітапбаев Мұса би шежіре кітабын өз қаржысына Омбыдан бастырып шығарған десе, Садық ақсақал Қазаннан шығып еді деп отыратын. 1992 жыл ғой деймін, күзде Оралхан Бөкеймен Катонқарағай аудандық баспаханасында кездесіп, Мұса бидің шежіре кітабын тауып алғанын айтып, сүйінші сұрап, ротопринтпен көбейтіп, бір-бір данасын Қайырды екеуіңе жіберем деген уәдесі бар еді, тағдыр оны орындауға мүмкіндік бермеді. Мұса би ту­ралы және оның сөздері жөнінде Б. Кітапбаевтың «Шежіре» кітабының 2-томында толығырақ қамтылып жазылған. Ел ішінде Баламердің атасы Иса Мұсамен қатар аталады. Шақабай деген ауылдасы Керейге барып, қонақтап жүргенде: «Еліңнің игі жақсылары кім?» – демей ме. Сонда Шақабай: «Иса, Мұса, содан кейін өзім», – деп етігінің қонышын қос қолдап тартып қалғанда, қонышы жұлынып, басы ажырап қалыпты деген күлдіргі әңгіме бар. 

Ресми атақ-дәрежесі болмаса да, Қаратай ішінде Мәкиле би ерекше аталады. Бетің-жүзің демейтін, ешкімнің көңіліне қарамайтын, сөзі қылыштай өткір, қорғасындай салмақты болса керек. Өзімен замандас және өзінен кейінгі буын ақындары өлеңдерінде Мәкиле биді ерекше мадақтайды. Қаракөлден ары, Мұзтаудың бергі жағында «Мәкиле да­расы» деген үлкен жайлау бар. Қазір Ресейге қарап қалды. 


Ақындығымен аты шығып, Әбдікерім болыспен Қаратай елін көп аралаған Дәри Мәкилеқызы алдымен өлеңнің бісіміләсін әкесінен бастайды екен: 

Мәкиленің қызымын, дес бермеген, 

Теріс мінез-құлықты хош көрмеген. 

Даңқы шыққан әкемнің арқасында, 

Үрейленіп көргем жоқ еш пендеден. 

Сол Дәри апамыз қайтыс болғанда, ұжымшар басшыла­ры «бізге жат элемент, бидің тұқымы, оның үстіне өле ал­май жүріп тілі де қыршаңқы болатын» деп, ат-көлік бермей, баласы Рақымжан, күйеубаласы Әміре, ағайын-жекжаттары Салық, Сахария, Нұрбай, Ақшамбай қолдан зембіл жасап, Таңбадан Көлге дейін бес шақырым жерге жаяу көтеріп апа­рып жерлепті. Шоңмұрын кезеңіне жерлеуге рұқсат бермей қойған. 

Дәри апамыз туралы сөз қозғау – Қаратай елінің ақындары туралы пікір айтудың басы. Қаратайдан біраз ақындар шыққан. Қазір атағы бар, аты сақталған, бірақ өкінішке орай, көбінің өлеңдері бізге жетпеді. Елеуке Ұранхайұлы Мәметек бидің кезіндегі атақты ақын болғанымен, Мәметек айтты деген кейбір сөздер бізге жетті де, Елеукенің өлеңдері ұмытылып қалған. Бұлай деуге де бола қоймас, басқа бір араласпаған ұрпағының қолында сақталуы да мүмкін-ау. Еңсеген Малжиярұлы, Байжұма Шәншіұлы деген ақындар өтіпті, өлеңдері бізге жетпеген. 

Өлеңдері там-тұмдап болса да жеткен, аты әйгілі ақындардың алдыңғы легінде алдымен айтатынымыз – Дәулеттің Көкі атасынан шыққан Таңырық Мөнекейұлы. Ол жас кезінде әлденеге ренжіп Қытай жеріне өтіп кетіпті. Маядан тарайтын Өмір, Байғозы секілді барымташы батырлармен танысып, екі елдің еркесіне айналады, серілік құрады. Ша­масы 1830 жылдардың ортасына таман дүниеге келіп, 1870 жылдары сал-сері боп жүріп дүниеден өтсе керек. Таңырық  туралы молырақ деректі Бошай ағаның «Шежіре» кітабынан алуға болады. 

Мақажан Байпақұлы да Дәулеттің Көкі атасынан та­райды. Таңырық ағасынан шамасы 30 жастай кішілігі бар. Бірақ ақындық қуаты басым болса керек. Қаратайдың өткен ғасырда өмір сүрген ақындарынан көбірек ауызға алынаты­ны да, өлеңі көбірек сақталғаны да осы Мақажан. 

Қаратайдың атақты Мая биі, 

Керемет сөзден соққан саялы үйі. 

Жақсының аты хатқа жазғанмен тең, 

Тұрады еске түсіріп баяғыны, – 

деп Мая биді мадақтап бір қиырға кетеді. 

Ән шырқап, өлең айтып Таңырық тұр, 

Тыңдаған халқы мынау аңырып тұр. 

Келмейді алақаннан шығарғысы, 

Он жылда кездескенде зарығып бір, – деген. 

Таңырық та, Мақажан да құйылып, төгіліп тұрған ақпа- төкпе ақындар болған. Оларға ойын қарасөзбен жеткізуден гөрі өлеңмен жеткізу әлдеқайда жеңіл екен. Ал Қаратай Шеруші атадан шыққан Қатшыбай ақын әрі тауып айта­тын өткір, әрі қауып айтатын сыншыл, міншіл ақын болған. Қазіргі поэзия теориясының тілімен оның өлеңдері шым­шыма деуге де болатын, мысқыл, әжуа қоюланып келетін сықақтар. 

Дәулет ішінде Тайлақ деген атадан тарайтын Тікебай ақынның ел аузында жүрген шығармалары көп. Бірақ ол кісі туралы көп дерек қолыма түспеді. 

Дәри Мәкилеқызы туралы жоғарыда азырақ айтып өттік. Ол кісі өлеңді ойланбастан табан аузында айтып тастайтын көрінеді. Бірде әлде жездесі, әлде қайнысы, әлде құрдастарының бірі ме: «Орыстармен дос болып, картоптан жарылып өлген Самай», – депті. Сонда бірден: 

Көшсе дұрыс қонбаған, 

Қонысына ырыс қонбаған. 

Қаракерейден шыққан Самай, 

Кімдермен туыс болмаған. 

Өзіңнің тегіңді білмей тұрып, 

Мазақ қылмақсың Самайды, 

Көкірегі қуыс оңбаған, – 

деген екен. 

Дәри Мәкилеқызынан кейін шыққан Әлімзәуір Мақажанқызының да өлең өткелінде қалдырған өзіндік өрнегі, өзіндік ізі бар. Әлімзәуір – әйгілі ақын Мақажанның қызы. Бертін қартайған шағында: 

Сұрасаң менің атым Әлімзәуір, 

Өзім кәрі болсам да әнім тәуір. 

Төрт құбылам түгел сай болмас па еді, 

Жағдайымды түсінсе, жарылқағыр?! – 

деуінен «жаны қысылған құдайды қарғайды» дейтін қазақ сөзінің бір ұшығы байқалатындай. 

Әлімзәуір шешемізді бір жерге апару үшін басқарма қос ат жеккен арба жібереді. Үйден киініп шыққан шешеміз арбаға жақындай беріп аттарға көзі түседі де өлеңдетіп қоя беріпті: 

Жеккенің қатарынан екі жауыр, 

Бірінен дейтіні жоқ бірі тәуір. 

Қалайша біздің ауыл жүдеді екен, 

Болғанда сталиндік ұлы дәуір. 

– Бұйырғаны осы шығар, кеттік балам, – депті. Шығарып салуға келген басқарма төмен қарап қызарып қала беріпті. 


Байқап отырсаңыз, суырыпсалма, өлеңді ойланбастан, табан астында шығаратын ақындарға ауызекі сөзбен ежіктегеннен гөрі бір-екі ауыз өлеңді қоя берген әлдеқайда жеңіл сияқты. Әрі өлеңнің өткір тілі көздеген нысанасын дәл тауып, тиген жерін қақыратып оңдырмай ойып түсіп отыра­ды. 

Әлімзәуір апамыз жалғыз өзі шай ішіп отырған үстіне қолтығында кітапшасы бір жігіт келеді. Дастархан үсті жұпыны, жоқшылық кез. 

Бір кесе шайдан соң: 

– Апа, санақ алып жүр едім, рақмет, болдым, – деп кесесін былай қойып қағазына үңіледі. Кесеге шай құйып ұсынған Әлекең: 

Қойым жалғыз, ешкім үш, 

Жоқ кісіге су да күш. 

Шешең сыйлап берген соң, 

Шай да болса қанып іш, – 

депті. 

Қарап отырсаңыз, қазақтың әу демейтіні кемде-кем. Сұрапыл соғыс жылдарында ашаршылықтың азабын тартқан бір апамыз қазіргі Қабырға даласында үйілген са­баннан масақ суырып, дән үгіп отырады. Қасында кішкене немересі бар, оны қарауылға қояды. Бала өз алдына ойнап кетіп басқарманың қай жақтан сап ете түскенін білмей, ақырған айғайдан талып қала жаздайды. 

Әп-сәтте есін жиған апамыз: 

Астыңда мінген тор жорға, 

Қапыда түстік біз қолға. 

Бұдан бұрын үкпеуші ек, 

Кешіре көр бір жолға, – 

деп боздап қоя беріпті.


Бастық та адам баласы, қатты қорықса да аяқ астынан сөз тауып, өлеңмен тілдесіп тұрған кемпірге не істесін, кеңшілік жасапты. Ал сол кездегі Сталиннің 7 тамыз заңы бойынша 8-10 жыл арқалап сотталып кету оңайдың оңайы екен. 

Әлімзәуірдің замандасы шимойын Зәләмұрат Тұғылбайұлын шежіреші, әдеби мұраны жинастырушы ретінде білсек, соңғы кездері өзі пәни дүниеден озған соң ғана оңашада өлең жазып, оны дәптерге түсіріп жүретінінен ха­бардар болдық. 

Келесі буынның өкілдері Бөгіс, Уалхан, Есім, Қонай, Тоқаш сынды азаматтар кейде айтысқа қатысып, кейде ой­ларына келе қалған өлеңді қолма-қол айтып жүре берген. Бір өкініштісі қағазға түсірмеген. Әлі де ел ішінде ауыз­ша таралған өлеңдері кездесіп қалады. Осы топқа жататын Ақтан аға Нұрбаевтың топтама өлеңдері жинаққа кірсе, өзі өткеннен кейін қызы Гүлнардың мықтап шұғылдануымен «Сырымды айтам» атты өлеңдер жинағы 1995 жылы Ал­маты қаласындағы «Ғылым» баспасынан жарық көрді. Бұл – Катонқарағай өңірінен шыққан ақындардың алғашқы жинағы. 1996 жылғы күзде ақынның туған ауылы Берелде туғанына 70 жыл толуы атап өтіліп, дүниеден өткеніне 8 жыл толуына құран түсіріліп, ас берілді. Кейіннен балала­ры Ержан мен Гүлнар әкелерінің тағы бір өлеңдер жинағын шығарыпты деп естідім. 

Осы топтан соңғы кезге дейін аты ескерілмей келе жатқан бір ақын бар. Ол – Жәлел Құсайынов. 1930 жыл­дары дүрмекпен бірге Крән асып Қытайға өтіп кетіп, елге 1956 жылы оралған болатын. Елге келген соң да өлең жа­зуды жалғастырғанына осы жолдардың авторы куә. Бірақ баспасөзге ұсынбайтын. Дәптерге түсіріп жүргендері бала- шағасында сақталуға тиіс. 

Зайсандық Қанағат Мұқанов облыстық «Дидар» газетінің 1997 жылғы 12 сәуірдегі номерінде 1940 жылдары Шыңжаңда ерлік көрсеткен әрі батыр, әрі ақын Бүркітбай Қияқұлы туралы шағын мақаласын былай аяқтайды: «1945 жылдары батырдың ел арасына тараған отты жырлары «Ерікті Алтай» газетінде жарық көрсе, сол қанды оқиғаның куәгері болған Жәлел Құсайынов «Бүркітбай батыр» атты поэма жазып, «Таңшолпан» журналында жариялаған. Шын мәнінде алтынның қолда барда қадірі жоқ. Жәлел Еңбек ауылында он шақты жылдай қоныс тепкенде оны ақын ретінде мойындаған ешкім болмады. Осы топтың алғашқы буыны­на жататын Төкен Мажыраұлы мен Сағди Сләмбайұлының өлеңдері де сақталмаған, әйтпесе, білетіндер күшті ақындар еді деп мақтайды. 

Тақырыпты толық айттым деуге батылым бармайды. Бір керекке жарар деп өз білгенімді ғана ортаға салдым. Оның ішінде есімдері елге белгісіз боп, өшіп бара жатқан жандар туралы сөз еттім. 

Қазір соғыстан кейінгі ұрпақтың өкілдері өз елін бы­лай қойып, облысқа, республикаға танымал бола бастады. Қайырды Назырбаев – Астанада, Жәнібек Қызыров аудандық «Арай» газетінде қызмет атқарып жүрсе, Әлібек Қаңтарбаев пен Бақытжан Райысова Өскеменде. 

Сөз реті келген соң айта кетейін, 1999 жылы катонқарағайлық жеті ақынның (Ақтан Нұрбаев, Төлеген Рақымжанұлы, Қайырды Назырбаев, Әлібек Қаңтарбаев, Жәнібек Қызыр, Бақытжан Раисова, Төлеухан Бияров) өлеңдері «Ағажай, Алтайдай жер қайда?» деген атпен топ­тама жинақ болып шыққан болатын. Содан бергі кезеңде, Әлібек Қаңтарбаев үш-төрт жинағын, Бақытжан Раисова 

екі жинағын шығарып алды. «Туған жер, сені жырлай­мын», «Буырқанған Бұқтырма» атты менің де екі бірдей өлеңдер кітабым Астанадан жарық көрді. Ал Жәнібек бірер жыл бұрынырақ «Ел ішіндегі бірқақпайлар» атты шағын кітапшаны құрастыруға қатысса, Жеңістің 60 жыл-дығына орай «Ерлік-дастан» деген атпен Ұлы Отан соғысына қатысқан катонқарағайлықтар туралы жазылған мақалаларды құрастырып бір кітап етіп шығарып, үлкен азаматтық іс істеді. Бұл істерге қол ұшын беріп көмек жасаған Әлібек, Қайырды, Дидахмет, Тұрлығазы, Нұрлан секілді баспагер жігіттерге алғысымыз шексіз. Сондай-ақ елге, жерге қатысты дүниелерді Қайырды мен Дидахмет жи­нап жүреді деп естиміз. Олары қуанарлық іс екен. 

Жоғарыда сөз еткен Қаратай елі ақындарының игі дәстүрі үзілмей жалғасып келеді. Алдағы уақытта оны алға апара­тын жас өркеннің өмірге келетініне өз басым кәміл сенемін. 

Төлеген РАҚЫМЖАНҰЛЫ, 

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі 


ТАҢЫРЫҚ 

Таңырық Мөнекейұлы (Дәулет ішінде Көкі) 1830- 1890 жж. Әнші, ақын. Қытай еліне өтіп кетіп, Абақ Керейдің, Жайырдағы наймандардың арасында жүріп ауырып қайтыс болған. Дәулеттің шөбересі Мақажан Таңырықтың жақын немере інісі болып келеді. 

* * * 

Жасымда ақын болдым өлең дарып, 

Жат жерде ауырумен болдым ғаріп. 

Бұлқынған асау тайдай қайран күнім, 

Барады сөйткен заман бізден қалып... 

Сайраушы ем домбырамды қолыма алып, 

Біліндім Орта жүзге төмен барып. 

Жандарал, корпуспенен бас қосқанда, 

Жүлдеге кетуші едім жүз теңге алып. 

Адамзат күнә табар ғайбат сөзден, 

Түзелер қисық ағаш құрған тезден. 

Заманда қор болман деп ойлаушы едім, 

Айырылдым қапылыста туған елден. 

Секілді алтын бесік қайран елім, 

Заманым бұрынғыдай қайда менің. 

Баласын Көкжарлының жалғыз көрсем, 

Бұлбұлдай талға қонған сайрар едім. 120 


* * * 

Дүние дүниеден жалғанына, 

Жеткізген кімді тәңірім арманына. 

Аспанда айнала ұшқан сұңқар едім, 

Мұз қатып қанатыма қалғаным ба?! 

Мұз қатып қанатыма қарға болдым, 

Елімде сұңқар едім саңқылдаған. 

Аралап Керей, Найман шарласам да, 

Жоқ екен өз елімнен жақын маған. 

* * * 

Сөйлей бер, қызыл тілім тақылдаған, 

Күн туар ел басына ақырзаман. 

Дерт алып әр мүшемді бара жатыр, 

Аяңдап ажал шіркін жақындаған. 

Арманды іште кетер елге айтайын, 

Әперші домбырамды, қатын, маған. 

Аспаннан бұлт шығады нажағайлап, 

Келді ғой мұнда мені ажал айдап. 

Кетеді-ау елді ойласам ішім күйіп, 

Отындай пароходтың жанып, қайнап. 

* * * 

Балалар жіп салады үш бақанға, 

Артылар алпыс жамбы күшті атанға. 

Дүниені Қап тауындай жисаң-дағы, 

Пайда жоқ бір тиындай шыбын жанға. 

Жатырмын көшейін деп дүниеден, 

Сәлем айт мені білген мұсылманға. 

* * * 

Баласын Көкжарлының, басқа ағайын, 

Ешкімін ұмытпасам тастамайын. 

Ағам ед қатарынан озып туған, 

Сағындым Мұңайтпастың Қабанбайын.*121 


Сәлем де Тоқтамысқа* майтаңдаған, 

Құнанбай қара жорға жайтаңдаған. 

Әрі аға, әрі ағайын, жаны құрбы, 

Көңілімді жалғыз рет қайтармаған. 

Кісі еді өз елінде қара берен, 

Орнынан тұрушы еді алаң-елең. 

Жуықты алыспенен болжайтұғын, 

Данышпан ақылы мол, ойы терең. 

* * * 

Шықпайды сусыз жерге салған егін, 

Баласы ең ер Көкінің арғы тегің. 

Түсуші ең, отына да, суына да, 

Қамалды-ау Қызылтасқа қайран елің. 

Сәлем де Шімікейге* қартайса да, 

Қолынан қайран ердің мал тайса да. 

Әкесі Орта жүзге қазы болған, 

Тұқымы қаракөктің қанша айтса да. 

Баласы Сәттібайдың Ыбырайым, 

Жат жерде ажал қарсы тұрды-ау дайын. 

Толқыған бес Қазанғап* ауылы едің, 

Көрмедім, амал бар ма, не қылайын?! 

* * * 

Жасымда жолдас болдым Өмірменен*, 

Байқозы* қашып шықтым Темірменен. 

Жігіттер, қор болман деп ойламаңдар, 

Жетеді адам неге көңілменен. 

Сәлем де Күнпейіс пен Тазбалаға*, 

Дәулетте жақсы туған азғана ма?! 

Жатырмын көшейін деп дүниеден, 

Сәлем де құрбы-құрдас бозбалаға! 

Бір күнде Орта жүзге орда болған, 

Дәулетті ағайынға қорда болған.


Еженнің үлкен ұлы Сартқожа* бай, 

Үйіне іздеп барып Қыдыр қонған. 

Құрдас деп Рүстеммен* ойнаушы едім, 

Асыл деп артық туған ойлаушы едім. 

Сәлем де құрбы-құрдас замандасқа, 

Қарасам жүздеріне тоймаушы едім. 

Ерлер ед артық туған қарадағы, 

Уызы арылмаған бала дағы. 

Жатушы ек сүттей ұйып Шабанбайда*, 

Қатықтай бұзылмаған шарадағы. 

Есуші ем пароходтың күрегіндей, 

Қыранның жаңа түскен түлегіндей. 

Сәлем де, Дәулеттегі Ежікеме, 

Көруші ем өз адамымның біреуіндей. 

Ініңіз Самарменен құрдас едім, 

Ақ үйдің алтыбақан – тіреуіндей. 

Баласы Ережептің* өңкей саңлақ, 

Туыпсың бір енеден үш арғымақ. 

Өзіңмен қанша жүйрік таласса да, 

Жығушы ең тай-торыдай тулап-тулап. 

Ақылы кей адамның алтын үйдей, 

Тұрады ғаділетпен жұртын билей. 

Сәлем де Кәлімдегі Құрманбайға*, 

Баяғы үйіндегі Қара бидей. 

Сәлем де биекеме Сәлмембетке, 

Қадірлі Қаратайға қалың көпке. 

Кешегі «бес – беске» боп жүрген шақта, 

Есеңді жібермеуші ең Жәнібекке. 

Сәлем де Қыдырханға* және бексің, 

Өзің бай, өзің мырза, өзің көпсің. 

Қолында ақ патшаның «дияласы», 

Саған қайтіп адамның әлі жетсін? 

Ер қайда, Шимойынның* Қармысындай*, 

Жетесі бір қарыстың жармысындай. 

Не тойда жүрексінбей күресуші ед, 

Тінейдің аю алған сары құсындай.123 


Корпустан бір перуай қағаз алдың, 

Қалыңдығы серкенің шарбысындай. 

Ақынның жеңілгені – қартайғаны, 

Адамның қылшың тартар мал тайғаны. 

Сәлем де екі ағама – Байыр, Дайыр*, 

Секілді қос балапан Алтайдағы. 

Сәлем де екі ағама – Байыр, Дайыр, 

Болса еді бұл науқастың түбі қайыр. 

Айырылып ел-жұртымнан жүргенімде, 

Қала ма мекен болып маған Жайыр. 

Сәлем де Ұзақтағы Дүзбенбекке*, 

Кісі еді пайдаң тиген қалың көпке. 

Жат елде қор болам деп ойлап па едім, 

Амалым бар ма қылар құдіретке?! 

Бастайды әрбір іске хақ тағалам, 

Көңілім өте-мөте болар алаң. 

Сипай жүр қыз да болса маңдайынан, 

Артымда қалып барад жалғыз балам. 

Сәлем де Шөгел* биге Малайдағы, 

Ойласам еске түсер талайдағы. 

Еліме қадірі артық адам еді, 

Жын-шайтан қашатұғын маңайдағы. 

Самайда кісі қайда Мәкиледей*, 

Болмаған қартайса да ақыл кедей. 

Тұқымы қара көктің қанша айтса да, 

Соқтырған сом күмістен сақинадай. 

Баласы Шәкен* бидің Некем* едің, 

Секілді қос бәйтерек екеу едің. 

Арғы атаң Бұрхат* биден бері қарай, 

Найманды нар тайлақтай жетеледің. 

Сәлем де Қаратайдың байларына, 

Тақпай ма қыздар моншақ айдарына. 

Артымда қалып барад жалғыз балам, 

Шертпесін кім көрінген маңдайына.124 


Сәлем де, Сегізбайдың Макарына, 

Найманның ерте ілінген қатарына. 

Сәлем де Қаратайға Алтайдағы, 

Мен кеттім қияметтің сапарына!.. 

ТІКЕБАЙ 

Қаратайдың от ауыз, орақ тілді ақындарының бірі – Тікебай Сыпырындыұлы. Дәулет ішінде Досқұлының екінші баласы Қисықтан тараған. Сүйегі Тайлақ. Ұрпақтары қазір Катонқарағай өңірінде тұрады. 

* * * 

Тікебай жас кезінен суырыпсалма ақын болыпты. Оның есімі 17-18 жасында Қаратай еліне кең тараған екен. Бірде, жанында екі жолдасы бар, Дәулет руымен аталас Шеруші елін аралап жүреді. Әкесінің айтуымен Шерушінің беделді ақсақалдарына барып сәлем береді. Сол кезде Шүршіт суының бойында отырған Шүршітбай деген ақсақалдың үйіне түседі. Шүршітбайдың Әби, Әубәкір деген екі баласы болады. Екеуі де пысық сөзді, ұры ұстаған, бұзықтау болса керек. Кішісі Әби тентектеу кісі екен. Тікебай ақынның ел аралап жүргенін олар біліп отырады. 

Тікебай үйге кіре бергенде Әби: 

– Әй, Тікебай мырза, сені осы ел ақын дейді ғой. Шын ақын болсаң бізге арнап екі-үш ауыз өлең айтып жіберші. Бізді әркім де мақтап айтып жүр, ал сен жамандап айт, – дейді. Сонда Тікебай Әбидің алдына жүгініп отыра қалып: 

Бұл күнде мекен етіп Шүршіт суын, 

Шүршітбай жатыр екен сарыбуын. 

Әубәкір, Әбименен ер жеткен соң, 

Шайтанның ала шаптың қара туын.125 


Сұрасаң арғы атаңды Бәубек деген, 

Белдеуден ат, басынан дау кетпеген. 

Әубәкір, Әбименен ер жеткен соң, 

Үйіне қонған қонақ сау кетпеген. 

Шүршіттің суы ағады ойдым-ойдым, 

Әби, Әуке ұрлығыңды қашан қойдың. 

Қонақты үйіңе әкеп қондырып ап, 

Түнде тұрып қонақтың атын сойдың. 

Құдайдың зауалынан қорықпай-ақ, 

Зарлатып қонағыңды жаяу қойдың. 

Осы кезде төрде жамбастап жатқан Әубәкір басын көтеріп, інісіне: 

– Әй, Әби-ай, қайдағыны айтып, қайдағыны шығарып отырғаның-ай, – деп ренжиді. 

– Тікебай мырза, жоғары шық, – деп құрмет көрсетеді. Сол күні Тікебайды жолдастарымен қонақ етіп, келген жолың деп ат мінгізіп, шапан кигізіп аттандырады. 

* * * 

Тағы бір кезде Тікебай екі жолдасы бар арғы беттегі Ке­рей елін аралап жүреді. Осы кезде бір байдың үйіне қонады. Кешке бай қызметші жігітті қонақтарға соятын мал әкелуге жұмсайды. Әлгі жігіт мойнында үш бұрыш кергіш ағашы бар, арқасы көнтек бір қойды алып келіп, қонақтардан бата сұрайды. Тікебайдың бір жолдасы өзінен 3-4 жас үлкендеу екен, бата жасауға қол жая берген әлгі жолдасына: 

– Сіз тұра тұрыңыз, мына қойдың батасын мен жасайын, – дейді Тікебай. 

Мынауың құнан қойма, дөнен қой ма? 

Мойнында мылтығы бар мерген қой ма? 

Жұтшылықта еліңді асырайды, 

Бай-еке, тілімді алсаң, сірә сойма!126 


Ел едік, Керей, Найман араласқан, 

Сонымен кем болдық па мал мен бастан. 

Аулыңа сәлем бере келіп едім, 

Әйтпесе, жігіт емен қарным ашқан. 

Астымда қара жорға желгенім-ай, 

Аулыңа әдейі іздеп келгенім-ай. 

Мың қойдан өңі түзу қой табылмай, 

Қотыр қой қонақасы бергенің-ай! 

Бай Тікебайды сынайын деп әдейі істесе керек, қонақ қылып күтіп, разы қылып аттандырады. Бірақ ақын сөзі ел аузында ұмытылмай сақталып қалады. 


МАҚАЖАН 

Мақажан ақын – Таңырықтың аталас інісі. 1840 жылда­ры туып, 1920 жылдарда таулы Алтайдың Қосағаш ауда­нына қарасты Жазатыр ауылында қайтыс болған. Жазатыр мен Аршаты деген екі ауыл бірігіп бұрынғы Шыңғыстай болысының бірінші ауылы атанған. 

Мақажан Байпақұлы да Дәулеттің Көкі атасынан тарай­ды. Қаратайдың өткен ғасырда өмір сүрген ақындарынан көбірек ауызға алынатыны да, өлеңі көбірек сақталғаны да осы Мақажан. 

* * * 

Мақажанға өлең он жеті жасында дарыған екен дейді... Түсінде Қызыр бабамыз: «Көген аламысың, өлең аламысың», – деп сұраса керек. «Көгенді қайтем, тіршілік болса то­лады, баға жетпес қазына – өлең берсең болады», – дей беріп оянып кетсе керек... Сөйтіп үш күннен кейін Мақажанға өлең қонады. 

* * * 

Мақажан ол кезде қазіргі автономиялы Алтай жеріне қарайтын Шүй, Жазатыр жағын мекендесе керек, бірде қыдырыстап Шәкірт бидің ауылына келеді. Үйіне кіре бер­генде Шәкірт: 

– Мақа, үш ауыз өлең айт, – деп өтініш етеді. 

– Мақтап айтайын ба, даттап айтайын ба? – десе керек Мақаң. 

– Жамандап айт, кемшілігімді де білген теріс болмас...128 


Сонда Мақажан: 

Шілік бойы қайың-ды, 

Білемін қалмақ жайыңды. 

Жатушы едің обада, 

Көлденең тістеп найыңды. 

Арғы атаң сенің – Сояң-ды, 

Үйлемей кеткен молаңды. 

Мұсылман қылған біз едік, 

Қажыға барып, би болдың, 

Ұмыттың құдай-тобаңды, – 

дегенде Шәкірт: 

– Орынды айттыңыз, рахмет, Мақа, жоғары шығыңыз, – дей берген екен. 

* * * 

Андағұл Қатпа болыстың үйіне ішінде Мақажан бар төрт жігіт келіп, түсуге рұқсат сұрайды. 

– Жарайды, қонсын, – дейді Қатпекең. 

– Қонақасына сояр мал әкел, – деп бұйырып қызмет қылып жүрген жігітін жұмсайды. Мезгіл көктемге ауысқан, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы болса ке­рек. Қой союға жарамай жігіт семіз бір атан серкені сою қамымен далаға шығып кетеді. Бай іле-шала өкшесін баса шығып жігітке ұрсады. 

– Серкені қоя бер де, шібіш сой, ешкіден ешкінің еті артық емес шығар, байқай қоймас, – деп сараңдық жасай­ды. Бай айтты, құдай айтты, іштей ренішін сыртқа шығара алмаған жігіт амалсыздан бір шібіш әкеп сойып, етін қазанға салады. Ет пісіп алға келеді. Дүниеге ет тістеп кел­ген қазекемді алдай алармысың, Мақажан мақамдап табаққа бата береді: 

Жылдан-жылға заманың, 

Шұнақ болған заман-ай. 

Сарқыраған өзен-су, 

Бұлақ болған заман-ай.129 


Алғаш үйге кіргенде, 

Атан еді серкеңіз, 

Тамақ болып келгенде, 

Лақ болған заман-ай! 

Аллаһуакбар! – деп тамаққа бас қояды. 

Сараңдығымды елге жайып жібере ме деп қысылған болыс ертеңінде еру жатқызып, дұрыстап күтіп, аттанарда Мақажанға бесті ат мінгізіп, кешу өтініпті деседі көнекөз қариялар. 

* * * 

Мақажан кедей адам болса да ақындығымен аты шыққан, тура айтатын өткірлігімен, қара қылды қақ жаратын әділдігімен жұрт алдында үлкен беделге ие болған адам екен. Болыс, билермен үзеңгілес, табақтас болып жүріп туралықтан таймаса керек. 

Бірде Қаратайдың болысы Әбдікерім, Дәулеттің биі Дүкен қажы, Мақажан ақын бар, бәрі жиылып Керейдің Бай­шора деген дәулетті адамының асына барады. Табақ-табақ ет пен саба-саба қымызға бөккен елге ермек керек. Сөз жарыстырып, билік салыстырады, бірін-бірі қолпаштап, бірін-бірі мұқатысады. 

Кәлім руының бетке шығар жуаны, мыңды айдаған байы Жәшік қажы Мақажанмен құрдас екен. Аттыға жол, ауыздыға сөз бермей отырған Мақажанды сүріндірмек болып: 

– Әй, Мақажан! Тар құрсақта тебіспесек те бір жылы туған төл едік. Ер жетіп, ат жалын тартып мінгеннен бері мінісің де өлең, сауының да өлең болып жан сақтап келесің. «Түстік өмірің болса, кештік мал жина» деп атаң қазақ босқа айтпаған шығар. Аз да болса Дәулеттің басын құрайтын шағыңа жеттің ғой. Қаншама өр серпіп өрекпісең де, құдайға шүкір, сендей сөз сауғанның талайын екі шайнап, бір жұтуға шамамыз келеді. Жегеніміз алдымызда, жемегеніміз арты­мызда, салт бас, сабау қамшылықтан сақтасын, – деп Жәшік қажы қолтығындағы қос жастыққа жантая кетіпті. 


Сонда Мақажан отырып: 

– Әбден дұрыс айттың, замандас! Болып-толып тұрған сен не жемедің, бәрін жедің. 

Сен алысты да жедің, 

Жақынды да жедің. 

Барды да жедің, 

Жоқты да жедің, 

Итпен таласып, 

Күресіндегі боқты да жедің, – 

деп тоқталып қалады. 

Сонда төрде Жәшікпен тізелес отырған Дүкен қажы: 

– Тартынба Мақа! Әпекең (Әбдікерім) екеуіміз отырғанда боқ жеген жаман Кәлім не істеуші еді. Сөйлемесең сөздің атасы өледі, – деп қызынып отырған ақынды онан сайын үрлей түседі. 

Сонда Мақажан: 

Бәс алам деп боқ жеген, 

Сен де жаман Кәлім ең. 

Менен артық болдың ба? 

Байқап сөйле әліңмен. 

Сегіз қарыс – екі қап, 

Боқ берейін қолыңа 

Азды-көпті демей-ақ, 

Риза бол соныма! 

Бір-бір иттің орнына, 

Бір-бір Кәлім алайық, 

Илаллаға келмесе, 

Сабап жөнге салайық! – 

деген екен. Әлгінде ғана астамсып, шалқып отырған Жәшік қажы үн қата алмай, қызарақтап төмен қарай беріпті. Ондағы себеп – Кәлім руының арғы аталарының бірі шибарқыт қамзол шалбар мен шағи шапан үшін бәстесіп, кішкене баланың құмалағын жұтып жіберген екен. 

– Тілеп алған аурудың емі жоқ деген, қажеке, – деп Дүкен би қарқ-қарқ күліп жастыққа жантая кетіпті. 

* * * 

Бір кезде Керей мен Найман елінің арасында үлкен дау болады. Барымта алу кезінде Керей-Найман жігіттерінің ара­сында қатты қақтығыс болып, Керейдің Ағыдай деген баты­ры өледі. Соның дауы бірнеше жылға созылады. Сол дауды бітіруге Керей еліне Найманның, оның ішінде Қаратайдың игі жақсылары, ел басылары барады. Сол дауға Қаратайдың болыс-билері он алты жастағы өзі пысық, өзі зерек сөз тапқыш Мақажанды да атқосшы ретінде алып барысады. Дау басталатын күні екі жақтың шонжарлары он екі қанат ақ үйге жиналып, оң жақ босағадан сол босағаға дейін тізіліп, шендеріне, жастарына қарай отырысады. Біраздан кейін үш-төрт жігіт демей, көтермелей Шойынбай датқа келеді. Отырғандарға оң жағынан бастап қол беріп сәлемдеседі. Сол жақ босағада отырған бала Мақажанның тұсына келгенде, Мақажан орнынан тез тұрып былай дейді: 

Ассалаусағалейкум, Шойынбай! 

Мұрнымыз бар сойылдай. 

Буыршынның суынан өткенде, 

Мұзы қайтып шыдады ойылмай! 

Мақажанның бұл қылығынан Найман жағы сасып қалады. Тағы бір шатақ шықты деп ойласады. Бірақ Шойынбай датқа балаға ештеңе демейді, төрдегі өзіне арналған орынға барып отырады. Датқа: «Ей, бала бері кел», – дегенде қол қусырып датқаның алдына келіп отыра қалады. Датқа: «Сен қайдан келген баласың, руың кім?» – деп сұрайды. 

Мақажан: 

– Мен Найман, Найман ішінде Қаратай боламын, – дейді.


Датқа: 

– Сені қаршадай ғып Наймандардың алып келгені тегін емес, сөзіңе қарағанда ақын болуың керек. Қазір менің Ке­рей ақыныммен айтысасың. Егер жеңсең – кәде аласың, ал жеңілсең – айып тартасың, – дейді. 

Датқа өзінің белгілі ақынын шақыртып алып: 

– Мына бала ақынмен айтысасың, – дейді. 

– Екеуіңе қойылатын шарт мынау. Сендерді айтыстырып қойып отыратын той емес, сондықтан тек бір-бір ауыз ғана ең ұтымды дегендеріңді айтасыңдар, – деп бірінші кезекті жасы үлкен өз ақынына береді. 

Керей ақыны: 

Найман ауып келген Ұлы жүзден, 

Ешкі сауып Керейден күнін көрген. 

Әлі де бұл Найманды асыраймыз, 

Көрмей-ақ үйректей көлде жүзген, – 

деп Керейдің байлығын мақтан етеді. 

Мақажан:

Рас, Керей өрде болғанда Найман төмен, 

Керей қашан Найманнан күн көрмеген. 

Санасаң жарты Керей біздің елде, 

Туғалы жеті атасын бір көрмеген, – 

депті. 

Расында он екі болыс Абақ Керейдің алтауы сол кезде Найманның ішінде екен дейді. Датқа зеректігін, тапқырлығын әділ бағалап, жеңісті Мақажанға беріпті. 

– Осы баланың құрметіне бітпей жүрген дауды бітірейік, ағайын. Ердің құны 100 ат қой, 50-ін бала ақынның бәйге сыйлығына кештім, 50 атты Найман жағы төлесін, – деп дау­ды бітіріпті. Бұл шешімге екі жақ та қарсы болмапты деседі. Осы күннен бастап Мақажан ақын бала атаныпты.


* * * 

Мақажан жастау кезінде өз шаруасымен төменгі Нарын еліне барады. Күн кешкіріп қалған кезде бір ауылға бұрылып, екі-үш үйден қонуға рұқсат ала алмайды. Маңайында он шақты ат байлаулы тұрған үйге бұрылып атын байлайды да сәлем беріп үйге кіріп барады. Отырғандар Мақажанды елей қоймайды. Мақажан босаға жақтағы бос орынға оты­ра кетеді. Осы кезде өзін қондырмаған шалдың біреуі сәлем беріп кіріп келеді. Мақажан оны танып орнынан тез тұрып тақпақтай жөнеледі: 

– Ағалейкум ассалам, жирен сақал, бурыл бас! 

Танымасын сыйламас. 

Қондырмадың үйіңе, 

Жүгінермін биіңе, 

Түлкі алатын бүркіттей, 

Жақсы келдің күйіме!.. 

Осы кезде бір ақсақал: 

– Өй, мынау бөтен ғой, өзі ақын екен ғой, жоғары шық, жігітім, – деп төрден орын бергізіп, жөн сұрайды. 

– Өзің біздің елге ренжулі көрінесің. Ойыңдағыңды бүкпей тағы айта түсші, – дейді. 

Мақажан: 

Төмен барсаң табасың, 

Андағұлды Нарыннан. 

Шымнан салған үйі бар, 

Терезесі қарынан. 

Қара жамбас қармасы, 

Қазанына қарылған. 

Қонарға үй таппайсың, 

Жаза көрме, құдай-ау, 

Біреуі жоқ жарыған, – 

депті.


* * * 

Жоғарғы елде Мақажанның жақын аға-жеңгесі тұрады екен. Өздері бай, бірақ жеңгесі өте сараң болса керек. Мақажан бір-екі барғанда жеңгесі сараңдығына басып дұрыстап сыйламаса керек. Сол жеңгесі қайтыс болып Мақажан ағасына көңіл айтуға барады. Жанында біраз үлкен ақсақалдар болады. Кісісі қайтыс болған үйдің келіні жыр білмейді екен. Екі-үш ауыз бірдемелерді айтып отырып қалады. Сонда Мақажан тізерлеп отыра қалып, қолына шы­тын алып жеңгесін жоқтап жыр айтады: 

Қайран, жеңешем-ай! 

Қаңқылдаушы ең ел тұрмай, 

Сараңдығың басым еді, 

Қылығың тіріде асып еді, 

Алып кеткен сені қай құдай! 

Жатқаныңнан тұрмағыр, 

Жақсылыққа бұрмағыр, 

Ақыретке барғанда, 

Кебініңді жалмағыр. 

Қонақ барса үйіңе, 

Үй айнала қашушы ең, 

Үйің толы қонаққа, 

Томалаш жілік асушы ең. 

Тамақ берер кезіңде, 

Қолыңа түскен тостаған. 

Сенен де пенде бар ма екен, 

Тойып тамақ асаған. 

Сараңдықтың белгісін, 

Көрсете көр жасаған. 

Құртың қалды қабыңда, 

Майың қалды қарында. 

Тыққыштаған сүрі етің, 

Желінбей қалды тағы да. 

Сүті кетті сиырдың желінінде, 

Ұстатпадың ыдыс-аяқ келініңе.135 


Үйіңе келген қонақ бір тоймады, 

Тойдырып ас бермедің өміріңде. 

Өзіңмен бірге кетсін сараңдығың, 

Бейне бір орағандай кебініңде. 

Сонда бір ақсақал отырып: 

– Тереңдеп барасың ғой, Мәке, жеңгеңнің көш бастап, сәукеле киіп жүрген кезін ойыңа түсірмейсің бе? – дейді. 

Мақажанның сондағы айтқаны мынау екен: 

Кер төбел еді мінгенің, 

Манат еді кигенің. 

Есімнен менің қала ма, 

Көшіңді бастап жүргенің. 

Жақсы да көрер жеңгем-ай, 

Әлі де болса жүрмедің. 

Кер төбел еді мінгенің, 

Сәукеле кимешек кигенің. 

Опасы жоқ жалған-ай, 

Қызығын жалғызыңның көрмедің. 

Иманың шықсын алдыңнан, 

Бата тисін халқыңнан. 

Қатым-ысқат береміз, 

Ақылдасып артыңнан. 

Жатып қалдың оң жаққа, 

Көз жетті жалған болмасқа, 

Жақсы да көрер жеңгем-ай, 

Орының сенің бір басқа. 

Қой десеңдер қоярмыз, 

Қонақ асы соярмыз. 

Дәмін татып етінен, 

Ертең сізді қоярмыз. 

Алдыңнан шықсын иманың, 

Қайырлы болсын жиғаның. 

Жақсы да көрер жеңгем-ай, 

Қара жерге сені қайтіп қиямыз.136 


Жақияр биді жоқтауы 

Мақажан бұл жоқтау-жырды Дәулет ішінде Көкі Жақия би қайтыс болғанда елінің белгілі адамдарының сұрауы бойынша шығарған. Бұл жырдың мәтінін Бошай Кітапбаев ақсақал 1977 жылы сүйегі Қазанғап, Берелде тұратын, жасы сол кезде 90-ға таяған Ахмади қариядан жазып алыпты. 

Орта жүздің баласы – 

Арғын, Найман, Қоңырат. 

Керей, Қыпшақ және Уақ. 

Көңілден лебіз шығардым, 

Қазаға – шүкір, өлім – ақ. 

Таң атқан соң күн шығар, 

Сары белден сағымдап. 

Қазымыр болса айғырың, 

Саяғын қуар сауырлап. 

Тоғанақ жерде қалмайды, 

Қара нар жүгін ауырлап. 

Жасыңнан шыққан ер едің, 

Жұртың бір қылған тиянақ. 

Уақыт, күнің жеткен соң, 

Аллаға бердің аманат. 

Төрт ауыл түгел күнінде, 

Тілектің бәрін алып ек. 

Ағайын тату болғанда, 

Бұл да бір қымбат ғанибет. 

Қара қылды қақ жарған, 

Аға-екем еді-ау ғаламат. 

Абылайханға көшіпті, 

Керейден батыр Жәнібек.137 

Ол жерде зорлық көрген соң, 

Еліне кепті былай деп: 

– Жақсыны жерге тастама, 

Жасына жеткен кәрі деп. 

Жүйрікті тұғырғы алыспа, 

Өткерме жаудың малы деп. 

Уақыт жетсе көшерміз, 

Опасыз дүние пәни деп. 

Сөйлеймін әрбір тұрғыдан, 

Жарысып оздың құрбыдан, 

Жақсының аты өлмейді, 

Артыңда қалсын бір мұраң. 

Әбдікерім, Дүкеннен 

Сұраған ақыл бір дуан. 

Әкесі қажы Ережеп, 

Тұғырдан ұшқан бір қыран. 

Әйтеке, Жаббар, Құсайын – 

Немересі едің асылдың, 

Есболдан шыққан жақсылар, 

Тиянағы еді-ау асылдың. 

Талабыңа той қылып, 

Бір болыс елді шақырдың. 

Қайырын беріп жөнелттің, 

Мүскін менен пақырдың. 

Бірдей көрген кісі едің, 

Алыс пенен жақынның. 

Керей, Найман арасын, 

Ағын судай сапырдың. 

Залалы болмас деген сөз, 

Басқа біткен ақылдың. 

Көкінің биі Тоқтамыс, 

Керей мен Найман екі арыс. 

Баласы оның Нұрсалхан, 

Биіктен болды дәрежең.138 

Қайырды НАЗЫРБАЕВ 

Ақылың болса аяма, 

Артыңдағы жетім баладан. 

Нашын мен Сләм екі інің, 

Кертөбел басқан кекілің. 

Әкесі қазы, би болған, 

Ұйытқысы болған Көкінің. 

Алыстан дұшпан көргенде, 

Көлденең салған көпірің. 

Көкіде құрбың Аяған, 

Жылқы кетпес саядан. 

Рүстем бидің баласы, 

Мұса да шыққан Маядан. 

Сарғалдақ биі Сандыбай, 

Түбіміз бірге Қаратай. 

Халықтан жақсы азайып, 

Заманым болды-ау осылай. 

Сасқанбай шыққан жасынан, 

Сандыбаймен жанаса. 

Береке тұрар халықта, 

Жатты өзіне санаса. 

Қасиет тұрар жақсыда, 

Ағайын ішін жамаса. 

Шоңмұрын биі Есімхан, 

Ақырет – бақи, дүние – пәни. 

Ақылмен зәкөн тексерген, 

Ол дағы жүйрік данышпан. 

Дүзбенбек тірі күнінде, 

Дұшпаны сырттан батпаған. 

Ақ кәусармен суарып, 

Наркескен еді-ау саптаған! 

Кісі емес еді дүниеде, 

Тот басып жерде жатпаған. 

Дәулеттің бірі – Қазанғап, 

Мүдірмей сөйле, тіл мен жақ.

Немересіне олардың, 

Атасынан қонған бақ. 

Ұрпағы қажы, бай болды, 

Меккеге барған Мүсіреп. 

Сәттібай ұлы Ыбырай, 

Жасынан ханға білінген. 

Інісі Жүніс мол ұстап, 

Ғибратталған ілімнен. 

Түбіміз бірге Қисықпыз, 

Айырылдық асыл ініңнен!140 


ҚАТШЫБАЙ 

Қаратайдың Шеруші атасынан шыққан Қатшыбай Тағайұлы әрі тауып айтатын, әрі қауып айтатын сыншыл, міншіл ақын болған. Ол кісінің немере інісі Қатшыбаев Мүбәрак көп жыл Катонқарағай ауданының Еңбек ауылын­да тұрды. Отан соғысының ардагері. Қатшекеңнің бірталай дүниесі сол кісінің аузынан жазып алынды. 

* * * 

Бірде Қатшыбай ақын Шерубай деген өзімен замандас ағайын жігіттің үйіне қонады. Қазанға тамақты досының келіншегі салады. Ас пісіп, алдына табақ келгенде етті көріп айтқаны: 

Салғаның бір белдеме, кәрі жілік, 

Істегенің осы екен өзің біліп. 

Шаужайға бір қақпаған қатын оңбас, 

Көргем жоқ Шерубайдай сорлы шірік. 

Жақсы қатын салады сан сүйегін, 

Жаман қатын салады қол сүйегін. 

Осындайдың қылығын көргеннен соң, 

Шіркін-ай, сырқырайды сай-сүйегім, – 

деп екеуін бір ұялтқан екен. 

* * * 

Қатшыбай ақын бір жұмыспен ел аралап жүріп, Самай Түкіжік дегеннің үйіне қонады. Ол ішкі жақта кержақтарға жалданып мал бағып отырса керек. Үйінде шешесі Байгөншек, әйелі Қибат болады. Түкіжік Қатшыбайға 141 


қонақасы мал соймайды. «Бағып отырғаным кісінің малы» деп сылтау айтады. Үйінде тұскиіздің артында жасырып іліп қойған қойдың жарты еті тұрады, оны да аспайды. Сараң Түкіжіктің сырын білетін Қатшекең үй иелері далаға шығып кеткенде етті көріп қояды. Ертеңінде Қатшыбайдан сөз сал­ты ретінде бұйымтайын сұрайды. 

Сонда Қатшекеңнің айтқаны: 

Түкіжік, Байгөншекпен атың Қибат, 

Тай сойып тастаушы еді көкем Ибат. 

Дайын тұрған етіңнен бермей қойдың, 

Ел естісе болмай ма мұндай ұят. 

Артында тұскиіздің тұр ғой борбай, 

Құр шаймен жатып шықтым көңілім толмай. 

Үйіне крестьянның қонып шықтым, 

Кеткені осы емес пе қазақ оңбай?! 

Міне, саған айтар жұмысым да, жауабым да осы еді, – деп ақын аттанып кетеді. Төмен қарап тұқырып Түкіжік қалады. 

* * * 

Руы Жарылғас Боранбай деген кісі қайтыс болады. Боран­бай бай болса да өте сараң, тіпті өзіне киіп-ішуге қимайтын қарынбайлардың санатынан екен. 

Сол кісіге арнап артынан Қатшыбайдың айтқаны: 

Қаз-тырнаның мойнындай, 

Қалтаң қаққан Боранбай. 

Ақырет киіз жоқ болып, 

Туырлыққа оранды-ай. 

Ерің сенің ыңыршақ, 

Құрым тоқым бір құшақ. 

Боранбай ақсақал өліпті, 

Жұртқа хабар беріпті.

Жанділда молда барыпты, 

Үстінен дәуір жүргізіп, 

Қотыр тайынша алыпты. 

* * * 

Бірде жанында екі жігіті бар Қатшекең жолаушылап келе жатып, Шәңгіштай бойындағы қалың тал арасында киіз үй тігіп отырған Аяған бидің ауылына әдейі бұрылады. Ондағы ойы бәйбішесі қайтыс болғаннан кейін алған Аяғанның жас тоқалын көріп, сынау екен. 

Барса, би сол маңдағы ағайындарына жолаушылап кетіпті. Сылаңдаған жас тоқал қызметші әйелдерге қымыз құйғызып, күтеді. Қатшыбай ақсақал қымызды татып алмай­тын адам екен. Жолдастары бір-бір кеседен қымыз ішкен соң ақынға: «Бізге қымыз емес, саумал беріп отыр», – деп сы­бырлайды. 

Ақынның қымыз ішпейтінін білген соң Сәтима шай жаса­тады. Дастарханға құрт-ірімшік араласқан аз ғана бауырсақ салып, бір-бір кеседен шай құяды. 

Сонда дастархан мәзірін қомсынған ақын: 

Озады егіншіден терген масақ, 

Келемін Аяғанмен бірдей жасап. 

Тарбайтып бес саусақпен бір сипасам, 

Орнында қалар емес бір бауырсақ. 

Әркімнің өз қылығы өзіне жөн, 

Салады-ау кейбір қатын ұялмай-ақ. 

Бір күнде мен сендердің базарың ем, 

Шынымен осы күні қайтты ма бақ! – 

деп шығып жүре береді. 

Осыны айтып Қатшыбай жолдастарымен аттанып кетеді. 

Артынша үйіне келген Аяған би болған жағдайды естіген соң інісін жіберіп, ақынды бір көш жер – Қиынжырадан алғызып, арнайы қонақ етеді, кешірім сұрап, ризалығын алады.143 


* * * 

Қатшекең бәйбішесі қайтыс болып, жыл уағы асқанда үйіне тоқал түсіреді. 

Бәйбішесі марқұм абысын-ажындарымен, жақын қайындарымен ақылдасып, қысқы отынды өзі дайындатады екен. 

Бір күні Қатшекеңнің кепкен мойыл, құрғақ ұшқат, дола­на сияқты ағаштарды алдына өңгеріп келе жатқанын Рама­зан деген бишікеш ағайыны көреді. 

Немере ағасының мына күйіне намыстанған ол: 

– Әй, аға, тоқал деген тым ыстық деуші еді. Тәтем барда бұта басын сындырмайтын сіздің ендігі қылығыңыз не, ел- жұртқа күлкі болып, – дейді. 

Сонда Қатшекең атының басын шұғыл бұрып: 

Жарай ма бойдақ жүріп қатын алмай, 

Болама қатын алсаң отын алмай. 

Үйіңнің берекесі – әйел деген, 

Баз-базда әйелдердің тілін алмай, 

Аласың, қатын неге, керегі жоқ, 

Сыдыртып екі еніңді жатып алмай. 

Айтасың оны не деп Рамазан, 

Естімеймін, аулақ жүр былжырамай! – 

депті. Қатшекеңнің тоқалы Разы үйінен шыға келіп үлкен кісіні аттан түсіріп алады. Бәрін көріп тұрған Рамазан жанындағы екі жігітпен барып алдына жығылып, күміс ер- тоқымды арғымағын көлденең тартады. Сонда Қатшекең кеңк-кеңк күліп: 

– Е... енеңді ұрайын, соры қайнап, сорпасы төгілерде сен­дейлер жатқан жыланның құйрығын өстіп басатын. Бейіліңе разымын, күміс ерлі арғымақ мінер заманнан кеттік қой, өзіңе қайта сыйладым, қызығыңа мін, – депті.144 

 

* * * 

Қатшыбай ақын Үшкүнгей даласында жападан-жалғыз атын шылбырынан ұстап дәретке отырады. Сол кезде айғыры үйір жылқы қуған жігіт ағасы қиқу салып жанынан өте шығады. Жылқы дүбірімен қиқуға елірген ат шыр айна­лып мазасызданады. Кәлім руының жігітін таныған, әрі ыза буған Қатшекең Сарымсақты өзенінде қуып жетеді. Ақын екенін артынан таныған жігіт сасып қалып сәлем беріпті. 

Сонда Қатшекең: 

Уағалейкумассалам, Кәлімім, 

Үшкүнгейде отыр жарымың. 

Дәреттегі кісіге қарамай, 

Орыстан алған тәлімің. 

Дәрібай қажы болған соң, 

Түзелді ме деп едім, 

Баяғы боқ жеген, 

Әлі оңбаған қалыбың, – 

деп жөніне жүре беріпті. 

* * * 

Қатшыбай жолаушылап келе жатып Баяудың Рақымы де­ген құрдасының үйіне түседі. Бірге ойнап, біте қайнасқан жандардың ілік іздеп отыратын әдеті емес пе. Дастарханға салған қалаштың кейбірінің көгере бастағанын байқаған кірпияз ақын Рақымның әйелі Қапизаға бір қарап қойып шайды құрғақтай сораптап тарта береді. Шай аяқтала келе Қапиза: «Құрдас-ай, көнің кепкен-ақ екен, құр шай ішсең де мына дастарханға бата жаса енді», – деп қалжыңдайды. 

Сонда Қатшекең: 

Салмасаң да болар ед, 

Көк шалып кеткен наныңды. 

Құрғақтай-ақ шайменен, 

Қандырдым кепкен қанымды.145 


Былтырдан бері осы үйден, 

Татқаным осы дәміңді. 

Қазаң жетіп өлгенде, 

Шабанбайға қойылса, 

Аю жесін тәніңді, 

Аумин! – 

деп сақалын сипаған екен. 

* * * 

Қатшыбайдың Мәтей деген немерелес жесір жеңгесі бо­лады. Мәтейдің қайын атасы Жәмпейіс – күйгелек әрі ызақор адам екен. Жесір келінін әркімдерден қызғанып, түнде аңдиды. Бірде келінінің отауының алдынан сыңар кебіс тауып алып шу шығарады. 

Қызыл көз шал шабындыққа түскен орыстың шошқаларын қуып жүріп біреуіне сойылы бата тимей, қата тиіп өлтіріп алады. Орыс шошқамды төле дейді. Құнына ешкі берсе алмайды. Амалы құрыған Жәмекең орыс көп тұратын Медведкадан (қазіргі Белқарағай) тамыры арқылы жалынып жүріп бір алты-жеті айлық торай сатып алады. Енді оны Согрда тұратын құныкер орысқа жеткізу керек. Аяғын байлатып, «не ұстайтын жүні жоқ, не мүйізі жоқ, қай жерде айырылып қалар екем» деп өңгеріп алып Согрға қарай келе жатады. Батпақты, қалың өскен шілікті жағалай бергенде пыр етіп ұшқан құстан аты жалт береді. Жерге топ ете түскен торайдың аяғы шешіліп кетіп безе жөнеледі. Киімін шешіп қуады – ұстатпайды, етігін сыпырып тастап қуады, ұстатпайды. По­ра-порасы шығып терлеп, әбден болдыруға айналады. Тастап кетейін десе қып-қызыл ақшаға сатып алған, әрі орысқа бересі. Дымы құрып, дүниені жат қылып, арғы-бергісінен сыбап, жер тоқпақтап жатқан үстіне арба жеккен, жанында естияр баласы бар Согрдың бір орысы түседі. Мән-жайды білген орыс үшеулеп жүріп торайды ұстайды. Әбден ыза буған Жәмпейіс түрінен жиіркенетін түліктің құлағын ау­зына салып жіберіп, сол жерде шыңғыртып тұрып қалай шайнағанын білмей қалады. Ақыры орыс арашаға түсіп: «Мен апарып берейін» – деп шошқаны арбасына салып алып кетеді. Киім-кешегін түгендеп, үйіне келген соң көрген «қорлығын» мұң қылып шағады да, мұрттай ұшып ауырып қалады. Ұшына тисе керек, ертеңінде аузы бір жағына қарай қисайыңқырап тұрады. Ағайындары да, келіні де қатты қорқып уайымдайды. Ауылға келген Қатшекеңе жеңгесі Мәтей қолқа салады: 

– Ақын қайным, жағдайды көріп, естіп отырсың. Қарашаңырақ деп жүрміз ғой, жаман айтпай жақсы жоқ, ертең Әтекем олай-бұлай боп кетсе артындағы жоқтаушысы мен екем. Бес-алты ауыз жыр үйретіп кет, дұшпанға таба қылмай, – дейді. 

– Бәлен атам, түген атам, арманда кеттің деп жоқтаған ол кісінің аруағына шет болады тегінде. Нақтылап айтайын, үйреніп ал: 

Әтекем саған жылайын, 

Көзімнің жасын бұлайын. 

Шыңғыртып тұрып шошқаның, 

Тістедің екі құлағын. 

Қу Согрдың қаласы, 

Шошқадан болған жаласы. 

Шошқасына шошқа алған, 

Кәпірлігін қарашы. 

Мені де талай аңдып ең, 

Есікке құлып салып ең, 

Біреудің қалған кебісін, 

Таңертең тауып алып ең. 

Тауып алып кебісті, 

Шажамайын тістелеп, 

Балтаменен шапқылап, 

Оймаққа құрым жер қоймай, 

Отқа да оны салып ең.147 

Құдайберген немесі, 

Бір құшақ жетпес денесі. 

Ие болмай кебісіне, 

Бар Жебетей шуласып, 

Мен болдым елдің егесі. 

Қағып алды қазығын, 

Бар ма еді менің жазығым. 

Аңдимын деп Әтекем, 

Қисайып кетті ауызың, – 

деген жерге келгенде қамалап жібермей отырған қайындарын бұзып-жарып Мәтей жеңгесі далаға ата жөнеліпті. 

* * * 

Қаратайдың Қатшыбай ақыны мұндай әжуа, сықақ, қалжың өлеңдерден басқа нақыл боларлық термелер мен жырлар да айтқан. Амал не, көнекөз қариялар азайды, кезінде жиналмаған соң ұмытылып қала берді. 

Үлкен бір жиын кезінде Шерушінің ақсақалдары сөзді Қатшыбайға арнап: «Қатшеке, сенің ақылсызды жөнге салар­дай, тентекті тезге салардай өлеңдеріңді ел құлағы елу, естіп жүрміз, ұққан құлаққа ондай өлеңдер толып жатыр. Енді мына жастарға, артымызда келе жатқан азаматтарға арнаған біраз нақыл сөздеріңізді естігіміз келеді», – деп қолқа сала­ды. Сонда Қатшекең біраз ойланып отырып айтқан екен: 

Қара су қанша ішсең де тоғы болмас, 

Жақсаң да қанша қамыс шоғы болмас. 

Қадір білмес жаманмен жолдас болсаң, 

Қарап жүріп атарға оғы болмас. 

Сынама, хас батырды жаралыда, 

Сынама, хас сұлуды қаралыда. 

Өзіңе өзге қамқор болсын десең, 

Басқаның қарап үйрен қабағына.


Жеріген үйірінен тұлпар оңбас, 

Саңғыған тұғырына сұңқар оңбас. 

Жақсы да, жақсылық та көпке ортақ, 

Намыссыз арын сатқан жігіт оңбас. 

Бір тасып, бір азаймас дария бар ма, 

Жан сырын жасырмайтын жария бар ма? 

Ініге үлгі-өнеге болам десең, 

Алдыңғы қарап үйрен қарияларға!149 


ДӘРИ МӘКИЛЕҚЫЗЫ СҮЙІНДІККЕЛІНІ 

(1847-1932) 

Мәкиленің қызымын, дес бермеген, 

Теріс мінез-қылықты хош көрмеген. 

Даңқы шыққан әкемнің арқасында, 

Үрейленіп көрмеп ем еш пендеден. 

Ошыбайға 

Танымай қалсам, Ошыбаймысың*, 

Жалғыз жортудан шошымаймысың? 

Әке-шешеңді асыраймысың, 

Әлде, лай су болып шашыраймысың?! 

Қызыл іңірден атқа қоныпсың, 

Ұшып кетіп пе еді осылай құсың?! 

Мақажанға 

Әпекеңде жаттың ба аунап-қунап, 

Қарсы алды ма тоқалы жаулап-тулап?! 

Қой теріден тоның да осал емес, 

Тайтеріден тіккізген жарғақ қымбат. 

Абысындарына 

Шабанбай жарқын жайлауым, 

Көгарай шалғын аймағым. 

*Замандастары Нілібай мен Келеңбайға

 

Салқыншоқыдан ұзап кете алмай, 

Ішімде қалды қайнауым. 

Шөмішпен көсіп, қалқытып, 

Қазаннан сүттің қаймағын. 

Дірілдеп тұрып қалатын, 

Ұйыттық қатық, айранын. 

Кедейдің бары бардай, жоғы жоқтай, 

Арты да ашылатын көп ұзатпай. 

Астыңа сымпыс құйрық қашан тиген, 

Көзіңе көрінуші ед өгіз аттай. 

Байдың да жоғы жоқтай, бары бардай, 

Не жетті қарауланып, тарығардай? 

Өгіз мінген адамның күні құрсын, 

Көз соқыр, көңіл керең саңыраудай. 

Қалыңдық ойнап келген болашақ жары 

Насынға айтқаны 

Мен сенбеймін бойыма, 

Не сояды тойыма? 

Қай-қайдағы түседі, 

Сені көрсем ойыма. 

Қыздың жолы жіңішке, 

Мен жеңіліп қалсам да? 

Той болатын қарсаңда, 

Сен ешқашан мойыма. 

Әркімге бір телінгендіктен, 

аты-жөні көрсетілмеді 

Көшсе дұрыс қонбаған, 

Қонысына ырыс қонбаған. 

Желкесіне мініп жалқаулық, 

Өзінен-өзі сорлаған.151 


Өзіңнің тегіңді білмей тұрып, 

Мазақ қылмақсың Самайды, 

Көкірегі қуыс оңбаған. 

Қаракерейден шыққан Самай, 

Кімдермен туыс болмаған?! 

Қатыбақыға айтқаны 

Қашып кіріп қуысқа, 

Түсе қоймайды уысқа. 

Мұныңды қойып, шырағым, 

Алға шығып ту ұста. 

Жақсылармен суыспа. 

Жамандарға жұғыспа. 

«Шоңмұрын», «Шоңмұрын» дей берсең, 

Түтінге шапқан, қарағым, 

Танау мен тұмсық туыс па?! 

Жездесі Шоматқа 

Ашамайға міне сап, 

Түтінге шапқан сен едің. 

Екі жерден бір асап, 

Күтімде жатқан сен едің. 

Ағарған атам Ордасын, 

Қай биікке теңедің? 

Отағасының барында, 

Айтшы, мен кімнен кем едім?! 

Алтын бас өтіп кеткен соң, 

Бақыраш болған басымды, 

Келді ме күңмен теңегің? 

Мені Ордамнан қозғап жіберіп, 

Орныма егесің бе сен егін? 

Ағарып атам Ордасында отырғанда, 

Қымбаттай түсер дерегім.152 

Ал шешен бабамның ұрпағы, 

Айтып жіберші, 

Дәл осыған немене дер едің?! 

* * * 

Шоңмұрындар жүреді шоқтай болып, 

Оқшантайда тізілген оқтай болып. 

Құмартады көрінсе қыз-келіншек, 

Тұр ма дерсің жүрегі соқпай қалып?! 

Қайтер екен сыртынан бақылашы, 

Кетер ме екен өздері отқа айналып?! 

Мұса биге 

Сөз бастаған шешеннің, 

Тұяғындай көріндің. 

Ел бастаған көсемнің, 

Қияғындай көріндің. 

Қол бастаған батырдың, 

Сияғындай көріндің. 

Бәрін өзің таратып, 

Айтып беріп отырсың, 

Жақсы-жаманын өмірдің. 

Шер тарқатып шежіре, 

Тыңдағанды ұйытып, 

Құлақ құрышын қандырып, 

Тау суындай төгілдің. 

Өткен еске түскенде, 

Желең сөзге піскенде, 

Шалқуын-ай көңілдің.153 


Мая би Тоқарыстанұлының 

айтқандарынан 

(1721-1804 жж.) 

Мал бітсе – бір әлек, 

Бітпесе – екі әлек. 

Мал – бағамын деген басқа бітеді, 

Талаптанған жасқа бітеді. 

Біреу болса – арқан тоздырады, 

Екеу болса – ұлтан тоздырады. 

Бесеу бітсе – маңайын сөз қылады. 

Он бітсе – делебеңді қоздырады. 

Жиырма – жарығанның алды. 

Алпыс – танығаның малды. 

Жүз – қарқ ете қалғаның, 

Бүйірі шығып, 

Алла жар болсын, 

Әкетпесін құйын ұшырып. 

* * * 

Қой бақсаң, қойып бақ, 

Қатығына тойып бақ. 

Қорғасындай ауыр біліп бағасын. 

Байып кетсең, 

Қанжығаңа құрық тағасың, 

Таз қалпына түсесің, 

Ит болып, жұртта ұлып қаласың. 

* * * 

Қолыңдағы тұяқ оннан артылса, 

Көңілің көкке шарқ ұрса. 

Артықтау бөсіп кететін болсаң, 

Таз қалпыңа түсесің артынша. 154 


* * * 

О, Жасаған, 

Жылқы берсең мықтысын бер, 

Сиырдың сүттісін бер. 

Қойдың сүті қорғасын, 

Айтқаным артық болмасын, 

Қой беретін болсаң, 

Қорадан қозы ертетін құттысын бер! 

* * * 

Ешкі бітсе еншіңе, 

Намыс буып тершіме. 

Сойса, саны қалақтай, 

Сауса, сүті бұлақтай, 

Қой бастарың болады, 

Қораңа тез толады, 

Ешкіні де еншіле. 

* * * 

«Әумин» десең, балам, 

Болмасын көңілің алаң. 

Жылы сөзге жылынып жүр, 

Жұмсағанға жүгіріп жүр. 

Көңілің жарқын табысты болсын. 

Дәулетің тасып жүрсін, 

Абыройың асып жүрсін. 

Әке-шешең ұзақ жасап, 

Бірге туған ағайындарың 

Туған топырақты алшаңдап басып жүрсін. 

Атымтай жомарт секілді 

Құдай берген несібені, 

Кем-жақыбайларға шашып жүрсін.155 


* * * 

Қаратай деген аз жұртпыз, 

Мақтағанға мәз жұртпыз. 

Өткеніміз ұмыт қалмасын, 

Бұрынғы білмейтінімізді, 

Дұшпандарымыз біліп қалмасын. 

Қаратайдың жарым-жартысы 

Сырда қалды. 

Одан кейінгі біраз бөлігі 

Сырдан бергі құмда қалды. 

Қиындықты көтере алмай сынып кетті, 

Осыдан қалған Қаратайлардың, 

Алтайға келіп көші қонды. 

Барлық жетіскеніміз осы болды. 

Осыны білмейтіндер ғана даулап кетсін, 

Ендігі тілек Тәңірге жетіп, 

Пәле-жала аулақ кетсін. 

Әумин! 

Мая бабамыз бен Дәри әжеміздің айтқандарының жұрнағын Сахариев Мұхтар, Назым және Кінәзбаев Есім ақсақалдардан жазып алған – Т. Рақымжанұлы.


ӘЛІМЗӘУІР МАҚАЖАНҚЫЗЫ 

Әлімзәуір Мақажанқызының барған жері – Майлыханұлы Зәкеш. Ол соғыстан қайтпай қалған. Әлімзәуірдің сіңілісі Зәуре Сарғалдақ еліне ұзатылған. Мақажан екі қызына бірде екі күйеу жігіттің міндерін айтқызыпты. 

Зәуре: 

Дегенге ұя-мия, ұя-мия, 

Қолымнан құс ұшады қия-қия. 

Ей, апай, Самайларды мақтай берме, 

Қайнағаңның өлген жері картопия. 

Сондағы сіңілісіне Әлімзәуірдің жауабы: 

Мылтықтың от саласың пілтесіне, 

Ауызға келген сөзді іркесің бе? 

Сен-дағы Сарғалдақты мақтай берме, 

Оның да биті көп қой сіркесінен. 

* * * 

Әлімзәуірдің Шоңмұрын Төти бидің шаңырағында қонып, сіңлісі Зәуреге айтқаны ел арасына тарап кетіпті. 

Жайлауы Сарғалдақтың Сарымсақты, 

Жұртының ерте күннен аузы епті. 

Жол үсті түсіп қалған қалашы деп, 

Сарғалдақ сары орыстың боғын жепті. 157 


* * * 

Ауылдағы ашаршылық жылдары қаладан бір орыс жұмыспен ауылға келсе, алдынан бір бала шығып, аштықтан еңіреп жыласа керек. 

Сонда Әлімзәуірдің айтқаны: 

Большой, большой қара нан, 

Мықты шықты қаладан. 

Бір үзім нан аядың, 

Жылап тұрған баладан, – 

дегенде әлгі орыс қолындағы нанын балаға беріп кеткен екен. 

* * * 

Тағы бірде айтқаны: 

Әбіжік пен Жабағы, 

Бір кісінің сабағы. 

Жиын сайын бас тартып, 

Ашылмайды қабағы. 

* * * 

Астамбек пен Тастанбек, 

Қанжығасы жас қан боп. 

Асқа барса келеді, 

Екі-екіден бас байлап.158 


ЕСІМ КІНӘЗБАЙҰЛЫ 

(1926-1999 жж.) 

Елі «Есаға» деп еркелеткен Есім Кінәзбайұлы қарапайым жұмысшы болып, «Өрел» совхозының «отымен кіріп, күлімен шыққан» азаматтардың бірі еді. Өлеңді табан астында шығарып айта салатын, жазып, жинап әдеттенбеген. Алпы­сыншы жылдары айтысқа да түсіп жүрді. 

Есім 1999 жылы 24 қарашада ауыр науқастан қайтыс бо­лып, сүйегі Еңбек ауылындағы Бөртектегі зиратқа қойылды. 

* * * 

Баласы Кінәзбайдың атым Есім, 

Атанған он бесімнен ақын Есім. 

Нағашым бес Бәйтеннің туған жері, 

Таңбада жатқан шығар ақы-үлесім. 

Менің ұлы нағашым ер Толыбай, 

Алдында бүгжең қаққан қалталы бай. 

Нағашыма ұқсасам мүмкін емес – 

Жүруім ел танымай, жер танымай. 

Қанаттанған осылай бала мерей, 

Асық атқан секілді сана кеней. 

Жігіттің үш жұртының негізгісі – 

Өз руым Қожамбет – Қаракерей.159 


* * * 

Орынбай, қайда барасың, 

Тілімді қашан аласың? 

Шиырлап әбден біттің ғой, 

Қаражер – Еңбек арасын. 

Әрқашан маған жанашыр, 

Ауылда жалғыз нағашым. 

Қабдрасөл ағаң екеуің, 

Саудалап әлі жүрсіңдер, 

Бөртектің қалған ағашын. 

* * * 

Мәлғажы мен Нұрғызар, 

Жанұя боп жыр бұзар. 

Барып едім қыдырып, 

Жүз грамға қылды зар. 

Олар да отыр мызғымай, 

Мен де отырмын мызғымай. 

Шыдамады Нұрғызар: 

«Отырмайық, – деді – біз бұлай». 

– Бол, Мәлғажы, бүкеңде, 

Барып келші дүкенге. 

Мен самауыр қояйын, 

Енді Есімді күтем де. 

Кеңге салған арқаны, 

Тіршіліктің талқаны. 

Жүз грамды ішкен соң, 

Көңілсіздік тарқады.160 


* * * 

Алатай – атамекендей, 

Жеттім-ау саған тепеңдей. 

Кеңесхан, Уәлибек қайдасың? 

Ауызды қылған кепердей. 

Жылқышысы болып аймақтың, 

Отыз жыл қыстай тай бақтым. 

Жанымда жүрген жастарға, 

Қысырдан бие байлаттым. 

Жас шыққа толып жанарым, 

Кеткендей шөгіп бар әлім. 

Ақыры келіп қоштасып, 

Ақырын кетіп барамын. 

Замандасы Қажанмен қалжыңдасуы 

Ей, Қажан, қызметің хатшы шығар, 

Бәйтеннің де жаманы, жақсысы бар. 

Садық ағаң қасында неменесің, 

Көп болса Кәмәлидің апшысы бар. 

Мәнжіке – бес Бәйтеннің дінін жойған, 

Бурханды құдайым деп іліп қойған. 

Шоқынып, крест тағып кәпір болды, 

Туысы бара қалса шошқа сойған. 

Құрдасы Уалханмен айтысынан 

Уалхан: 

Әй, Есім, елің қайда, жерің қайда, 

Қаңғырып неғып жүрсің Қаратайда? 

Қылығың Қаратайға жақпай қалса, 

Бір күні шетке сүйреп тастамай ма?161 


Есім: 

Сенің де бабаларың Крән кеткен, 

Мен бе екем соның бәрін тентіреткен. 

Әпекеңнің сүйегін елге неге, 

Әкелмедің, Дәулеттер бәлдене ме, 

Кезінде жал-жаяны кертіп өткен?! 

Уалхан: 

Әй, Есім, азаматсың «қарағым» дер, 

Қарсы сұрақ қойғанша, жауабын бер. 

Әпекең – саған да ортақ, маған да ортақ, 

Тап болды ғой зар заман – қара күндер. 

Есім: 

Мақұл көрсем сөзіңді жөнелермін, 

Ақын болсам жаңбыр боп себелермін. 

Әпекең егер маған ортақ болса, 

Есімді Қаратайдан неге бөлдің? 

Т. Рақымжанұлының жиып-тергенінен 

Есағаңның жоқтауы 

«Өрел» совхозының Еңбек бөлімшесінің жұмысшылары жазда Алатай деген төр жайлаудан қысқа шөп дайындайды. Онда Есім – аспазшы. Жұмысшылардың үш уақыт тамағын дайындау, уақытылы қымызын, сусынын қамтамасыз ету – Есағаңның шаруасы. Ол жағына қылап болды. 

Бірде Алатайдың арғы жағындағы Марқакөл жақтан бір топ адам Еңбек ауылына ағайыншылап келе жатып Алатайдағы Есағаңның қара қосына бұрылыпты. Ішінде Саққаз деген апамыз бар. Ол кісіні Есағаң жеңгем деп жүретін болса керек. Ол Еңбек ауылында тұратын қызы Шамшиянікіне келе жатыпты. Осы кезде, «әй, жеңгемді бір қатырайын» деп, Есағаңның қалжыңбастығы ұстай қалсын. 

 

Келгендер жұртпен амандасып, ағайынның амандығын сұрасып бола берген кезде, Есағаң қолына шытын алып, Саққазды құшақтап сарнап қоя берсе керек. Сондағы Есағаңның айтқаны: 

Құс ұшады ұядан, 

Жалама жартас қиядан. 

Ойдағы болған жаңалық, 

Шәмшия қайтты-ау дүниядан. 

Астымда атым қарагер, 

Оған да салдым алтынды ер. 

Сабыр еткін жеңешем, 

Кімді алмаған қара жер, – 

деген екен. 

( Қ. Нұрқасынов. «Еске алсам өткен күнді». 

Астана, 6-бет. 2011 жыл.) 

* * * 

Өзімнің жеке мұрағаттарымды ақтарып отырып Есім Кінәзбайұлының 1961 жылы 5 маусымда жазған бір өлеңін тауып алдым. Ол кезде мен Еңбек сегізжылдық мектебінің жетінші класында оқитынмын. Ағайым Қамбармен бірге жаз кезінде Алатайдағы шөпшілер бригадасында ат-шөп машинасының атына мініп жүргем. Есағаң шөпшілер бри­гадасында аспаз – шөпшілерге тамақ істеп береді. Бұл өлең оқушы дәптерінің қос бетіне қарындашпен жазылған. Шөпшілердің қосында демалыс күні осы өлеңнің жазылуы­на куә болып едім. Арада елу жылдан астам уақыт өткенде осыны оқырмандарға ұсынуды жөн көрдім. Бәлкім, көзі тірі ауылдастары, олардың балалары мен немерелері естеріне түсірер.163 


АЗ ҚИСЫН 

Шиқылдаған аш күндердің бірі еді, 

«Алатайда»* ақ шолақ ит үреді. 

Қолда барды-жоқты үш жігіт, 

Кешке дейін силос түбін күреді. 

«Алтықыз»*, асар жерің «Жұмсақ»* еді, 

Совхозың Алатайға жұмсап еді. 

Басы тау, аяқ жағы қылдай болып, 

Упрдың бар шамасы осы ма еді?! 

«Тырна»* да «Еңбек»* жаққа ұшып кетті, 

Жүдеп-жадап жігіттер әрең жетті. 

Совхоздың құдіретінің күштісін-ай, 

Қоя берді бетке алып қия бетті. 

Қалмадық тауға кет деп ұсынғаннан, 

Қарамай тұра қаштық қысылғаннан. 

Қамалдық қара суға, қара бәтер, 

Таппадық жанашырды мұсылманнан. 

Көпір жоқ қоя берген тау асырып, 

Құс ұшпас аралына адастырып. 

Сандалып Сағидолда* ыңыршақпен, 

Үш күнде әрең жеткен қарастырып. 

Үш күнде бір қап ұнды еңсергенім, 

Жаяулап мәшін сүйреп белсенгенім. 

Кетпейді күндіз ойдан, түнде түстен, 

Көк аттың екі қаппен теңселгені. 

Көргенше бұл қорлықты жасымды алсын, 

Қиянда бұл Алатай басымды алсын. 

Пәнзәтқа* атты беріп Бақтөшпенен*, 

Он жігіт жаяу сүйреп машинасын.164 

Бізді тұр төрелердің пысы басып, 

Құтылмас құс ұшпастан кісі қашып. 

Біз түгіл Рабиға* мен Шамшияның*, 

Түсіпті «Алтықыздан»* түсі қашып. 

Рағада* түйе қуған ботасымен, 

Бабан* да әрең көшкен атасымен. 

Байғұс-ай деп айтпады ешбір адам, 

Көшкенде «Алтықыздың» жотасымен. 

Су тартад Бақтөш бала шелегімен, 

Нан салад Пәнзәт пешке көмегімен. 

«Тырна» еді, тұқымы құс адам емес, 

Хабар жоқ өлі-тірі дерегінен. 

Әуелі Құрмаш* көрдік бәсеңдеген, 

Паң бітіп Қасен* келген әсемменен. 

Тірі жан иттен басқа көргеміз жоқ, 

Келгенін көрдік Құрмаш, Қасенменен. 

Үш мәшін шөпті шауып демеп отыр, 

Шөпшілер оған көніп «е» деп отыр. 

«Түсем, – деп, – ертең ойға не қылсам да», 

Кеміріп қос тізесін Медеу* отыр. 

Алатай* – жазда шөп дайындайтын, қыста жылқы қыстатылатын учаске 

Алтықыз* – жайлау 

Жұмсақ* – жайлау 

Тырна* – бригадир Тұрсынхан Сайлаубаев, бойы ұзын кісі еді 

Еңбек* – бөлімше орталығы 

Сағидолда* – шөпшілерге азық-түлік тартушы Сағидолда Смағұлов 

Пәнзәт,* Бақтөш* – шөпшілер бригадасындағы жігіттердің әйелдері 

Рабиға*, Шамшия* – шопандардың әйелдері 

Рағада* – шопан Рағада Балтабаев 

Бабан* – шопан Бабан Әкімбаев 

Құрмаш*, Қасен* – шөпшілер – Құрмаш Сақпанов, Қасен Сахариев 

Медеу* – шөпшілер бригадасының есепшісі Медеубек Құнтаев165 


ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР 

Таңырық 

*«Қабанбай – атақты да, ауқатты адамның ұрпақтары», – деп жазады Бошай атамыз өзінің шежіресінде. Ағайындары Нарын жақта, Балғын ауылында бар деседі. 

*Тоқтамыс Мұқаұлы – атақты би, ұрпақтары Қосағашта, Шығыс Түркістанда бар көрінеді. 

*Шімікей – Қаратай елінің болысы, Мәметек бидің бала­сы.

*Қазанғап – «бес Қисықтың» бірі Едігеден тарайды, өзінен бес ұл туып-өскен. 

*Өмір, Байғозы – Шоңмұрыннан шыққан белгілі адам­дар. Өмірден ұрпақ қалмаған, Байғозының немерелері Еңбек ауылынан шыққан Қашқынбаевтар әулеті. 

*Күмпейіс, Тазбала – басқа рулардың қадірлі адамдары. 

*Сартқожа мен Рүстем – Маяның немерелері. 

*Шабанбай – жайлау аты. 

*Ережеп – Әбдікерім болыстың, Дүкен қажының әкесі. Өзі де болыс болған. 

*Қыдырхан – болыс болған, Таңырықпен замандас, жол­дас болған. 

*Құрманбай – Кәлімнен шыққан, баласы Жәшік қажыға барған кісі. 

*Шимойын – арғы тегі Ашамайлы, Керейден шыққан. 

*Қармыс – сегіз ұлды болған, палуан жігіт. Қабырға ауы­лында ұрпақтары өсіп-өнді. 

*Байыр, Дайыр – Кебенек атадан тарағандар. 

*Дүзбенбек – Ұзақ деген атадан. Сөзді, батыл, батыр болған.166 

*Шөгел – Шоңмұрынның атақты биі, «Қаратайдың қара Шөгелі атанған». 

*Мәкиле – Самай руынан шыққан би.12 ұлы болған, білікті кісі екен. Мұса бидің нағашысы. 

*Шәкен – Бұрхат бидің баласы. Атақты би болған. Руы – Бәйкісі. Еңбек ауылының батыс жағында «Шәкен бұлағы»деген жер бар. Моңғолиядағы Өр Керейлерді биле­ген.

*Некем – Ниязбай Шәкенұлы. Әкесі өлген соң Керейге әмбе күйеу, әрі билеуші болған. Керейдегі Қоңыртәжі де­ген атақты кісінің қарындасына үйленген. Сарша тоғайдағы «Нияз төбесі» деген жер соның қонысы. Ниязбайдан алты ұл тараған. Соның бірі Боқбасар. Одан – Сейітқазы, одан- Шәріпқажы – Шәріп Найман. Шәріп елге келіп, аралап қайтты. Мюнхенде тұрды. Алматыда да үйі, Майра деген әйелі (Ақмола жақтікі) болды. Шәріптің бес ұлы бар. Өзі қайтыс болған. 

*Бұрхат – Байкісіұлы. Би болған. 

*Сегізбайдың Макары – кімге арнағаны бізге белгісіз. 

Дәри Мәкилеқызы Сүйіндіккеліні 

*Ошыбай – бір қайнысының лақап аты болса керек. 

*Нілібай, Келеңбай – Дәулеттен тарайтын Бәйтен руының байлары. 

*Қатыбақы – Насынның туған ағасы Алдабергеннің ба­ласы. 

*Шомат – Мая бидің тұңғышы Еженнің ұрпағы.167 


ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ 

1. «Сөз тапқанға қолқа жоқ». – А.,1988 ж. 

2. «Ел аузынан». – А.,1989 ж. 

3. Кітапбаев Б. «Шежіре». – А.,1994 ж. 

4. «Арай», (Катонқарағай аудандық газеті, Шығыс Қазақстан облысы), 1990 жыл 1 қаңтар, 1990 ж., 23 қаңтар, 1990 ж., 

1 қыркүйек, 1991 ж., 16 наурыз. 

5. «Алтайдың алтын алқасы». – Астана, 1998 ж. 

6. Ашамайлы Съезхан. «ДАТ – шежіре даланың ауызша тарихы». 88-бет. – Өскемен, 2012 ж.168 


ШЫҒАРМАШЫЛЫҚПЕН АЙНАЛЫСҚАН БАСҚА ДА КАТОНҚАРАҒАЙЛЫҚТАРДЫҢ ЕҢБЕКТЕРІ 

Мамандығы жағынан әдебиетші, журналист болмаса да, өмірдегі көрген-білгендерін жинап-тере жүріп, балаларына, немерелеріне өсиет-өнеге ретінде, немесе ел-жердің тарихын, әр кезеңде еңбек етіп, өмір сүрген азаматтарын білгісі келетіндер үшін бір керекке жарай ма деген ниетпен өз қаржыларына кітап етіп шығарған катонқарағайлықтардың қолымызға түскен шығармаларының тізімін де бере кетуді ұйғардық. Бәрі қамтылды деп айта алмаймыз. Шетте жүрген, біз білмейтін авторлар да болуы мүмкін. 

1. Бошай Кітапбаев. «Шежіре». 1-бөлім. – Алматы, 1994 ж. – 310 бет. 

«Шежіре». 2-бөлім. – Алматы, 1994 ж. – 276 бет. 

«Тоғыз таңбалы Найман». Шежіре. 1-том. – Өскемен, 2007 ж. – 428 бет. 

«Тоғыз таңбалы Найман». Шежіре. 2-том. 

«Тоғыз таңбалы Найман». Шежіре. 3-том. – Өскемен, 2009 ж. – 362 бет. 

«Айта-айта Алтайды, Бошай ата да қартайды». – Өскемен, 2012 ж. – 500 бет. 

2. Мәлік Имашев. «Некоторые статьи так называемых «перестроечно-реформаторских» лет». – Қарағанды, 2000 ж. – 176 бет. 

«Обо всем понемногу». Қарағанды, 2001 ж. – 152 бет. 

«Я Вас люблю». Қарағанды, 2009 ж. – 112 бет. 

3. Абдолда Шегірұлы. «Көргенім мен көңілдегім». Астана, 2001 ж.169 


4. Камалтин Мұхамеджанов. «Кто, если не мы?». – Ал­маты, 2003 ж. – 288 бет. 

5. Роза Кунирова. «Жизнь – дар». – Алматы, 2007 ж. – 122 бет. 

6. Зәбилә Алпысқызы. «Ұстаз тағлымы». – Астана, 2003 ж. – 244 бет. 

7. Жанымхан Құндызбаев. «Қанат қақтым Алтайдан». – Өскемен, 2007 ж. – 120 бет. 

8. Сая Құмарғажин. «Ұрпақтар ұмытпасын». – Алматы, 2007 ж. – 240 бет. 

9. Еркін Садықов. «Ұстаз ұлағаты». – Өскемен: 2007 ж. – 90 бет. 

10. Рамазан Елібаев. «Өмірім менің,өнерім менің». Естеліктер. – Өскемен, 2007 ж. – 120 бет. 

11. Әкірамхан Малғажин. «Өмір өткелдері». – Өскемен, 2007 ж. – 117 бет. 

12. Түркістан Имашұлы А лиханов. «Ақиқат». – Өскемен, 2008 ж. – 164 бет. 

«Парасат». – Өскемен, 2013 ж. – 200 бет. 

13. Тана Бапинов. «Жазымышқа, шіркін, не дауа». – Алматы, 2009 ж. – 238 бет. 

14. Феодор ( Нұрсалық) Тұмарбаев. «Сағынамын». – Алматы, 2009 ж. – 160 бет. 

«Тарихқа айналғандар». – 2010 ж., «Біздің әкім». – 2010 ж., «Күлән». – 2012 ж., «Қаратайдан шыққан Шаймардан». – 2013 ж., «Ақ бата». – 2016 ж. 

15. Болатбек Қапанов. «Анамдай әлпештеген асқар Алтай». – Өскемен, 2011 ж. – 566 бет. 

16. Қайырбек Нұрқасынов. «Еске алсам өткен күнді». – Астана, 2011 ж. 

17. Ашамайлы Сиезхан. «Дат-шежіре (Даланың ауызша тарихы)», 1-кітап. – Өскемен, 2012 ж. – 208 бет. 

«Дат-шежіре (Даланың ауызша тарихы)». 2-кітап. – Өскемен, 2012 ж. – 388 бет.170 

Қайырды НАЗЫРБАЕВ 

19. Ербол Баянғазин. «Шығысым – шырайлы мекенім». – Өскемен, 2013 ж. – 275 бет. 

20. Елжан Сейтенұлы. «Қырыққа біз де кеп қалдық». – Астана, 2004 ж. – 72 бет. 

«Өмір белестері». – Астана, 2015 ж. – 296 бет. 

21.Талғат Қашқынбаев. «Өмір жайлы ойлар». – Астана, 2013 ж. – 152 бет. 

22. Мырзабек Қабылов. «Ашайын жан сырымды ашылмаған». – Астана, 2015 ж. – 216 бет. 

23. Қарлығаш Әбділдақызы. «Қарлығаш». – Астана, 2006 ж. – 192 бет. 

24. Пионер Мұхтасыров. «Бәйтеректің оқшау шыққан бұтағы». – Астана, 2013 ж. – 368 бет. 

25. Әуелхан Жазитұлы Жатқанбаев. «Таулы Алтай, Қосағаш-Шүй жерін мекендеген Қаратай ұрпақтарының шежіресі». – Горно-Алтайск, 2015 ж. – 90 бет. 

26. Ләззәт Қажаева. «Сезім толқындары». – Алматы, 2011 ж. – 104 бет. 

27. Құмарбек Төпелеков. «Ауғаныстан. Ақиқат пен аңыз». – Өскемен, 2013 ж. – 134 бет. 

28. Бердібек Бияров. «Өр Алтайдың жер-су аттары». – Астана: «Жәния». – 2002 ж. – 178 бет. 

29. Геннадий Тұғылбаев. «Әке тағылымы». – Өскемен, 2011 ж. – 106 бет. 

30. Құмарбек Омаров. Роман-фантазия. – Алматы, 2012 ж. – 283 бет. 

31. Шамиль Бағауитдинов. «Край мой непознанный». – Өскемен, 2016 ж.171 


ӘН ЖАЗҒАН КАТОНҚАРАҒАЙЛЫҚТАР: 

Рамазан ЕЛІБАЕВТЫҢ әндері: 

1. Тұмарым 

Сөзі: Қырғыз халық ауыз әдебиетінен 

Әні: Рамазан Елібаевтікі 

2. Жаным-ау 

3. Не пайда? 

4. Көздер-ай 

5. Нұрлы Алтай 

Жәнібек ҚЫЗЫРОВТЫҢ сөзіне жазылған әндер: 

1. Ақбас шыңды Алтайымдай айбарлым 

Әні: Қайратбек Сүлейменовтікі 

2. Алтайым. Әні: Қайратбек Сүлейменовтікі 

3. Ақ құсым. Әні: Қайратбек Сүлейменовтікі 

4. Сен ғана. Әні:Қайратбек Сүлейменовтікі 

5. Катоным. Әні. Мейір Орынбаевтікі 

6. Не пайда? Әні: Құмар Тәукеновтікі 

Мырзабек ҚАБЫЛОВТЫҢ сөзіне жазылған әндер: 

1. Кермаралым, аяулым 

Әні: Марат Қондыбаевтікі 

2. Достарым 

Әні: Е. Ахметовтікі. 

3. Астана – жүрегімнің жырысың 

Әні: Марат Қондыбаевтікі172 

Қайырды НАЗЫРБАЕВ 

4. Есілдің жағасында 

Әні: Е. Ахметовтікі 

5. Махаббат вальсі 

Әні: Болат Әшірбаевтікі 

6. Алтайым – жер жаннатым 

Әні: Марат Қондыбаевтікі 

Елжан СЕЙТЕНҰЛЫНЫҢ сөзіне жазылған әндер: 

1.Туған жер 

Әні: Асқар Ысқақтікі 

2. Анама 

Әні: Марат Қондыбаевтікі. 

3. Туған өлкем 

Әні: Болат Әшірбаевтікі 

4. Достарым 

Әні де сөзі де Елжан Әкімбаевтікі 

5. Шыңғыстай 

Әні де сөзі де Елжан Әкімбаевтікі173 

 

АВТОРЛАРДЫҢ ТЕЛЕФОНДАРЫ: 

Ақтан Нұрбаев. Гүлнар – 8 707-731-54-68, 

Ержан – 8 723 2 25 62 75 

Николай Андреевич Горбачев – 

Меңғали Мусин – жоқ 

Баламер Сахариев – 8 727-2-75-69-55 

Қалихан Ысқақов – 8 727-375-88-33үйі. 

Төлеген Рақымжанұлы.Ұлы Жігер – 8 707-857-18-79 

Оралхан Бөкей.Қарындасы Ғалия – 8 705-274-85-33 

Дидахмет Әшімханұлы. Ұлы Дәулет – 8 707-101-88-30 

Әлібек Асқаров – 8 701 521 75 02 

Қайырды Назырбаев – 8 701-612-18-27 

Әлібек Қаңтарбаев – 8 702-566-98-44 

Төлеухан Бияров – 8 777-210-02-19 

Жәнібек Қызыров – 8 775-130-40-43 

Тоқтарбек Мағзұмов – 8 707-985-03-42 

Бақытжан Раисова – 8 775-553-53-89 

Ермек Сахариев – 8 777-795-51-78 

Базар Мамыров – жоқ 

Рауан Қабидолдин – 8 708-759-75-56 

Мырзабек Қабылов – 8 701-516-88-13 

Елжан Сейтенұлы Әкімбаев – 8 701-486-10-59 

Рамазан Елібаев – 8 705-144-48-62 

Қайратбек Сүлейменов – 8 777-675-02-36


 



МАЗМҰНЫ

Алғысөз............................................................................3 

БІРІНШІ БӨЛІМ 

Катонқарағай қаламгерлері 

Ақтан Нұрбаев..................................................................10

Катонқарағайдың баласы...............................................11

Өр Қаратай......................................................................14

Николай Андреевич Горбачев...........................................16

Меңғали Мусин................................................................19

Шерлі заман....................................................................20

Баламер Сахариев............................................................22

Шабата-шарқай...............................................................24

Қалихан Ысқақ................................................................27

Әріптестер лебізі.............................................................29

Төлеген Рақымжанұлы.....................................................31

Өр Алтай..........................................................................32

Оралхан Бөкей.................................................................35

Әріптестері Оралхан туралы ..........................................37

Дидахмет Әшімханұлы.....................................................39

Әріптестер лебізі.............................................................41

Әлібек Асқаров.................................................................43

Алтайда алтын күз еді...................................................45

Әріптестер лебізі.............................................................48

Қайырды Назырбаев........................................................51

Шежіре............................................................................53

Туған ауыл.......................................................................54

Катонның қымызын-ай..................................................55

Әлібек Қаңтарбаев...........................................................57

Сол бір кез есімде............................................................58

Төлеухан Бияров..............................................................65

Ауылдың ерке қыздары...................................................66


 

Жәнібек Қызыров.............................................................68

Алтайым – жұмақ өлкем.................................................69

Сарымсақты....................................................................70

Катонқарағайды таныстыру...........................................71

Тоқтар Мағзұмов.............................................................74

Шәкірті едім бір кезде.....................................................75

Бақытжан Раисова...........................................................85

Қобыз рухты Кетбұға......................................................86

Ермек Сахариев................................................................92

Біздің ауылдың адамдары...............................................93

Базар Мамыров................................................................99

Тілші құрбыма................................................................100

Рауан Қабидолдин...........................................................101

Ағажай Алтай..................................................................102

Әке..................................................................................102

ЕКІНШІ БӨЛІМ

Қаратай елінің ертеректе өмір сүрген ақындары

От ауыз, орақ тілділер....................................................107

Таңырық.........................................................................119

Тікебай............................................................................124

Мақажан.........................................................................127

Жақияр биді жоқтауы....................................................136

Қатшыбай ......................................................................140

Дәри Мәкилеқызы Сүйіндіккеліні................................149

Мая би Тоқарыстанұлының айтқандарынан...............153

Әлімзәуір Мақажанқызы...............................................156

Есім Кінәзбайұлы...........................................................158

Аз қисын.........................................................................163

Түсініктемелер................................................................165

Шығармашылықпен айналысқан 

басқа да қатонқарағайлықтардың кітаптары...............168

Әдеби-көркем басылым

Қайырды НАЗЫРБАЕВ 

КАТОНҚАРАҒАЙ ҚАЛАМГЕРЛЕРІ

Қазақ тілінде

Редакторы Қайырды Назырбаев

Көркемдеуші редакторы Жеңіс Қазанғапов

Техникалық редакторы Светлана Бейсенова

Компьютерде беттеген Эльмира Заманбек 

ИБ №58

Теруге 23.11. 2016 ж. жіберілді. Басуға 25.04. 2017 ж. қол қойылды. Пішімі 84х108 1/32. Қағазы офсеттік.

Басылымы офсеттік. Қаріп түрі Times New Roman

Баспа табағы 11,0 + 1 б.т. жапсырма. Таралымы 1000. 

Тапсырыс № 336.

Нұра-Астана» баспасы,

010000, Астана қаласы, Кенесары көшесі, 1

Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

Өмірбаян
03 июль 2019, Среда
Өмірбаян
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры